Қожа Ахмет Ясауидің ата-бабасы, анасы және ұрпақтары туралы Бір кездерде Әзірет Ғалидің баласы Мұхаммед Ханафия (Бибі Фатимадан тумаған) осы жаққа келген екен. Сонда осы жерде біраз отырып дем алыпты (..). Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өтерінде басымды бабамның сол басқан ізіне қойыңдар депті (…). Кейінгілер оның бұл өтінішін бұлжытпай орындапты (…).
О.Дастанов, 14б.
Ысқақ баптың ұлы Харун шайық. Оның ұлы Момын шайық. Оның ұлы Мұса шайық. Оның ұлы Ысмайыл шайық. Оның ұлы Хасан шайық. Оның ұлы Осман шайық. Оның ұлы Омар шайық. Оның ұлы Мухаммад шайық. Оның ұлы Ифтихар шайық. Оның ұлы Махмуд шайық. Аның оғлы Ілияс шайық. Оның ұлы Ибрахим шайық.
Ибрахим шайықтың екі ұлы бар еді. Бірінің аты — Ахмет Қожа және тағы бірінің аты — Садыр шайық еді. Садыр шайықтың да екі ұлы бар еді. Бірінің аты — Әбділмәлік еді және тағы бірінің аты — Данышманд қожа еді. Оның ұлы – Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы еді. Әбділмәліктің ұлының аты – Абдал Али еді (Оған Алланың рахметі болсын).
Сафи ад-дин Орын Қойлақы, 28 б.
Хазреті Әли Шаһ-и Марданның Хазреті үш ұлы болған: имам Хасан, имам Хұсайын, үшінші ұлы имам Мұхассан бала кезінде қайтыс болып кеткен. Имам Хасанның кәнизактарынан 14 ұлы болған. Имам Хұсайынның алты ұлы, бес қызы болған: Али Акбар, Али Асғар, Жағыфар, Абдаллах, Абу Бакр, Ибрахим, Хазрат имам Мұхаммед Ханафия Ямама патшасы Жағыфар ибн Қайыс қызынан туған.
Хазреті имам Мұхаммед-Ханафияның үшінші халифа Хазреті Османның қызы Бибі Шамсиядан алты ұлы болды: Абу Хашим, Абдаллах, Жағыфар, Шаһ Мансур, Абд ал -Фаттах және Абд ал-Маннан.
Біліңіз: имам Жағыфар – Паһулан Ахмад Замшының арғы бабасы, Абд ал-Фаттах Хазрат Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи және Исмаил Атаның арғы бабасы, имам Мұса – Хазрат Али Құсши Атаның арғы бабасы болған.
Ысқақ баб, Абд ал-Маннан, Шах Абд ал-Қаһһар және Шаһ Абд ас -Саттардың қасиетті әулет ұрпақтары Түркістан өлкесінде көп болып, түркілердің шайықтары және қылует иелерінен есептеледі.
Садр ад-дин шайх, 117 б.
Хазреті Әли және қожалардың төрт атасының келіп шығуы
Хазреті Әли кей жерлерде халықты дінге кіргізгенде Құранның сүрелері мен аяттарын ретіне қарай пайдаланады екен. Халықтың айтуына қарағанда, Хазреті Әли Құранды оқығанда, оның даусы жеткен жердегі кісілер Құранның киелі сөздерін есіткеннен-ақ жерге бас иіп, дінге кіре береді екен.
Қожалардың негізгі төрт аталарының шығуы туралы:
Бірінші – сейіт әулеттері Хазреті Әли мен Бибі Фатимадан тарағандар. Қалған үш атасының келіп шығуы туралы:
Бірде үлкен қан төгіс соғыс болып жатыр екен. Хазреті Әли бір батырмен қылыштасып жатқан уақытында әлгі батырдың басындағы дуылғысы ұшып кетеді. Сол кезде батыр арқасынан шаштың төгілгенін байқап қалған Хазреті Әли ол батырдың қыз екендігін біліп, жекпе-жекті тоқтатады. Кейін тілге келіп, онан әрі ұрыспайтындығын айтып, Мұхаммед пайғамбарға алып барады. Мұхаммед пайғамбар әңгіменің мән-жайын түсінген соң, ол қыздың кім екендігін сұрайды. Ол өзінің юнан (грек) қызы екендігін және дінінің басқа, яғни христиандық екендігін айтады. «Сен өзің әйел екендігіңді жасырғандығың үшін кінәлісің, бірақ кінәңді өтеуге болады. Егер сен мұсылман дінін қабылдап, Қазрет Әлиге шығып жар болсаң, бәрін кешіруге болар еді». Қыз біршама ойланып барып: «Менің үш өтінішім бар, егер солар орындалса, мен өз келісімімді бердім» — деп жауап беріпті. «Біріншісі, мені өзіңізге өкіл қыз етіп аласыз; екіншісі, Хазреті Әлимен екеумізден туған баланың атын екеуміздің атымызды қосарландырып қоямыз, яғни Мұхаммед-Ханифа (себебі: қыздың аты Ханифа болған), ал, үшінші, біз екеумізден тараған ұрпақты Бибі Фатима мен екеуінен тараған ұрпақтай сейіт әулеті деп қабылдайсыз»,- деген екен. Сонымен Мұхаммед пайғамбар келісімін берді де, сол жерде Хазреті Әли мен Ханифаның некесін қиып, үйлендіріпті. Міне содан бірінші перзенттері ұл бала болып, Хазреті Әли мен Ханифаға ұқсаған батыр жау жүрек болған екен. Оның атын келісім бойынша Мұхаммед-Ханифа деп қойыпты. Осы баладан үш ата тарайды.
Сонымен осы үш атадан тараған қожа ұрпақтары қазір де Қазақстан жерінде көбірек ұшырасады.
Ол үшеуі: Абд ал-Джалил Баб. Кесенесі осы күнге дейін сақталған, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында Сырдарияның арғы бетінде құмның ішіне тұр. Жан-жақтан адамдар зияратқа келіп жатады, қасында баласы Сейіт Хусайын жатыр. Қазіргі уақытта бұл кісіні лақап аты бойынша Қорасан Ата деп атайды. Ысқақ Бабтың (лақаб аты – Баба Ата) бейіті Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе деп аталатын жерде тұр. Абд ар-Рахим Бабтың мүрдесі Жамбыл облысында, Жамбыл қаласының маңына жайласқан. Міне, қарап отырсаң бұлардың бәрі де тарихи тұлғалар. Осы айтылған кісілерді Мұхаммед-Ханифадан тараған десек, осы кісілерден тараған ұрпақтарды қожалар деп атайды. Міне, сөйтіп қожа ұрпақтарын негізінен осы төрт атаға бөлуге болады. Оның ішінде тағы жалғасып бөлініп кете береді.
С. Құрбанқожаев, 132-133 б.
Хазреті Ысқақ бап Сайрам және Шымкентке келді. Шаһ Таббатдар есімді кісіні исламға шақырды. Ол қабыл етпеді. Үш күн, үш түн соғысты. Тарса кәпірлерінің 20 мың әскері қырылып, тозаққа кетті. Ислам әскерлерінен 1000 кісі шейіт болды. Хазреті Шаһ Абд ал-Азиз Бап осы Сайрам шайқасында шейіт болды. Сосын Таббатдар Солханәк жаққа қашты. Осы кезде түрік тайпаларының атты әскерлері адамдардың айтуы бойынша оны өлтірді. Осыдан соң Ысқақ бап Шынарлық шайықты діни ілімдерді үйрету үшін Сайрам және Шымкентте қалдырды. Осы уақыттан кейін айтылған патша қайтып Созақ қаласын құрды. Имам Мұхаммед Ханафия ұрпағынан болған Білге ханды ол жерге қалдырды. Осыдан соң Ысқақ бап Солхан шаһарын қоршады, бір түн, бір күн соғысты. Қырық мың тарса кәпірлерін өлтірді. 7 мың мұсылман шейіт болды. Ол Таббатдар патшаны екі тарса қауымынан болған патшамен бірге өлтірді. Одан соң Хазреті Ысқақ Бап Түркістанға кіретін Ясы, Сүйірі, Қарнақ, Иқан, Темірқуфқан, Бағыстан, Жетікент, Алтмыш, Отрар, Сығанақ және басқа бірі екіншісінен бостан болған қала мен ауылдарды және түрік тайпалары «Теңіз» деп атайтын үлкен су айналасындағы халықтарды мұсылман етті. Осыдан соң бірін-бірі ораған үш қорған, жеті жұма мешітін салды. 80 жыл мұғ кәпірлерімен соғысты.
Біліңіз: Сырдария бойынан Өзгент шаһарына қарай тұрған барлық кәпірлер мүғ кәпірлері болып есептеледі. Сыр жағасынан Ясы шаһары жағына қарай болған кәпірлер тарса кәпірлері болады. Бұхара, Самарқанд және бұл екі қала атырабындағы кәпірлерге келсек, олардың барлығы йахуд кәпірлері болады. «Ей Пайғамбар ұрпақтарына сенушілер! Біліңіз: Ислам негіздерісіз болған әңгіменің ақиқаттығы сауал тудырады. Хазреті Әбді Жалил Баб Баршынлық уәлаятына барды, соғысты. Тарса кәпірлерінің 150 мың әскерлері қырылды. Мұсылмандардан 9 мың кісі шейіт кетті. Баршынлықтың 2 патшасы Қылыш хан, Яшмут хан болған. Қылыш хан соғысты. Яшмут хан Хожанд қаласы жағына кетті. Ысқақ баб өзінің немере ағасы Абд ар-Рахим бапқа елші жіберіп, оны хабардар етті. Хазреті Абд ар-Рахим бап 60 мың мұсылман әскерімен шейіт болып өлді. Ол (Ысқақ Бап) бірден атқа қонды. Темірқуфқан, Талас қалалары арқылы тау артымен өтіп, Қасан қаласын қоршады. Марғинан қаласындағы Хазреті Шаһ Мансур, Хазреті Шаһ Абд ар-Рахманға өткен жағдайды баян етті. Осыдан кейін екі патша атқа отырды. Олар да Қасан қаласына барып соғысты. Өтеміш Сарығ Толмыш Сарығ Хожанд шаһарына келді. Өйткені хазрат Абд ар-Рахим бап халқы ислам дінінен шығып жалған жолға қайтты. Қасан қаласындағы қалған кісілердің барлығы мұсылман дінінде қалды. Өйткені мен жоғарыда жалпы түрде айтып өткен едім. Хазреті Әбді Жалил Хожанд қаласына келді, соғысты. Хожанд қаласынды шаһид болды. Қазір онда қасиетті зиярат орыны бар. Хазреті Ысқақ бап Әбді Жалилдің бұл хабарын есітті. Әскер жинап соғысты. Барлық мұғ патшаларымен – Яшмут хан, Өтеміш Сарығпен соғысты. Оны (Әбді Жалилді) өлтірген кісіге көп қарсы болды. Ысқақ бап Яшмут ханның мұсылман болмаған баласын Қарғалық қаласына алып келді. Соңында Яшмут ханның баласы мұсылман болды. Қазретпенен Қағбаға барып хаж жасады. Қағба суретімен Қарғалық мешітін салды.
Ей, Пайғамбар ұрпақтарына сенушілер! Біліңіз: Үргеніш Қарахан Хазреті Ысқақ баптың әскер басшыларынан еді. Хазреті Хасан Уасыл және Яуаш бап туббаға табиғиндардан болды. Ол 125 жыл өмір сүрді. Қызырмен 9 жыл сұхбатта болды, шайықтық жасады. Халайыққа ақиқат жолын көрсетті. 80 жыл мұғ-тарса кәпірлерімен ғазат соғысын жасады. Яғни, 9 жыл шайықтық жасаудан бұрын 80 жыл ғази болды. Бұл жалған дүниеден мәңгілік үйіне шайықтық дәрежесінде өтіп кетті.
Пайғамбар ұрпақтары мухлистері! Біліңдер: Ысқақ бап тегі туралы айтылып жатыр. Біл, Ысқақ баптың баласы – Харун шайық, Оның баласы – Умар шайық, Оның баласы – Ифтихар шайық, Оның баласы – Махмуд шайық, Оның баласы-Ілияс қожа шайық, Оның баласы – Ибрахим шайық, Оның баласы – Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи.
Садр ад-дин шайх, 120-121 б.
Қызыр әлейкум сәлем, Қ.А. Ясауидің әкесі шайқы Ыбырайыммен оның 10000 шәкіртімен сұхбаттас болған. Шайқы ЬІбырайым алдыңғы қатарлы халифалардың бірі Мұса шайқының қызы Айша Хатунға үйленеді. Бұл некеге, әсіресе, Қызыр әлейкум-сәлем себепші болған.
К.Коч, 42 б. (сілтемеде)
[Қожа Ахмет Ясауидің] әкесі Ибрахим шайық Сайрамның ең атақты ғұламаларының бірі болған, диқаншылықпен күнелткен. Ол ұстазы Мұса шайықтың қызы Айшаға (кейбір аңыздар мен деректерде Қарашаш ана) үйленген және одан Гауһар Шаһназ есімді қыз бен одан он жастай кіші Ахмет дүниеге келген-деседі.
А.Дүйсенбі
Қ.А.Яссауидің әкесі Ибраһим ата Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ол өзінің ұстазы Мұса шайхтың қызы Айшаға (Карашаш) үйленіп, Гауһаршахназ атты қыз бен одан он жас кіші Ахмет деген бір ұл бала көреді. Ахметтің шешесі жастай дүние салады, әкесі де жеті жасында қайтыс болады. Бала Ахметтің негізгі ұстазы, тәрбиешісі өзіне аталас туыс болып келетін Арыстан баб екен. ҚА.Яссауидің екі ұлы, екі қызы болыпты. Бір ұлы Ташкент маңында жерленген, екіншісі ел әңгімесі бойынша Түркістанда суға таласып сарттар қастықпен өлтірген делінеді. Бір қызының аты Жамал, екіншісінің аты Гауһар. Соңғысының күйеуі — Әли Қожа. Осылардан тараған Яссауи әулеті екі жүзге жетсе керек. Өздерін «қожамыз» деген әулетпен ғана қыз алысатын болған екен…
А.Дүйсенбі
Ертеректе Сайрам өңірінде Ыбырайым ата деген кедей адам адал өмір кешіпті. Қарт ертелі-кеш тынымсыз еңбек етсе де ештеңеге жарыған емес. Оның бар байлығы өзен жағасындағы шағын бақша ғана болатын. Әлгі адамның балалары көбейген сайын шығындары да көбейе түсті. Оның қыздары ұзатылып, ұлдары ержете бастады. Алла Ыбырайымға мейірім дарытты, оған балалары қуаныш беріп, қарт көз алдында ойнаған ұлдарын көргенде көкірегі нұрға толады.
Алайда Ыбырайым өзінің үлкен ұлы Ахметке көзі түскен іштей мұңданатын.
Ол өзгелерден ерекшеленіп жүретін. Әрдайым ой үстінде ол бір жаққа жалғыз кетіп қалатын, әрі көп сөйлемейтін, тұйық жан еді.
Баланың ауыр жұмысқа ебі болмады, одан бойын аулақ салып жүретін. Ахмет мейірбанды еді, қайыршыларға жәрдемдеді ұмтылатын, олармен жалғыз тілім нанын да бөлісіп жейтін.
Қарт Ыбырайым осы ұлын қарап отырып ұзақ ойға қалды. «Бұл — Алланың қасиетті еркі ғой» деген сенімге келетін. Жыл артынан жылдар өте берді. Ахмет 15 жасқа толды.
Жаздың қапырық ыстығы түскен, Ахмет базарға бармақшы «ол әдеттегісінше қариялардай қолына ұзын таяқты ұстап шығыпты.
Жолда бақтағы әкесіне жолықпақшы болды. Ол шыжыған күн астында әжімді бетінен тер сорғалап, жұмыс жасап жатқан қартты көрді. Әлі жұлынатын шөп көп еді. Ахмет әкесіне қарап тұрды оған деген аяныш сезімі оянды.
— Әке, сіз шөпті неге қолыңызбен тазартасыз? Былай деді- «Арам шөптер тез шығындар, менің бақшамда тек қана жеміс ғана өсетін болсын!». Осы сөзді Ахмет айтты да, өзінің аса таяғын сермеп қалып еді, сол кезде арам шөптер бақтан өздері ұшып шығып бір шөмеле болып жиналып қалды.
Ыбырайым атаны бұл ғажайып қатты тандаңдырды. Ол алған сәтте не айтарып білмесе де Алланың өз ұлына осындай дарытқанын түсінген соң, аспанға қарап қолын жайып:
— Ұлым менің, Алла сені басқа адамдардан бөлек етіп жаратып саған кереметтер жасайтындай ұлы күш дарытыпты. Сен енді менің үйімді керек те қылмайсың, соңдықтан пайғамбар қайда сілтесе соның бар — деді.
Ахмет кері бұрылды да жүре берді, ол мүмкін енді үйіме қалай оралмаспын дегендей жай қозғалды. Ол ауылды тегіс аралап шыққан соң, күн батысқа қарай бет алды.
Ахмет сол бетімен бірнеше күн жүріп, Қаратау деп аталған тауға келіп тірелді. Осы жерде өзінің асасын қадады, сол жері бұлақ көзі ашылды, бұл таза салқын су еді. Ахмет одан әрі қарай Түркістан қаласы тұрған тұсқа тоқтады, жан-жағына қарап осының тұрақтануға бекінді.
Өзіне үй тұрғызды, шағын бақ егіп, осында жұмыс істеп тамаша асырауды мақсат етті.
Ахмет бос уақытында Алланы ауызға алып құлшылық етумен болды. Өз үйі жанынан өткен адамдарға шама-шарқын жеткенше жәрдемдесуге тырысты.
Оған қаріп болып қалғаңдар мен әртүрлі кеселге душар болған келіп жатты. Ахмет оларды емдеп жіберетін, кейін оның даңқы ғажайып істері көпшілікке мәлім болды.
Бірте-бірте әулиенің жанына Аллаға, ұлы пайғамбарға құлшылық ету үшін онымен бірге болуға ниет еткеңдер де қоныстана бастады. Жылдар өте берді, бір лашық үй бай кентке айналды.
Қожа Ахмет ұзақ жасады, ол өзінің ғұмырында көптеген ғажайыптар жасады.
Ш.Керімтегі,231-233 б.
Ысқақ Бабтың ұрпақтарынан тарайтын Ибрахим шайықтан екі бала болады. Солардың бірінің аты Ахмет болады. Бірде бала Ахмет үйден шықса, атасы Ибрахим шайық шұқшиып жер шұқылап отыр екен. «Ата не істеп отырсыз?» — деп сұрағанда, «Е балам, егістікті жегенелеп отырмын», — деп жауап береді. «Ой ата-ай, соған да осыншама әуре боласыз ба? Бір ауыз сөзбен бітірмейсіз бе?» — дейді Ахмет. «Ондай қолымнан келмейді, қолыңнан келсе сен жасай ғой», — деп, әкесі баласын сынамақ мақсатпен рұқсат беріпті. Сонда жас Қожа Ахмет тұрып: «Жегенең жерге қал, бегенең бетке шық», — деген екен. Дәретін алып келген атасы қайран қалып: «Е, балам, саған Алла тағаланың құдыретімен әулиелік дарыды, енді Жарылқаушы Иең қайда жол көрсетсе сонда бар», — деп батасын берген екен.
А.Дүйсенбі
Медреседе оқып жүрген бала Ахмет бір күні егінін үтіп жатқан әке-шешесіне келіп, олардың қатты шаршап-шалдыққанын көреді де «жегене қалсын, бегене кетсін Аллаһуу-әкбәр» деп бетін сипайды. Сөйтсе егіннің жиі өскен жерлері сиректеліп, атыздың арам шөбіне дейін ұшып кетіпті (…).
О.Дастанов, 33б.
Бірде Қожа Ахметтің әкесі былай депті: «Е, балам, екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды дегендей енді бұл жерден не сен, не мен кетуім керек» депті. Сонда Қожа Ахмет тұрып: «Сіз жасыңыз келген кісісіз, мен жаспын, мен кетемін, деп Ясы қаласына орналасыпты. Арада біраз уақыт өткен соң ата-анасына сөлем берейін деп Сайрам қаласына келгенде, әке-шешесі: «Е, қарағым, қайда болдың, қай жерден қоныс таптың деп сұрапты. Сонда, ол Ясы қаласын, яғни кейіннен өзіне ғимарат салынған жерді атапты. «Балам, сен ол жердің халқымен сұхбаттастың ба? Не байқадың?» — деген Ибраһим шайыққа Ахмет: «Иә, ата, сұхбаттастым. Ол жердің халқы арқаңнан қағып тұрады, аяғынан шалып тұрады. Соны біле тұра неге қоныс тептің дерсіз, жақсыны жолға салу оңай, жаманды да жолға салып көрейін» деген екен.
А.Дүйсенбі
Ахмет Ясауидің балалық шағынан бастап, Құдайға жанын тапсырған сәтіне дейін бойындағы даналық көрініп тұрады. Дінге берілуінен басқа тапқырлық, шешендік сөздері, нақыл-тәмсілдері де оны тұлғаландыра түседі, Әкесі Ибраһиммен жас кезінде өз дүниетанымы бойынша қайшылықты пікірлерге келетін кездері де бар. Түркістанға барып қайта бір оралғанда, әкесі одан ол жактың елі қалай екен деп сұрайды. Сонда бозбала Ахмет: «Ол жердің халқы арқаңнан қағып тұрады, аяғыңнан шалып тұрады — дейді. «Осыны біле тұра онда неге кеттің», — дейді. «Жақсыны жолға салу оңай, енді жаманды да жолға салып көрейін деп едім», — дейді.
Ораз Қауғабай
Әзиз рухын Алла киелі қылғай шайық Ахмет Ясауидің артықшылықтары. Қожа Ахмет Ясауидің атасы Ибраһим шайықтың бір – Мұса қожа атты асхабы бар еді. Бұл Мұса қожа 15 жыл Ибраһим шайықтың қылуетінде қызымет қылды. Ибраһим шайық Мұса қожаға: «Қызыр (алайх ис-саламның) ишаратыменен Ясы елінде суфра тұтқын»,- деп ижазат берді. 43 жыл Ясы елінде суфра тұтты. 40 жыл Қызыр (алайх ис-саламмен) бірге сұхбатта болды. Ол уақытта Ясауи Ахмет қожа 20 жаста еді. Қызыр (алайх ис-салам) айтты: «Ей, Қожа Ахмет Ясауи иелігіңді бізге бергін», — деді. Хазреті Қожа Ясауи иеліктерін оларға берді. Қызыр ата иеліктерін алып, былай деді: «120 жыл өміріңіз болсын және тағы қалың муриті бар ұлы машайық болғайсыз». Шайық Ахмет Ясауи (рахмат Аллах алайхи) Сайрам уәлаятынан келіп, Ясы елінде 100 жыл шайықтық қылды. Қожа Ахмет Ясауи (рахмат Аллах алайхи] бамдат намазының сүндетін Ясыда қылып, парызын Кағбада қылар еді. Және тағы адина намазын Ясыда қылып және Қызырмен бірге Кағбада қылар еді және де Сайрамда қылар еді, және ғид намазын һам осындай. Және Суфи Мухаммад Данышманд Зарнуқи келді. Қожа Ахмет Ясауидің қызыметінде болып, 40 жыл қылует қылды. Содан соң Шайық Ахмет Ясауи Суфи Мухаммад Данышмандқа ижазат берді: «Барғын, Отырарда суфра тутқын»,- деп айтты. Суфи Мухаммад Данышманд Отырарда 40 жыл суфра тутди. 70 жыл Қызыр (алайх ис-саламмен) бірге сұхбатта болды. Және тағы Суфи Мухаммад Данышмандтың бір мүриті – Сұксұк қожа (алайх ис-салам). Ясауи Ахмет қожа ата қасында 12 жыл қызымет қылды. 112 жыл өмірі болды. 3 мың мүриті болды. Нағыз мүриті – Әулие Малік еді. Әулие Малік орнын Малік атаға берді. Малік атаның 90 жыл өмірі болды. Қызыр, Ілияс және абдалдармен бірге 70 жыл сұхбатта болды. Ясауи Ахмет қожа атаның 120 жыл өмірі болды. 12 мың сейіттері мен мүриттері болды. 40 қылуетханасы бар еді. Қылуетке кірер еді. 41-ші күні шығар еді. Ясауи Ахмет қожа ата Кағбаға барар еді. Және тағы айтар еді: «Шайық кім болады, 40 жыл қылуетпен бірге мүритті иеленсе, олай болмаса шайықтыққа жарамас деп, тағы шайықтыққа кім лайық, кім өз кінәсін көрсе, және басқа біреудікін көрмесе – оның қолдаушысы Қызыр мен Ілияс алайх ис-саламдар болар»,- деп айтар еді. «Шайық деуге кім лайық, сүндетті мұнда қылып, парызды Қағбада қылып, оған шайықтық халал болар. Олай болмаса, харам болар»,- деп еді. Сүлеймен қожа хакімге Ургеніш уәлаятын берді. 95 жыл өмірі болды. 70 йыл Қызырмен (алайх ис-салам) бірге сұхбаты болды. 5 мың мүриті болды. Ясауи Ахмет қожа ата һар күнде өз жағасын ұстап, Хаққа сиынар еді. Ниязбен айтар еді: «Илахи әлем халқы оңалды, мен оңалмадым». Ясауи Ахмет қожа ақыретке ұласар болды. Сонда өз орнынына туысым, балам деп Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақыға берді. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақының 93 жыл өмірі болды. 50 жыл Қызыр мен Ілияс алайх ис-саламдармен сұхбаты болды. Бірақ Суфи Мухаммад Данышмандтың бір кереметі бұл еді: бұлытқа мініп барар еді, таудан тауға асар еді. Мазары Отырарда сопыханада тұр. Сопыхананың жер суын 300 қызыл алтынға елінен сатып алды. Суфи Мухаммад Данышманд ханақаға уақыф қылды. Бірақ Қаю тегін Суфи Мухаммад Данышмандты «шайық атам боларсыз», — деп, шеттің жер-суын берді. 9 атамнан келе жатқан бар адал мүлкім болар. Басы – Өгіз таудан, аяғы – Қарашыққа дейін 200 қостық жер. Тәңрі (азза уа джалла) ризалығы үшін, Мухаммад Расул Аллах шафағаты үшін уақыф қылдым. Бірақ Қарғалық – Ысқақ баптың бар. Және 11 аталарымыз дүниеден өтті.
Сафи ад-дин Орын Қойлақы, 28-30 б.