Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы туралы аңыз-әңгімелер (…) Ибраһим шайық атадан екі бала болады. Сол баланың бірінің аты – Садыр шайық. Садыр шайықтан екі бала тараған: бірінің аты Абд ал-Малік, екіншісінің аты Данышманд қожа (лақап аты Орұң Қойлақы). Данышманд қожадан Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы дүниеге келеді. Бұл кісі Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі әрі ізбасары саналады. Шежірені ақырғы ұстаған кісі, осы Қойлақы. Осы аңыз-әңгімелер желісі сол аталмыш шежірені пайдалана отырып жазылды. Әрі онда айтылған, көрсетілген жерлерге арнайы барып, көзбен көріп, ой желісін жалғастарып отырмыз.
Бұл кісі тоқсан үш жыл өмір сүрген, ғұмыр бойы тәуіпшілікпен айналысқан. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы бабамыздың сүйегі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Өзгент деген жерде жатыр. Ол жоғарыда айтып өткендей, Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі, әрі ізбасары. (…) Ясауи ұрпақтарының шежіресін жазған да осы кісі.
Басқа әулие кісілерден бұл кісінің де өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгімелері баршылық. Соның бірі мынадай: бірде оған Сырдарияның жоғарғы ағысында тұратын әулие кісі түсінде аян береді. Әлгі кісі: «Ей, Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы, мен саған мөрі бар тас жібердім, ол пәлен иірімде тұр, сен барып соны ал»,- депті. Орнынан тұрып, жігіттеріне әлгі тас тұрған жерді сілтеп жіберіп алдыртады. Шынында да, әлгі тас иірімде шыркөбелек айналып тұрған екен. Енді бұған жауап берейін деп ойланады. Содан ішіне су өтпейтін мықты бір сандықты жасатып, табанына ақ мата төсеп, ортасынан май шырағдан жағып қояды. Сырдың суын кері ағызып, әлгі сандығын суға жібереді де, өзі әлгі кісіге аян береді. Ол кісімен ертемен тұрып дарияға барса, айтқан жерінен сандықты көреді. Ашып қараса, шырағдан, әлі жанып бітпеген, мақтасы да құп-құрғақ, сол күйінде. Содан әулие кісі қайта аян беріп: «Мен сені мойындадым, әулиелігіңе күмәнім жоқ»,- деген екен. Қойлақының басына қам кесектен соғылған мазараты бар, әлгі тас сол жерде әлі де тұр. Қасында әкесі Данышманд шайық жатыр. Сәл әріде бабасы жатыр.
Садыр шайық бейіті орналасқан жерде ол кісі жайында ел аузында осындай әңгімелер көп сақталған. Біз әңгіме қызықты, тартымды, әрі дәлелді болу үшін осылай қысқа мысалдарға ғана жүгіндік.
С.Құрбанқожаев