Даму ауытқуының локальды түрлеріне, жеке анализаторлар жүйесінің кемістіктері жатады : көру, есту, сөйлеу және қимыл-қозғалыс салаларының бұзылуы. Ал жүйелік бұзылуларға, интеллектуалды кемістіктер – ақыл-ойдың кемістігі мен психикалық дамудың тежелуі жатады.
Дамудың кенжелеп қалуы, ешқашан біркелкі сипатта болмайды: жүйке жүйесінің жалпы зақымдануында, ең алдымен дәл осы кезде өте сезімтал (сензитивті) күйде болатын, жаңа жетіліп келе жатқан, нәзік қызметтер зардап шегеді, одан кейін, осы зақымданған қызметтермен байланысты, өзгелер зақымданады. Жүйке жүйесінің зақымдануы қаншалықты терең болса, регресс құбылыстары соншалықты күшті, тигізетін зардабы арта түседі. Сондықтан, кеміс баланың психикалық дамуы сақталған, зақымданған және әртүрлі деңгейде тежелген психикалық қызметтерден тұрады.
Көру мен естудің бұзылуы, тиісті анализаторлардың перифериялық бөліктерінің зақымдануы мен жетілмеуімен байланысты. Мұнда анализаторлардың орталық бөліктері, әдетте сау сақталады, ал олардың қызметінің бұзылуы немесе өзгеруі депривациямен (пайдаланылмау) байланысты болуы мүмкін. Қимыл-қозғалыс патологиясында, мидың басқа бөліктері сақтала отырып, тек анализаторлардың эфферентті бөліктерінің локальды зақымданғаны байқалады.
Сөйлеу патологиясының табиғатын қарастырғанда, мидың сөйлеуден басқа қызметтерге жауап беретін бөліктерінің сақталатындығы туралы айтылады. Ал, сөйлеуге қатысатын спецификалық тілдік аймақтар, әртүрлі деңгейде зақымданады.