Қасқабасов С. Таңдамалы


нелері туралы (космогонические), аңдар мен құстар



Pdf көрінісі
бет20/60
Дата06.12.2022
өлшемі1,31 Mb.
#55473
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   60
нелері туралы (космогонические), аңдар мен құстар жөнін де 
(этиологические) адамдар мен рулардың шығу тарихы жайын­
да (генеалогические) мифтер жатады. Мұнда бір ескеретін жай: 
жалғыз жануарлар жайындағы мифтер ғана этиологиялық 
емес, түптеп келгенде мифтің барлық түрі этиологиялық, 
яғни себептік болып келеді. Тек жануарлар жайындағы 
мифтер өте түсіндірмелі­себепті болады: мұнда «неге?» деген 
сұрақ қойылып, миф сюжеті соған жауап ретінде құрылады. 
Айталық, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Бөдененің 
құйрығы неге қысқа?», «Қоянның ерні неге жырық?», т.т. Рас, 
бұл мифтер өзінің алғашқы «қасиетті» сипатын әлдеқашан 
жоғалтқан, сондықтан олар көбінесе ертегі деп танылып келген. 
Әрине, бұлардың бізге жеткен түрі ертегі болуы мүмкін, бірақ 
сюжеттің түп негізіне қарасақ, олар алғаш кезде миф болғаны 
айқын сезіліп тұр. Кейінгі замандарда сакральдық сипаты 
жоғалған соң, олар екі аңның немесе жәндіктің қақтығысы 
туралы күлкілі әңгіме, бертін келе ертегіге айналып кеткен...
Сонымен, мифтердің ендігі бір тобы адамның табиғатты, 
дүниені тану мақсатында туған шығармалар екеніне көз жет­


[
86
]
ті. Бұл, әсіресе, космостық денелерге, оның ішінде Жер, Күн, 
Ай, жұлдыздар жайлы мифтерден айқын көрінеді.
Халық астрономиясын зерттеген оқымысты X. Әбішев бы­
лай деп жазады:
«Сыртқы форма жағынан алғанда фольклор түрінде тараған 
қазақтың астрономиялық ұғымдарында әсемдік, поэзиялық 
сарын күшті.
Көркем аңыздардағы ішкі қисын да мығым. Күн күркіреп, 
көк дүркіреген шақта айғыр үйірге салынады. Дәл осы қарсаңда 
(майдың 10 кезінде) бір үйір жылқыдай топ жүретін «жеті 
үркер жерге түсіп», көктен жоғалады. Сұңғыла жандардың 
көкірегінде көктемгі күннің күркірегені үйірін (үркерді) іздеп 
тасыр салып, шапқылаған көк айғырдың азынағанындай 
болып бейнеленеді.
Ашық, жылы түндерде сұлу табиғаттың ортасында бо­
лып жүрген адамның поэзияға икем көңілі көкті шарлап, 
сай 
раған жұлдыздардың түрін, қозғалыстарын абайлап, 
олар дың ішінен қиял мен батырларды, сұлу әйелдерді, мер­
гендерді, қарақшыларды, жүйрік аттарды, арқарларды та у­
ып, қисындырып сюжет ойлап шығарды. Аспан денелері жа­
йындағы әңгімелердің сюжеті жердегі адамның өзіне таныс 
тұрмысының айнасы»
25
.
Иә, ғалым дұрыс айтады. Аспан әлемі туралы қазақ миф­
терінде қазақтың мал шаруашылықты, көшпелі өмірі жан­
жақты көрініс береді. Бір­екі мысал келтірейік. Жетіқарақшы 
туралы миф:
«...Жетіқарақшы бара жатқанның балтасын, келе жат қан­
ның кетпенін ұрлаған баукеспе ұры болыпты. Халық болып 
соңына түскен соң қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей 
аспанға қашып шыққан. Бастаған – алдыңғы төртеуі, ана 
артындағы үшеуі – ерер­ермес болып жүрген олардың құйыр­
шығы. Ана екі бүйірдегі екі жарық жұлдыз – екі батыр. Сонау 
көрінген қатар екі жұлдыз Ақбозат пен Көкбозат – батырлардың 
аттары. Ол Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да 
әне, көрініп тұр. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды 
аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректеп, айналып жүреді. 
Ұрылар қайтсе де осы аттарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетші 


[
87
]
алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. 
Таң атысымен Жетіқарақшы көзден тайып, тасаланады»
26
.
Міне, бұл қарапайым ғана мифте аспандағы жұлдыздардың 
қозғалу заңдылықтары қазақтың күнделікті көріністерімен 
түсіндірілген. Күндіз малын бағып, түнде оны күзеткен қа­
зақтар аспандағы әр жұлдыздың туар, батар мезгілін, оның 
қозғалу жолдарын, бәрін жақсы білген, ал оны түсінуде реалды 
өзінің өміріне жүгінген. Жаңағы Жетіқарақшы аталатын жеті 
жұлдыз бен Темірқазық жұлдызының қозғалу заңдылығы 
жо ғарыда келтірілген мифте дәл және шебер қиюласқан. Бұл 
туралы астроном X. Әбішев былай деп жазады:
«Көкейіңе қонатын осы аңыз (миф – С.Қ.) жұлдыздардың 
тәуліктік қозғалысының көрінісін поэзиялық түрде жақсы 
қисындырып түсіндіреді...
Жұлдыздардың тәулік сайын туып, батуы, Жетіқарақшы 
сияқты жұлдыздардың Темірқазықты айнала қозғалуының 
бәрі – шынында біз тұрған жердің өз осін тәулік сайын бір 
айналып тұруынан болатын құбылыс. Бізге жер қозғалмай 
тұрып, аспан айналған сияқты болып көрінеді. Ал (Темірқазық 
өзге жұлдыздардан гөрі дүние полюсіне жақын тұрады да, түні 
бойы бір орыннан қозғалмайды деуге болады. Оның Темірқазық 
аталуы да сондықтан болады. Полю­оген қашығырақтағы 
жұлдыздардың бәрі де тәулік сайын туып, батады.
Ал Жетіқарақшы, Кассиопея (Қарақұрт жұлдызы) сияқты 
полюске жақын шоқ жұлдыздар батпайды, яғни көкжиек 
астына түспейді. Жетіқарақшы (Жеті ұры) деп аталу да содан.
Ел аңызы (миф – С.Қ.) бойынша, жұлдыздың көкжиек 
астына түсіп батуы – оның тынығып «ұйықтағаны». Жеті­
қарақшы жатқанның жанбасын кескен ұры болғандықтан 
түні мен «ұйықтамайды» (батпайды), ал күндіз көрінбей жоға­
лып кетеді. Осы мінездерімен ол түнімен торуылдап, таң ата 
жасырынатын ұрыға ұқсайды»
27
.
Кемпірқосақ жайындағы миф те қазақ өмірінің аспандағы 
бір көрінісі. Қой қосақтап сауу – қазақтың әдеттегі шаруасы. 
Ал осы күнделікті тұрмыстың, шаруаның жаңбырдан кейінгі 
болатын табиғат құбылысын түсінуге пайдаланылуы – 
жай ғана қиял емес, реалды өмірге, тіршілікке негізделген 
тұжырым.


[
88
]
Мұндай заңдылықты Үркер, Үшарқар сияқты жұлдыздар 
туралы мифтерден де көруге болады. Демек, адамзат мифтік 
санадан алшақтаған кезде дүниені, маңайдағы әлемді танып­
білу үшін бұрынғыдай адам мен өлі табиғатты тең санайтын 
ұғымнан туатын мифтер шығармайды, енді жаратылыс 
күштері мен аспан құбылыстарын түсіндіру үшін өзінің 
тірші лігіне, тұрмысына, болмысына сүйенеді, сөйтіп өз өмі­
рін аспанға көшіреді. Бұл – мифтің киелі сипатынан ада 
бола бастаған шақ. Осыдан кейінгі даму сатысында мұндай 
мифтер танымдылықпен қатар, көркемдік те қызмет атқара 
бастайды. Мұндай қасиет ертеде пайда болған мемлекет тұ­
сында өрістеген. Мысалы, ежелгі Грекияда, Римде, Египетте, 
Үндістанда, Қытайда бұрынғы, алғашқы қауым дәуіріндегі 
мифтер сакральды сипаттан айрылып, көркемдеу цикліне 
түскен, соның нәтижесінде аспандағы жұлдыздардың әрқай­
сысы адам өмірінің бір саласын басқаратын құдай болып 
саналған да, олардың бәрінің үстінен қарайтын бір құдай (Зевс, 
Юпитер) болған. Ол құдайлар бір­бірімен қатынасы, тіршілігі 
жердегі адамдардікіндей, олар бірін­бірі жақсы да көреді, 
жек те көреді, бірінен­бірі қызғанады, бір­бірімен ұрысады, 
қақтығысады, соғысады, т.т.
Екінші сөзбен айтқанда, аспанға сол дәуірдегі мемлекет 
өмірі көшірілген құлиеленуші мемлекетті император басқар­
са, аспандағы құдайлардың өмірін Зевс, Юпитер басқарған. 
Құдайларға адамзат мінезі мен іс­әрекетінің бәрі таңылған. 
Адам сияқты олар әр түрлі сезімде бола алады, мінез­құлық 
көрсетеді. Ежелгі жұлдыз бен құдай туралы жекелеген мифтер 
көркемдеу цикліне түсіп, кеңейген, бәрі бір­бірімен байла­
ныс тырылған. Сөйтіп барып жүйелі (цельная), көркемделген 
мифология туған.
Көрнекті совет ғалымы М. Грабарь­Пассек өте дұрыс айтады:
«Қадым заманнан бастап құрылықтағы Грекияның өзін­
де де, аралдарда да, ал отарланғаннан кейін Кіші Азияда 
да, тіпті отарға айналған жерлерде де өздерінің қисапсыз 
мифтері болғаны күмәнсіз. Алайда, әр аймақты мекендеген 
грек тайпаларының қарым­қатынасы күшейген сайын ол 
миф тер араласып, бір оқиға, қала, ру яки көрнекті қайраткер 
төңірегіне топталған. Сөйтіп, ауызекі мифтер тобы немесе 
циклі жасалған»
28
.


[
89
]
Зевс пен Гера туралы көне мифтің Грекияның құлиелену ші 
мемлекет боп дәуірлеу кезеңінде жүйелі, көркем мифология­
ға айналып, Зевс пен Гераның үйлену тарихына дейін баянда­
уы – ойымызға толық дәлел. Ал Геракл жайындағы мифтер де 
циклденіп, көркемдіктен өткен соң, оның он екі ерлігі туралы 
үлкен шығармаға айналған.
Рас, қазақ мифологиясының тарихында Грекия мен Рим­
дегідей жағдайға жақын ситуация болған. Ол – Түркі қағанаты 
заманында Тәңірдің басқа құдайлардан биіктеп, жеке дара 
шығуы жағынан Зевс пен Юпитерді еске түсіретін жайы. Түркі 
қағанаты тұсындағы мифология бізге толық жетпегендіктен, ол 
қандай болғанын дәл айтып, сипаттап беру қиын. Дегенмен де 
көне түркі жазбалары мен ғалымдар зерттеулеріне қарағанда, 
Түркі қағанаты кезінде мифтер біршама циклденген тәрізді
29

бірақ ол мемлекеттің тез ыдырауына байланысты айтарлықтай 
бір жүйеге түсіп үлгермеген.
Жалпы адамзаттың рухани даму тарихына көз салсақ, 
құлиеленуші мемлекеттік сатыдан өтпей, алғашқы қауымнан 
тікелей феодализмге өткен елдерде көркемделген, жүйелі 
мифология болмағаны аңғарылады, оларда көне миф ыдырап, 
демонология мен фольклорға сіңісіп кеткенге ұқсайды.
Архаикалық мифтердің негізгі мазмұны – жасампаздық. 
Онда табиғаттағы заттардың, белгілі бір тау мен тастың, көл 
мен өсімдіктің, т.т. жасалу жолдары баяндалады. Сол себепті 
ондай мифтердің көбісі түсіндірмелі (объясни тельный) түрде 
айтылады да, ол этиологиялық (себеп­салдарлы) сипатта бо­
лады.
Бұл мифтерде жасампаздық үш түрлі әдіспен, яғни үш түрлі 
іс­әрекетпен жүзеге асады: а) құбылушылықтан пайда болған 
заттар; ә) сапар, саяхат кезінде пайда болған дүние; б) ұрлау, 
(алып) қашу нәтижесінде дүниеге келген нәрселер.
Аталған үш әдіс қазақ мифтерінде де кездеседі. Ұзақ жо­
рықтан шаршап келіп, ұйықтап жатқанда тасқа айналып кет­
кен Жеке батыр; тұтқиылдан құтылу үшін тасқа айналған 
қырық қыз; әкесінің қарғысынан тас боп қатып қалған жас 
қалыңдық. Міне, бұл мифтер Көкшетаудағы, Қазығұрттағы, 
Қаратаудағы жеке шыңдар мен тастардың пайда болуын құбы­
лушылықтың нәтижесі деп баяндайды.


[
90
]
Ал асығыста бір етігін ғана киген қыздың ұзақ жолда кө­
кекке айналып кетуі жайындағы миф немесе ылғи ұрлық 
қылғаны үшін жаза тартудан қашып, аспанға шығып, жұл­
дыздарға айналып кеткен Жетіқарақшы туралы миф; я 
болмаса елінің қамын ойлап, алыстан тау арқалап келген 
Толағай батыр жайлы миф жоғарыда аталған әдістерге сәйкес. 
Мәселен, көкек құсының шығу тарихын ұзақ саяхатпен бай­
ланыстыру, ал Жетіқарақшы жұлдызының пайда болуын 
ұрының жазадан қашуымен байланысты түсіндіру, сөз жоқ, 
архаикалық мифтердің әдісі.
Ғылымда көне мифтердің негізгі саласын жасампаздық 
миф 
тер (мифы творения) деп атап, олардың басты сипаты – 
тұңғыштық, яғни алғаш пайда болғанды көрсету деп са­
налады. «Жасампаздық мифтер дегеніміз – бүкіл дүниені құ­
райтын нәрселердің пайда болуын баяндайтын мифтер», – деп 
анықтайды Е.М. Мелетинский өзінің «Поэтика мифа» атты 
еңбегінде
30
.
Осындай жасампаздық мифтердің ішінде ең бастысы – 
космостың жасалуын баяндайтындар, әлемнің пайда болуын 
әңгімелейтіндер.
Әлемнің алғаш кезінде хаос түрінде болып, кейін жасампаз 
қаһармандар мен «құдайлардың» еңбегі арқасында осы күнгі 
қалпына келгені жайлы миф дүние жүзі халықтарының бә­
рінде дерлік кездеседі. Рас, кейбірінде өте қарапайым болса, 
енді біреулерде дамыған көркем шығарма түрінде келеді. Және 
барлық жұртта бірдей хаостың реттелген космосқа айналуы 
тікелей баяндалмайды. Бір алуан халықта бұл мифтің өзгерген 
түрі немесе сарқыншағы ғана сақталған. Мұндай жағдайды 
қазақ мифтерінде ұшыратуға болады.
Әдетте, архаикалық мифте аспан мен жер бөлінбей тұрғанда 
әлем шым­шытырық хаос болып суреттеледі. Ал хаосты, кө­
бінесе, қараңғы түнек немесе түн, кейде ұшы­қиыры жоқ 
түпсіздік (зияющая бездна), я болмаса ұлан­ғайыр мұхит 
ретінде бейнелейді. Осындай хаостың тәртіптелген космо сқа 
айналуы – түнектің жарыққа, судың құрылыққа, түпсіздіктің 
затқа айналуы болып көрсетіледі. 
Осылардың ішінде ең бастысы болып табылатындары – тұң­
ғиық судың құрылыққа айналуы мен аспанның жер ден бө­


[
91
]
лінуі. Хаостың космосқа айналу процесіндегі осы екі саты 
қазақ мифінде із қалдырған.
Алғашқы қауым мифологиясын философия тұрғысынан 
зерттеген М.И. Шахнович: «Мыңдаған жылдар бойы адамзат 
үздіксіз дамып келе жатқан материяны тұрақты түрі жоқ ағын 
судың, қайнап жатқан, өзгермелі теңіздің образы арқылы 
бейнелеген»
31
, – деп өте орынды айтады.
Әлем ең алғаш ұшы­қиыры жоқ су болған деген кос моло­
гиялық түсінік қазақ арасында кең тараған топан су туралы, 
Қазығұрт тауы жайлы мифтерде сақталған. «Қазығұрт тауы» 
мифінде былай делінеді:
«Қазығұрт тауы Тәңірі артық жаратқан тау екен. Өзі ала­
са тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі екен. 
Бая ғы заманда жер жүзін топан суы басып кеткенде, жалғыз 
осы Қазығұрт тауы аман қалған екен. Қазығұрт тауының ба­
сында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер Нұқ 
пайғамбардың кемесінің орны екен. Барлық хайуанның тұ­
қымы, төрт түлік мал тұқымы топан суына тәрік болмай, сол 
кемеге мініп аман қалған»
32
.
Жоғарыда айтқанымыздай, мифте хаостың тікелей космосқа 
айналуы айтылмайды, ал дүние жүзі толған су болған деген 
түсінік сақталған.
Қазақ мифінде хаостың космосқа айналуындағы басты бір 
шарт – жер мен аспанның жекеленіп пайда болуы да көрініс 
тапқан. Жаңағы Қазығұрт жайындағы мифтің бір вариантында: 
«Құдай баста жерді, көкті жаратқанда, Қазығұрт тауы да бірге 
жаралған»
33
, – дейді. Міне, мұнда аспан мен жердің бөлектенуі, 
яғни әлемді қаптаған судан аспанның және құрылықтың 
бөлініп жасалғаны жайында түсінік бар. Көне заманда, мифтік 
сана кезінде адамдар бүкіл әлемді, аспанды да су деп білген. 
Қазақ тілінде «тәңір» деп көкті, «теңіз» деп суды айту тегін 
емес. Екеуінің түбірі («тәң/тең»), «көк», «аспан» ұғымымен 
байланысты
34
, демек, «тәңір» – көктегі (яғни жоғарыдағы) су 
болса, «теңіз» – жердегі (яғни төмендегі) су. Басқаша айтқанда 
аспанның өзі әуелде су деп түсінілген, оның «көк», «тәңірі» 
болып аталуы со дан. Ал жердегі су да түсі жағынан аспан, 
яғни тәңір сияқты көк болғандықтан теңіз деп аталған. Екінші 
аспан мағынасында айтылған («з» – жұптықтың белгісі).


[
92
]
Аспан мен жердің телегей теңізден бөлініп жаралғаны 
туралы түсінік жаһанда үш түрлі әлем (аспан, жер, жер асты) 
бар деген сенім тудырған. Ш. Уәлиханов мұндай сенімнің 
қазақта да бар екенін айтқан: «Аспанда ел бар. Ондағы адамдар 
белдікті тамағынан тартады, біз ортада, жер бетінде тұрамыз, 
сондықтан белдікті белімізге байлаймыз, ал, жердің астындағы 
адамдар белдігін аяғына орайды, олардың өздерінің күні, айы, 
жұлдыздары бар»
35
.
Кейінгі заманда, миф ертегіге айналған кезде осы үш әлем 
ертегі кейіпкерінің шарлайтын мекеніне айналады. Бұл үш 
әлем шамандар дінінде де сақталған.
Мифтік үш әлемнің вертикальді түрде тізбектеліп орна­
ласуы космостың моделі десе де болады. Аспан әлемі жер дей 
бөлініп, өзінше реттелген болса, жер – мифтік түсінік бойынша, 
ортадағы әлем. Дүние жүзіндегі елдер мифі бо й ын ша жер алуан 
түрлі болып суреттеледі: алып бұғы, тасбақа, немесе жыланның 
басы, т.б. түрде көрсетіледі. Оны, яки жерді, зор балық, өгіз, 
кит, піл не жылан көтеріп тұрады. Ал қазақ арасында «жер 
жұмыртқадай, ол көк өгіздің мүйізіне қойылған, бір мүйізі 
талғанда көк өгіз екінші мүйізіне ауыстыра салады, сол кезде 
жер сілкіну болады»
36
деген мифтік ұғым болған.
Қазақтардың жер жұмыртқадай деп түсінетінін алғашқы 
қауымдағы көне мифтерден қалған із деуге болады. Зерттеу­
шілердің еңбектеріне қарағанда, архаикалық мифтерде кос­
мос жұмыртқадан шыққан, тіпті алғашқы адамдар да солай 
пайда болған деген ұғым болған
37
.
Жоғарыда айтылған үш әлемді, яғни бүкіл космосты, үл­
кен зәулім ағаш түрінде де суреттеу бар. Бұл ағаш көп жағ­
дайда мифтік үш әлемді вертикальді түрде жалғастырып 
тұрады. Ғылымда оны «әлемдік ағаш» («мировое дерево») 
немесе космостық ағаш («космическое дерево») дейді
38
. Осы 
космостық ағаш бейнесі көне мифтермен бірге шамандық 
нанымға да кіріккен. Жалпы әлемдік ағаш туралы мифтік ұғым 
қазақтың ертегілері мен шамандық нанымында да кездеседі. 
Рас, онда жоғарыда айтқан көне мифтердегідей емес, реликт 
түрінде кездеседі. Мәселен, көптеген қазақ ертегілерінде зәу­
лім бәйтерек суреттеледі. Ол кейіпкердің өмір жолында өте 
маңызды роль атқарады. Бәйтерек түбінде айдаһарды өлтірген 


[
93
]
кейіпкер аспан әлеміне көтерілуге не месе жер астынан шығуға 
мүмкіндік алады: бәйтеректің басына ұя салған Самұрық (не 
Алып қарақұс) кейіпкерді ас пан әлеміне алып ұшады я болмаса 
жер бетіне шығарады. Міне, мұндағы зәулім бәйтерек бейне­
сі – қазақ жағдайына сәйкес космостық ағаштың өзгерген түрі. 
Мұны қазақтардың айдалада өсіп тұрған жалғыз ағашты қадір 
тұту салтынан да көруге болады. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов 
былай деп жазады: «Жапанда өсіп тұратын жалғыз ағаш немесе 
бұта қадірленіп, оның басына түнейді. Оның қасынан өтіп бара 
жатып, адамдар ағаштың бұтақтарына шүберек байлайды, 
ыдыс тастайды, тіпті құрбандыққа мал шалады я болмаса 
аттың жалын түйіп тастайды»
39
.
Үш әлемді дәнекерлеп, жалғастырып тұратын космостық 
ағаш бейнесі, әсіресе, шамандық нанымда жақсы сақтал­
ған. Сібір халықтарының шамандық әдет­салтында, мифоло­
гиясында әлемдік ағаш өзінің мифтік ұғымдағы функциясын 
толық сақтаған. «Сібірлік шаманизмде, – деп жазады Е.М. Ме­
летинский, – әлемдік ағаш пен шаман арасындағы байланыс 
өте тығыз әрі жан­жақты. Оның көрінетін жері: шаман әлемдік 
ағаштың көмегімен адамдар мен құдайларды, жер мен аспанды 
байланыстыра алады, яғни ол дәнекер, медиатор қызметін 
атқарады»
40
.
Қазақ арасында да осындай түсінік болғаны жайлы С. Сей­
фуллин былай дейді: «Көкте деген «ұлы тәңір­иемен» және 
жердегі әр түрлі заттарды билейді деген көп «иелермен» адам 
баласы тілдеседі деп нанған. «Тәңір­иелермен» тілдесуші, кей 
«иелерге» тілін алғызушы – бақсылар деп сенген»
41
.
Қазақ бақсыларының қолына ұстап жүретін асатаяқ (асай­
мүсей) осы Сібір шамандарының үш әлемді шарлауға мүмкіндік 
беретін космостық ағашының өзгерген түрі емес пе екен деген 
ой келеді. Қалай болғанда да, бақсы асатаяғы мен ертегідегі 
бәйтеректің түбірі бір екені, ол архаикалық мифтегі космостық 
ағаш екені күмәнсіз.
Алғашқы қоғамдағы мифтік ұғым бойынша космос тек жо­
ғарыдан төмен қарай құрылған вертикальді үш әлем түрін­
де ғана емес, сондай­ақ тегіс жатқан, яғни горизонтальді 
әлем ретінде де суреттеледі. Полинезиялықтар мен африка­
лықтардың, американдықтар мен сібірліктердің көне мифте­


[
94
]
рінде горизонтальді космос моделі төрт (кейде сегіз) бағананың, 
кейде діңгектің үстінде тұрған төрт бұрышты тегістік болып 
келеді
42
.
Қазақтың «дүниенің төрт бұрышы» деген сөзі осы мифтік 
ұғымға меңзейді. Оның үстіне архаикалық мифтер де тегістікті 
басынан аяғына дейін (яғни жоғарғы бұрышынан төменгі 
бұрышына дейін) байланыстырып тұратын нәрсе өзен болса 
(бұл жерде өзен үш вертикальді әлемді байла ныстырып тұратын 
космостық ағаш сияқты), ондай түсінік қазақ арасында да із 
қалдырған. Әдетте, қазақтар «су басы», «су аяғы» деп қана 
қоймайды, сонымен бірге «суды өрлеп», «су аяғы құрдымға 
кетті...» деп те айтады. Мұндағы «су басы», «суды өрлеуі» – 
жоғарғы жақ та, «су аяғы», «құрдым» – төменгі жақ. Демек, 
қазақтың бұл сөздері ғалым Е.М. Мелетинскийдің мына пікі­
ріне толық сәйкес келеді.
«Солтүстік халықтарының шамандық мифологиясында 
(функциясы жағынан әлемдік ағашқа, шамандық діңгектерге 
жақын) жоғары мен төмендіаспан мен жерді байланысты рып 
тұратын шамандық өзен болады деген көзқарас бар; демек, су 
басы жоғарғы әлем, ал су аяғы төменгі әлем бо лып саналады. 
Осыған сәйкес су аяғы көп жағдайда төменгі әлем орналасқан 
жақпен теңестіріледі»
43
.
Осы тұрғыдан келгенде, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» 
Қарабайдың суды өрлеп көшуі мен оның Сарыбай тура­
лы іздеушіге «су аяғы құрдымға кетті» деуі әдеттегі түсін­
діруімізден басқаша сипат алады. Эпоста «Қарабай су өрлеп 
көшті» дегені – «ол жоғарғы әлемге сапар шекті», яғни «тірі» 
дегені, ал «Сарыбай су аяғы құрдым кетті» дегені – «ол төменгі 
әлемге, жер астына кетті...», яғни «өлді» дегені. Сөйтіп, мифтік 
ойлау кезінде туған түсінік келе­келе поэзиялық символикаға 
айналған.
Адамның жаратылыстан өзін бөлмей тұрған кезде туған 
көптеген мифологиялық символдар, жануарға немесе табиғат 
объектісіне арнап сөйлеуге, олармен сырласып, тілдесуге бо­
лады деген түсінік кейін көркем фольклорға ауысып, басқа 
бей нелеушілік сипат алған. Поэзия теориясының білгірі З. Ах­
метов былай деп жазады:


[
95
]
«Халық поэзиясында сөзді әлде нендей бір жансыз нәрсеге
затқа қаратып айту да жиі қолданылатын тәсіл. Осындай 
арнау сөздің әсерлілігі сезімнің күшінде деп білу керек. Тілсіз 
дүниеге, затқа, құбылысқа қаратып сөз айтушы адам солар өзін 
тыңдап, ден қойып тұрғандай, солармен тілдескендей тебірене 
сөйлейді. Ал, мұның өзі адамның толғанған, ой­сезімге берілген 
шағын танытады»
44
.
Классикалық көне мифтің басты кейіпкері – ілкі ата­де­
миург (первопредок­демиург), жасампаз қаһарман (куль тур­
ный ге рой). Мифте әлемдегі нәрсенің бәрін жасаушы – солар, 
адам қоғамын, оның әдет­ғұрпын орнатқан да солар, тіршілік 
атаулының бәрін дүниеге келтірген де солар, адамға аң аулап, 
от жағып, тамақ пісіру, яғни өмір сүруді үйреткен де солар 
болып көрсетіледі. 
Қазақ мифінде бұл образ алғашқы күйіндегідей сақталмаған. 
Өте ерте заманда, Түркі қағанаты кезінде орныққан тәңірге 
табыну мен содан кейінгі ислам діні бағзы замандарда болған 
мифтік жасампаз қаһарман образын ығыстырып жібергенге 
ұқсайды. Оның орнын Тәңір, кейін Алла басқан болу керек. Бұл 
ойымызды С. Сейфуллин де растайды. Ол былай деп жазады: 
«Қазақ атаулы ел мұсылман дініне кірген соң, көктегі «ұлы 
тәңір­иенің» орнына (жалғыз патша) «алла» мініп, әлгі көп 
«тәңір­иелердің» көбі ұмытылса да, кейбір «иелер» мұсылман 
дінінің нанымына сіңісіп, мұсылман дінінің уақ «иелеріне» 
араласып, ұмытылмай келді. Бұрынғыдай болмаса да, оларға 
нану да қалмай келді»
45
. Шынында да, Тәңір образында 
мифтік ілкі ата­демиургтың көптеген қасиеттері сақталған. 
Бұл жағдай көркем мифологияға тән. Көпқұдайлы діндерде 
де, бірқұдайлы кейінгі діндерде де көне мифтік жасампаз 
қаһарманның қасиеттері айқын көрінеді. «Көпқұдайлы 
дамыған мифологияда, – деп жазады Е.М. Мелетинский, – жа­
сапмаз қаһарманның сарқыншақты бейнелері мен құдайлар 
өздерінің белгілі қызметін өте белсенді түрде атқарады»
46
.
Демек, қазақтың көне мифінде болуға тиісті ілкі ата­де­
миург бейнесі Тәңір образымен алмастырылған. Ал Тәңір 
аспанның әміршісі саналған. Яғни, Тәңір – ең жоғарғы құдай, 
ол аспан мен жердегі тылсым мен тіршіліктің иесі. Адамды 
да, жер бетіндегі нәрселердің бәрін де, аспанды да, ондағы 


[
96
]
жұлдыздарды да жаратушы – Тәңір деп саналған. Міне, мұның 
бәрі – көне мифтік ілкі ата­демиургтың, жасампаз қаһарман­
ның атқаратын істері. Бұл қызмет түркілер заманында Тәңірге, 
ал ислам келгенде аллаға таңылған. Қазақтың көне мифінде 
ілкі ата­демиург образының толық және айқын сақталмау 
себебі осында деп білуіміз керек.
Қазақтың, тіпті біраз түркі тілдес халықтар мифінде кез­
десетін Тәңір образына Е.М. Мелетинскийдің мына бір пікірі 
тікелей қатысты: «Ерлі­зайыпты баба­құдайлардың ең көне әрі 
универсалды тараған түрі – аспан­әке мен жер­ана. Бұл образ­
дарда, бір жағынан, рулардың бабалары бо лып саналатын ілкі 
адамдардың космостанғанын, ал екінші жағынан, неке мен 
семьялық қатынастардың табиғат дүниелеріне көшірілгенін 
көруге болады»
47
.
Шындығында, бүкіл түркі жұртында Тәңір – көктегі ер 
ролінде, ал Ұмай – Жер­ана болып қабылданады
48
. Сон да, жо­
ғарыда Е.М. Мелетинский айтқандай, қазақта да ас пан – әке, 
жер – ана ретінде (Тәңір – Ұмай түрінде) алғашқы ерлі­зайыпты 
құдайлар болып саналған деуге әбден болады.
Көне замандағы, Түркі қағанаты дәуіріндегі аспанды – 
еркек, жерді – әйел деп түсінетін мифтік ұғым қазақтың мифі 
мен діни нанымында ғана сақталып қоймаған. Ол ұлтымыздың 
көркем фольклоры мен классикалық әдебиетінде поэзиялық 
символға, көркем образға, метафораға айналған. Ұлы Абайдың 
мына бір шумақтарын еске алайық:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   60




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет