Қасқабасов С. Таңдамалы



Pdf көрінісі
бет18/19
Дата19.01.2017
өлшемі1,43 Mb.
#2189
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

ӘДЕБИЕТ ПЕН ФОЛЬКЛОРДЫҢ
 БАЙЛАНЫСЫ ТУРАЛЫ
Қазақтың XX ғасырға дейінгі өмірінде фольклордың ара­
ласпайтын жері болған жоқ, ол елдің рухани қажеттілігін 
түгелімен атқарды, бүкіл тіршілігінің ажырамас бөлігі 
бол ды, сол себепті ХІХ ғасырдағы әдебиетте фольклордың 
«менмұндалап» тұруы – табиғи нәрсе. Әсіресе, авторлық ауыз 
әдебиетінде, яғни жыраулар мен ақындардың шығармала­
рында фольклордың тілі, поэтикасы, стильдік құрылымдары 
мейлінше мол. Ал, Абай мен Ыбырайдан бастау алатын жаңа 
жазба әдебиет фольклорға саналы түрде барды, оған қажетті 
дәрежеде арқа сүйеді. Бұл жерде біз фольклордағы сөздер 
мен тіркестер, сюжеттер мен кейіп керлер, жекелеген жанр­
лар, мақал­мәтелдер мен жұмбақтар, өлеңдер жазба ақындар 
шығармашылығында емін­еркін жү ретіндігін айтып отырмыз. 
Олардың біразы табиғи түрде жүр се, кейбіреуі мақсатты түрде 
қолданылған. Кейін осы дәстүр жалғасып, әдебиеттегі фолькло­
ризм құбылысын тудырды. Фольклоризм әдеби шығарманың 
мазмұнынан ғана емес, оның тілдік­стильдік табиғатынан, 
әдеби шығарманың көркемдік құрылымынан, әлеуметтік­
этнографиялық сипа тынан көрі неді. Осылардың әрқайсысын 
арнайы зерттеу – әдебиет пен фольклордың арақатынасы, бай­
ланысы қан ша лықты терең, табиғи, мақсатты екенін ашып 
көрсетері хақ және әдеби шы ғармада бейнеленген өмір туралы, 
жазушы шығармашылығының қайнар көзі жайында, сондай­
ақ автор дың өмірі мен дарыны жөнінде айтарлықтай мағлұмат 
беретіні күмәнсіз.
Әлемдік фольклортануда «фольклор» ұғымы өте кең 
мағынада қолданылады. Оған халық музыкасын, халық биін, 
халық өлеңін, халық театрын, халық әдебиетін, халық қол­
өнерін, халық қолданатын ырымдар мен ғұрыптарды, салт­
тар мен наным­сенімдерді жатқызады. Демек, фольклор 
дегені міз – тек қана ел арасына тараған ауызекі шығармалар 
емес, фольклор – халықтың бұрынғы замандарда өмір сүрген 
бабалары шығарып, пайдаланып, ұрпақтан ұрпаққа аманат 
етіп, бүгінгі дәуірге жеткізген руханият. Ол – көп салалы, 
сондықтан көп сипатты және кеп функциялы, синкретті ру­
ханият. Өте ерте заманда туып, жүздеген ғасырлар бойы өмір 

[
 
 301  
]
сүргендіктен фольклор ежелгі қоғамның дүниетанымы және 
мәдениеті болған. Үнемі қолданыста болғандықтан, ол – адам­
дар тұрмысының қажетті бөлшегіне, атрибутына айналған. 
Ұзақ тарихи дамудан өткен фольклор біздің дәуірге сөз өнері әрі 
мәдени мұра түрінде жетіп отыр. Міне, осының бәрі фольклор­
ды әдебиеттен әлдеқашан бұрын пайда болып, өзіндік көркем 
жүйе қалыптастырған сөз өнері деп тануға негіз болмақ.
Сөз өнеріне айналған фольклор – атам заманда туып, бірден­
біргс айтылып, ұрпақтан­ұрпаққа ауысып отырған, сөйтіп, 
біздің дәуірімізге жеткен авторы жоқ ауызекі шығармалар 
екені белгілі. Ал, ауыз әдебиеті – ол да ауызша туып, ауызша 
тарап, орта ғасырлардағы қазақ қоғамы үшін кәдімгі кәсіби 
жазба әдебиеттің ролін атқарған туындылар. Оның фольклор­
дан бірнеше айырмашылығы бар: біріншіден – автордың бо­
луы; екіншіден, мәтіннің біршама тұрақтылығы; үшіншіден, 
шығарма мазмұнының нақтылы, белгілі бір оқиғамен, адаммен 
байланыстылығы; төртіншіден, шығармада автордың өзіндік 
«мені» болуы, стилінде даралық сипаттың көрінуі; бесіншіден, 
шығармалар тек қана поэзия түрінде, толғау, арнау, мадақтау 
үлгісінде орындалуы; алтыншыдан, шығарманың қалың 
елдің, хан кеңесінің, жауынгер­сарбаздардың алдында дереу, 
импровизациямен айтылуы. Сондықтан мұндай дүниелерді 
«авторлық ауыз әдебиеті» деп, жеке бөліп атаған жөн.
Жазба әдебиетіміз де ертеден бері өмір сүріп келе жатқан 
рухани құндылық. Ежелгі сақтардан, ғұндардан, үйсіндерден 
қалған жазба жәдігерлер, түркілер  қағанатының тасқа қа­
шап жазған мәтіндері, сондай­ақ орта ғасырларда қолжазба 
қалпында сақталған шығармалар мен жаңа дәуірде баспадан 
шыққан туындылар – бұлардың бәрі жазба әдебиетке жатады. 
Әрине, олар әр дәуірдің өзіндігіне байланысты болғандықтан 
біркелкі емес. Ежелгі замандағы дүниелер, көбінесе, аңыз­
даулар түрінде жетсе, көне түркі ескерткіштері тарихи­қа­
һармандық жыр үлгісінде белгілі болып отыр. Ал, орта ға­
сырдағы жазба әдебиет, негізінен, діни хикаяттар, тарихи 
және ғашықтық дастан формасында болса, жаңа дәуірдегі жаз­
ба әдебиет көп жанрлы, нағыз көркем сөз өнері болып дамыды. 
Біздің бұл ұжымдық монографиямызда жаңа дәуірдегі, әсіресе, 
XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы әдебиеттегі 
фольклорлық дәстүрлердің, дәлірек айтқанда, фольклорлық 

[
  302  
]
сана мен ұғым­түсініктің, ырымдар мен салт­ғұрыптардың, 
сондай­ақ фольклорлық жанрлар мен сюжеттердің, кейіпкерлер 
мен көркемдік құралдардың, мотивтер мен әдіс­тәсілдердің 
пайдаланылуы, олардың әдеби шығармада атқарып тұрған 
қызметі, т.б. мәселелер қарастырылды.
Жалпы, фольклор – ұлттық әдебиет пен өнердің алдыңғы 
басқышы, бастауы екендігін теориялық тұрғыдан алғаш зерт­
теп, дәлелдеген Еуропаның ағартушылары еді. Ағартушылар 
ә дегеннен Жаңғыру дәуірінің рухы мен идеясын қабылдап, 
халық поэзиясының, жалпы мәдениетінің ұлттық әдебиет пен 
өнердің туып, дамуындағы роліне көп көңіл бөлді. Бұл, әсіресе, 
М. Монтень мен Д. Виконың, Ж. Руссо мен И. Гердердің ең­
бектерінде айқын көрініс тапты.
Әдебиет пен фольклордың байланысы – әлем мәдениетінің 
дамуындағы басты заңдылықтардың бірі. Жер жүзіндегі қай 
әдебиетті алсақ та, оның шығу тегі  фольклор екенін көреміз. 
Сондықтан әдебиеттегі фольклоризм барлық әдебиеттің тари­
хы мен теориясын зерттегенде де, жеке ақын­жазушылардың 
шығармаларын талдағанда да көрнекті орын алады.
Қазақтың халық поэзиясы мен көркем әдебиетінің шын 
мәніндегі алғашқы шығармашылық тоғысуы Абай поэзиясы­
нан, яғни жаңа дәуір әдебиетінен айқын көрінді. Бұл кезде­
су жаңа қазақ әдебиетінің туып, қалыптасуында тарихи роль 
атқарғаны күмәнсіз. Абай бастаған жаңа көркем әдебиет, бір 
жағынан, фольклордан алшақтай отырып, екінші жағынан, 
одан мол сусындады.
Әлбетте, фольклорға арқа сүйеу Абайдан бұрынғы авторлық 
ауыз әдебиетінде де, жазба мәтіндерде де орын алғаны дау­
сыз. Сонау Түркі заманындағы тасқа қашалған текстерде, 
орта ғасырдағы қолжазба шығармаларда  фольклордың әсері 
анық байқалады. Осы байланысты тарихи тұрғыдан қарасақ, 
халық поэзиясының көркемдік, идеялық, стильдік ерекшелік­
тері әр дәуірдегі әдебиетте әртүрлі мақсатта, әртүрлі форма­
да қолданылғанын көреміз және бұл қолданыс бірде табиғи, 
бірде мақсатты түрде жасалғанына көз жеткіземіз. Әрине, бұл 
байланыс бір типті және үнемі тығыз болмаған. Әрбір тарихи 
кезеңде әдебиет пен фольклор бір­біріне әрқилы мақсатпен 
ықпал етіп отырған, олар кейде өзара жақындасып, кейде бір­
бірінен алшақтап жүрген – бәрі белгілі бір дәуірдің, қоғамның 

[
 
 303  
]
сұранысына және сол шақтағы әдебиеттің көркемдік даму 
деңгейіне байланысты еді. Бұдан шығатын қорытынды: 
әдебиет пен фольклордың ара­қатынасы – өте күрделі 
процесс, осы үдерістің тарихын, даму барысын зерттеу – 
әдебиеттану үшін де, фольклортану үшін де аса маңызды 
проблема.
Фольклордың әдебиетке, әдеби шығармаға енуі үнемі 
бір келкі, ылғи да автордың әдейі солай істеуімен байланы­
сты бола бермейді. Орыс ғалымдары мынадай заңдылықты 
байқаған екен: а) фольклор элементтері әдеби шығармаға 
бейнеленіп отырған объектінің атрибуты болғандықтан ене­
тіндігі; ә) олар фольклорлық дәстүрдің өзінен тікелей алынбай, 
әдебиетте бұрын қабылданып, сіңісіп кеткендіктен кірігуі. 
Психологиялық параллелизм осылай енген; б) жазушының 
фольклорға әуестігінен емес, оның ұлттық болмысынан, ұлт­
тық психологиясы мен тілдік табиғатынан туындаған себепті 
болатындығы
1
.
Аталған заңдылық түгелімен болмаса да, жалпы, фоль­
клор мен әдебиеттің арақатынасының белгілі бір себептері 
есебінде біздің тақырыпқа қатысы бар. Қазақ әдебиеті мен 
фольклорының байланысында айтылмыш себептерден басқа да 
өзіндік сипаттары аз емес, олар осы еңбектің тарауларында әр 
жанр бойынша қарастырылған.
XX ғасырдың соңғы ширегі мен XXI ғасырдың басын­
да дүниеге келген біраз туындыларда фольклорды пайдала­
ну мүлде жаңа үрдісте, жаңа сипатта көрінетінін айту ке­
рек. Әсіресе, екі ғасырдың тоғысында жарыққа шыққан шы­
ғармаларда фольклор әр түрлі мақсатта пайдаланылып, әрқилы 
қызмет атқарып тұрғанын байқауға болады. Бұларда фольклор 
тек бұрынғыша «цитата» немесе «фон» ретінде ғана емес, шы­
ғарманың бүкіл мазмұнының өзі, кейіпкерлердің болмысы 
түрінде де көрінеді. Екінші сөзбен айтқанда, фольклордың 
белгілі бір жанрын, яки сюжетін қолданумен шектелу жоқ, 
ендігі романдарда, кейде повестер мен әңгімелерде де, поэма­
өлеңдерде де фольклорлық сана мен фольклорлық ойлаудың 
архетиптері, кейіпкердің санасынан кене жайттар, тарихи­
генетикалық жадының түкпірінде жатқан фольклорлық­
мифологиялық ұғым­түсініктер, түйсіктер кең пайдаланыла­
ды. Ал, бұл жағдай әдебиет пен фольклор жаңа дәуірде жаңаша, 

[
  304  
]
жаңа деңгейде байланыс жасауда деген ойға жетелейді. Бұл 
еңбек осы мәселелерге арналған.
Фольклор – халық эстетикасының айнасы, нормасы. Сол 
себепті ол әдеби шығармаға енгенде бірнеше рөл атқарады, 
бірде кейіпкердің образын күшейтуге, енді бірде шығарманың 
идеясын кеңейтуге, кейде автордың позициясын айқындауға, 
ал, кейбір жағдайда сюжет құруға мол ықпал етеді, тіпті, 
бүкіл шығармаға негіз болады. Соңғы жағдайды 1920­30 
жылдарда жазылған туындылардан көруге болады. Мағжан 
Жұмабаевтың «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр 
Баян» поэмалары, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Сәбит 
Мүқановтың «Сұлушаш», Ілияс Жансүгіровтың «Дала», 
«Күй» сияқты шығармалары түгелімен фольклордың негізінде 
жа зылған. Бұлай болуының себебі – әдебиеттің балаңдығынан, 
я болмаса ақындардың таланты аздығынан емес­ті. Ең ба­
сты себебі – дәуірдің, қоғамның, жаңа әдебиеттің талабы еді 
және сол әдебиеттің рухани өмірдегі маңызының артқаны бо­
латын. Бұларға қоса аталған ақындар ел жағдайын жақсы 
білетін, қалың жұртпен араласа жүріп, оның мұң­мүқтажын, 
мәдениетін, фольклорын сырттай емес, ішінен тікелей біліп, 
меңгеріп, жаңаша көзқарас тұрғысынан игерген­тұғын. Сон­
дықтан да олар жазба әдебиет өкілі бола тұрып, ел мұрасын, 
фольклорын, этнографиясын, әдет­ғұрпын жинастыра жүрді, 
жариялады, зерттеді. Туған халқының фольклорын тамаша 
білгендіктен олар өз шығармаларына фольклордың қандай 
түрін, сюжетін арқау ету керектігін өте жақсы білді, тіпті, ин­
туиция арқылы сезді деуге болатын шығар. Жалпы, әдебиеттің 
фольклорға иек артуы оның, яғни әдебиеттің дамымағандығы 
емес, әдебиет өзінің даму тарихында фольклорға мезет­мезет 
соғып отырған. 
Жазба әдебиетте фольклордың қалай пайдаланылатыны, 
оның әдеби шығармада атқаратын функциясы туралы біздің 
әдебиеттануда арнайы зерттеулер болған жоқ, тек жеке жазушы­
лар мен ақындардың шығармашылығына арналған еңбектерде 
бұл мәселе жол бойы ғана қарастырылып келді, әлі де солай. 
Соның өзінде де автордың шығармасында халық поэзиясының 
қандай сюжеттері негізге алынғанын нақты анықтап, оны 
деректік көз ретінде, я болмаса фольклорлық материалдар 
қандай өзгеріске ұшырағанын анықтау мақсатында алғашқы 

[
 
 305  
]
нұсқа мен әдеби шығарма салыстырылып қарастырылды. Бұл 
әдіс өз кезеңі үшін өте ұтымды болды. Ал, енді жаңа ғасырда 
әдебиет фольклорға қаншалықты көңіл аударады, оны неге, 
не үшін пайдаланады – бұл бұрынғы әдіспен зерттеуге көне 
бермейтін құбылыс. Өйткені, қазіргі әдебиет фольклорды 
бұрынғыдай таза күйінде қолданудан гөрі оның адам санасы­
на, ойына, іс­қимылына әсер ететін, көзге көріне бермейтін 
салаларына жүгінуді машық етіп келеді. Әділін айтар болсақ, 
фольклорды осы бағытта пайдалану постмодернистік әдебиетке 
тән. Мұнда фольклорды жаңа деңгейде, жаңа мақсатта пай­
далану бар. Дәлірек айтқанда, дамыған постиндустриялық 
қоғам әдебиеті, тіпті, бүкіл мәдениеті фольклордан баяғыда 
қол үзіп кеткенімен, енді оған қайтадан қол созып, соған иек 
артуда. Тіпті, осы күнгі «ужастик» деп аталатын фильмдер, 
шындап келгенде, дәстүрлі фольклорлық сарындарды, ұғым­
түсініктерді осы күнгі технологиямен жаңа сипатта пайдала­
нып жүргенін көрсетеді. Бұдан біз фольклор мен әдебиеттің 
байланысы жаңа түрге, басқа деңгейге көшкенін көреміз. 
Осыған сәйкес зерттеуді де жаңаша жүргізу керек.
Ендігі жерде фольклор мен әдебиеттің арақатынасын 
сыртқы «тоғысудан» ғана емес, олардың «өзгертілген» түр­
дегі байланысының заңдылықтарын ашуға тырысу керек. 
Бүгінгі әдебиеттегі фольклоризм мәселесі әр тұрғыдан зерттел­
гені абзал, яғни қалыптасқан әдісті де, жаңа әдісті де қатар 
пайдаланған жөн. Өйткені, біздің әдебиетіміз фольклордан 
қол үзген емес, оны өзінің даму барысында әр түрлі мақсатта, 
әрқилы дәрежеде пайдаланып келді. Қазірдің өзінде поэ­
зиямызда, прозамызда, драматургиямызда фольклордың 
жанр 
лары мен сюжеттері, кейіпкерлері мен көркемдік­бей­
нелеуіш құралдары көрнекті орын алады. Сонымен қатар 
бүгінгі әдебиетте фольклордың «құпия» жатқан, бейсаналық 
үлгілері шығармалардың өзегіне айналғаны да белгілі. Енде­
ше осы үдерісті де байқап, оның шығармадағы функциясын, 
автордың позициясын ашуда атқаратын қызметін талдау, 
сөйтіп, қазіргі әдебиетіміздің фольклорға жаңаша қарап, оны 
жаңаша түсінетінін, басқаша айтқанда, бүгінгі таңдағы әлем 
әдебиетінде орын алып отырған үдеріс қазақ әдебиетінде де 
көрініс тауып жатқанын ашып көрсету – алда тұрған келелі 
міндеттердің бірі. Ұсынылып отырған ұжымдық еңбектің 
қарастырып отырған бір парасы – осы мәселе.
20­279

[
  306  
]
Қазіргі әдебиетте байқалатын бір заңдылық – жазушы 
фольк 
лорды үнемі таза қалпында, халық жадындағы не­
месе ел арасындағы күйінде ала бермейтіндігі. Бүгінгі за­
манда дәстүрлі фольклор осы күнгі мәдени емірден бірте­
бірте шеттетіліп жатқаны белгілі. Бұған қоса фольклорлық 
шығармаларды көптеген баспалар жарыққа шығарып жатыр. 
Бұл басылымдардың мақсаты әрқилы, сондықтан мәтіндер 
түпнұсқалық үлгіде шыға бермейді. Сондай­ақ фольклор алу­
ан түрлі мәдени шараларда, эстрадада орындалуда, бұл үрдісте 
ол трансформацияға ұшырауда. Демек, қазіргі таңда фольклор 
таза күйінде өмір сүріп жатқан жоқ. Осының бәрі жаңадан 
қалам тербеп жүрген ақын­жазушыларымызды фольклорды 
тікелей емес, жанай, кейде басқа деректерден алып, пайдала­
нуға мәжбүр етеді. Мұндай үрдіс постмодернистік әдебиет деген 
атауды алға тартып, фольклордың классикалық түрінен гөрі 
халық жады мен санасының перифериясында жатқан алуан 
түрлі мифтік персонаждарды, елес, албасты, пері, шайтан ту­
ралы нанымдарды алып, шығарма кейіпкерін сандырақтатып, 
есеңгіретіп, екіұдай күйге түсіреді. Бұл, бір жағынан, дәстүрлі 
классикалық фольклорды жақсы білмегендіктен, білсе де, 
оның архетиптік, мифтік түрлерін әдейі қолданудан, екінші 
жағынан, реалистік сипаттағы әдебиеттен қол үзгендіктен, 
яки одан қашқандықтан болуы мүмкін. Қалай болғанда да, 
постмодерндік әдебиет постиндустриялық қоғамда көркем 
сөздің классикалық формасының мүмкіндіктері ада болды, 
тәмамдалды деген ұғымнан пайда болған секілді.
Шынтуайтына келгенде, әдебиеттің ежелгі фольклорлық са­
рындарды пайдалануы постмодерндік әдебиеттен әлдеқайда 
бұрын жүзеге асқан. Әлем әдебиетінде, орыс әдебиетінде 
XIX ғасырда­ақ түс көру, сандырақтау сияқты көне фольк­
лорлық элементтер біршама орын алған (Н. Чернышевский, 
Л. Толстой, Ф. Достоевский, т.б.). Бұл дәстүр XX ғасыр 
әдебиетінде жалғасын тауып, мықтап орнықты десе де бола­
ды. Фольклорды осылай пайдаланудың тарихына кез салсақ, 
авторлардың бұлай етуінің себептерін ашуға болады. Көбінесе 
байқалатын нәрсе – жазушы өз қоғамының қайшылықтарын 
көрсету үшін мифтік ұғымдар мен архетиптік сарындар­
ды астарлай пайдаланады екен. Бұл – бір. Екіншіден, автор­
лар өз кейіпкерлерінің психологиясын, жан күйзелісін, ішкі 

[
 
 307  
]
се 
зім мен сыртқы жағдайдың тайталасын ашу мақсатында 
адам санасынан тысқары, оған бағынбайтын жайттарды әдейі 
қолданатындығы. Үшіншіден, ақын­жазушылар ескі сүрлеу­
мен жүрмей, жаңа әдіс, амал іздеп, шығармаға сонылық да­
рыту үшін фольклордың таптаурын болған үлгілерінен гөрі 
оның ел жадының түкпірінде, пассивте жатқан түрлеріне 
көбірек мән беретіндігі. Төртіншіден, жазушы өз қоғамындағы 
болмысқа риза еместігін білдіру үшін мифологияны, ескі на­
нымдарды шығармасына аллегориялық мақсатта шеберлікпен 
енгізетіндігі. Әлбетте, бұлардан басқа да себептер бар шығар, 
бірақ, біздің байқауымызша, XX ғасырдың көптеген жазушы­
лары көне фольклорды осылай пайдаланған. Біздің әдебиетте 
де осы байқалады (М. Жұмабаев, М. Әуезов, Ә. Кекілбаев, М. 
Мағауин, О. Бөкеев, т.б.).
Қазіргі постмодерндік деп жүрген әдебиеттегі бір адамның 
екіге бөлініп, екі түрлі ғұмыр кешуі –  фольклордағы бір кі­
сінің екі персонаж болып сөйлеуін, екеудің көрген­білгенін 
өз атынан баяндауын және адамның құбылып, басқа кейіпке 
түсуін еске түсіреді. Бірер мысал келтірейік.
Фольклорлық (анонимдік) айтыста бір адамның жануар­
мен, аңмен басқа бір затпен айгысқа түсіп, екеуінің де атынан 
өзі сөйлейтіні жиі кездеседі. Сондайдың біреуі – «Қасқыр мен 
тоқтының айтысы». мұнда белгісіз автор өзі әрі қасқыр, әрі 
тоқты болып сөйлейді (яғни екі ролде ойнайды).
Тоқты:
Қасқыр-ау, аузың құрсын ырбыңдаған,
Жол таппай, қараңғыда тұрған жаман.
Ер болсаң тайлақ пенен тайды жеші,
Тоқтының несін жейсің тырбыңдаған?
Қасқыр:
Тоқтышық, не десең де құтылмайсың,
Ішінде шым қораның жұтылғайсың.
Әуелі сені жеп, сонсын тайдың,
Ешбірің де ұмытылмайсың... 
2
Осы типтес бір адамның екі персонаж болып сөйлеуі ав­
торлық ауыз әдебиетінде де аз емес. Ә. Диваев өткен ғасыр дың 

[
  308  
]
20 жылдары жинаған материалдарының ішінде «Жұмана  зар 
ақынның домбырамен айтысқаны», «Жұманазардың атпен ай­
тысқаны», «Жұманазардың қарғамен айтысқаны» деген 
дер 
сөзімізге дәлел.
Ал, атақты «Қырық өтіріктегі» кейіпкердің істері түгелімен 
қиял боп көрінгенімен ежелгі мифологиялық сананың өзгеше 
бір көрініс тапқаны деуге болады. Мұндағы тазшаның ақылға 
сыймайтын сияқты әрекеттері алғашқы қауым адамының 
санасында ешбір қисынсыз ден саналмаған, өйткені, мифтік 
уақытта адам мен қоршаған ортадағы заттар, аңдар бірдей, 
олар бір­біріне еркін құбыла алады және бір­бірінің орнын­
да алмасып жүре береді деген түсінік болған, өлі мен тірінің, 
жанды мен жансыздың арасына жік қойылмаған, сондықтан 
тазша басын оп­оңай денесінен жұлып алады да, онымен мұз 
ояды, басы суатта қалса да, талай шаруа атқарады, оның 
етіктері майға таласып, төбелесіп жатады, өкпелеп қашып кет­
кен етігі тойда табақ тартып жүреді, иесін ұялтады... Осының 
бәрі кейінгі заманның фольклорында қайта қаралған, сынға 
ұшыраған, сол себепті шарттылық ретінде ұғынылған да 
қоғамдағы келеңсіздіктерді айту үшін пайдаланылған.
Әдебиет пен фольклордың байланысы мәселесінде жазу­
шының фольклорға қатынасы – маңызды аспектінің бірі. Жа­
зушының фольклорға қызығушылығы бар да, сол фольклор­
ды өз шығармасында не үшін және қалай қолданылатыны 
тағы бар. Жай қызығушылық фольклорды әдеби туындыда 
мақсатты түрде және оны өзгерте пайдалануға ылғи да апарма­
уы мүмкін, ал, апарғанның өзінде фольклордың бүкіл поэти­
касы, нақты бір сарындары, сюжеттері биік дәрежеде көрініс 
таба ала ма? Әрине, көп нәрсе жазушының талантына байла­
нысты. Сонда да фольклорлық материалды әр жазушы өзінің 
қалауымен таңдап, саналы түрде, өзінің алдына қойған көркем 
мақсатына сәйкес пайдаланса, фольклордың шығармадағы 
ролі тиісті деңгейде эстетикалық қызмет атқарары күмәнсіз. 
Мұндай жағдайда, яғни аса талантты жазушы пайдаланса, 
фольклор танымастай өзгеруі мүмкін, тіпті, ол әдеби шығармаға 
сіңісті кетіп, кейде оның қайнар көзін табу онша оңай болмауы 
да ғажап емес. Әлем әдебиетінің тарихында мұндай тәжірибе аз 
емес. Біздің қазіргі әдебиетте де ұшырасады.
Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыт, ағым, стиль мә­
нерінде жазылған шығармаларда көрініп жүрген пост 
мо­

[
 
 309  
]
дерндік белгі есебіндегі адам мен хайуан арасында жақын­
дықтың болуы, бір адамның екіге бөлінуі, кейіпкердің іс­
әрекеттерінің түсінде атқарылуы, қаһарманның сандырақ 
халге түсіп, елес көруі сияқты көркем тәсілдер фольклор­
да ертеден бері мотив, не сюжет түрінде қолданылып кел­
ген үрдіс екені аян. Олардың түп негізі – көне заманғы ани­
мистік, тотемдік, магиялық, т.б. сондай нанымдар мен ежел гі 
фольклорлық жанрлар (миф, хикая, көне эпос, ертегі), яғни 
алғашқы қауымдағы мифологиялық сана мен кейінгі дәуір­
лердегі фольклорлық дәстүр. Мұндай сана мен дәстүр байыр­
гы фольклорда ғана емес, бертінгі авторлық ауыз әдебиетінде 
де, жаңа жазба әдебиетте де көркемдік құралға, көркем тәсілге 
айналып, ескі мен жаңаны, шындық пен қиялды жымдасты­
рып жіберген, сондықтан ол ажыратуға оңай тимейтін және 
көңілдің терең түкпірінде жатқан, кәдімгі санамен түсінуге 
қиын құбылыс. Реалдылық пен ирреалдылық араласып кет­
кен бұл сана мен сарын белгілі бір жағдайда, айталық экстре­
мальды ситуацияда немесе психологиялық қиналысқа түскен 
шақта, я болмаса шығармашылық ой толғаттырған кезде, 
адамның еркінен тыс көрініс беріп, сыртқа шығады, яғни 
қатты шошыған сәтте, жан түршігерлік нәрсеге тап болғанда 
адам оқыстан айқайлап, хайуанға тән дауыс шығаратыны 
секілді жайттар – сол көне мифтік, фольклорлық сана мен 
дәстүр адам табиғатында баяғы, есте жоқ ескі заманнан бар 
екенінің айғағы. Міне, осындай психологиялық, дұрысы пси­
хикалық жағдайларды жазушылар өз кейіпкерлерінің ішкі 
дүниесін толық ашуға, олардың бойындағы әр түрлі қасиет­
тері мен кемшіліктерді екіұдай түрде көрсетуте, адам мен 
қоғам арасындағы қайшылықты терең бейнелеуге, сөйтіп, 
өмірді, адам болмысын тануға пайдаланады.
Әдебиет пен фольклордың арақатынасын жалпылама түрде 
емес, әдебиеттің тарихи даму барысымен де бірлікте зерттеу – 
өте жемісті болмақ, себебі қай нәрсені болса да, тарихи прин­
цип негізінде қарастырған дұрыс, зерттеудің объектісі қалай, 
қашан пайда болды, қандай өзгерістерді басынан кешірді, 
қандай күйге түсті деген сауалдар үнемі зерттеушінің назарын­
да тұруға тиіс.
Бұған қоса кез келген ғылыми зерттеу тағы да үш сауалға 
жауап беруі керек: зерттеп отырған нәрсе не, ол қандай және 

[
  310  
]
неге сондай? Осы үш сұрақ шешімін тапқан жағдайда ғана зерт­
теу жұмысы өз мақсатына жетпек, ол нағыз ғылыми құнды 
теориялық еңбек болып шығады, себебі мұнда ғылым тілі­
мен айтқанда, «фактология, описание и интерпретация» деген 
зерттеу ісіндегі үш кезең толық қамтылады. Міне, әдебиет пен 
фольклордың арақатынасы дегенде осы құбылыстың қашан 
пайда болғаны, қандай жолдан өткені, бүгін қандай халде де­
ген шарт негізге алынды. Бұл принцип осы тарауда біршама 
жүзеге асырылды. Ал, басқа тарауларда фольклоризм мәселесі 
қазіргі әдебиет бойынша қарастырылды.
Әлбетте, ұзақ ғасырлар жасап келе жатқан фольклор өзімен 
бірге өмір сүрген әдебиетке, жалпы, мәдениетке үнемі ықпал 
етіп келген. Мәселен, бізге жеткен авторлық ауыз әдебиеті мен 
алуан түрлі жазбалық мәтіндерде фольклордың тікелей де, 
астарлай да әсері айқын көрінеді. Бастауын Иоллығ­Тегіннен 
алатын жыраулық поэзияда, яғни Күлгегінге, Тоныкөкке 
арналған жырларда эпостың стилі анық көзге ұрады, ал, 
Шыңғыс хан мен Жошыға қатысты айтылатын шумақтарда, 
яки болмаса Сыпыра жыраудың, Асанның, Шалкиіздің, Қаз­
туғанның, Бұқардың толғауларында ежелгі фольклорлық сим­
волдар, тіркестер, сарындар кәдімгі батырлар мен ғашықтар 
туралы жырларда топ­тобымен кездеседі. Бұл дәстүр XIX ға­
сыр ақындарында да сақталған: Махамбет, Дулат, Сүйінбай, 
Мұрат, Шортанбай поэзиясы фольклордың поэтикасын молы­
нан пайдаланған.
Жазба әдебиетке келер болсақ, орта ғасыр туындыларының 
көпшілігінде фольклор материалдары анық көрініп тұрғаны 
белгілі. Айталық, «Қисса сүл әнбия», «Диуани лұғат ат түрік», 
«Құтадғу білік», «Тарихи Рашиди», «Жаһаннама», «Түрік 
шежіресі» сияқты шығармаларда  фольклордың әр түрлі жанр­
лары, сюжеттері, тілдік, стильдік өрнектері кеңінен орын алған.
Жаңа жазба әдебиетіміздің бастауы – Абай мен Ыбырай 
шы ғармаларында фольклордың алар орны ерекше. Олар фольк­
лорға саналы түрде барып, оны шығармашылықпен пай­
даланған. Халық поэзиясының өлеңдік өрнектерін, ертегі лері 
мен мысалдарын Абай да, Ыбырай да белгілі бір мақсат пен 
шығармаларына арқау еткен. Ыбырай Алтынсарин фольклор­
ды ағартушылық, ұстаздық мақсатта қолданса, Абай көркем 
сөзді жетілдіру мен әдебиетті байыту үшін пайдаланған.

[
 
 311  
]
ХІХ ғасырдағы Абай мен Ыбырайдан кейінгі ақын­жазу­
шылар да фольклорға иек артқан. Бұл тұстағы жазба ақындар 
мен сал­серілер қазақтың ғана емес, шығыстың да фольк­
лорына қол созып, шығармаларына енгізді. Осы ретте, мәселен, 
Шәді Жәңгірұлын, Майлықожа Сұлтанқожаұлын, Біржан мен 
Ақанды, Нұржан Наушабайұлы мен Әсет Найманбайұлын 
атауға болады.
Жиырмасыншы жүзжылдықтың алғашқы ширегінде жа­
зылған әдеби шығармаларда да жазба әдебиет өкілдерінің 
фольклордан қол үзіп кетпегенін көреміз. Шәкәрім Құдай­
бердіүлының, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Сұлтанмахмұт 
Торайгыровтың, Тайыр Жомартбаевтың, т.б. үлкенді­кішілі 
туындылары, әсіресе, романдары, фольклорлық қазынамыздан 
мол сусындап, соларға негізделген.
Совет өкіметі орнағаннан кейінгі кезде фольклор мен әде­
биеттің байланысы жаңа бағытта көрініс береді.
XX ғасырдың басы мен Совет өкіметінің алғашқы 10­15 
жылдарында елді жаппай сауаттандыру мәселесі өткір болып, 
қай алфавитті алу керектігі туралы айтыстар орын алғанына, 
идеологиялық қыспақтың күшейгеніне қарамастан, әдебиет 
өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Рас, жаңа әдебиет қандай болуы 
керек, ол қалай дамуға тиіс, оған ескі мұраны пайдалануға бола 
ма, жоқ па, қандай бағытта пайдалану қажет деген секілді сау­
алдар төңірегінде алуан түрлі пікір айтылып, кереғар, бірін­бірі 
жоққа шығарған мақалалар газет­журналдардың беттерінде 
қардай борап жатты. Бірақ бұл жағдай жаңа әдебиеттің туып, 
қалыптасу процесін тоқтата алмады. Осы тұста әдебиеттің өзі 
үлкен саяси­әлеуметтік мәнге ие болды да, қоғамдық ойдың да­
муына өз ықпалын жасай да алды. Халықты жаппай сауаттан­
дыру мен ағарту ісін жүзеге асыруда әдебиеттің ролі орасан бол­
ды және әдебиет бұл міндетті ойдағыдай атқару үшін бұқараға 
түсінікті, ежелден етене халық поэзиясын барынша пайдалан­
ды. Фольклорлық шығармалар авторлардың оқулықтарында, 
хрестоматияларында, жеке өз шығармаларында кең орын алды. 
Сөйтіп, фольклор жаңа әдебиетке тірек болды, оны халыққа 
жақындатты, сол арқылы жаңа идеяларды, соны ой­пікірлерді 
ел арасына таратты, халықтың рухани жаңғыруына әсер етті. 
Фольклор – халық рухының көрінісі екенін ескерсек, әдебиет 
соны пайдалану арқылы қарапайым елдің шығармашылық­

[
  312  
]
рухани қабілетін айқара ашса, екінші жағынан, әдебиет ха­
лықты, оның өмірін қалай бейнелеу керектігін үйренген еді.
«Тұтастай алғанда, 20­30 жылдар төңкерісшіл жаңа әде­
биеттің идеялық­көркемдік принциптерінің қалыптасып, 
жаңаша ізденістерге бет бұрған дәуір болады. Әдебиет ескі 
қоғамды қиратып, жаңа тұрмыс орнатамыз деген ұранды 
өмірдің шындығына сүйенді. Сондықтан да өмірдің өзіндегі 
сияқты артық кем дүниелер орын алып жатты. Соған қара­
май, жаңа әдебиет біртіндеп, тарих сабағын тани, бой түзеді. 
Әдебиеттің жанрлық түрлері кеңейіп, ұлғая түсті»
3
.
Осы процесте фольклордың ролі айрықша бслды десек, 
артық айтқандық емес. Санамалап қана айтар болсақ, Мағжан 
Жұмабаевтың «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр 
Баян», «Жүсіп хан», «Өтірік ертек», Шәкәрім Құдайбер 
ді­
ұлының «Нартайлақ пен Айсұлу», Сәкен Сейфуллиннің «Көк­
шетау», Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш», Ілияс Жан сүгіровтің 
«Күйші», «Күй», «Дала», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Ке­
бек» сияқты туындылары фольклорлық сюжеттерді ар 
қау 
еткенін және сол кездер үшін ғана емес, бүкіл XX ғасыр қазақ 
әдебиетінің классикасы екенін еске алсақ та жеткілікті.
«Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңінде оның қай жанры­
нан болса да, фольклордың рухын, демократиялық тенден­
циясын және түр ерекшелігін табу онша қиын емес. Азаматтық 
лириканың да, үгіттік поэзияның да, табиғат лирикасының 
да, сондай­ақ әдебиеттің басқа ұсақ жанрларының да, тіпті, 
белді жанрлар – эпикалық, лиро­эпикалық және толғау, 
поэ малардың да нәр алған бүлағы осы фольклор болды»
4
, – 
деп жазды «Қазақ әдебиетінің тарихына» «Фольклор және 
әдебиет» тарауын жазған үш автор (М. Қаратаев, М. Сильчен­
ко, Н. Смирнова).
XX ғасырдың басындағы әдебиетімізге еуропа, әсіресе, 
орыс әдебиетінің әсері болғаны хақ, бірақ бұл басым сипат 
алған жоқ. Олардан қажетті дәрежеде керегін қабылдай оты­
рып, қазақ ақындары мен жазушылары үлттық фольклорды 
кең мағынасында өз шығармаларына негізгі өзек етіп алды. 
Бұл үрдіс үсақ өлең­жырларда ғана емес, үлкен эпикалық 
туындыларда айқын көрініс берді. Бірінші болып фольклор 
элементтерін романда пайдаланған Міржақып Дулатов болды 
(«Бақытсыз Жамал»), одан кейін Тайыр Жомартбаев («Қыз 

[
 
 313  
]
көрелік»), Спандияр Көбеев («Қалың мал»), Сұлтанмахмұт 
Торайғыров («Қамар сұлу»), т.б. авторлар қазақ фольклоры 
мен этнография материалдарын мол қамтыған болатын. Бұл 
кезеңде романмен қатар пьесалар, поэмалар жазылып, олар­
да да фольклорлық сюжеттер мен кейіпкерлер, халықтық 
салт­сана мен әдет­ғұрыптар, ойындар пайдаланылғанын 
айтуға болады. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегі», «Бәйбіше – 
тоқалы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Рәбиға», «Мансапқұмар», 
«Қанапия – Шәрбану», Бекмұхамед Серкебаевтың «Бақсы», 
«Ғазиза», Қошке Кемеңгерұлының «Әулие тәуіп» сияқты 
1920 жылдарға дейін жазылған пьесаларды атауға болады.
XX ғасырдағы әдебиет, ең алдымен, проза жанрының күрт 
дамып, өркендеуімен ерекшеленгені белгілі. Бұл үрдісте де 
фольклордың өзіндік үлесі бар. Әсіресе, тарихи романдардың 
қайсысын алсақ та, оларда фольклордың небір әдемі үлгілерін 
табамыз және олар шығармаға шынайылық қана емес, көр­
кемдік қасиет, тамаша ауан дарытады, оның шырайын 
келтіреді. Алуан түрлі аңыздар, өлеңдер, нақыл сөздер, ма­
қал­мәтелдер, үйлену мен жерлеу салтына байланысты әдет­
ғүрыптар мен ән­жырлар романның өн бойында әдемі жа ра­
сымдылықпен пайдаланылып, кейіпкерлердің көркем бей­
несін сомдауда, шығарманың мазмұнын тереңдетуде, өмір 
шын ды ғын жан­жақты көрсетуде үлкен роль атқарады. Мұны, 
мәселен, «Абай жолы», «Оянған өлке» сияқты классикалық 
тарихи романдардан анық көреміз. Бұл дәстүр XX ғасыр 
басындағы әдебиеттен бастау алатыны даусыз. «Қыз көрелік», 
«Бақытсыз Жамал», «Қалыңмал», «Ақбілек», т.б. осы ойы­
мызға дәлел бола алады.
Жаңа дәуірдегі, әсіресе, 1900­1930 жылдарғы қазақ әде­
биеті үшін фольклорға сүйену, оны пайдалану – қажетті де 
орынды іс болды. Жаңа туып, қалыптасып келе жатқан про­
фессионалды әдебиет фольклордың көмегінсіз бірден өркендеп 
кетуі мүмкін емес еді, себебі жүздеген жылдар бойы өмір сүріп 
келе жатқан фольклордың орныққан өзіндік көркем жүйесі, 
эстетикалық қуаты, тарихпен арақатынасы, болмысты көркем 
бейнелеу принциптері мен әдіс­тәсілдері, көркемдік­бейнелеу 
құралдары бар болатын, соларды пайдаланбай, жаңа әдебиет 
аяғынан тік тұрып кете алмайтын еді, өйткені, ол әлі өзінің 
көркемдік жүйесін тудырған жоқ­ты. Мұндай жағдай, яғни 

[
  314  
]
әдебиеттің фольклорға «тәуелділігі» өткен ғасырдың 20­40 
жылдар әдебиетінде айқын көрінді. Уақыт өте келе, ол әдебиет 
дами келе, фольклорды бұрынғыдан басқаша пайдаланды, 
оған деген қатынасы да өзгеше болды. Бұл жерде үлкен роль 
атқаратын фактордың бірі – жазушының таланты мен алдына 
қойған мақсаты екенін айту керек, және өмір мен қоғам тала­
бы да айтарлықтай маңызды болғаны белгілі. Рас, бұл тұста 
бір жазушылар фольклорды сол қалпы пайдаланды да, енді 
бір авторлар оны өзгерте, сәл басқаша қолданды. Бұл жерде 
шығарманың қай жанрда жазылғаны да аз әсер еткен жоқ. 
Әрине, әдебиет пен фольклордың арақатынасын зертте­
генде «жазушы және фольклор» деген мәселені айналып өту 
мүмкін емес. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, қай жазушы 
фольклорды қандай мақсатта шығармасына арқау етеді және 
оны қаншалықты әрлі, қандай деңгейде пайдаланады – бұл 
әдебиет пен фольклордың байланыс түрлерін қарастыру үшін 
аса маңызды мәселе. Әсіресе, жазушы шығармашылығында 
фольклор эстетикалық міндет орындай ма және ол көркем 
шығарманың ішкі, ажырамас бөлігіне (ингредиентке) айна­
ла ма – бұл да айтылмыш проблеманы зерттеудің бір қыры. 
Қаламгердің дарыны мен алға қойған мақсаты фольклор­
ды шикізат есебінде емес, ойлаған идеясын көркем түрде 
іске асыруға мүмкіндік беретін тәсіл ретінде бағалап, оны 
мазмұн мен эстетика жағынан байыта түседі. Автор фольклор­
лық сюжетті өз керегіне салып, қайтадан қорытады, сөйтіп, 
шығармасымен тұтастандырып жібереді. Сондай қаламгердің 
ең жарқын өкілі – Мағжан Жұмабаев. Ол фольклордың бірне­
ше түрін қамтыған.
Мағжанның фольклордың әр жанрлық түріне баруы оның 
фольклоризмі әр алуан екенін көрсетеді. Бұл жағдайды тек 
қана Мағжанның шығармашылық өздігінен деп түсіндіру 
аздық етеді. Ұлы ақынның фольклорға, оның әр жанрына ден 
қоюының басқа да маңызды себептері бар сияқты. Мәселен, ол 
Қорқыт жайлы әпсананы, Қойлыбай бақсы туралы шамандық 
мифті, Баян батыр туралы жазғанда тарихи аңызды, сондай­ақ 
Жүсіп хан туралы ертегіні, Сыздық жайында айтқанда хикая­
ны өз поэмаларына арқау етіп алған. Неге, қандай себеп? Біздің 
ойымызша, мұның сыры мынада: біріншіден, Мағжан өз за­
манына риза емес, сол тұста жүзеге асып жатқан қоғамдағы, 

[
 
 315  
]
санадағы саяси, экономикалық, мәдени, тұрмыстық өзгерістер 
мен іс­шараларға, жалпы жағдайға наразы, бұл жағдайдан 
құтылу жолын шарқ ұрып іздейді; екіншіден, халықтың өткен 
ғасырлардағы ұлт­азаттық күресін, тарихта өшпес із қалдыр­
ған оқиғаларды, сондағы Абылай, Баян, Кенесары тәрізді 
қаһармандардың ұлы істерін көрсетіп, қазақ жұртының ру­
хын көтеруге күш салды, тәуелсіздік үшін күресуге шақырды; 
үшіншіден, Мағжан, бір жағынан, романтик ақын ретінде 
халықтың өткеніне, рухани мұрасына айрықша мән беріп, 
оны өте жоғары бағалады және содан идеялық­көркемдік нәр 
алды. Бұл айтылған тұжырымдар Мағжан поэмалары арқылы 
әдебиет тарихында халық поэзиясы қан 
шалықты маңызды 
екенін көрсетеді (біз ақынның аталған шығармаларына же­
ке­жеке талдау жасамаймыз, олар жайында проф. Ш. Елеу­
кеновтың кітабында жан­жақты айтылған
5
). Осы жерде 
Мағжан шығармашылығын монографиялық түрде арнайы 
зерттеген профессор Шериаздан Елеукеновтің мына ойла­
рын келтіру жөн деп ойлаймыз. Ұлы ақынға ескіні көкседі, 
патриархалдыққа қарай кейін сүйрейді деген айыптаулар дың 
жала екенін айта келіп, зерттеуші былай дейді: «Мағжан елім 
деп қан жұтқан ерлерді болашақ үшін, қазаққа қайрат­жігер 
беру үшін жырлады. Өткенді көксеу бар да, өткеннен рух алу 
бар. Бұл екеуі екі басқа нәрсе. Ақын өткеннің қайраткерлерін, 
Абылайды, Кенесарыны дәріптеді. Бірақ ол хан заманын 
тірілтуді тілеген жоқ. Елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін 
күрескен ерлердің рухын шақырғанда отаршылдық қамыты 
астында жасып, жүнжіп кеткен елінің намысын қоздырғы­
сы келді, кеуделерінде бабаларының өжет, қайсар жігерін 
тұтатқысы келді»
6
.
Осы ретте айтатын бір нәрсе: қоғам өмірінде үлкен сілкініс, 
тағдырлы бетбұрыс болған кездерде бүкіл мәдениет, әсіресе, 
әдебиет халықтың тағдыры туралы ой қозғап, қоғамдық санаға 
үлкен әсер етеді. Сондай оқиға Ресейде орын алған үш рево­
люция еді. Алғашқы, 1905 жылғы революция орыс қана емес, 
империя құрамындағы ұлттардың да санасына қозғау салып, 
бостандық, азаттық идеясының жүзеге асуы мүмкін деген 
сенім тудырды. Дәл осы шақта орыс әдебиеті классикалық 
сыншы реализмнен басқа әдіске (символизм, т.б.) көшіп 
жатқанда, бізде романтизм белгілері бой көрсетті. Ал, 

[
  316  
]
романтиктердің халық поэзиясына, тарихына аусары ауып 
тұратыны белгілі.
XX ғасырдың басында, дәлірек айтқанда, 1905­1920 жыл­
дар аралығында қазақтың аса талантты жазушыларының 
ұлттық фольклорға, өткен тарихқа ден қоюының тағы бір 
себебі мынада жатқан сияқты. Профессор Ш. Елеукеновтің 
сөзімен айтқанда, «бақытсыздақ пен өлім елесі торлаған қазақ 
халқы 1905 жылғы революциядан соң ес жиып, күш ала баста­
ды. Жаралы адам есін жиғанда ыңырсып, ыңқылдай бастайды 
ғой. Сол сияқты халді біздің әдебиетіміз де басынан өткерді. 
Ол елім, жұртым, халқым деп жар салды. 1905 жылдан кейін 
жарық көрген «Оян, қазақ», «Қырық мысал» – сол ыңырсу 
мен қыңқыл­сыңқыл. Бұл әдебиет өзінің жаралы жүрегін ба­
сып сөйлегенде бұдан бұрынғы қаһармандық жорықтары көзге 
елестейді, ояна бастаған халқына сол бір жаугершілік шағын 
еске алуды мақсат тұтты. Сөйтіп, әдебиет өткенді жырлай ба­
стады, бірақ, өйткенде, ол бұрынғыны қайта орнатуды көксеген 
жоқ, тағылық өмірін дәріптеген жоқ. Ол өткенді жырлағанда 
жас халқын демейтін, оның жүрегіне сенім отын жағатын айла 
іздеді»
7
.
Ш. Елеукеновтің бұл тұжырымы Жүсіпбек Аймауытовтың 
ойын бекіте түседі. Мағжанды романтик ақын деп атайды да, 
Ж. Аймауытов былай деп жазады. «Ертегі, Қорқыт, Баян – 
Мағжан романтизмі күшейгендігіне дәлел... Мағжан қазақтың 
бұрынғы ақындарының (Абай, Ахмет, Міржақыптың) ізін 
қуып, халықты өнер­білімге шақырды. Мағжан сондықтан 
мәдениетшіл романтик болып отыр»
8
. Осыған ұқсас пікірді Қ. 
Мәшһүр Жүсіп те айтады.
«...Мағжан романтизмінің, – деп жазады ол, –  шындық тан 
аулақ кету үшін емес, қайта күрделі ақиқатқа мүмкін бол ған 
(сол кездегі цензура, қысым бөгеттен өтіп, шығармалары  ның 
жарық керу үшін де) өзгеше жол іздеу нәтижесінен туғанын 
ескеруіміз керек»
9
.
Жалпы, романтизмнің пайда болуы әрқилы және әртүрлі 
себептерге байланысты және ол реализм туа салысымен ізім­
қайым жоғалып кетпейді, қайта реализмге негіз бола отырып, 
онымен қатар жүруі де мүмкін. Профессор Мәшһүр Жүсіп 
дұрыс айтады: «Көркем әдебиет дамуында реализм тәрізді 
романтизмнің де елеулі орын алғаны белгілі. Қазір әдебиетіміз, 

[
 
 317  
]
негізінен, реалистік бағытта дамып жатыр десек, ол романтизм­
нен мүлде безді деген сөз емес. Романтизм кеше болғаны тәрізді 
бүгін де бар. Әрине, оның бұрынғыдай тым оқшау, тым «таза» 
емес, өзіндік сипатта дамып отыратынын да ескерген жөн. Жал­
пы, адамдардың әдеттегіні тамашалаумен қатар ерекше биікті 
аңсауы қашан да қай түрде, қай сипатта болсын романтизмді 
немесе романтизм элементтерін тудырып өтыратыны ақиқат. 
Демек, реализмсіз бірыңғай романтизммен қалу әдебиет тыны­
сын тарылтатыны тәрізді романтизмсіз реализм де бір қанатты, 
бір аяқты жарымжанға ұқсап қалар еді. Ендеше ежелден қатар 
өмір сүріп келе жатқан бұл екі әдісті бір­біріне қарама­қарсы 
қоймай, екеуіне де қанағат керек екенін ұмытпау лазым»
10
.
Ұлттық поэзияға тақырып жағынан да, идея тарапынан да, 
түр тұрғысынан да көп жаңалық енгізген Сәкен Сейфуллин де 
фольклорға жүгініп, өзінің шоқтықты «Көкшетау» поэмасын 
дүниеге әкелгені белгілі.
«Сәкен, – деп жазады академик Серік Қирабаев, – Көкше 
аңыздарының ішінен «Жеке батыр», «Бурабай», «Оқжет­
пес», «Жұмбақтас» туралы әңгімелерді бөліп алады. Бұл аңыз 
әңгімелер Көкшетаудағы бірнеше жерлердің жоғарыдағы 
аттарға ие болуы жайын шертеді. «Жеке батыр» тауының аты 
қарауылда тұрған батырдың қалғып кетуіне байланысты туса, 
«Бурабай» сол көлді мекен еткен ақ бас бура тарихымен байла­
ныстырылады... Сәкен жырлауындағы ел аңызында Бурабай 
көлін мекендеген ақ бас бура – ардақты ел күзетшісі, соның 
жақсылық, жаманшылығына ортақ жануар болып суреттеледі. 
Мұның өзі тіршілігі төрт түлік малмен байланысты болған 
халықтың сол малды ардақты деп табынуы кезіндегі ұғымның 
әсері болуы ықтимал. Ақбура ел өміріне қатысы бар елеулі 
жайларды алдын­ала сезетін болған деседі»
11
. Зерттеуші дұрыс 
аңғарған. Ақ бас бураны кереметі бар, алдағыны болжайтын 
сәуегейлік қасиеті бар деп керемет тұту – ежелгі мифологиялық 
сананың, дәлірек айтқанда, тотемистік пен анимистік және 
магиялық нанымдардың қалдығы. Ал, Жеке батырдың 
шаршағандықтан ұйықтап кетіп, тасқа айналға ны – архаи­
калық мифтің сарқыншағы
12
. Әлбетте, бұлар реликті ғана, 
бірақ алғашқы түпкі түсінік өзгертілсе де сақталған, алай­
да, мұны автор да, оқырман да олай деп ойламаған, себебі 
ол ұғымдар әдеби­көркемдік құрал деп қабылданған. Сәкен 

[
  318  
]
Сейфуллиннің фольклорлық материалды шебер пайдалана­
тынын «Оқжетпес» пен «Жұмбақтас» тарауларынан айқын 
көруге болады. Оқжетпес туралы да, Жұмбақ тас жайындағы 
сюжет те таза фольклорға жатады, біреуі – тарихи аңыз болса, 
екіншісі ертегі іспетті әпсана, бірақ соған қарамастан екеуі де 
этиологиялық мифті еске түсіреді, яғни ежелгі замандағы «ана 
жердің атауы неге солай, мына көл не себепті осылай аталады», 
«қарлығаштың құйрығы неге айыр» деген сұрақты­жауапты, 
себеп­салдарлы мифтер мен әпсаналарға ұқсайды. Әрине, олар 
ұзақ уақыт фольклор жүйесінде болғандықтан жанрлық та, 
сюжеттік те өзгерістерге ұшыраған, көркем шығармаларға 
айналған, ал, әдебиетте мүлде жаңа сипат алып, үлкен әдеби­
көркем міндет атқарған. Мәселен, қыздың жұмбағын айтуға 
болады. Бұл өзі –  жеке сюжет және өте ескі сюжет. Ол ежелгі 
Үндістанның «Веталаның жиырма бес әңгімесі» (бізде «Ка­
лила мен Димна») атты көне кітаптарында әңгімеленеді
13

Мұнда төрт күннен кейін тойы болайын деп тұрған қызды бір 
жігіт тоғайда ұстап алады да, зорламақ болады. Қыз жалы­
нып, «тойдан кейінгі күні өзім келейін, сен менің обалыма 
қалма, жі бер», – дейді. Жігіт жібереді. Той өтеді, түнде күйеуі 
құшақтайын десе, қыз болған жағдайды айтады. Күйеуі «рас 
болса, жарайды, бар», – дейді. Қыз уәдесін орындау үшін 
жолға шығады. Оны бір қарақшы ұстап алады да, әшекейін 
тартып алып, өзін қорлайын деп ойлайды. Қыз оған басынан 
кешкендерін түгел баян етеді. Қарақшы «бұл қыздың махаб­
бат қуанышын қалайша бұзам», – деп ойлап, қызды жөніне 
жібереді. Қыз уәдесі бойынша өзін тоғайда ұстап алған жігітке 
қайтып келеді. Ол риза болып, қызға тиіспей, үйіне қайтарады.
Жанр жағынан бұл – ежелгі Үндістанның тәмсілі (прит­
ча). Ал, осы сюжетті С. Сейфуллин қайдан алды, ол – жеке 
мәселе. Біздің мақсат – басқа: аталмыш сюжетті ақын қалай 
пайдаланған. Ол өзінің идеялық­шығармашылық мақсатына 
қарай ескі фольклорлық сюжетке үлкен әлеуметтік жүк 
артқан, өмірдегі моральдық, этикалық қайшылықтарды ашу 
үшін қызды жаугершіліктің қызығына түсіп, қарапайым 
жұртқа зорлық­зомбылық жасағандарға қарсы қойған, ол 
үшін ақын фольклорлық шығармадағы кейіпкерлерді өзгертіп, 
оларға символдық мағына берген, сол себепті қалмақ қызы 
өзінің өмірін, ойын жұмбақтап айтады. «Өзі және әңгімеге 

[
 
 319  
]
қатысы бар адамдар онда әр түрлі құстар түрінде бейнеленеді. 
Мысалы, ол өзін кептер етіп көрсетсе, қиянатшыл адамдарды 
қарақұс, жапалақ күйінде, лашын – елдің қамқор адамдары, 
сұңқар – өзінің сүйген жары, жыртқыш бүркіт – хан бейнесінде 
суреттеледі. Қыз тек өзін ғана емес, момын құстардан көп зәбір 
шегетін кептерге бүкіл әйел қауымын балайды»
14
. Әрине, та­
лантты ақын Сәкен Сейфуллин көне фольклорлық сюжетке 
әдеби­көркем нәр беріп, оқиғаларды лиро­эпикалық сарында 
жырлаған.
Ұлы Отан соғысы жылдары фольклор мен әдебиеттің бай­
ланысы едәуір күшейе түскені байқалады. «Көптеген жазу­
шы, ақындар соғыс майданындағы ерлікті қолма­қол жыр­
лау үшін бұрынғы ауыз әдебиеті дәстүрлеріне қайырылуға 
мәжбүр болды, ондағы батырларды мадақтаған жырлардың 
бейнелеу тәсілдерін қабылдады»
15
. Бірақ бұл тәжірибе кейде 
ұтымды болмады. Жаңа заман соғысындағы ерлік істерді ескі 
тәсілдермен суреттеу, жауынгерлерді бұрынғы батырларша си­
паттау жазба әдебиетке қажетті сонылық дарыта алмады. Енде­
ше бұл тұстағы әдебиетке дәстүрлі фольклордың ықпалы үстірт 
болған деп бағалай аламыз, сол себепті бұл байланыс көркем 
шығармашылықтың даму тұрғысынан қарағанда прогрестік 
роль атқара алмағанын да мойындауымыз керек.
ХХ ғасырдың ортасынан бастап «эпос жырларының негі­
зінде туған Мұхтар Әуезовтің «Айман­Шолпан» пьесасы, Ғабит 
Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Сағыр Қамаловтың «Ер Тарғын» 
операларының либреттосы, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дра­
масы қазақтың жазба әдебиеті ғана емес, бүкіл мәдениетінің 
халықтық негіздегі тамаша табысы болды»
16
, – делінеді «Қазақ 
әдебиетінің тарихында».
Расында да, жаңа қалыптасып келе жатқан профессио­
налды мәдениет үшін бұл шығармалардың ролі зор болды. 
Сонымен бірге авторлар фольклордың сюжетіне ғана емес, 
оның идеясына, кейіпкерлердің іс­әрекеттері мен мінез­құл­
қына көп өзгеріс енгізгенін де айту керек. Бұл өзгерістің 
көбісі жазушыларға қойылған партиялық және советтік 
идео 
логияның талаптарынан туған еді. Соның салдарынан 
фольк лорлық түпнұсқаның әдебиеттегі жаңарған үлгілерінде 
таптық­әлеуметтік мәселе бірінші қатарға шығып, ежелгі мұра 
саясиланған модерндікке ұшыраған болатын. Образдардың, 

[
  320  
]
бүкіл шығарманың идеялық трактовкасы талай ғасырдан бері 
қазақ ұғымында бекіген интерпретаңиядан мүлде басқаша, 
тіпті, кереғар болып шықты. Солай болғанның өзінде де жа­
зушылар халық мұрасын өте көркем шеберлікпен жаңаша ба­
яндай білді, сөйтіп, фольклорды ғасырдың профессионалдық 
мәдениетіне үлес етіп қосты, оның құрамына енгізді.
Жазба әдебиет өзінің даму барысында, тіпті, әбден жетілген 
тұсында да фольклорды жатсынбайды, оны көркемдікпен 
жаңғырта отырып, өз кәдесіне жаратады. Бұл біздің бүгінгі 
әдебиетке де тән. Соңғы он­он бес жыл көлемінде жарыққа 
шыққан бірталай романда, поэмада, пьесада фольклордың 
аңыз, әпсана, ертегі, миф, эпос сияқты жанрлары, жекеле­
ген сюжеттері мен мотивтері шеберлікпен қолданылып, әр 
шығарманың идеялық­көркемдік мазмұнын тереңдетуге үлес 
қосқанын айтпасқа болмайды. Әсіресе, тарихи тақырыпқа 
жазылған туындылардың тәжірибесі ерекше. Фольклор сарын­
дарын поэзиялық шығармалардан да көптеп кездестіруге бола­
ды. Поэмалар ғана емес, өлеңдерде де фольклорлық сананың, 
халық поэзиясы мен наным­сенімінің ескілікті қорында 
жатқан тіркестер мен бейнелер, ұғымдар мен түсініктер табиғи 
түрде жүреді, оларды кейде авторлар әдейілеп енгізбейді, яғни 
фольклордың мұндай архетиптік элементтері ақын санасының 
түкпірінен шығып, кейде өзінен­өзі автоматты түрде мәтінге 
кіреді, кейде саналы мақсатта қолданылады, сөйтіп екі 
жағдайда да әдеби шығармаға айшық беріп, автор ойын астар­
ласа да, ашық айтса да, мейлінше байыта түседі. Мұндай жайт­
ты Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Жәркен Бөдеш, 
Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтұлы, Серік Ақсұңқарұлы, т.б. 
ақындардың өлеңдерінен айқын көреміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет