Серия «История. Философия». № 4(84)/2016
117
ƏОЖ 82 (091): 821. 512. 122
Р.С. Каренов
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(Е-mail: rkarenov@inbox.ru)
Асан қайғы жырау — елге ұйтқы, ақылгөй атанған,
дуалы ауызды дала философы
Мақалада ХV ғасырда өмір сүрген көрнекті философ-утопист, ақын, дипломат Асан қайғы бидің
өмірі мен қызметі суреттелген. Көне жырау Асан қайғының есімі көптеген түркі халықтарының
аңыздары мен ертегілерінде кездесетіні көрсетілген. Халық арасында оның «қайғы», яғни қайғы-
қасіретті, қайғылы, сормаңдай атанғандығы, айтылған. Асан қайғы қазақтың алғашқы хандары Керей
мен Жəнібекті қолдағаны, олардың кеңесшісі болғандығы, өз шығармаларында халық тағдыры, хан
билігінің əділ болуын қалағандығы көрсетілген. Бытыраған қазақ ру-тайпаларының бірлігі, топтасуы
идеясын көтерген алғашқылардың бірі болғандығы жəне оның бұл мұңы «Жерұйық» атты
шығармасында жырланғаны дəлелденген. Асан қайғының рухқа толы еңбектері, ауызша əдеби
шығармашылығы халықтың мұңы мен сенімдерін білдіретін бірден бір құралы болғандығы туралы
қорытынды жасалған.
Кілт сөздер: ойшыл, шежіре, аңыз, хан, би, қарым-қатынас, саясат, толғау, Жерұйық, іздеу, сипаттау,
сын, утопия, кездесу, нақылдар, қайраткер.
Кіріспе
Кейінгі ұрпақ əулие танып, аты аңызға айналған, Шоқан Уəлиханов «көшпелілер философы»
атаған Асан қайғы ХҮ ғасырда өмір сүрген. Өз заманының үлкен ойшылы болған.
Асан қайғы (Хасан Сəбитұлы) 1361–1370 жж. шамасында Еділ бойында туса керек. Қазақтың
данышпан ақылгөй ақын-жырауы, өз дəуірінің бас биі Асан қайғы — Шыңғыс хан тұсында жасаған
Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Майқы Алтын Орданың қырағы данышпан адамы болған.
Бірнеше хандарды қолынан өткізген.
Қазақстан Ғылым академиясының Қолжазба қорындағы көптеген аңыздарды салыстырғанда
мынаны аңғарамыз [1; 242]: Асанның əкесі — саятшы Сəбит, шешесі — Салиха, ал оның əйелінің аты
— Күлжазира-сұлу, баласы Абат батыр екені көрінеді. Асанның енді бір баласы Жетім Жаңалы
атаныпты. Ол əз-Жəнібекпен бірге қалмақ хақында бірнеше жыл кепілдікте жүрген. Оның жетім
атануы, асылы, ол Асанға өкіл бала боп кеткен аға, інілерінің баласы болса керек.
Асан жасынан жұртының мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлаумен, болжап толғанумен
боп, шерменде бола беріпті. Осыдан жұрт оны, «қайғы» деген лақап есім қосып, Асан қайғы деп атап
кеткен.
Асанның (Хасанның) əкесі Сəбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Шежіре-
аңыздардың айтуынша, ол ұзақ жасаған. Он сегіз мың ғаламның: құстың, жан-жануардың тілін
білетін, өзі көріпкел, əулие, атақты саясатшы болса керек. Ал баласы Асанды ес білгеннен осы
қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тəрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған
халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол
жас болса да өз тұсындағы хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосады. Ой, пікір
жарыстырып, тайталасып ер жетеді. Сол бозбала кезінен-ақ ақындық, жыраулық, шешендік,
тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, əдет-ғұрып мəселесін шешерде оның
ақылдығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді.
Бұл жерде ерекше айта кететін жай, Асан қайғының нақты қай жылы, қай жерде өлгені əлі
белгісіз. Бір мəліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде Жиделі Байсында дүние салды
делінеді [2; 10]. Ел аузындағы қария сөздің айтуында, Асан қайғы Сарыарқада дүние салып, оған
Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Ш. Уəлихановтың жазуында Асан Ата өмірінің соңғы
жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстықкөлдің жағасында дүние салған [3; 138].
Профессор Х. Сүйіншəлиев: «Қазіргі Ақтөбе облысының жерінде «Асан Ата» есімінде ескі бейіт
бар. Оны халық Асан қайғының моласы деп қатты құрмет етеді. Бірақ ол мола анық осы Асан
қайғынікі ме, əлде басқа біреудікі ме — мұның өзі əлі анықталмаған мəселе» [1; 248, 249], — деп
жазады.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.C. Каренов
118
Вестник Карагандинского университета
Ə. Əбілқайырқызы «Дала данышпаны» деген мақаласында: «Асан қайғының нақ жерленген жері
белгісіз. Екі дерек бар: біріншісі бойынша Жезқазған облысының (қазіргі Қарағанды облысы) Ұлытау
ауданында, ал екіншісі бойынша Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Шиелі ауылынан 16
шақырым жерде жерленген екен. Асан қайғыға арнап жасалған ескерткіш Асан Ата кесенесі «Жеті
əулие» қорымында орналасқан» [4; 8], — деген дерек ұсынады.
Бұл пікірге академик Д. Кішібеков қосылады: «Асан қайғы кесенесі Шиелі жерінде деген пікірге
қайта оралсақ, өзім сол жердің тумасы болғандықтан ба, əйтеуір оған əбден қосыламын... Айтарым,
Асан қайғы Шиеліге келді ме? Əрине, қазақ халқына Жерұйық іздеген əулие мұнда келмеуі мүмкін
емес. Өйткені Шиелі тұрмысқа қолайлы жерлерге жатады. Қазақта жабайы шие шыққан жерді əулие
жер дейді. Шиелі — жабайы шие өте көп шыққан өңір. Шиелі атауы да сол жағдайдан туындаған.
Шиелінің жері өте бай болған» [5; 5].
Ақынның қанша жасағаны да мəлімсіз. Халық аңызында ол – көпті көрген көне. Бір аңызда Асан
95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда оның жасы 120-да еді делінеді...
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ə. Сарай: «Асан қайғының туған, өлген жылдары туралы
нақты дерек жоқ. Тек жүзге жетеқабыл ұзақ жасағаны күмəнсіз. Тарихи оқиғалар аясында
топшылағанда, яки Жəнібек хан 1470–1474 жж. Еділ-Жайыққа ауғанда, оған кеңесші болуы, ұлы
Абаттың Ноғайлыдағы тарихи уақиғаларға араласуы туралы басы ашық деректер негізінде Асан
қайғы ХV ғасырды (1400–1500) бастан-аяқ жасаған сөз зергері екені анық аңдалады» [6; 5], — деп
жазады.
Қазіргі таңда Асан қайғы туралы екі түрлі болжам бар. Бірі — оны аңыздардың жиынтығы
ретіндегі бейне десе, екіншісі — Хасан Сəбитұлы — қазақ халқының мемлекет қайраткері, ақын,
жырау, философ екендігі. Қазіргі ғалымдарымыз мен тарихшыларымыздың зерттеулері екінші
болжамның дұрыстығына саяды. Себебі Асан қайғының қазақ жеріндегі Жерұйықты іздегенін, оның
табаны тимеген жер біздің Отанымызда жоққа тəн екендігін өткен ғасырларда да ақын-жыраулар өз
еңбектерінде айтып кеткен. Тіпті, Асан қайғы есімі туыстас халықтарға да (қарақалпақ, қырғыз, т.б.)
кеңінен таныс [7; 121, 122].
Асан қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары
пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар
арасындағы қым-қиғаш талас тарасты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді.
Асан қайғының Алтын Орда ханы Ұлық-Мұхаммедтің
ықпалды билерінің бірі болуы
Атақты Берке хан (Жошының үшінші ұлы, Батудың інісі) дүниеден қайтқан соң (1266) Алтын
Орданың тағына таласқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлық-
Мұхаммед (Ұлұғ-Мұхаммед) болған.
Белгілі жазушы М. Мағауин өз еңбегінде: «Қазақ «Орманбет хан өлгенде, он сан ноғай
бүлгенде» деп күй тартады. Халық аңыздарында қазақ-ноғайдың айырылуын Орманбет ханның
есімімен байланыстырады. Тіпті Орманбет хан өлерінде айтқан екен деген бірер шумақ жыр да бар:
Таудан аққан бұлақтың
Аяғы тартар теңізге,
Санды айдаған бай болса —
Қуанбай қоймас егізге,
Жақсыдан туған жаманды
Жамандай берме, жараңдар,
О да бір тартпай қалмас негізге.
Бұл Орманбетті қазақ шежіресі жəне кейбір зерттеушілер кəдімгі тарихтан белгілі Ұлұғ-
Мұхаммед хан деп түсінеді» [8; 25], — деген пікірді алға тартады.
Ұлық-Мұхаммед — Алтын Орда ханы (1419–1420; 1427–1438), Тұқай Темірдің сегізінші ұрпағы,
атақты Тоқтамыс ханның немересі. Хан тағы үшін бір мезгілде Мұхаммед есімді екі хан күрес
жүргізгендіктен, жазба деректерде олардың бірін «Ұлұғ» — Үлкен, екіншісін «Кішік» — Кіші
Мұхаммед деп атаған [9; 723].
Асан қайғының ерен зор талантын ерте байқаған Ұлық-Мұхаммед оны өзіне ақылгөй бас би етіп,
Сарайында ұстайды. Асан жырау сол Алтын Орда ханымен бірге ел басқаруға араласады.
Дала философы, ойшылы, ақыны, данышпаны, көріпкелі, абызы — сонау Алтын Орданың жер
жүзін тітірентіп, жарты əлемді бауырына басып жатқан кезде-ақ, оның басына күн туатынын, əр түрлі
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Асан қайғы жырау…
Серия «История. Философия». № 4(84)/2016
119
ұлыс пен ұлттан құрылған алып мемлекеттің ыдырайтынын сол кезде-ақ білген сұңғыла саясатшы
еді. Халық басына нəубет қайдан келетінін, отарлық кіріптарлыққа түспес үшін қандай қимыл
қаракет жасау керек екенін алғаш көре білген сұңғыла көріпкел еді. Мысалы, ұлы жыраудың
«Қырында киік жайлаған» атты тамаша толғауының [10; 25] мазмұнын ақтара қарап, сөз астарына ой
жіберсек, өзара хандыққа таласып, қырқысып, елдің мазасын кетірген Алтын Орда хандарының
əрекетіне наразылығын білдіргені көрінеді:
...Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген,
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду,
Нəлет біздің жүріске,
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!...
Бұл туынды елді сергелдеңге салған Алтын Орда хандарының қырықпышақ болып, өзара
хандыққа таласып, ыдырау дəуірінде айтылған өлеңге ұқсайды.
Кішік-Мұхаммед Сарай қаласын басып алғандықтан, Ұлық-Мұхаммед Еділдің жоғарғы
жағындағы бұлғар жеріне кетеді. Сол жақтан Қазан хандығын құрады [9; 723].
Ұлық-Мұхаммед Ордадан қуылғанда Асан қайғы өз əміршісімен бірге кетеді. Көп ұзамай
Қазанда билік құрған Ұлық-Мұхаммедтің ақылгөйлері қатарында болған ақын, хан өлген соң Дешті-
Қыпшаққа қайтып оралады. Ол Əбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі.
Қазан хандығы құрылғанда Асан жыраудың
жаңа Орданың ұраншы-абызы болуы
Дешті-Қыпшаққа қайта оралған Асан би 1450 жылдан бастап, Əбілқайыр хан қарауында билік
құрады. Бұл кезде де ол көптеген хандық, билік тартыстардың қайнаған ортасында жүріп, өзінің
шешендік, пəлсапалық жыр-толғауларымен ел құрметіне бөленеді. Керей, Жəнібек сұлтандар
бастаған рулардың Əбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асан қайғы болады.
Шу мен Арал аралығында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан жырау жаңа мемлекеттің ұраншысына
айналады.
Асан қайғының Қазақ хандығы құрылған тұста жасы ұлғайған ақылман, абыз дəрежесіне жеткені
мəлім. Ол Алтын Орданың ыдырауын, сондай-ақ Солтүстік Кавказға, Азауға (Азовқа), Қырымға
дейінгі өлкелерді қамтыған Ноғайлы империясының да əлсіреп, «он сан ноғай бүлініп, ел айырыла»,
тоз-тоз бола бастауын қайғыра бастан кешті. Олардың орнында пайда болған хандықтар арасындағы
бір-бірін əлсіреткен бітіспен соғыстар күшейіп келе жатқан орыс патшасының Солтүстік Кавказ бен
Қазанды, Сібірді жаулап алу құлқын ұлғайтқанын көрді. Сарайда, Қазанда Ұлық-Мұхаммедтің
пəрменді билерінің бірі бола жүріп, Қыпшақ жұрттарының біртұтастығын сақтап қалуға күш салды.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.C. Каренов
120
Вестник Карагандинского университета
Кемеңгер жырау ұлы Даланың негізгі аймағын, яғни орта ғасырлардағы Қазақ Даласы аумағын қолда
ұстап қалудың бірден-бір жолы Керей мен Жəнібек хандар қуатымен жаңадан шаңырақ көтерген
Қазақ хандығын нығайтып, өрісін кеңейту екенін түсіне білді. Сондықтан да ішкі саясатта жер-су,
жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұртының хал-ахуалын жақсарту
мақсатында Асан қайғы хан алдына өзінің «ымыраға келу теориясын» ұсынды. Хан мен қара бұқара
арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, əділет тұрғысынан шеше білді. Сыртқы саясатта
халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасады.
Асан қайғының Жəнібек ханға арналған
көлемді толғауы
Белгілі ғалым Ə. Қоңыратбаев өзінің «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбегінде (1991 ж.
жарыққа шыққан) Асан қайғы туралы тұжырымды қуаттайтын көптеген дерек келтіреді. Біріншіден,
«Асан қайғы өмір сүрген уақыт XV ғасыр болса керек» деген болжам айтады. Екіншіден, «əйгілі
жырау, көшпелі елдің философы, халықтың мұңын білдіруші» жəне де Хафиз Таныштың
жазбаларына сүйене отырып, Сыр өңіріндегі даладағы саяси қайраткерлердің бірі» деп бағалайды.
Бұл кітаптың тағы бір құнды тұсы, оның «Асан қайғы творчествосының негізгі идеясы — Қазақ
хандығы тайпаларының бірлігі!» деп тайға таңба басқандай етіп көрсеткендігі. Осыған қарағанда,
Асан қайғы бабамыз Алтын Орда кезіндегі Жəнібек хан емес (1342–1357) одан берірек Қазақ
хандығын құрған Жəнібектің маңында болғаны байқалады. Шынында да, қазіргі біздің тарихи
шығармаларымызда «Асан қайғы Сəбитұлы 1370 жылы туылып, 1466 жылы қайтыс болды. Қазақ
хандығының негізін қалаған Жəнібек ханның замандасы əрі кеңесшісі болды» деген пікір
қалыптасқан [11; 57].
«Қазақстан тарихы: энциклопедиялық анықтамалық» деректері [9; 262–263] бойынша, Жəнібек
хан (Əбу Сайд) XV ғ. басы — 1470 жж. арасында өмір сүрген. Ол — Шыңғыс ханнан тараған Орыс
ханның ұрпағы, Барақ ханның кіші ұлы. 1457–1458 жж. немере туысы Керей ханмен бірге Қазақ
хандығының негізін қалаған. Керей ханнан соң 1465–1470 жж. арасында қазақтың екінші ханы
болады. Жəнібек ханның тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды. Жəнібек ханның артында тоғыз ұл
қалып, оның ұрпағы ХІХ ғ. дейін Қазақ хандығын билеп келді.
Жəнібек қазақ əдебиетінде едəуір орын алған хан. Жəнібек туралы ауыз əдебиетінде Жиренше
мен Қарашашқа, Асан қайғыға байланысты аңыздарда жиі ауызға алынады. Ол туралы ақын-
жыраулар поэзиясында, əсіресе Асан қайғы шығармашылығында айтылады. Жəнібек хан бейнесі
жазба əдебиетте белгілі орын алған. Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романында ол басты
кейіпкер ретінде жан-жақты бейнеленген [12; 193].
Жəнібек ханның тұсында (1465–1470) Асан əбден қартайып, тоқсаннан асса да, жырау туралы
деректер мен халық əңгімелерінің бəрінде оны осы Жəнібек құрған жас хандықтық мұңын мұңдап,
сол хандыққа қараған қазақ елінің жоғын жоқтаған жырау ретінде көрсетіледі.
Асанның «Жəнібекке айтқаны» деп аталатын 33 жолдан тұратын толғауы Əлкей Марғұлан
материалдарынан алынып, «Ертедегі əдебиет нұсқалары» атты 1967 жылы жарық көрген жинаққа
енгізілген. Кейін 1989 жылы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» жинағының бірінші томына бұл
толғаудың он бір жолы қысқартылып, жаңадан он алты жол қосылып, барлығы 39 жол болып,
бұрынғы атауы алынып тасталғандықтан, шартты түрде «Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің...» деген
алғашқы жолының атауымен жаңа нұсқасы енгізілді [10; 26, 27].
Толғаудың бізге жеткенше жинаушылар қолында, əр басылымдарда шашылған бөліктері соңғы
нұсқасында бас-аяғы жинақталып, композициялық құрылысы жағынан əрқайсысы ханға деген
ренішті, белгілі бір ойды білдіретін, «мұны (оны) неге білмейсің?!» деген рефренмен аяқталатын жеті
тирададан жəне жыр соңындағы қорытынды бөліктен тұратын, біршама қалыпқа түскен сыңайы баp
[12; 194].
Асан қайғының Жəнібек ханға айтқан реніш, өкпе-наздарын рет-ретімен басынан бастап
қарастыратын болсақ, мына жағдайларды аңғарамыз.
Біріншіден, алғашқы тирадада көрсетілгендей, айнала аңдыған жауы, «Шабылып жатқан
халқы...» тұрғанда оларды көздеп көрмей, сауық-сайранға салынып, «қымыз ішіп қызаруы» сияқты
бейқам жүріске барып, уақытын бос өткізуі, əрине, елбасының үлкен кемшілігі:
Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Асан қайғы жырау…
Серия «История. Философия». № 4(84)/2016
121
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай,
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Оның үстіне, халық əр басқан қадамын аңдып отырған басшыға «Мастанып, қызып терлеп, елеуреп
сөйлеу» əдептен озған жарастықсыз іс.
Екінші тирадада Жəнібек ханның қорған, қала салуға байланысты жыраудың айтқаны
келтіріледі:
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп.
...Оны неге білмейсің?!
Жəнібектің орыс шеберлерін алдырып, кəуірге қала салдырғаны қарт жырауға ұнамайды.
«Қорған салған бейнетің» бос əурешілік болды, — деп, ханды бұндай іске бармауға шақырады.
Үшінші тирадада текті сақтау, төре тұқымынан шыққан хан-сұлтандардың қара халықтан
шыққан əйелге үйленбеу тəртібі сөз болады:
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан!
Мұны неге білмейсің?!
Асанның пікірінше, Жəнібек ханның «Қарадан қатын алуы» ата-бабадан келе жатқан «Айрылып
хандық жорадан» салтты бұзуы. Бұдан барып ғасырлар бойы сақталып келе жатқан генетикалық тек
бұзылады, оның салдарынан мемлекеттік іске зияны келуі мүмкін. Себебі ондай əйел: «Ел ұстайтын
ұл таппас», одан туған ұл қажырсыз, əлсіз жəне тағы басқа кемшіліктері болып, «Айрылар ата
мұрадан!» — ең үлкен қауіп осы.
Төртінші тирада сол кездің өлшеміне, дəстүріне келмейтін ханның тағы бір ерекше ісінен хабар
береді. Аң аулайтын құстардың ішіндегі нашары, жыраудың айтуынша, «Құладын құстың құлы еді».
Оның белгісі «Тышқан жеп жүнін түледі». Осы құладынға хан анау-мынау емес «құстың төресі»
аққуды алдырады. Ал бұл дегеніңіз, жаман ырым, себебі аққудың киесі бар, яғни «Құладын аққуды
өлтірсе» оның киесі жібермейді. «Өз басыңа келеді!» — деп, болжайды:
Құладың құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі, —
Аққу – құстың төресі
Ен жайлап көлді жүр еді.
Аңдып жүрген көп дұспан
Елге жау боп келеді.
Құладын аққуды өлтірсе —
Өз басыңа келеді!
Құлың көп сені өлтірер,
Осыны Асан біледі,
Мұны неге білмейсің?!
Бесінші тирадасында ұлы баба: «Желмая мініп, жар шалсам», сол «Тапқан жерге ел көшір», —
деп, Жəнібек ханнан қатаң талап етеді:
...Тіл алсаң іздеп қоныс көр
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір,
Мұны неге білмейсің?!
Алтыншы тирадада сол көші-қон мəселесін əрі қарай сабақтай түсіп, Асан жырау айтқаныма
құлақ аспай «Бұл арадан көшпесең» — деп, қатқылдана сөйлеп, келе жатқан «Кəуір алар қалаңды,
Шулатар қатын-балаңды» сияқты күтіп тұрған қатерлерді атайды. Осының бəрін əулие абыз «түсінде
көрген екен» [12; 196].
Екі азулы империяның аралығында жатқан ұлы Даланың келешекте жаулап алынатынын ойшыл
ақын-жыраулар тым ерте-ақ сезінді. Бұл қатерлі қауіпті ерте сезініп, сескене қараған Асан қайғы:
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.C. Каренов
122
Вестник Карагандинского университета
Ол күнде қарындастан қайыр кетер,
Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлы, қызың орысқа бодан болып,
Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер? —
деп, түбінде Ресей империясы тарапынан отарланатындығымызға XV ғасырда-ақ болжау айтқан еді.
Немесе екі империя тарапынан қауіпті ескермей қамсыз жатқан Жəнібек ханға қайырыла тіл
қатқанда:
Арасында қытай, орыстың
Қорған сап тыныш жатырсың.
Ертісті өрлеп орыс жүр,
Тіл алсаң іздеп қоныс көр, —
деп, қатерлі қауіптің қай тұстан соғарын да дəл болжап, алдын ала сезген көреген жырау танымына
бас иіп, таң қалмасақ, мынауың теріс еді деп айта алмасақ керек-ті. Бірақ бір кездерде, отаршылдық
саясаттың өзін ақтай сөйлеген тұста, əдебиетте Асан қайғыны кертартпа ойшыл ретінде танытуға
тырысқан кездеріміз де болды [13; 185].
Жырда жетінші тираданың орны ерекше бөлек. Ол алдыңғы бір-бірімен тікелей байланысып,
бірінен-бірі туындап жатқан бөліктеріндей емес, оқшаулау. Бүкіл жырдың түйіні іспеттес
жұмбақталып айтылатын тирада:
...Ай, Жəнібек, ойласаң,
Қилы, қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма,
Мұны неге білмейсің?!
Бұл жыр жолдарында абыз жырау күн-шығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан
сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді.
Толғаудың соңында Асанның айтып-айтып келіп, шығарманың қорытындысы есебінде «Хош
аман бол, Жəнібек. Енді мені көрмейсің!», — деп, ашуланып, қолды бір сілтеп, сірə, бесінші
тирадасында айтқанын істеуге «Желмая мініп, жер шалуға» кетті деп жорамалдауға болады.
Асан Атаның Жерұйықты іздеп аралаған жерлеріне
қойған сындары мен анықтамалары
Асан қайғының негізгі арманы — халыққа жайлы қоныс іздеу. Ол — сонау Қорқыт заманынан
келе жатқан əлеуметтік сарын. Дала философы Асан қайғы өз заманындағы қоғамдық өмірге үңіле
қарап, халықтың тартып отырған ауыр азабын — аш-жалаңаштық, жұт, апат, өзара қырқысқан
жаугершілік, əлеуметтік теңсіздікті көріп назаланды, қайғырды. Оның арман еткен Жерұйығы — суы
сүт, топырағы май, тасы алтын, ағаш басы толған жеміс-жидек, жұрт қайғы-қасіреттен аулақ құтты
қоныс, оған жеткен елді жау алмайды, онда ел аласы, ру таласы жоқ, «қой үстіне бозторғай
жұмыртқалайды», — деп санады [14; 4].
Фольклорлық мəліметтер бойынша, Асан қайғы Қазақстан жəне Орта Азия жерлерін
желмаясына мініп көп кезген ақылгөй дана болып суреттеледі. Оның бармаған жері, баспаған тауы
жоқ десе болғандай. Жолда көп жыл жүреді. Жол бойында кездескен жер-суды сипаттап, оның
сынын айтады.
Данышпан жыраудың жер туралы сындары терең философиялық мағынасымен халық есінде
қалған. Көптеген сындары əлі күнге дейін өз мағынасы мен маңызын жоймаған. Сондағы Асан
қайғының желмаяны желдіртіп жүріп əр жерге, суға, тауға айтқан сындары мынадай [15–18]:
1. Шығыста ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас,
қарным ашты деп жылап отырмас, сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен», —
депті.
2. Шыңғыстау мен Семейтауын көргенде: «Мына шіркіннің топырағы «құтырады» екен, оған
шыққан шөп құтырады екен, оны жеген мал құтырады екен, оның етін жеп, суын ішкен адам
«құтырады» екен, қаны үзілмейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатын жер екен», — деп
түйіндейді. Осы арада Семей ядролық полигонының экологиялық зардаптары еріксіз еске түседі.
3. Үш Алматы жеріне келгенде: «Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар
жүректей, сол жерді қимадым», — дейді.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Асан қайғы жырау…
Серия «История. Философия». № 4(84)/2016
123
4. Жуалының қара топырақты, қыртысты, құнарлы жерін көргенде: «Жерің семіз, қарың мол,
қадіріңді егін салған ел білер, — дейді.
5. Қызыл Шілікті көргенде: «Бұл жердің төрт есігі бар екен, екеуінен құт кірсе, екеуінен жұт
кіреді екен. Елі бай да болмай, кедей де болмай, орташа ғана өмір кешеді екен. Екінші, жамбас құрт
деген бір жайсыз құрты бар екен, сондықтан адам бұл жерде ұзақ жасай алмайды екен», — дейді.
6. Балқаш көлі туралы: «Балығы тайдай тулаған, құстары қойдай шулаған несібелі көл екен.
Кедейін аш қылмайтын, балығы азық болғанымен, суы ащы, іргесі шөлге тиіп тұр екен, бораны көп
болар. Қамысы боранға қалқа, малға азық, қысы болмаса, жазы қапырық, ордалы елге орын болмас»,
— деген.
7. Нұра өзенін көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», — депті.
8. Шідертіні көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен, алты ай арықтатып мінген ат бір
айда майға бітетін жер екен, бос жылқы шідерілеп қойғандай тоқтайтын жылқының өрісі екен», —
депті.
9. Қызылтауды көргенде: «Тау-тасы кеш болғанда ыңыранып жатады екен, тоқтысы да қысыр
қалмайтын қойдың жері екен», — депті.
10. Ащы бойына келгенде артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау
Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды
екен. Сонысы бір жылға татиды екен», — депті.
11. Өлеңті өзенін көргенде, еш нəрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: «Өлеңтінің суы –
май, Шідертінің шөбі – май», — деп жүре беріпті.
12. Сілетіден өтіп, Жалаңаштың тұсына барғанда: «Аттың төбеліндей жалаңаш, сені алдыма
өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, одан басқа мінің жоқ,
табылмайтын жер екенсің», — депті.
13. Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен», — депті.
14. Есіл өзенін көргенде: «Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен, алты
күнде ат семіртіп мінетін жер екен», — депті.
15. Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды
жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен», — депті.
16. Тайсойған құмын көргенде: «Қақпақты қара қазан», — депті.
17. Жайық өзенінен өткенде: «Суы татыған бал екен, жағасы сірескен тал екен», — депті.
18. Түндік (Үшқара) өзенін көргенде: «Он екі қазылық тай күндік, маңырап жатқан қой түндік,
қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен» деп, қимай артына үш қарапты дейді. Бұл жер кейін
Үшқара атанған.
19. Шудың, Сарысудың өңірін көргенде: «Мына шіркіннің екі басы борбас екен, өне бойы
қамыс, іші тола жолбарыс екен. Баласының іші қуырылмайтын, өмірінде пышағы қыннан
суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы еріне жат болатын жер екен», — депті.
20. Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін қара!
Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен», — депті.
21. Жетіқоңырды көргенде: «Сарыарқаның маусымы екен», — депті.
22. Терісаққан деген өзенді көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен», — депті.
23. Шыңғырлауды көргенде: «Ай, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің!»,
— деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін
ал, қонайық ат суарып, аунап-қунап кетейік», — деген екен.
24. Шымкент пен Сайрамды көргенде: «Екі басса бір базар, малда береке болмайтұғын, екі басса
бір мазар, баста береке болмайтұғын, базары жақын байымас, мазары жақын көбеймес», — деген екен.
25. Ереймен тауды көргенде: «Желдің жеті есігі бар екен, қыс болса, жылқы тұрмас, жылқы
тұрса, ішіндегі құлын тұрмас, ораздының жайлауы, жиырлының қыстауы екен, екі жағындағы ел бай
болар да, қақ ортасын қоныс қылған ел кедей болар, бітісі жаман екен, бірімен-бірі төбелесетұғын кісі
сықылды ерейіп тұрғанын, панасы жоқ дала секілді тау екен», — дейді.
26. Алатауға келгенде:
Түні суық, күні ыстық, жер даласы,
Ананың емшегіндей сай саласы.
Төрт елі топырақ асты алтын екен,
Ішпей-жемей тоятын айналасы, —
депті.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.C. Каренов
124
Вестник Карагандинского университета
27. Қарқаралыға келгенде:
Қалқан еткен ел көрер пайдаңды бай,
Ешқайда сені тастап бара алмас ем.
Сені бірақ алады – кəпірлер жау, —
деген екен.
28. Кент бұқтыға келгенде:
Мынау тұрған қарағай, тау Кенті екен,
Еліне жегізетін май, женті екен.
Қазанға салған желі тоқпақ,
Түп-түгел шаруаның кенті екен, —
дейді.
29. Абыралы-Жалаулыға келгенде:
Мынау ма Абыралы-Жалаулы тау,
Сарқиыс, Сарыағаштай қалаулы тау,
Жерінің мың жусаны асыл екен,
Бір түбі бір тоқтыға балаулы тау, —
депті.
30. Айыртауды көргенде: «Мына тастың бітісі жаман екен, адамы көп жасамас, бұл жердің
халқы һəм байымас», — депті дейді.
31. Сыба деген өзенді көріп: «Мына өзеннің баясы аз екен. Мына жерде жүрген халықтың
жақсы адамы үзілмес», — дейді.
32. Қалба тауына шығып: «Мына жер ат шалдырып аттанатұғын жер екен, баясы аз, көп халық
симас», — депті.
33. Тарбағатай тауына шығып екі жағын аралап көріп: «Мына жерге қонып-түстеніп жатар жер
екен. Бірақ біздің халық ие болмас. Есіл жердің екі жағы шулап тұрған мал екен. Оңтүстік жағын
қытай алар, солтүстік жағын орыс алар», — депті.
34. Сауран қаласын көргенде: «Əттеген-ай, тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен.
Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып жатқан нуы жоқ, түбі тұрақты қала бола алмас», — деген екен.
35. Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы
жер болмас», — депті.
36. Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының бұтағы сайын жеміс екен, шаруаға
жақсы қоныс екен», — депті.
37. Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», — деп, Асан қазіргі Баянауылды
өзіне жайлау етіпті.
38. Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!», — деп жүріп
кетіпті.
39. Тоңлық өзеніне келгенде:
Он екі тұтам қазылық ой Тоңлық,
Жағасы маңырап жатқан қой төңірек.
Құлағы тұтам қарыс шығып тұрған,
Ені тар өзен аққан бой Тоңлық, —
деген екен.
40. Ақмешіт (Қызылорда) жерін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен. Елің
жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!», — депті.
41. Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан тұз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың
ел біткенді шақырар, басына байлық қонар, жұртың ашықпас!» — деп жүріп кетіпті.
42. Қордай тауын көргенде: «Он жылда бес саулық мыңға, бес қара жүзге жететін жердің құты
екен, əттең, аттың сауырына сыймайды-ау, бөктеріп кетер едім», — депті.
43. Қаратал өзенінің өлкесін көргенде: «Ей, сарқырап аққан Қаратал, артың кең, алдың тар-ау!»
— депті. Өйткені бұл өзен құмға сіңіп жатады екен.
44. Нарын-Самар аймағын көргенде: «Е, Нарын, тайың айғырдай, тайлағың бурадай екен!
Қысың ұзақ: шаруаңа сақ бол!» — депті.
45. Əулиеатаның «қазіргі Талас қаласы) шығысынан аққан — Талас, батысынан аққан – Келес
дейтін өзендерді көргенде, малға жайлы екенін біліп: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің
кенелмес. Жері де жайылған малға жұт болмас!» — деген екен.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Асан қайғы жырау…
Серия «История. Философия». № 4(84)/2016
125
Əпсаналардың айтуынша [19; 188], Асан қайғы Жерұйықты ұзақ іздейді: бірде алты жыл, бірде
жеті жыл, бірде он жеті жыл, тіпті кейбір варианттарда өмір бойы.
Бірақ та бұл қоныстарға Асан Атаның көңілі толмайды. Олар ешбір елдің тыныштығын сақтап,
азып-тозбауына жарамайды. Осы қоныстардың барлығының көзге алдамшы көрінетін уақытша
құбылмалығы, жай көзге жайлы көрінетін тыныштығы оны қанағаттандырмайды. Қайда барса да, сол
жерден кемшілік тауып, ол қонысқа неге тұруға болмайтынын түсіндіріп отырады.
Осы жерде бір еске салатын нəрсе – құтты қоныс іздеу туралы утопияның Асанға телінуі тегін
емес еді. Ағылшын философы Честертон айтқандай, «утопиясы жоқ адам мұрны жоқ адамнан да
қорқынышты». Утопия болмаса, қоғамдық қозғалыс та, алға ұмтылу да болмайды. Кім де кім өзінің
болашағы туралы армандамаса, оның болашағы да неғайбыл болады демекші, алға нақты қадам
жасау үшін, ең алдымен, оны көз алдыңа елестете білу де керек қой.
Ғұлама грек ғалымы Платон өзінің мінсіз мемлекет туралы диалогтарын жазғанда, əл-Фараби
құт дарыған қала тұрғындары туралы толғағанда, Мор Утопияны ойлап тапқанда, Кампанелла Күн
қаласы туралы қиялдағанда, сол сияқты, Асан қайғы да Жерұйығын іздеп зар илегенде елінің жарқын
болашағын көз алдына елестеткені күмəнсіз.
Философ Экклезиаст: «Көп ақылдан — көп қайғы», — деп бекер айтпаған. Ақылсызда қайғы
жоқ. Ал ақылды адам бір күндігімен шектелмейтін, алдын болжап отыруға деген талпынысымен, биік
мүдделерге қол созған қиялқанаттылығымен ақылды. Ішкен-жегеніне мəз, салған сайранына мəз,
ақыл иесі — адам деген ортақ атты жамылған қаншама жан бар, бірақ шынайы ақылмандар аз.
«Асан қайғы Жерұйығын таппай зар жылады» дегенде біз оның қиялындағы елінің болашақ
замандағы ешкімнен (батысы — Орыс, шығысы — Қытайдан) қысым көрмей, өз жерінің амандығын
тілегенін меңзейміз. Сондықтан да Жерұйық идеясын бүкіл халқының қамын ойлаған Асан қайғының
елді берекелі бірлікке, шынайы түсіністікке, адал еңбек табысы арқылы мамыражай заманға жетуге
шақырғаны деп ұғынған жөн. Ендеше, Асан қайғы кезінде таба алмаған Жерұйық қай бір заман
адамдары үшін шындыққа айналуы əбден мүмкін.
Жəнібек хан мен Асан қайғы арасындағы
арақатынастың қатты шиеленісуі
Асан қайғы желмаямен елге қоныс қарап келгеннен кейін Жəнібек хан мен жыраудың
арақатынасы қатты ушығады. Оны кезінде С. Сейфуллин жариялаған. «Қазақтың Ата заңдары» атты
мақаласында келтірілген Асан қайғының Жəнібек ханға (кейде Əз-Жəнібек хан деп атайды)
айтқандарынан көруге болады [20; 54, 55].
Жəнібек (Əз-Жəнібек) хан үш қайтара той қылыпты: 1) Астрахан қаласын салдырып, той
қылыпты. 2) Даладағы көлге шекер төккізіп, аққуды мая қылып, құладынға ілдіріп, той қылыпты.
3) Қарындасы Қаныбет сұлуды Мығалы байдың ұлы Би-Темірге бермек болып той қылыпты. Тойдың
үшеуіне де шақырылған Асан қайғы би келмепті. Əз-Жəнібек төртінші рет кісі жіберген соң келіпті.
Əз-Жəнібек: «Е, Асан үш қабат жұрт жиып, той қылдым. Тойыма сені шақырдым, келмегенің
қалай? — депті.
Сонда Асан би:
Алты атанға арттырып,
Алты жыл қоныс қарадым.
Қырында деп қызығы,
Суында деп балығы.
Бұл жерді өзім қаладым.
Астрахандай қаланы,
Жат жұрттыққа салдырдың.
Көлге шекер төктірдің,
Шекерге аққу бүктірдің
Көлдегі сұлу ерке еді.
Құладын құстың қары еді.
Аққу құс ару – төре еді.
Құладынға аққуды ілдірдің.
Ақ мамығын жұлдырдың.
Құладынға аққуды жем қылдың
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.C. Каренов
126
Вестник Карагандинского университета
Түбінде өз басыңа келер деп,
Құладындай бір жаманнан өлер деп.
Соған өкпелеп келмедім, — депті.
Жəнібек хан:
Жə, ол солай екен. Мына қарындасым Қаныбетті Мығалы байдың ұлы Тастемір мырзаға
беруге той жасап, шақырдым, соған неге келмедің? — депті.
Сонда Асан би:
Ұсарма, билер, ұсарма!
Арғымақтың аяғын,
Алтынменен тағалап,
Күміспенен шегелеп.
Шайы жібек тұрғанда.
Арқанменен тұсар ма?
Ханда өтірік айтар ма?
Хан жарлығы қайтар ма?
Əз Жəнібек дейтін хан ием.
Əуелгі сөзін ұмытып,
Айсылдың ұлы Əмет тұрғанда
Мығалы байдың ұлына,
Бұқасын баққан құлына,
Тастемірдей жаманға,
Қарындасын беруге ұсар ма? —
депті.
Асан қайғының Жəнібек ханға осы келуі екі тұлғаның арасындағы соңғы кездесу болғандығын
аңғару қиын емес.
Асан Атаның ақындық ойы мен жыраулық философиясы
Асан қайғының философиялық дүниетанымы үш бағытқа бөлінеді [21; 95].
Біріншіден, этикалық дүниетаным – ұлы жыраудың философиялық ойларының өзегін құрайды.
Адам, адамшылықтың басты қасиеттері, олардың мəні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде
қарастырылған. Поэтикалық формамен берілген этикалық ұғымдар, түсініктер, қағидалар Шығыс
өркениетіне тəн ерекшеліктермен сабақтастық тауып, адамгершіліктің алуан қырлы болмысын
айқындайды.
Екіншіден, поэтикалық зерде мен философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін жырау
өз толғаулары арқылы толық дəлелдеп берді. Адам өмірінің мəні, мақсаты, өлімнің растығы,
қоршаған дүниені тану мəселелері Асан қайғы философиясының басты бағыттары.
Үшіншіден, Асан жыраудың гуманизмі, адамға деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі
халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түркімен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында
Асан қайғы есімі ерекше ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады.
Асан айтқан нақыл сөз, Асан айтқан толғаулар, жырлар өте көп болған. Бізге соның кейбір
жұқаналары ғана жеткен. Аздығына қарамай данагөй ақынның жырлары мен толғаулары мынадай
танымдық құдіреттілігімен ерекшеленеді:
1. Ел мүдддесі мен жұрт қамын өз міндетім деп санаған жыраулар қашанда өмір шындығынан
ой түюге, жинақтаулар жасауға бейім. Мұнда қоғамдық мəні бар ірі мəселелермен қатар, адамдар
арасындағы əр алуан қарым-қатынастар мен солар туралы сын-бағалары да қоса айтылады. Мəселен,
адамгершілік пен зұлымдық, байлық пен кедейлік, достық пен жаулық, адалдық пен опасыздық,
əділдік пен жауыздық, білімділік пен надандық, ізеттілік пен əдепсіздік секілді аса күрделі мəселелер
жан-жақты сөз болып сарапталады.
Бұл мəселелерге кезінде Асан қайғы үлкен мəн берген. Жыраудың бұл топтағы жырлары
мəселені көбіне-көп тұжырымды пікірлермен нақтылай отырып, мақал-мəтел іспеттес етіп құрады.
Сондықтан бұл тұжырымдар дəлелдеуді көп қажет етпейді. Айталық, оның «Əділдіктің белгісі» деп
аталатын мына бір жырына назар салып көрелік [22; 272]:
Əділдіктің белгісі —
Біле тұра бұрмаса.
Ақылдының белгісі —
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Асан қайғы жырау…
Серия «История. Философия». № 4(84)/2016
127
Өткен істі қумаса.
Жамандардың белгісі —
Жауға қарсы тұрмаса.
Зұлымдардың белгісі —
Бейбіттің малын ұрласа.
Надандардың белгісі —
Білгеннің тілін алмаса.
Шамаңша шалқып көре бер,
Қабірге əзір қоймаса.
Артыңда қалған атақ жоқ,
Тіріде даңқың болмаса.
2. Асан Қайғы — қазақ дербес əдебиетінің алғашқы қалаушысы. Ол өз толғауларында адам
табиғатын, мінез ерекшеліктерін, моральдық, этикалық қағидаларды аңғартады [10; 27, 28]:
Есті көрсең кем деме,
Бəрі тұйғын табылмас.
Қарындасың жамандап,
Өзіңе туған табылмас.
Адам əзіз айтар деп
Көңіліңді салмағыл.
Нəпсі алдаушы дұшпанның
Насихатын алмағыл.
Бақыты оянған ерлердің
Əрбір ісі оң болар.
Дəулеті күнге артылып,
Не қылса да, мол болар.
3. Ел қамын көп ойлаған Асан қайғы өзінің толғау-жырауларында не жақсы, не жаман, не ғарып
деген мəселелер төңірегінде ой толғап, замана жайында философиялық пікірлерін сарапқа салған.
Жырау халық мақалдарында айтылатын біраз ой-пікірлерді термелей келе [10; 27]:
Бұл заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз ғаріп;
Замандасы болмаса,
Қариялар болар тез ғаріп;
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп;
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп,
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын-шалқар көл ғаріп;
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса пір ғаріп.
Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп, —
деп ел басқарар көсемнің əділ болуын, қол бастаған батырдың соңынан ертер сарбазы – қалың қолы –
халқы болуын қалаған.
4. Асан қайғының толғаулары Отанды сүюге, ізгі амал жасауға, жамандықтан сақтанып,
бақытты өмір сүруге үндейді. Мəселен, мына бір толғауында жырау бабамыз өткінші дүниелік
істерге бола ұрысып, таласпауға шақырады [10; 29]:
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Əркімменен ұрыспа.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.C. Каренов
128
Вестник Карагандинского университета
Ашу-дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!..
Расында да, кейде болмашы нəрсе үшін адам баласы пенделікке ұрынады, дүниелік істерге
таласып, абыройсыздыққа душар болады. Ал Асан қайғы бəріне парасат биігінен қарауға үндейді.
5. Асан сөздері өсиет, нақыл түрінде көп кездеседі. Мəселен [10; 29]:
Ақың болса біреуде
Айыбын тап та ала бер,
Ерегесіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да
Атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтіп жуыспа,
Тəуір көрер кісіңмен
Жалған айтып суыспа...
«Ашуға ақылды жеңгіз, көпшіл бол» деген өнегелі өсиеттің бүгінгі күнге дейін жастар үшін мəн-
мағынасы жойылмаған дидактикалық қасиеті күшті кеңес екені даусыз.
6. Ел қорғаушы азаматтың бойында қандай адамгершілік қасиеттің болуын қалаған Асан қайғы
[10; 28–29]:
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа,
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа, —
деп, көпшіл бол, кешірімді бол, достықты бағалай біл деген үгіт-насихат айтады.
7. Асан қайғы толғауларында үлгі-өсиеттік, насихаттық, тағылымдық ойларға ерекше мəн
беріледі. Мұның бəрі айтылар ойдың ұтымдығы мен əсерлігіне орай қайталаулар (рефрен) мен дыбыс
үндестігіне (ассонанс) құрылып отырады. Мəселен [10; 28]:
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін,
Қырда жүрге дуадақ
Су қадірін не білсін!
Ауылдағы жамандар
Ел қадірін не білсін!
Көшіп-қонып көрмеген
Жер қадірін не білсін!
Көшсе, қона білмеген,
Қонса, көше білмеген,
Ақылыңа көнбеген
Жұрт қадірін не білсін!
8. Жырау сөздерінің дені [10; 26]:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ —
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ —
Жылан қайтіп күн көрер?!
Шыбын шықса жаз болып,
Таздар қайтіп күн көрер?!
Жалаң аяқ балапан,
Қаздар қайтіп күн көрер?!» —
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Асан қайғы жырау…
Серия «История. Философия». № 4(84)/2016
129
іспеттес нақыл, толғау түрінде келсе керек. Бұл жолдардан адам тағдыры ғана емес, жан иесі
мақұлықтардың бəрінің тіршілігі толғантқан, көне заманда өмір сүрген көне философ-гуманистердің
типіндегі ойшыл Асан танылады.
9. Белгілі əдебиетші-ғалым Х. Сүйіншəлиев жазғандай [1; 255], Асанның нысапсыз дүниеқорлар
мен қорқақ-ездер туралы айтқан сөзі деген бір ұзақ толғауды 1940 ж. Толыбаев Мұқамбетəлі
тапсырыпты. Бұл толғауда Асанға лайық жолдар бар [10; 28]:
Арғымаққа міндім деп
Артқы топтан адаспа,
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа,
Артық үшін айтысып
Достарыңмен санаспа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама.
10. Классикалық философияда (Аристотельде, Кантта, Гегельде т.б.), том-том шығармаларда,
трактаттарда қарастырылған күрделі философиялық мəселелер, диалектикалық идеялар қазақ
философиясында кейде бір ауыз сөзбен, бір шумақ өлеңмен түйінделеді. Бəрімізге белгілі Асан
қайғының туындыларынан мысал келтіруге болады.
Халықты берекелі бірлікке, достыққа шақырып, сөз маржанын тізбектеп, терең ойды топшылап
өткен Асан жырау [10; 25, 26]:
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас —
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз —
Шер толқытса шығады, —
деп көңілдегі көрікті ойдың адам сезімімен, көңіл-күймен байланысты туатынына пəлсапалық
(философиялық) топшылау жасаған. Жыраудың осы жолдарын іргелі философиялық еңбектің тоқ
етер түйіні деуге болады. Өйткені асыл сөз қалай болса, солай тектен тек айтыла салмайды. Атүсті
пайда болмайды. Оның артында терең ой, пайымдау, көп нəрсені түсіну, өмір тəжірибесі жатыр.
Асыл сөз оңайлықпен ауызға түспейді.
Жалпы, ұлы ақын сөздеріне тəн нəрсе тереңдік пен ойлылық. Ол тереңнен толғап, қияндағыны
көздейді. Өткен-кеткенді еске алып, өзінше ой түйіндейді. Асан сөздерінің бəрі дерлік ойлы
нақылдар. Сондықтан да болашақта Асан Атаның асқақ жырлары жете зерттеліп, оның өмірі мен
шығармашылығын тани түсу – əдебиетшілердің кезек күттірмейтін қауырт жұмысының бірі.
Түйін
Қазақты дербес мемлекет еткен хандық замандағы саяси жəне рухани элита мен
интеллигенцияны билер, батырлар, қолбасшылар, интеллектуал ақындар мен шешендер, абыз
жыраулар құрады. Бірінші Қазақ мемлекеті тұсында өмір сүрген абыз жырау, ойшыл-философ Асан
қайғы өз замынының нағыз көшбасшы тұлғасы болды. Оның мифтік бейне емес, нақты өмір сүргені
дəлелденді. Асан қайғы сол кездегі Қазақ хандығының саяси элитасының ұлт үшін ұйымдасып, бірігу
жолына түсуіне үлкен ықпал еткен қайраткер.
Тереңдей үңілгенде Асан қайғы бабамыз бүгінгі Қазақ мемлекеттігінің дипломатиялық мектебін
қалыпастырды. Ел мен елді жауластырмау, достастыру, татуластыру, қаз-қатар бейбіт өмір сүру
қағидатын ең алғаш əлемнің жарығына алып шықты. Ол Керей мен Жəнібектің атынан Моғолстан
ханы Есенбұғамен келісімсөздер жүргізді. Соның арқасында болашақ өсіп-өнетін мемлекеттің алтын
тұғырын жасады.
Ол халықтың қамын ойлап, ханның өзіне сөзін өткізді, теріс қылығын бетіне басты. Асан
қайғының өзіндік азаматтық ұстанымын жүзеге асыруға тырысып, Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы
үшін қызмет етуі жəне сөйтіп өзінің интеллигенция, элита өкілі ретіндегі міндеті оның жеке бас
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Р.C. Каренов
130
Вестник Карагандинского университета
мүддесін ойламай, басты орынға халықты қоюынан анық көрініс тапқан. Ханның кеңесшісі болған
Асан Ата ен даланы елсіз қалдырмау үшін, көшпелі елден мемлекет, біртұтас держава құру үшін, хан
мен халық арасындағы мəмілегер, саясаткер ретінде жаңа мемлекетті өз қолымен құруға атсалысты.
Желмаясымен жер шолып, қазақ елінің мемлекеттік шекарасын айқындап, даланың əрбір түкпіріне
географиялық сипаттама берді. Оның «Жерұйық» идеясы – тұтас бір стратегиялық бағдарлама,
əлеуметтік саясат, үйлесімді, тұрақты дамудың баламасы, əділетті заң үстемдік құрған кемел елдің
бейнесі.
Асан қайғы экологиялық мақсатта да жақсы ойлар туындатты. Ол сөз əлеміне де өз өрнегін
салды. Ұлы жырау шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ тұрмысының өзекті мəселелерін
арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып табылады.
Асан қайғының шығармаларын жинап, зерттеумен Ш. Уəлиханов, Г.П. Потанин, М.Ж. Көпеев,
С. Сейфуллин, М. Əуезов, тағы басқалар айналысты. Жыраудың ақындық мұрасын бастыру ХІХ
ғасырдың соңында басталды.
Асан Ата халық қамын ойлаған ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен бірге дəулескер күйші де
болған. Көптеген күйлердің аты мен аңыз əңгімесі де əлі күнге дейін айтылады. Өкініштісі, бүгінгі
күнге дейін «Ел айрылған», «Асан қайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты санаулы күйлері ғана
жеткен.
Қорыта айтқанда, Асан Атаның Қазақ хандығы тұсындағы барлық іс-əрекеті, қабілеті,
кемеңгерлігі оны қазақтың алғашқы интеллигенттерінің бірі, рухани элита өкілі деп санауға негіз
береді. Сондықтан да Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи сатыларында Асан қайғы есімін үстемдікке,
озбырлыққа, əділетсіздікке қарсы ұстанған ізгілік символына айналдырды.
Əдебиеттер тізімі
1 Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 928 б.
2 Нысаналин А. Асан қайғы: ақиқат пен аңыз // Түркістан. — 2014. — 1 мамыр. — 10-б.
3 Қазақ халқының тарихи тұлғалары: Қысқаша анықтамалық. — 1-кіт. — Алматы: Өнер, 2001. — 304 б.
4 Əбілқайырқызы Ə. Дала данышпаны // Қазақ. — 2012. — № 43 (609). — 26 қазан. — 8-б.
5 Кішібеков Д. Кесене кімдікі? // Егемен Қазақстан. — 2007. — 29 тамыз. — 5 б.
6 Сарай Ə. Ноғайлының рухани өмірі // Егемен Қазақстан. — 2010 ж. — 17 ақп. — 5 б.
7 Тоқмырзина Г. Қорғанша – Асан қайғы мекені // Қазақ тарихы. — 2006. — № 6. — 121,122-б.
8 Мағауин М. Қазақ хандығы дəуіріндегі əдебиет: Оқулық. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 176 б.
9 Қазақстан тарихы: энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: Аруна Ltd., 2006. — 768 б.
10 Бес ғасыр жырлайды: ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. —
Үш томдық. І-т. / Құраст. М. Мағауин, М. Байділдаев. — Алматы: Жазушы, 1984. — 256 б.
11 Боранбай Ж. Ұлттық идеяның ұйтқысы — Асан қайғы // Ақиқат. — 2012. — № 12. — 55–61-б.
12 Баян Б. Асан қайғы толғауларындағы Жəнібек хан бейнесі // Жұлдыз. — 2005. — № 10. — 193–200-б.
13 Мырзахметов М. Отаршылдық дəуірдегі əдебиет. (Қазақ əдебиеті тарихын дəуірлеу мəселесі) // Жұлдыз. — 1993. —
№ 7. — 181–192-б.
14 Ақыпбекұлы Ө. Ұлы даладағы низамдық бастаулар // Егемен Қазақстан. — 2006. — 7 шілде. — 4 б.
15 Мамиева Б. О. Асан қайғы туралы аңыздар: оқу құралы. — Қостанай: «ШАПАҚ» ЖШС, 2009. — 118 б.
16 Асан би // Айқап. — 2013. — № 2 (93). — 108–112-б.
17 Кенжалы Т. Асан қайғы. — Алматы: Дайк-Пресс, 2006. — 284 б.
18 Қасенов М. Асан қайғы – Дала философы // Қазақ тарихы. — 2007. — № 1. — 33–39-б.
19 Қасқабасов С. Қазақтың халық утопиясы // Жұлдыз. — 1990. — № 6. — 184–202-б.
20 Жандарбек З. Асан қайғы мен Жəнібек хан. (Алтын Орда мемлекетінің ыдырау себептері) // Қазақ тарихы. — 2007.
— № 3. — 51–56-б.
21 Түркістан: халықаралық энциклопедия / Бас ред. Ə. Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2000. — 656 б.
22 Қазақ əдебиетінің тарихы. — 3-т. ХV–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ əдебиетінің тарихы. — Алматы: Ғылым, 2000. —
568 б.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Асан қайғы жырау…
Серия «История. Философия». № 4(84)/2016
131
Р.С. Каренов
Асан кайгы жырау — гениальная личность с энциклопедическими
знаниями и мудрый философ Великой Степи
В статье описаны жизнь и деятельность выдающегося философа-утописта, поэта, дипломата, бия —
Асана кайгы, жившего в ХV столетии. Подчеркнуто, что древний певец Асан кайгы упоминается
в легендах и сказках многих тюркских народов. В народе он получил прозвище «кайгы»,
т.е. скорбящий, печальный, горемычный. Отмечено, что Асан кайгы сопровождал первых казахских
ханов — Керея и Жанибека, был их советником, а в своих толгау размышлял о судьбе народа,
о справедливой ханской власти. Определено, что он был приверженцем идеи сплочения и единства
разрозненных казахских племен, и эти его чаяния выразились в произведении «Обетованная земля».
Сделан вывод, что вдохновенные импровизации Асана кайгы явились воплощением красоты
искусства слова народа, для которого устное творчество было единственным способом выражения
заветных чаяний и надежд.
R.S. Karenov
Asan kaigy zhyrau as a genius with an encyclopedic
knowledge and wise philosopher of the Great Steppe
Life and activity of the outstanding utopian philosopher, poet, diplomat, bi - Asan kaygy living in XV century
are described. It is emphasized that the ancient singer Asan kaygy is mentioned in legends and fairy tales of
many Turkic people. It is noted that in the people he got the nickname «kaygy», that is grieving, sad, hapless.
Is shown that Asan kaygy accompanied the first Kazakh khans Kerey and Zhanibek, was their adviser, and in
the to a tolga reflected on destiny of the people, on the fair hansky power. It is proved that he was the
adherent of idea of unity and unity of separate Kazakh tribes and these his expectations were expressed in the
work «Promised land». The conclusion that inspired improvisations of Asan kaygy were an embodiment of
beauty of art of the word of the people for which oral creativity was the only way of expression of treasured
expectations and hopes is drawn.
References
1 Syuinshaliyev Kh. History of Kazakh literature: textbook, Almaty: Sanat, 1997, 928 p.
2 Nysanalin A. Turkestan, 2014, May, 1, 10 p.
3 Historic figures of the Kazakh people: Short reference book. 1 book, Almaty: Oner, 2011, 304 p.
4 Abilkairkyzу A. Kazakh, 43 (609), 2012, October, 26, р. 8.
5 Kishibekov D. Egemen Kazakhstan, 2007, August, 29, 5 p.
6 Saray A. Egemen Kazakhstan, 2010, February, 17, p. 5.
7 Tokmyrzina G. History of Kazakhs, 2006, 6, р. 121, 122.
8 Magauin M. Literatura times of the Kazakh khanate: textbook, Almaty: Ana tili, 1992, 176 p.
9 History of Kazakhstan. Encyclopedic reference book, Almaty: Aruna Ltd., 2006, 768 p.
10 Sing five centuries: works of akyns-zhyrau starting with XV centuries prior to the beginning of the XX century. Three-volume
edition, І, Orig. M. Magauin, M. Baydildayev, Almaty: Zhazushy, 1984, 256 p.
11 Boranbay Zh. Akikat, 2012, 12, p. 55–61.
12 Bayan B. Zhuldyz, 2005, 10, p. 193–200.
13 Myrzakhmetov M. Zhuldyz, 1993, 7, p. 181–192.
14 Akypbekuly O. Egemen Kazakhstan, July, 7, 2006, 4 p.
15 Mamiyeva B.O. Myths about Asan kaygy: Manual, Kostanay: «SHAPAK», LLP, 2009, 118 p.
16 Aikap, 2013, 2 (93), р. 108–112.
17 Kenzhaly T. Asan kaygy, Almaty: Dyke Press, 2006, 284 p.
18 Kasenov M. History of Kazakhs, 2007, 1, р. 33–39.
19 Kaskabasov S. Zhuldyz, 1990, 6, p. 184–202.
20 Zhandarbek Z. History of Kazakhs, 2007, 3, р. 51–56.
21 Turkestan. International encyclopedia, edit.-in-chief A. Nysanbayev, Almaty: Main edition of The Kazakh literature, 2000,
656 p.
22 History of the Kazakh literature. 3 History of the Kazakh literature of XV–XVIII centuries, Almaty: Gylym, 2000, 568 p.
Ре
по
зи
то
ри
й
Ка
рГ
У
Достарыңызбен бөлісу: |