Шәкәрім
Адам табиғаттың тек үш жағдайын ғана көре алады: қатты, сұйық, бу
тәріздес. Мысалы: мұз, су және бу. Осыған қарап табиғатта басқа қалыптар
жоқ екен деп ойлап қалуға болмайды.
Адам көбінесе физикадан жоғары жағдайды және түнде көрмейді.
Құлақ әр түрлі жиіліктегі толқындарды, тербелістерді нәзік деңгейде – ал
сөзді, әртүрлі дыбыстарды тұрпайы физикалық деңгейде қабылдай алады.
Сөз де дыбыстар сияқты нәзік, ерке, жайма шуақ, жылы, жағымды, сергек
т.б. сапаларға ие. Олар біздің ақылымызды мамыражай қалыпқа әкеліп
сабасына түсіреді. Осыған қарама-қарсы сапасы бар сөздер мен дыбыстар:
дөрекі, шалт, мазақтайтын, жаралайтын, шаншатын, кемсітетін, тұқыртатын
т.б. – мазасыздыққа, үрейленуге, толқуға, тіпті адамды өлтіріп жіберетін де
сөздер болады. Қазақ: «сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді», – дейтіні осыдан.
Біздің санамызға байланысты – нәзік денелеріміз құлақ арқылы жақсыны да,
жаманды да ақылды қобалжытпай қабылдай береді.
Ашу дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
196
Біздің көзіміз тұлғаны көріп қабылдауға байланысты бірқалыпты
немесе мазасызданып қабылдауы мүмкін. Біздің сезімдеріміз таңсық затты –
ұстап, тістеп, сипап, ие болып немесе сатып алу қалауын тудырады. Немесе
керісінше: қызғанышты, құмарлықты, ызаны, көре алмаушылықты тудырады.
Ақыл мазасызданып, саралау қабілетінен айрылып, адам ақыл дың емес
сезімнің жетегіне еріп кетеді. Қысқаша: «адамды жан емес тән билейді».
Ашу жеңсе, адамда ақыл қалмас,
Ой ойланып, орынды іс қыла алмас.
Болмай соған бойыңды тоқтатып ал,
Ыза менен мастықтың түбі жалғас. Шәкәрім
Тері арқылы қоршаған ортадан хабардар боламыз: ауа райының
суықтығы, жылылығы, құрғақтығы, ылғалдығы т.б. Бізді сипағанда,
еркелеткенде жадырап қаламыз, егер піскілесе, кессе, ұрса – керісінше. Біздің
ақылымыз қолма-қол қарсы әрекетке көшіп қан құрамымыздың химиялық
қоспалары өзгеріп кетеді.
Танауымыз арқылы жердің, гүлдердің, өсімдіктердің, тамақтың т.б.
иістерді сеземіз. Хош иістер ақылымызды сабасына түсіріп, жақсы әсер
береді. Иіс мұрындағы шырыш қабығы арқылы беріліп жүйке жүйесі
қанымызға әрекет етеді. Осы әрекеттің нәтижесінде дене мамыражайлық
қалыпқа еніп сауығып кетуі мүмкін. Неше түрлі бояулардың, химиялық
қарулардың әсерінен көзден жас парлап, ішкі мүшелерге жара түсуі де
мүмкін.
Тіл бізге өсек соғып, біреуді сыртынан ғайбаттау үшін берілген жоқ.
Тілдің қызметі дәмді ажырату. Тілдің үнемі ылғалды болуы – ол сусыз дәм
ажырата алмайды. Иістеніп, ескіріп кеткен тамақ тілдің тазалығын жояды.
Таза емес тіл ақылды алжастырады. Өз тіліне ие болмайтын адам – асқазаны
мен жыныс нәпсісіне де ие бола алмайды, себебі тіл, асқазан және нәпсі
мүшелері бір түзудің бойына орналасқан.
Осы сезім мүшелері сырттан келген хабарды тек тәнге ғана беріп қоймайды,
сондай-ақ осы хабарлар нәзік денелерге де әсер етеді. Егер таяқ жеп денеміз
көгеріп қалса, осыған сәйкес нәзік дене де көгереді. Жиі айтамыз не естиміз:
«құлағым қызарып, екі бетім дуылдап барады – мені біреу сөз қылып
жатыр», – деп. Бұл сөздің нәзік денеге әсер етуі. Бұл – біз өмір сүретін
қоршаған орта.
Сұрақ: – Әсет Ризаұлы, жан мен рухтың айырмашылықтары неде?
Жауап: – Шалқар Әбішұлы, көпшілік пенде рух пен жанды
шатастырады. Рух пен жан екеуі екі бөлек. Рух жанның қабы, қуаты, құралы
тәрізді. Рух пен жанның қасиеттері ұқсас. Оларды сөзбен толық жеткізу
мүмкін емес, тек қана фәни әлем көріністерімен салыстыру арқылы ғана
суреттеуге болады. Рух – жанның нұры. Сондықтан, рухани адам нұрлы,
сәулелі болады. Шәкәрім рухты таза ақыл деп атайды. Рух – адамның
ерекшеліктерін айқындап тұратын негіз. Осы әлемде қанша миллиард пенде
болса, сонша пенденің мінез-құлқы, қабілеті әр түрлі. Бұл туралы Құранда да
197
айтылған. Алла тағала пендені фәни өмірге жібергенде, оның жанын қарымта
заңына сәйкес рухпен қаптап, адам тәнін киім қылып кигізіп жібереді.
Мысалы: ел басылары, патшалар, билер, ақындар, сазгерлер, жазушылар,
ғалымдар, батырлар, ерекше дарынды тұлғалар бір-біріне ұқсамай, бірін-бірі
қайталамайды ғой. Неге? Себебі, олардың рухтары әр түрлі, біз айтамыз ғой:
«жаны жайсаң екен, ақылды екен, әділ екен, жаужүрек екен, жомарт екен,
біліктілігі жоғары екен, қабілетті екен т.б.» осылардың бәрі нені көрсетеді?
Бұлардың бәрі әр жанның рухының ерекшеліктерін көрсетеді. Ғылыми
тұрғыдан алып қарасақ, тұқым қуалаушылықтағы ерекшеліктерді алып
жүретін де осы рух. Осы рухтың қасиетін жоғалтып алмау үшін біздің ата-
бабаларымыз жеті атаға дейін ағайынды адамдардың бір-біріне үйленуіне
қатаң тиым салған. Сондықтан да рух адам жанының қапшығы, пенденің
бірінші бастауы. Рух тазалығы адам санасының деңгейін анықтайды. Сана –
адам жанының, рухының тазалығын, яғни өзінің рухани сезінуін
айқындайтын құрал.
Сұрақ: – Адамның нәзік болмысына нелер жатады?
Жауап: – Адамның ішкі дүниесіне, яғни нәзік болмысына оның
сезімдері, ақылы, есі және «мен» деген сезінуі жатады. Қоршаған ортамен
пенде сезімдері арқылы байланысады. Хайуанаттарды олардың сезімдері
басқарып, соларға толық тәуелді болады. Адамдарда, керісінше, олардың
қалау-ниеттері сезімдерін басқаруға тиісті. Бірақ бұл барлық адамдарда
бірдей емес. Көпшілік адамдар бұл деңгейге жете алмай, өз сезімдерінің
ықпалынан шыға алмағандықтан өмірді жанталас күреспен өткізеді.
Сезімдердің құлына айналып кететіндіктен Абай олар туралы «Ғылым да
жоқ, ми да жоқ, даладағы аңдарсың» дейді.
Сезімнен де жоғары адамның ақылы тұрады. Ол компьютердің жады
сияқты. Оған сезімдер арқылы барлық ақпарат хабар келіп түсіп, сонда
сақталады. Ақыл оларды ми арқылы қорытып, өзінше хабар жасайды. Егер ес
ақылды басқаратын болса, онда ол бұлардың ішінен сол сәтке ең жақсы,
қолайлысын қабылдайды. Ал оның қайсысы жақсы болуы сол кездегі естің
рухани деңгейіне байланысты болады. Осыдан кейін ес ақылға бұйрық
береді. Ал ақыл дененің қозғалатын мүшелерін (кол, аяқ, тіл, жыныс) іске
қосады. Егер ес төмен болып ақылды басқара алмаса, онда ақыл сезімдердің
ықпалына түсіп, барлық хайуанаттар жасайтын қылықтар жасап кетеді. Ақыл
ес пен сезімдердің арасында болғандықтан, ол үнемі құмарлық ықпалында
болып, кейде бір сезімге, келесіде екінші сезімге беріліп, тұрақсыз болады.
Егер ес рухани болса, ал сезімдер Құдайға құлшылық жолында болса,
онда ақыл таза рухани сезімдердің ықпалында болады. Бұндай адам жаман
ниет-қалауларға, яғни жаман істерге жол бермейді. Ақылды таза ұстау үшін
жаман, жарамсыз істерден аулақ болу керек. Сабырлылық – ақылдың белгісі.
Ақылды адам өз сезімдеріне ие, ол әрқашан да сабырлы ұстамды.
Ал ақылдан жоғары ес тұр. Естің міндеті болжау, жақсы-жаманды
айыра білу және еске сақтау. Ақылдың міндеті адамның сезімдерінен пайда
болған ниет-қалауды қабылдау немесе қабылдамау болса, естің міндеті сол
қабылданған қалауларды орындау жүйесін жасау. Адам ойға алған іс-
198
әрекетін, түрлі жоспарларды есі арқылы жүзеге асырады. Ес компьютердың
процессоры тәрізді ақпарат-хабарды жадыға жазады, керек кезінде одан
алып, талдау жасап, шешімін береді. Материалды ес біздің сезімдерімізге
керекті жақсы-жаманды айырса, ал рухани ес Алла тағалаға керекті жақсы-
жаманды айырады. Бұны жоғары жетілген адамдар жүрегі арқылы қабылдай
алады.
Адамның есінен жоғары оның «мені» тұр. Адамның «мен өзім» деп
сезінуін «мен» дейді. Егер ол өзін тәнге балап, осы материалдық әлемнің бір
бөлігі ретінде сезінсе, онда ол жалған «меннің» ықпалында. Ал егер ол өзін
рухани танып, «мен тән емес, жанмын» деп сезінетін болса, онда ол нағыз
«меннің» ықпалында. Оның барлық іс-әрекет, тіршілігінің мәнісі осыған
байланысты болады. Жалған меннің ықпалындағы адам өзін тәнмін деп
есептейді, осыған байланысты онда «менікі» деген сезім бар. «Менікі» деген
сөз – мені қоршағанның барлығы менікі болу деген ұғым. Сөйтіп жалған
«мен» түрлі заттарды, отбасын, елді, халықты, дінді және тағы басқадай
тәнмен байланысты ұғымдарды қамтып, бүкіл адамзатқа дейін кеңи береді.
Бұл – түрлі деңгейдегі қоғам қайраткерлерінің сезімі. Осы сезім үшін олар
жандарын пида етіп, өмірлерін арнап, кейінгі ұрпаққа өздерінің аттарын
қалдырады. Фәни әлем рухани әлемнің көлеңкесі тәрізді. Сондықтан жалған
«мен» де рухани әлемдегі нағыз меннің бейнесі. Рухани әлемде «мен»
Жоғарғы Рухтікімін, ал Алла тағала – «менікі», яғни Ол менің мәңгілік
Жаратушым. Және маңайдағы болып жатқан құбылыстардың барлығы Алла
тағаланың қуатымен, Оның қалауы бойынша болып жатыр.
Қиналған адамға рухы төзер,
Ал күйреген рухқа кім дем берер? Сүлеймен Пайғамбар (с.ғ.с.)
Сұрақ: – Әсет Ризаұлы, мына әңгімелерді оқырмандарымыз түсінуі
үшін қарапайым тілмен баяндасаңыз қалай болады?
Жауап: – Енді қарапайым тілмен түсіндіруге тырысайын. Алла тағала
адам жанын жер бетіне жіберіп тәнге жан қондырғанда, жанды қаптап
қапшыққа салады. Ол қапшықтың аты – рух.
Дін айтты: «Маған нан», – дейді,
Адасқан дінді пән дейді.
Мағнасын анық біле алмай,
Рух деген сөзді жан дейді,
Осыдан жаман әуре жоқ.
Рух деген – мінсіз таза ақыл,
Мінсіздің ісі шын мақұл.
Айуандағы ақыл ол емес,
Аз ғана сөзім – аз тақыл,
Құраныңды оқы нанбасаң. Шәкәрім
Осы рух әрбір жеке жанның ерекшеліктерін айқындайды, оның қабілеті,
дарыны, алғырлығы, ілімге құмарлығы т. б. қасиеттері рухпен бірге келеді.
Біз: «рухы күшті, рухани дүниесі бай екен, рухты екен», – деп, осының бәрі,
рух айшықтап тұрған жанның ерекшеліктері. Енді осы рухы әртүрлі жанның
санасы да әртүрлі болады. Кей кезде: «оқымаса да көкірегі ашық, жүрегі таза,
199
санасы жоғары екен, ал кейбіреуді қайран қор болған диплом, тауықтың
миындай ми жоқ, оқығанның ішіндегі наданы», – деп айтып жатамыз.
Өз айыбын түзеумен жүріп, өзгеден кінарат іздемейтін, артық дүние
жиюға әуреленбей, тұрмысына жаратып, игілігін көретін, бейберекет
сөйлемейтін, сүндет істеп, дінбұзарлық іспен шұғылданбау – ең жақсы
адамның ісі.
Пайғамбарымыз
Мұхаммед (с.ғ.с..)
Бұрынғы бұлдыр замандарда оқымай-ақ ел басқарған хандарымыз, би-
болыстарымыз, ақын-жырауларымыз, дүлдүл шешендеріміз, әнші-
күйшілеріміз, оташы-емшілеріміз, батыр-палуандарымыз т.б. аты тарихта
қалған ерекше тұлғаларымыздың қарапайым пендеден жер мен көктей
ерекшеліктері неде? Ол оның рухында, Алла тағала әр пендені жер бетіне
жібергенде белгілі бір мақсат үшін жібереді. Физикалық әлем заңдылығы
бойынша себепсіз ештеңе жоқ. Әр көзге көрінбейтін заттың өзі белгілі бір
заңдылықпен қозғалады. «Құдайсыз қурай басы да сынбайды», – деп қазақ
атам дөп басып айтқан.
Сұрақ: – Рухтың ерекшеліктерін талдай кетуге бола ма?
Жауап: – Жанның «қапшығы» рухтың деңгейіне байланысты, адамның
санасының да жоғары, төмен болуы әр түрлі болады. Адамның санасына –
оның ақылы, ойлауы, мінезі, сезімі, құлқы, есте сақтау мен ұғуы, пайымдауы,
талдауы т. б. қасиеттері мен қабілеттері кіреді. Сана адам жанын
айқындайтын құрал болғандықтан екеуі бір нәрсе, немесе Абай айтпақшы
адамның «мені». Жан білімге толық болғандықтан, өзін жан деп сезінуі
алғашқы сана. Рухани сана дегеніміз – осы.
Бірақ фәни әлемде адамның рухани болмысы материямен қаптала
береді. Бұны өмірдің былғанышы деуге болады. Сөйтіп адамның санасы
төмендей береді. Сананы өсіру дегеніміз – өзіміздің рухани болмысымызды
тазарту дегенді білдіреді. Адамның жаны неғұрлым таза болса, оның санасы
да солғұрлым жоғары болады. Ең жоғары сана таза жанда. Сондықтан, сана
деп айтсақ жан деп түсінуіміз, ал жан деп айтсақ сана деп түсінуіміз керек.
Қорыта айтсақ, жанның «қабы» рухтан сана туындайды. Адамның иманды,
имансыз болуы сананың деңгейіне тәуелді, санадан келіп туындайды.
Сондықтан рух адамның бірінші бастауы, жанның қайталанбас ерекшелігі, ал
сана рухтан туындайтын, адамның жанын айқындайтын құрал, адамның
«мені». Түсінген адамға адамның «мені», жан, сана үшеуі бірақ нәрсе – сана
алдыңғы екеуінің өздерін көрсететін құралы. Бірақ, айланып келгенде осы
үшеуі де бір нәрсе, ол – адамның жаны.
Басында жоқты бар қылған,
Жоқтықты жойып көр қылған.
Есепсіз дене жаратып,
Еріксіз жиып нәр қылған
Жан емей енді немене?
Шәкәрім
Сұрақ: – Адамда неше жан болады және қай жерде орналасқан?
Жауап: – Адамда болжам бойынша екі жан болады, біреуі ғазиз жан,
екіншісі шыбын жан. Ғазиз жан Алланың қуатының (энергиясының) жүректе
200
орналасқан кішкентай бір бөлшегі. Сондықтан, «Құдай – жүректе» (Орысша,
«Бог – в сердце») деген сөз бар. Ал шыбын жан төс сүйектің айрығының
астына (солнечное сплетение) орналасқан адамның өзінің жаны. Ғазиз жан
адамның іс-әрекетіне араласпайды, тек бақылайды және рұқсат беріп
отырады. Абайдың айтуынша: «Алла тағала ғаламның ішінде, ғалам Алла
тағаланың ішінде». Алла тағала ғаламның ішінде деген ұғым, Оның
ғаламның әрбір бөлшегінің ішінде екенін көрсетеді. Ол әлемнің барлық
бөлшегінде, әрбір атомның ішінде, әрбір жан иесінің жүрегінде. Ал «Ғалам
Алла тағаланың ішінде» деген тұжырым Оның ғарыштық, әлемдік бейнесін
көрсетеді, яғни бүкіл ғалам оның ішінде.
Парсылық ұлы сопылардың бірі Айн әл-Кудата әл-Хамадани (1048 –
1138) жүректе Алланың орны барын былай деп ашық жазады:
«Алла сіздің түріңіз бен бейнеңізге, сіздің іс-әрекетіңізге қарамайды,
Ол сіздің жүрегіңізге қарайды. О, достым, жүрек бәрін көріп отыратын
Алланың орны болып табылады».
Мәшһүр Жүсіптің енді атағы шыға бастаған кезі екен. Біреу Абайға
келіп, мен Мәшһүр Жүсіппін депті. Сонда Абай: «Алла қайда, құбыла
қайда?», – деп сұрапты. Анау: «Алла аспанда, құбыла Мекеде», – деп жауап
беріпті. «Жоқ сен Мәшһүр Жүсіп емессің», – деп әлгі кісіні қуып жіберіпті.
Күндердің бір күнінде Абайға сәлем берем деп Мәшһүр Жүсіптің өзі келіпті.
Сонда Абай өткендегі сұрақтарын қайта қойыпты. Сонда Мәшһүр Жүсіп:
«Алла адамның жүрегінде, құбыла өзің туып өскен жерің – отаныңда», – деп
жауап беріпті. Сонда Абай разы болып: «Сен нақ Мәшһүр Жүсіптің өзі
екенсің ғой», – деп құшағына басыпты.
Сұрақ: – Жаратушы пендесіне қаншалықты ерік берген?
Жауап: – Алланың адам баласына ерік бергені соншалық – Ол өз
тағдырыңды өзіңе берген, жаман болуың да, жақсы болуың да өз қолыңда.
Алла айтады ғой: «Сен маған бір табан жақындасаң мен саған қырық табан
жақындаймын». Мәйітті шығарар алдында молдалар сұрайды: «Мына кісінің
қарызы бар ма?», – деп. Егер адам кешірмесе Алла да кешірмейді. Сондықтан
да біз үнемі Жаратушының бақылауында болғандықтан да жаман қылық
түгіл, жаман ой ойлаудан да аулақ болуымыз керек. «Адамнан жасырсаң да,
Алладан жасыра алмайсың» деген қазекеңнің терең толғаулы, кең мағыналы
сөзінің түп төркіні, Алла әр пенденің жүрегінде екенінің тағы бір дәлелі.
Сұрақ: – Нәзік денелер дегеніміз не? Олардың бір бірімен
айырмашылықтарын қалай білеміз?
Жауап: – Адамда көзге көрінетін тәнінен басқа көзге көрінбейтін нәзік
алты денелері бар, өзінің денесімен жетеу. Қазақтың «жан жеті қабат» деген
ұғымы осыдан шығады. Олар эфирлік дене немесе адамның өміршеңдік
нәзік денесі, ол денеде адамның өміршеңдігі мен қуаты орналасқан, екінші
дене сезім мен әсер денесі, үшінші ақыл денесі бұнда адамның ойлауы мен
пайымдауы орналасқан, төртінші дене ес денесі немесе өре, (интеллект),
мұнда адамның есі мен қабілеті орналасқан, бесінші дене рух, алтыншы
дене жан, жетінші дене – өзінің тәні.
201
Сұрақ: – Ашыққан уақытта адам тәні қалай жазылып кетеді? Ашыққан
уақытта осы нәзік денелер қандай қызметтер атқарады?
Жауап: – Шалқар Әбішұлы, адам ашыққан уақытта осылардың алдыңғы
төрт нәзік денелері ғарыш арқылы тамақтана бастайды. Тәнге сырттан қорек
келмегендіктен 2-3 тәуліктен кейін буындардағы тұз, қан тамырларының
ішіне арам ет болып өсіп алған – холестерин, маңқа, шырыш, т.б.
қалдықтармен тамақтануға мәжбүр болып, ішіндегі қоқыстар мен улардан
арылып, өзін-өзі тазалай бастайды. Адам өзінің тәндік ауруынан осылай
жазылып кетеді. Осы кезде адамның нәзік арналары ашылып, эфирлік –
өміршеңдік, қуат денесі, сезім мен әсер денесі, ақыл – ойлау мен пайымдау
денесі, ес пен өре – қабілет денелері жанның рух денесін тамақтандырып
ғарыштан, ауадан қуат алып олар да тазаланып адамның жүрегінің кірі
аршылып, рухани ілімді өзінен-өзі түсініп, қабылдау мүмкіншілігіне ие
болады, осылай тазаланған әрі тамақтанған жанның рух денесі немесе таза
ақылы жоғарғы әлеммен байланысқа түседі. Сол уақытта адамға өмірдің
құпия, тылсым дүниесінің сыры түсінікті болып, адамға Алла Тағала да
ашылады. Адам имандылық жолға түсіп, дұрыс өмір сүре бастайды.
Адам рухани да, материалдық та байып дәулеті асып жақсы жолға
түседі және осы өмірде шексіз бақытқа, ұзақ ғұмырға, дәулетті тұрмысқа
қолы жетіп, сыңғырлаған денсаулық иесіне айналып, салауатты өмір
мақсатына жете алады. Тыныштық пен алаңсыздыққа қолы жетеді, осы
жақсылығы оның жанұясына және балаларына да керемет әсер етіп, олар да
сіздің жолыңызға еріксіз түсетін болады.
Пайғамбарлар мен адамзаттың ұлы ұстаздары осы деңгейге жету үшін
далаға кетіп қалып 40 тәулік ашығуды ұстанған, сол кезде оларға әлемнің
тылсым дүниелері ашылып, жоғарғы әлеммен байланысқа шыққан.
Мұхаммед пайғамбарымыздан сақабалары сұрапты: «Сіз қалай 40 күн
аштыққа шыдайсыз?», – деп, сонда пайғамбарымыз: «Мені Алла асырайды»,
–
депті.
Сұрақ: – Тәнді қалай бағындыруға болады?
Жауап: – Есіңізде болсын, тән өз ықтиярымен сізге бағынбайды, тәнді
бағындыру үшін оның істегісі келетініне санаңыз арқылы әрекет етіп, тәнді
ерік күшіңіздің көмегімен ауыздықтап, айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүретін
етіп бағындырып алыңыз. Аскеттік дегеніміз, міне, осы. Осы жерде өзіңіздің
қандай адам екеніңізге, өзіңіздің көзіңіз анық жетеді – бос белбеу ынжықсыз
ба, әлде ерік, күш жігері мықты, алған бетінен қайтпайтын қайсар да
қайратты жансыз ба. Бұл жан мен тәннің айқасы. Тәннің тілін алсаң нәпсің
билеп: ауруың, іштарлығың, дүниеқоңыздығың, көре алмаушылығың,
нәпсіқұмарлығың,
қызғаншақтығың,
жексұрындығың,
надандығың,
жауыздығың, қомағайлығың, көрсеқызарлығың, суайттығың, сұғанақтығың,
жымқырмалығың т.б. келеңсіздіктер жинала, өрши келе жарға жығады.
Сорлы, мүсәпір, бейшара, созылмалы науқастан жазылмайтын, ешкімге
сүйкімің жоқ пенде болып шыға келіп, екі дүниенің де қызығын көрмей, аяғы
ит өліммен өліп тынасың.
Сұрақ: – Қарымта қайтару заңын қалай түсінуге болады?
202
Есіңізде болсын: – Жаратушының жасаған қарымта қайыру заңы
бойынша «не ексең – соны орасың», істеген қайырымдылық пен жақсылығың
да, жауыздық пен жамандығың да тек қана осы өмірде өзіңе қайта қайтып
келеді. Бұл – әлемнің әділет заңы. Әр пенде жаны бөлек болғаннан кейін, өзі
де бөлек. Осы фәни өмірде жасаған жақсылығы да, жамандығы да тек өзіне
белгілі бір мерзімнен кейін қайтып оралады. Ашығып ораза тұтқан уақытта –
істеген күналарының белгілі бір мөлшері жанып кетеді, яғни кешіріледі,
қалған күнәләрі көп болса о дүниеге бірге алып кетеді. Ал істеген жақсылығы
мен қайырымды істерің, тұтқан оразаң өзіңе еселеп, жақсылық боп оралады,
міне ораза тұтып ашығудың бір құпиясы осында. Жаратушы осындай жолмен
күнәләріңнен құтыла отырып тәніңді, жаныңды, рухыңды тазалау арқылы
жақсылыққа жетуге жол ашып қойған. Ерікті өз қолыңызға ғана берген,
таңдау құқы өзіңізде. Осыны қарымта заңы дейді. Бұл туралы Құранда былай
дейді: «Кім имандылықпен қандай болмасын қайрымдылық жасаса, ол оның
өзіне қайырымдылық болады».
Бұл дүниедегі жасаған зұлымдығы – о дүниеде өзіне жасаған зұлымдығы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с..)
Сұрақ: – Адамның имансыз, иманды болуы неге байланысты?
Жауап: – Адамның иманды немесе имансыз болуы, оның іс-әрекетінің
барысы, көбінесе «меніне» байланысты. Жан мұқтажы үшін әрекет етсе, адам
тазарады, ал тән мұқтаждары үшін әрекет етсе, ол осы фәни өмірге байланып,
ішкі дүниесі кірлене береді.
Неге адам қайтыс болғанда әлемнің барлық халқы діни сеніміне
байланыссыз – үшін, жетісін, тоғыз күнін, кырқын, жылын береді. Себебі,
алдында айтылған адамның нәзік денелері бақи әлемге бір жылдың
аралығында біртіндеп-біртіндеп, кезекпен кетеді. Ол адамның қарымта
қайтару заңына сәйкес осы дүниеде істеген күнәсі мен қайырымдылық
істеріне байланысты. Күнәсі көп адамның рухы жоғары әлемдерге тез арада
кете қоймайды, ал жақсы адамдікі тез кетеді. Мұсылман дінінің шарты
бойынша өзіне өзі қол салған адамға жаназа шығарылмайды, Неге? Оның
жаны мен нәзік денелері бақи өмірге бара алмай, ғаламшарды кезіп
қиналады, себебі ол Жаратушының, табиғаттың заңына қарсы шығып, өзінің
пешенесіне жазылған фәни өмірдегі табиғи жасын жасамай, өзіне-өзі қол
жұмсады. Осы жағдайдың толықтай болмаса да, салауатты өмір сүрмеудің
нәтижесінде, табиғат берген денсаулықты бағаламай, тәнін де, жанын да,
рухын да ауық-ауық тазаламай, мезгілсіз ажалдың құрбаны болған
пенделерге де қатысы бар. Оларға арақтан, бәңгіден (наркотик), артық
тамақтану мен семіздіктен, тазалық сақтамай неше түрлі жұқпалы ауру
жұқтырған т.б. толып жатқан келеңсіздіктерден күйіп, жарылып т.б
себептермен мезгілсіз ерте өлгендер де жатады. Қарымта заңына сәйкес
жазықсыз кісі өлтіргендер көп ұзамай өздері де ит өліммен өледі, не қалған
өмірі азаппен, қиналумен т.б. жайсыздықтармен өтеді. Бұған нақақтан кісі
қанын мойнына жүктегендер, кісі ақысын жегендер, ұрылар т.б. жатады.
Әр ғаламшардағы материалдық жағдайлар әр түрлі, сондықтан ондағы
тірі жандардың дамулары да түрлі деңгейде болатыны даусыз. Бұның өзі
203
қазіргі кезде көп айтылып-жазылып жүрген Танылмаған Ұшатын Объектілер
(Неопознанные Летаюшие Объекты) туралы түсінік береді. Олар
материалдық жағынан бізден жоғары даму сатысында болғандықтан,
көптеген қасиеттерін көрсете алады. Соңғы кездердегі жер бетіндегі
жарамсыз өзгерістер мен құбылыстарға байланысты олардың бізге деген
ынталары өсіп, тыныс-тіршілігімізді бақылау жасап жүрулері мүмкін. Себебі,
олар әлемнің біртұтастығын бізден гөрі анығырақ сезінеді. Жер бетіндегі
үлкен өзгерістердің бүкіл материалдық әлемге әсері болуы мүмкін. Олай
болса олардың өміріне де әсері бар. Олардың біздің өмірімізді бақылауға
мәжбүр болуын түсіну қиын емес. Олар материяны бізден гөрі жақсы
басқарады, сондықтан олар өте жылдам ұшақты меңгерген, материяны бір
түрден екінші түрге қалауынша өзгерте алады, көзге көрінбейтін күйге түсіп,
жоғалып кете баратын мүмкіндіктері де бар. Оған көптеген көріністер,
адамдарының кездесулері дәлел бола алады.
–
Шалқар аға, рұхсат болса өз басымнан өткен, көзім көрген
оқиғалардың біреуін ғана айтып берсем қалай қарайсыз?
–
Әп бәрәкелді, онда жақсы болды ғой, жаңағы айтқан тақырыбымызға
дәлелді дәйек болып, біздің болжауымызды бекіте түсер еді. Ал тыңдайын.
–
Өзіңіз білесіз, менің туып өскен жерім бұрынғы Семей обылысы,
Ұржар ауданы, Науалы ауылы. Біздің ауыл Қытаймен іргелес, Тарбағатай
бауырының шұрайлы, шалқып жатқан суы, жасыл-желекті нуы, жемісі мол,
жанға жайлы, қары қалың болса да, қысы жылы, жұмсақ.
Неге екенін білмеймін, мүмкін біз Семей полигоны мен Қытай
полигонының ортасында тұрғаннан ба, тап осы біздің өңірде ұшатын
тәлеңкені көрушілер өте көп, ұшып келіп Тарбағатай тауының ішіне кіріп
жоқ болып кетеді, өзі көбінесе таң алдында көрінеді, кей кездерде ел жатар
кезде де ауылдың үстінде ойқастап ұшып жүреді. Өз басым және көптеген
комбайншылар, жүргізушілер мен күзетшілер бірнеше қабатттан көрдік.
Соның бірі, осы ұшатын тәлеңкенің мені қолдарына түсірмекші болып
қалай аңдығанын айтып берейін.
Бұл оқиға 1992 жылы қараша айының басында болды, ол кезде мен
өзіміздің ауылда, колхозда бас агроном болып қызмет істеймін. Үлкен қызым
Айнұр – Семейде оқуда, жұбайым қызыма барып келемін деп сонда кеткен.
Қайтар күні үйге телефон шалып: «ертең мені автобустан күтіп ал», – деді.
Біздің үй ауылдың шетінде, сондықтан автобусты аялдамадан емес,
айдаладан күтесің. Тосып алатын жерім ауыл шетінен бір шақырымдай,
қарағаш өсіп тұрған, күре тамыр жолдың бойындағы қазақ зиратының маңы.
Семейден шыққан автобус таңғы төрт пен бестің аралығында келеді. Сол
күні түнгі үш жарымда оянып, асықпай жәймен аяңдап зират маңына келдім.
Ызғарлы қара күздің басталған шағы, қараша айы, күздегі қалың жаңбырдың
басталған уақыты. Жиын терімді бітіп «ух!» деп терең дем алып жүрген
кезім. Түн көзге түрткісіз, қап қара. Жер бауырлай ұшы-қиыры жоқ қорғасын
өңдес сұр бұлттар жөңкілуде. Бірақ бұлттардың ар жағынан ай көрініп тұр.
Ойымда ештеме жоқ, темекімді тұтатып аспанға қарап бұлттың көшкенін
қызықтап қарағашқа сүйеніп тұрғанмын. Бір уақытта ай екеу болып кетті,
204
жалмажан көзілдірігімді алып сүртіп жіберіп, көзіме бірдеме елестеп тұр ма
деп, қайта қарадым. Жоғарғы кәдімгі ай орнында қозғалмай тұр, ал әлгі
айым дыбыссыз ақырын ғана бірте-бірте төмендеп келеді. Жарығы күндізгі
жарық сияқты, бір уақытта менің төбеме келіп асылып тұрып алды. Орнынан
қозғалмайды, бір орнында тапжылмай тұр. «Бұл не сұмдық?!», – деп ойлап
үлгергенімше, тіпті шөгіп маған қарай төніп келе жатыр. Өзім андай-
мұндайдан ыға қоймайтын жігіт сияқты едім, қорыққанымнан қалың
қарағаштың ішіне қалай сүңгіп кеткенімді өзім де аңғармай қалдым. Бүк
түсіп отырып ішімнен білетін дұғаларымды оқып жатырмын: «Ара-тұра, а
Құдай, Өзің сақтай гөр!», – деп Жаратушыға жалбарынып қоямын. Әлгі пәле
кететін емес, бір уақытта жарықтарын ойқастатып мені іздей бастады.
Дымымды шығармай қарағашты құшақтап, жерге жабысып мен отырмын.
Жарты сағаттан астам уақыт өтті, мен де өзіме-өзім келе бастадым. Төбем
күндізгідей жарқырап тұр, бір уақытта жеті түрлі жарық түсіре бастады, осы
жарық басқа жаққа шашырап кетпейді де, тура мен тығылып отырған
қарағашқа бағытталған. Жүрегімді тоқтатып өзіме-өзім келген соң: «е,
ұшатын тәлеңке деген осы екен ғой, адамды алып кетеді деуші еді, осыған
жем болып кетпейін, басқа барып тығылатын жерім жоқ, осы ағаштың
түбінде отырып, не болса да әліптің артын бағайын» – деген шешімге келдім.
Түн, бұлт тіпті қоюланып, қараңғылық тұмшалап барады, не жол бойында
қыбыр еткен көлік жоқ. Осы не болды екен, түр-түсін анықтап көріп
алайыншы деп басымды көтеріп қарайын десем, бірдеме байлап тастағандай
басымды көтере алмаймын, желкемнен тәп біреу құрсаулап ұстап тұрғандай
сезіндім. Арбасып отырмыз, бір сағаттан астам уақыт өтті, тәлеңке ары кетсе
70...80 м биіктікте, ешқандай шу, дыбыс естілмейді. Айнала жым-жырт, тіпті
әшейінде ауыз жаппай үретін иттердің де үндері өшкен. Маған тек жарығы
ғана көрінеді, түр-түсі, сұлабасы көрінбейді. Бір уақытта Малақ ауылының
төбесінен машинаның жарығы көрінді, жарық жақындай бергенде төбемде
ілініп тұрған тәлеңкем өзінің жарығын өшіре қойды. Машина Қытайға жүк
апара жатқан үлкен КамАЗ екен, ол ұзаңқырап кеткеннен кейін төбемдегі
пәле жарығын қайта жақты. Біраздан соң Қытайға жүк артқан машиналар
үздік-создық ағыла бастады. Әлгі тәлеңкем машинаның жарығы жақындаса
өзінікін өшіріп, ұзаса болды қайта жағады, мені бақылап отыр. Отырған
орнымда тырп етпей мен отырмын. Күз кезінде таң атпайтыны белгілі, не
Семейден тосып отырған автобусым жоқ. Сонымен қойшы, тәлеңкенің мені
күзетіп отырғанына үш сағаттай уақыт болды, ол жарығын сөндіріп
жандырудан жалықпайды, мен бүк түсіп отырудан жалықпаймын. Сағат 7-
ден аса таң қылаң бере бастады, жер ала көлеңке бола бастағанда тәлеңкем де
ғайып болды, менің тосқан автобусым да ентігіп жетті.
Енді марқұм болып кеткен Мурсалимова Қымбат апайдан естігенімді
айтып берейін. «Менің Аякөз маңында бір совхозда жанұясымен бірігіп
шопан боп істейтін құдағиым бар. Олар Тарбағатай бауырының бер жағына
жайлауға шығады екен. Жаз кезінде құдағиым 90-ға келген шешесі екеуі ғана
үйде қалады. Күндізгі 12 тапа тал түс. Бір уақытта құдағиымның көзіне
шағылысқан айна сәулесі түседі. «Мына айдалада маған айна түсіріп
205
қалжыңдап жүрген қай жүгермек?», – деп жан-жағына қарайды ешкім
көрінбейді, сонан соң аспанға қараса тура киіз үйдің төбесінде жалт-жұлт
етіп 50-60 м биіктікте ұшатын тәлеңке тұр. Қорыққанынан еңбектей қашып
екінші ас ішетін киіз үйіне кіріп кетеді, ал далада күн шуақтап отырған
шешесі бетін жаулығымен жауып алып, үні шықпай отыра береді. Киіз үйге
кіріп сабасына түскеннен кейін үйдегі дүрбіні алып, жабықтан сығалап
қарайды. Қараса үлкендігі сұмдық, аумағы футбол алаңындай, дөп дөңгелек,
біріне бірін жауып қойға тәлеңкеге ұқсайды, қаптаған терезелеріне перде
тағып қойған, сыртқы қабығы жалт-жұлт еткен аппақ шәй қағазы (фольга)
сияқты бірдемеден жасалған. Осы ұшатын тәлеңке тұрған орнында
тапжылмай 2 сағат киіз үйдің төбесіне төніп тұрады, ал құдағыйым тірі жан
көрінер ме екен деп екі сағат бойы дүрбімен қызықтап қарап отырады,
өкінішке орай жан иесін көре алмапты. Тура түстен кейінгі сағат екіде ұшып
кетіпті».
Келесі әңгімем 1987 жылдары болған, бір күні комбайнер болып
жүрген Қасабаев Өндірхан деген ағамыз келіп: «Менің ұлым Саяуышты
ұшатын тәлеңке қуыпты», – деп айтып келді. Ол кезде оқушы Саяуыш
әкесіне көмекші болып жүрген. Таңертең Саяуышты жұмыс арасында
шақырып алып: «ал бауырым, ана әкең не айтып жүр?», – деп сұрадым. «Ой
аға, кеше сағат таңғы 4-те Семейдің автобусынан келетін шешемді қарсы
алайын деп, велосипедіме мініп Малақ аялдамасына бардым. Бір уақытта
аспаннан бір жарық көрінді де, жайылып жүрген екі сиырдың үстіне біраз
қалықтап тұрып, тура менің төбеме келді. Жарығы күндізгі жарыққа
ұқсайды, қорыққанымнан ауылдың шетіндегі Мұқаметқазының үйіне қарай
велосипедіме міне салып тұра қаштым, даласында тұрған комбайнге жете
бергенде мұрттай ұшып түстім. Сонда да аяғыма оралып жүрген
велосипедімді сүйрей-мүйрей комбайннің астына кіріп кеттім». Осы ұшатын
тәлеңкені Саяуыштың бауыры Жақсылық та көрген: «Қыс кезі болатын, қар
қалың. Түн күндізгідей жап жарық. Біздің үй ауылдың ең шетінде, бір
шақырымдай жерде ескі жүзімдік алқап бар. Таңғы сағат 3 мөлшерінде кіші
дәретке шығайын деп далаға шықтым. Бір ыңылдаған токтың даусы естіледі,
бұл не деп жан жағыма қарасам тура жүзімдік алқаптың ортасында қызыл
жарығы жалтылдап ұшатын тәлеңке қонып отыр екен. Көлемі недәуір үлкен,
бір біріне жауып қойған тәлеңкеге ұқсайды. Даусы ерекше, ток жүретін сым
темірлерде естілетін ыңылдаған дыбыстан әлдеқайда күшті, қыс кезінде
дауыс жақсы шығады ғой. Сол дауыс әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді.
Біраз қарап тұрғаннан кейін тоңып үйге кіріп кеттім, ол кезде мектепке енді
барып жүргенмін».
Бұл 1999 жылы күзде болған жағдай. Колхоз тарап аласапыран заман
болып жатқанда мен 140 жанұямен жеке бөлініп 1000 га егістік алқап бөліп
алып «Қусақ» өндірістік кооперативін құрғанмын. Сол жылы 100 га алқапқа
агротехникалық талаптарға сай күнбағыс ектім, керемет бітік шықты.
Күнбағыс алқабы ауылдың іргесінде, бірақ ел ұрлап маза бермейді. Сонан
кейін 16 жігітті күнбағыс алқабын күндіз түні күзету және алма кезек
ауысып отыру үшін үш кезекпен күзетке қойдым. Кей кездерде
206
«Байқоңырдан» ұшқан жер серіктері біздің ауылдың тұсынан Тарбағатай
тауына қарай көлбей ұшады, жәй көзге де анық көрініп тұрады. Түнде
күзетте болған жігіттер Әділов Азат т.б. айтып келді: «аға, ұшқан жер
серігімен бірге біраз уақыт бойы ұшатын тәлеңке де жанамалай қатарласа
ұшып біраздан кейін бұрылып алып басқа жаққа ұшып кетті», – деп. Сол күні
түнгі күзетшінің біреуі Оспанов Бекен кезектен ұйықтап қалып таңғы 3-тен
асқанда ұйқылы-ояу жұмысқа келе жатады. Күнбағыс алқабының шетінде
демалу, тамақтарын ішу үшін киіз үй тігіп қойғанбыз. «Киіз үйге жете
бергенімде кенеттен аяқ астымдағы бір метрдей жер дөп-дөңгелек, жап-
жарық болып кетті, түсінбей қалдым. Сонан кейін төбеме қарасам дәл
төбемде 70-80 метрдей биіктікте ұшатын тәлеңке қалықтап тұр, ешқандай
дыбыс жоқ. Жарығы кәдімгі жарыққа ұқсамайды. Жарығы көзіме ұрғаннан
кейін түр-түсін анықтап көре алмадым. Бір уақытта басымды біреу
тұқыртқандай болып төбем шымырлап қатты ауырып кетті. Миым солқылдап
кеткендей болды. Жалма жан киіз үйдің ішіне кіріп кетіп жатып қалдым,
басым ауырып жұмысқа шыға алған жоқпын».
Біз жақта әсіресе күз кезінде аспан шайдай ашық болып, түнде
жұлдыздар ап-анық, аспан әлемінің мөлдірлігі мен тұнықтығы, тым тырыс
тыныштығы қайталанбас көрініс беріп тұрады. Мен күнбағыс алқабын
күзеткенде түні бойы жігіттермен бірге боламын. Трактордың үлкен
тіркемесіне жұмсақ қылып шөп салып аламыз да шалқамыздан жатып соғыс
дүрбісімен аспан әлемін бақылаймыз. Алматының көшелеріндегі көліктер
сияқты жосылып жатқан жер серіктері, бірақ олардың ішінен ұшатын
тәлеңкелерді қолма қол айырып алатын болдық, себебі олар да жер
серіктеріне ұқсайды, бірақта ұшып келе жатып кенеттен тоқтап жұлдызға
ұқсап тұрады да ытып ала немесе жоғары не төмен құлдилап ала жөнеледі.
Осы әңгімелердің бәрі болған оқиғалар, бір ауылдың өзінен жүздеген
адамдар куә болып көздерімен көрген. Мен осыны біреулерге айтсам
сенбейді, мүмкін емес деп. Өздері білсін. Енді осыдан кейін қайтіп басқа
ғаламшарда жан иелері жоқ деп айта аламыз?
Шалқар Әбішұлы, енді осы жоғарыда өзім куә болған әңгімелерді тағы
ары қарай дәлелдеу үшін Халық Қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Талғат
Мұсабаев куә болып басынан кешкендерін баяндай кетейін:
Жеті қат көк жүзіне үш дүркін көтеріліп, тұңғиық ғарышта ұзын
саны 342 тәулік «ғұмыр кешкен» Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев есімі
қазақты, Қазақстанды былай қойғанда, жалпақ жұртқа, жер – жаһанға
мәлім. Ашық ғарышта жалпы қосындысы 30 сағат 8 минут болған қазақ
ғарышкерінің аты жөні, басқа атақ – абыройын айтпағанда, Гиннестің
рекордтар кітабына кірді.
Ұлттық батырымыз, техника ғылымдарының кандидаты, генерал –
майор, ұшқыш – ғарышкер Талғат Мұсабаев Мұрат Телібековпен «Караван»
апталығынан ықшамдап аударылып отырған мына сұхбатында осы
сапарлар кезінде ғаламдық Жаратылыс, Жаратушы Иеміз хақында көкейге
түйгендері, көз көрген ғажайыптары жайында әңгімелейді.
207
«Ол (Алла) сондай көктер мен жерді және екі арасындағыларды алты күнде
жаратып, сосын ғарышты меңгерді. Ол тым қамқор, оны білгеннен сұра».
Құран – Кәрім, «Әл – Фурхан» сүресі, 59 – аят.
Сұрақ: – Ғарышқа Құран алып ұшады екенсіз. Діншілсіз бе?
Талғат Мұсабаев: – Ашығын айтсам, мен де өз дәуірімнің адамы, коммунист,
қызылкөз атеистің өзі едім. Бұл дүниетанымым отыз жылдан асып барып
өзгерді. Өзгерткен негізгі себеп – ғарышқа ұшуым болды.
Сұрақ: – Сонда ғарышта Жаратушының өзіңізге қатысын сездіңіз бе?
Талғат Мұсабаев: – Ғарышта ажалдың аузынан қалған жағдайларым болды.
Біреуін ғана айтайын. Ашық ғарышқа шыққан кезімде, мені кемеге бекітіп,
ұстап тұратын тетік ажырап кетсін. Біртіндеп тұңғиыққа шым батып бара
жаттым. Айтары жоқ сұмдық еді. Көз алдымнан жалт-жұлт ойнап, әпсәтте
бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін емес-тін. Бұрын-соңды
ескерілмеген, ескерілмек түгіл ойға келмеген хал. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді.
Одан әрі қапысыз, бұлтартпайтын, жалтартпайтын ажал. Міне, осы сәтте
адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға болды. Қайтадан кеменің, зулап бара
жатқан ғарыш кемесінің үстінен бір-ақ шықтым. Денеме ештеңе тимей-ақ,
жұғысып, итермей-ақ әлдебір құдырет құрдымнан суырып алды. Ешқандай
қисынға келмейді, түсінікке симайды.
Бір бұл емес осындай жағдай талай рет қайталанды. Үстімізден
бақылап, бәрін орын-орынына келтіріп тұрған әлдебір Қорғаушының бар
екенін кәміл аңғардық. Бұл сезім менімен әрқашан бірге болады.
Сұрақ: – Ғарыш сапарынан кейін өзіңізден қандай өзгеріс байқадыңыз?
Талғат Мұсабаев: – Мүлдем басқа адамға айналдым. Тұрмыс-тіршілігім,
маңайыма көзқарасым, қарым-қатынасым өзгерді. Маған кісінің жан дүниесі
анағұрлым түсінікті. Ең бастысы – бұл дүниеде кездойсоқ ештеңенің жоқ
екенін анық ұқтым. Күн мен жердің, ғарыштық станциялардың, адам
өмірінің, ненің болмасын қозғалыс, қаракеті белгілі бір тәртіпке, ретілікке
бағынатынына көзім жетті.
Мен ғарышта әдеби таланты жоқ адамның өлең жазып, ғұмыры бір
аспапта ойнап көрмеген адамның музыка шығарып кеткенінің талай мысалын
білемін.
Сұрақ: – Ғарышта адам Жаратқан Иесіне бір табан жақын десек,
қателеспейміз бе?
Талғат Мұсабаев: – Жаратушының тіршілігіңізге қатысын онда, әлгінде
айтқанымдай, соншалықты айқын сезінесіз. Ғарыш жаратылысы – қайран
қаларлықтай үйлесімді. Біздің планетамызбен салыстырып қарағанда
таңырқамай тұра алмайсыз. Жер – болмашы бір түйіршік қана. Ал адам
сондағы бір тозаң сияқты.
Сұрақ: – Ғарышты елсіз шөл дала іспетті дейді...
Талғат Мұсабаев: – Әрине, онда өзіміздің жердегідей үйреншікті өмір жоқ.
Бірақ, неге екенін қайдам, ғарыштың басқа қалып, басқа күйдегі тіршілік
иелеріне толы екеніне кәміл сенімдімін. Тек олардың белгілері көзге
көрінбейді, құлаққа естілмейді. Өздерінің барлығын әсте байқатпайды.
208
Өз басым олардың қасымызда жүргенін қалайда түйсіндім. Тек көзге
көрінбейді, қолға ұсталмайды. Жалпы маған жердегі тіршілік Жаратушының
жүргізіп отырған сынағы сияқты көрінеді де тұрады.
Сұрақ: – Ғарышқа ұшардың алдында әлдебір рәсімдер орындадыңыз
ба?
Талғат Мұсабаев: – Әр жолы аттанарда бала күнімде жаттаған дұға сөздерін
қайталадым. Ал ұшардың алдында қашанда молладан бата алдым. Бүгін
біреулер күлетін шығар, алайда мен ғарыштық сапарларымның көбіне-көп
осы себепті сәтті өткеніне сенімдімін. Әрине, Құран кітапты өзіммен бірге
алып ұшатыным өз алдына бір рәсім...
Сұрақ: – Ғарыштан Мекке қалай көрінеді екен?
Талғат Мұсабаев: – Мен намаз оқымаймын. Ораза ұстамаймын, қажыға
барған жоқпын. Соған қарамастан Сауд Арабиясы жарты аралының үстінен
өткен кезде үнемі әлдебір айырықша әсер сезіндім. Былай қарағанда, ол
әшейін құба жон, жер бетінде ондай шөл дала аз емес. Бірақ оны басқа еш
жермен шатастырмайсың. Тіпті түр-түсіне дейін бөлек.. Суретінің өзінен
көрініп тұр.
Тәржімалаған С. Бұқарбайұлы.«Отбасы және Денсаулық» журналы, № 6 –
2005 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |