1
Аширова Анар Тишибайқызы, Қарабаева Ханшайым Əбдуталипқызы
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ф.ғ.к., доценттері,
Алматы, Қазақстан
e-mail: anara_314@mail.ru
khanshaim63@mail.ru
Қазақ тіл білімінде есімді сөйлемдердің қолданылуы
Сөйлемдердің грамматикалық негізі – баяндауыштың есімнен не
етістіктен жасалуына байланысты тілде сөйлемдер есімді жəне етістікті
сөйлем түріне ажыратылады. Соның негізінде ғалым Р. Əмір сөйлемдерді
номинативті жəне етістікті түрлері деп бөледі. Ғалым ауызекі сөйлеу тілінің
синтаксисі туралы жазған еңбегінде функциональдық қызметін ескере
отырып, номинативті сөйлемдердің 4 түрін берген:
- номинативно описательные;
- номинативные эмоции;
- номинативные пожелания;
- номинативные брани [1, 84 б.].
Сонымен бірге, автор номинативті сөйлемдерді құрылысына қарай:
жалаң жəне жайылма деп, баяндауыштарының қай сөз таптарынан болу
ерекшеліктеріне қарай тақырып септікті зат есімдер, есімшелі сөйлемдер,
сын есімді сөйлемдер деп топтастырады [2, 88 б.].
Р. Əмір кейінгі синтаксистік еңбегінде есімді сөйлемдерді тілдік
трансформацияға қатысты қарастырады. «Сөйлемдер бастауышының зат есім
немесе етістік (есімше) болуына қарай бірінен-бірі əрі грамматикалық сипаты
жағынан, əрі функциясы жағынан ерекшеленеді: Қара көрінді – Көрінген
қара». Бұл еңбекте көбіне номинативті сөйлем ретінде есімшеден болған
сөйлемдер алынған. Автор «бастауышы есімше сөйлемдер – ойдың бір
құрамын – субъектіні, объектіні актуализациялайтын тип» деп,
актуализациялау мəселесімен де ұштастырады [2, 62-63 бб.].
Қазақ тіл білімінде есімді сөйлемдер жеке зерттеу нысаны ретінде
қарастырылып, арнайы зерттеулер жүргізілді. Қазақ тіліндегі есімді
сөйлемдердің түрлері, жасалу жолдары анықталды.
К. Оңалбаева есімді сөйлемдердің орыс тіл білімінде, түркі тіл білімінде,
қазақ тіл білімінде зерттелуіне, есімді сөйлемдердің ерекшелігіне жан-жақты
тоқтала келіп, олардың мынадай түрлерін береді:
1) зат есімді есімді сөйлемдер;
2) сын есімді есімді сөйлемдер;
3) сан есімді есімді сөйлемдер;
4) есімдікті есімді сөйлемдер [3, 115 б.].
Газет тақырыптарында да есімді сөйлемдердің жасалу жолдарын
жоғарыдағыдай жіктеуге болады. Газет бетіндегі «есімді сөйлем» типті
тақырыптарда есімдер баяндауыш қызметінде əр түрлі тұлғада жұмсалады.
Зат есімді сөйлемдер
2
Зат есімді есімді сөйлемдердің ерекшелігі туралы профессор М.
Балақаев: «Зат есімдер түрлі тұлғада, тіпті кейбір септік жалғауларында
тұрып та, баяндауыш қызметінде жұмсала береді.Ондай зат есімдерден
болған баяндауыштар бастауыштың, негізінде, заттық сапасын – кім, не
екенін – білдіреді: Түнергенде – түнмін, күлгенде – күнмін. Сөзім – шекер,
тілім – бал, лебізімнен алған нəр (Ғ. Мұстафин). Əн шырқаған – жылқышы
қыз (М. Иманжанов). Автор: «Бұл мысалдардан мынаны байқауға болады:
түнмін, күнмін – жіктік жалғаулары арқылы зат есімдерден болған
баяндауыштар. Ал жіктік жалғаусыз III жақта баяндауыш болған зат есімдер
шекер, бал, жылқышы қыз) сөйлемде тұрған орнына қарай, ерекше əуенмен
айтылу арқылы сол қызметте жұмсалған. Олардың көбінің мағыналары
бастауыштармен теңдес келеді. Сондықтан бұл екі мүшені көп жерде еркін
орын ауыстырып айта беруге болады.
Бұлардың мағыналары да бірдей емес: зат есімдерді бастауыш етіп
айтудан гөрі баяндауыш етіп саралап айтудың мағыналық əсері ерекше
болады. Сондықтан ондай есімді сөйлемдер əдебиеттерде ойды ықшамды
түрде дəл айтудың ерекше стильдік тəсілі ретінде жұмсалады. Сонымен қатар
көркем əдебиетте жоғарғыдай есім баяндауыштар метафоралық теңеу
қызметін атқарады» [4, 133-134 бб.]. Зат есімді синтаксистік қызметі
жағынан бастауыш, толықтауыш болуға тиіс. Бұл олардың табиғи қасиеті
десек, енді зат есімді сөйлемде анықтауыш та, пысықтауыш та, тіпті
баяндауыш қызметінде жұмсалып, есімді сөйлем жасауға негіз болады.
Негізінде зат есімдер баяндауыш қызметінде нөлдік, көптік, тəуелдік, жіктік,
септік жалғаулар арқылы келетіні белгілі. «Абай жолы» романындағы
зат есімді баяндауыштардың дені осы тұлғаларда келеді. Бірақ романдағы
осы тұлғалы зат есімді сөйлемдер, біріншіден, көп, екіншіден, қазақтың
нағыз байырғы сөздері арқылы жасалуы басым. Оның үстіне автордың
қолданыс шеберлігіне қарай олардың дара түрімен бірге күрделі түрлері де
мол.
Түбір тұлғалы зат есімді баяндауыштар арқылы жасалады:
Математиктердің мақтанышына айналған ұстаз
(Айқын, 2005).
Дағдарысты жеңген дара ауыл (Айқын, 2008). Қара сиямен жазылған
қымбат мұралар (Қазақ əдебиеті, 2007). Азия мен Еуропаны жалғастырған
форум (Қазақ əдебиеті, 2007). Уəдесін орындамай кеткен əкім (Виталий
Метте мырзаға дұғай сəлем!) (Қазақ əдебиеті, 2006). Көрінгенге жем болған
«Көшпенділер» (Қазақ əдебиеті, 2007). Зат есімдердің тəуелденіп келуі
арқылы жасалады: Пушкинге арналған кітап көрмесі (Қазақ əдебиеті, 2007).
Тұңғыш қазақ авиаинженері – Сəкеннің өкіл баласы (Қазақ əдебиеті, 2006).
Кəсіподақтардық қалалық конференциясы (Айқын, 2006). Көркемсөз –
идеологияның жойқын күші (Қазақ əдебиеті, 2005). Мəдениет жəне өнердің
ұлттық байқауы (Қазақ əдебиеті, 2005).
Жатыс септік тұлғалы зат есім арқылы жасалады. Зат есімдер жалпы
қолданыста септік жалғауларында – барыс, жатыс, шығыс, көмектес – келе
береді. Ал газет тақырыптарында, біз жинастырған тілдік деректер
көрсеткендей, жатыс септік жалғанған зат есімдер мол ұшырайды. Мысалы:
3
Елдегі қойдың 17,6 пайызы Жетісуда (Айқын, 2007). Айтматов Алматы
университетінде (Қазақ əдебиеті, 2006).
Берілген мысалдардағы сөйлемдерге субтантивтену құбылысының
əсерінің басымдылығы соншалық, етістіктің түсірілуі білінбейді əрі қажет
етілмейді де. Бұл сөйлемдер толымсыз немесе ықшамдалған сөйлем. Бұл
туралы Т. Ермекова: «Тiл бiлiмiнде толымды, толымсыз жəне ықшамдалған
(кейде эллипсис сөйлемдер деп те атайды) сөйлемдердi ажырту мəселесiнде
қиындықтар туындап отырғаны рас. Өйткенi бұл сөйлемдер (толымсыз жəне
ықшамдалған) де, бөлшектелген сөйлемдер де бiр тiлдiк заңдылықтың –
тiлдiк үнемдеу заңдылығының – нəтижесiнде туындаған», – дей келе
[5, 97 б.], ғалым Б. Сағындықұлының пікірін көрсетеді: «Біздің
байқауымызша, үнемдеу құбылысы тілдің бүкіл жүйесін – фонетиканы да,
лексиканы да, морфологияны да, синтаксисті де қамтиды. Алайда бұл
заңдылық тіл білімінде əр түрлі терминдермен аталып жүр. Мысалы, ол
фонетикада «элизия», «апокопа», «гаплология» деп аталса, лексикада
«метонимия», морфологияда – «сіңісу», «кіріккен сөздер», синтаксисте –
«эллипсис», «толымсыз сөйлемдер» деп аталады», – дей келіп, осы
терминдердің барлығының басын қосып, «үнемдеу заңы» деп тақырыпты
ұсынады [6, 95 б.].
Мұндай тақырыптар түрінің көп таралуы еркін жəне шартты сөз
тұлғалардың белсенділігін анықтауға мүмкіндік береді. Ол олардың
позициясы мен мағыналық дербестігі, номинативті мағынасының құрылымы
негізінде айқындалады. Бұл тақырыптардың, біздіңше, газет бетінде
белсенділік танытуының төмендегідей бірнеше себебі бар:
– тақырыптардағы жаңалық күшін арттыруға ұмтылу;
– тілдік бірліктердің үнемделуі;
– тақырыптарды барынша жанды əрі тез есте жатталуына ұмтылу.
Баяндауыш мүшелерді түсіріп айту жазба тілде де, ауызекі сөйлеу
тілінде де қалыптасқан тілдік (синтаксистік) норма деп айта аламыз.
Шəкен Шекспир елінде (Қазақ əдебиеті, 2005). Поэзияның көгершіні көз
ұшында... (Қазақ əдебиеті, 2006). «Қазақтелеком» болашағы – мемлекеттік
тілде (Ана тілі, 2007). Біздің балуандар бесінші орында (Айқын, 2006).
Назарбаев – Біріккен Араб Əмірлігінде (Айқын, 2005). Қалетаев
Қарағандыда (Айқын, 2005). Елбасы Финляндияда (Айқын, 2008).
Ықшамдалған сөйлемді зерттеушілер аталған сөйлем түрінің
қалыптасуына əсер ететін контекст пен ситуацияның рөлін басым көрсетеді
де, трансформация тəсілі мүлде назардан тыс қап жатады. Ал етістік
құрылымды сөйлемдердің есімді сөйлемге қарай ығысуы, дəлірек айтсақ,
сөйлем құрамынан етістік баяндауыштың түсіріліп, оның атқаратын қызметі
өзінің алдында тұрған есім сөзге қарай ығысуы – трансформацияның
нəтижесі. Ал ол бір күннің жемісі емес .
Сонымен, жатыс септікті зат есімді сөйлем түрі сөйлеу тілімен
байланыста сипатталады. Толымсыз сөйлем ауызекі сөйлеу тіліне тəн. Бұл
тілдік үнемдеу заңдылығы газет бетіндегі тақырыптардың синтаксисінде
барынша анық көрініс табады. Оның себебі, біздің пайымдауымызша,
4
журналистердің ақпаратты қандай тəсілмен болса да күшейтуге ұмтылуынан
пайда болса керек.
Жүзден ассаң – патшасың (Қазақ əдебиеті, 2007).
Сын есімді сөйлемдер. Есімдер деп аталатын сөздердің ішіндегі зат
есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы – сын есім. Семантиқалық
жағынан зат есім əр алуан заттық ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-
грамматикалық тобы болса, сын есім неше алуан сыр-сипатпен байланысты
ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматиқалық тобы ретінде
бөлінеді [4, 166 б.].
Сын есімдер табиғатында затқа қатысты анықтауыштық қатынаста
жұмсалуы тиіс. Дегенмен сын есім сөйлемде тек анықтауыш сөйлем мүшесі
ғана емес, заттанып толықтауыш, бастауыш сол сияқты пысықтауыш
қызметінде жұмсалады.
Сын есімдердің əсіресе соңғы кезде көп жұмсалатын түрі оның
сөйлемде тиянақты баяндауыш қызметінде жұмсалуы. Міне оның осы
қызметте жұмсалуы оның есімді сөйлемді құраудағы басты ерекшелігі болып
табылады.
Сонда сын есімдер сөйлемнің соңында келіп, баяндауыш қызметінде
жұмсалу негізінде өз бастауышымен предикативтік қатынас құрайды да,
есімді сөйлемнің негізгі арқауы жасалады. Ондай кезде сын есімдер сапалық,
қатыстық, түрлі шырай формаларында да қатысады .
Сын есімдер – сөйлемде əсем ойдың көрікті көрінісі сияқты жұмсалатын
сөз табы. Сын есімнің сөйлем соңында баяндауыш қызметінде жұмсалуы
тілімізде тарихи жағынан ерте қалыптасқан сияқты. Басқа сөйлем мүшелері
сияқты сын есімдер де сөйлем соңында жұмсалып, сөйлемді тиянақтауда
өзіндік орын алады.Осының негізінде енді есімді сөйлемдердің аясы
кеңейгенін көреміз.
Сын есімдер газет бетіндегі тақырыптарда да баяндауыш қызметінде
келіп, сөйлемді тиянақтай алады.
Сапалық сын есім арқылы жасалады: Ұстаздыққа орын көп (Ана тілі,
2005). Əдеби тіл нормалары бəрімізге ортақ (Ана тілі, 2006). Америкада
күлкіңді келтіретін заңдар көп (Ана тілі, 2005). Афиныға аттанар күн
жақын (Ана тілі, 2005). Газет бетіндегі тақырыптарда көп, зəру сөздері
жиірек кездеседі.
Журналистер сын есімнен жасалған баяндауыштық құрлымдағы сөйлем
көмегімен оқырман назарын заттың сапалық қасиетіне аударуға ұмтылады,
яғни дəл сын есімге акцент басымырақ жасалады: Балық шаруашылығының
болашағы бұлыңғыр (Айқын, 2007). Сын есімнің шырай тұлғасында келуі
арқылы жасалады: Жəрмеңкеде заңгерлерден шопырлар бағалырақ (Айқын,
2005)Қатыстық сын есім арқылы жасалады. Қатыстық сын есімдердің ішінде
сөйлемнің сөйлем соңында тиянақтауға -ты, -ті, -ды, -ді, -сыз, -сіз жұрнақты
түрлері қатысады. Баспасөз əділдікті айтуға міндетті (Қазақ əдебиеті,
2005). Партия əлеуметтік-экономикалық мəселелерді шешуге қабілетті
(Айқын, 2006).
5
. Сан есім - есімдер тобына жататын сөз таптарының бірі. Өзінің
мағынасы мен функциясы жағынан сан есім өзге сөз таптарына қарағанда,
сын есімге біршама жақын. Бірақ сын есім заттың сапасын, сипатын,
қасиетін, түр-түсін т.б. сыр-сипаттарын білдіретін сөз табы болса, сан есім –
заттың сан мөлшерін, ретін, шамасын білдіретін лексика-грамматикалық сөз
табы [4, 191 б.]. Сан есімдер сан мөлшерін абстракт түрде атайтын сөздер
болғанымен, олар семантикалық, морфологиялық жəне синтаксистік жағынан
іштей алды-алдына жеке категориялар ретінде танырлықтай бірнеше топқа
бөлінеді. Сан есімдер есептік, реттік, жинақтық, болжалдық, топтау,
бөлшектік сияқты түрлерге бөлінеді. Біз өз жұмысымызда сан есімдердің
үнемі сөйлемнің ішінде қолданылып қоймай, сөйлемнің соңында да
қолданылып, сөйлемді тиянақтай алатын сан есімді есімді баяндауыш сөйлем
түрлерін « Абай жолы» роман-эпопеясынан көрсету.
Қазақ тілінде сан есімдердің есімді баяндауыш қызметінде жұмсалуы туралы
А. Байтұрсынұлы, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, М. Балақаев, Р. Əмір, Ə.
Хасенов т.б. ғалымдар еңбектерінде шағын мысалмен баяндауыштың есім
сөздерден болатынына тоқталады.
Аширова Анар Тишибаевна, Карабаева Ханшайым Абдуталиповна
К. ф. н., доц. кафедры государственного языка КазНУ им. Аль-Фараби
г. Алматы, Казахстан
Применение назывных предложении в казахском языке
В казахском языке назывные предложения рассматривались как
отдельный обьект исследования. Таким образом выявились типы и способы
строения назывных предложении в казахском языке.
Содержания назывных предложении не всегда одинаковы: в
предложениях иногда целесообразно выражать существительное через
сказуемое нежели через подлежащее. Так глубже передается смысловая
особенность предложения. Поэтому такие назывные предложения очень
часто используются в литературе, как особый стилевой прием компактной
передачи мыслей.
A.T.Ashyrova, H.A.Karabaeva
Al-Farabi Kazakh National University
Faculty of Philology, Literary Studies and World Languages
Chair of State Language
Almaty, Kazakhstan
The application of denominative sentence in Kazakh language
In Kazakh language denominative sentences were explored as an individual
object of the study. Thereby in Kazakh language the types and methods of
construction of denominative sentence were emerged.
6
The meaning of denominative sentence is not always the same: sometimes it
is advisable to express noun by predicate rather than by subject. Accordingly it
supports to convey semantic characteristic of sentences clearly. Therefore, these
denominative sentences are very often used in literature as a special stylistic
method for compact transmission of thought.
These values are not the same: in the initial verbal nouns are qualified to
judge than to say that it will be a special effect. Thus, the idea that his proposals
literature will be used as a way to speak in a compact design. At the same time,
fantasy figurative speech comparing the name above ".Sintaksis noun of the main
activities should complement each other. This is a natural property of the
determinant n noun and even spent verbal, that may be the basis for the verdict.
Verbal Noun focus on the basis of several independent, seams, it is known that
when connecting to help. "Abai's Way" is used by the majority of new nouns. But
these people novels namely, firstly, and secondly, the Kazakh real priority created
by indigenous words. in addition, the views of the author at based on the level of
consumer and shopping complex with a large number of types.
Short researchers to influence the formation of this type of offering, an offer
that reflects the priorities and the role of situational context, the process of
transformation is completely unattended bags. And the transition to the structure of
the sentence, the verb sentence, namely, sentence structure, verb Verbal shoot,
move from its position on his behalf before the word - the result of the conversion.
Пайдаланылған əдебиеттер
1. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. – Алматы:
Мектеп, 1971. - 337 б.
2. Сайрамбаев Т., Оңалбаева К. Есімдер синтаксисінің кейбір мəселелері.
Алматы: Агроуниверситет, 2005. – 175 б.
3.Р. Əмір. Жай сөйлем синтаксисі.-Алматы:Мектеп, 1983.-183 б.
4. Қазақ грамматикасы: Фонетика. Сөзжасам. Морфология. Синтаксис /
Жауапты ред. Е. Жанпейісов. – Астана, 2002. – 784 б.
5. Аманжолов С. Қазақ əдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы:
Оқулық. – Алматы: Санат, 1994. – 320 б.
6. Оразбаева Ф. Тiлдiк қатынас: теориясы жəне əдiстемесi. – Алматы,
2000. – 208 б.
Достарыңызбен бөлісу: |