СӨЖ 1 Әдеби тіл туралы ұғым Орындаған: Усманова А.Т Мамандығы: B601701 – Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Топ: 317 Тексерген: Коканова Ж. А Әдеби тілдің тарихын баяндамас бұрын, «әдеби тіл» деген категорияның өзі туралы түсінікті анықтап алу қажет. Өйткені «әдеби тіл» дегеннің мазмұны, сипаты жөнінде тек қазақ тіл білімінде емес, жалпы тіл білімінде анық, айқын, үзілді-кесілді айтылған тұрақты пікір жоқ.
Бірқатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы жалпы хатқа түскен дүниелердің тілі әдеби деп табады. Сондықтан орыс әдеби тілінің тарихын сөз еткен бірқатар мамандар жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп санайды. «Әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің хатқа түскен, белгілі бір дәрежеде өңделген ерекше түрі». «Әдеби тілдің тарихы – жазба ескерткіштердің тарихы». «Әдетте, жазусыз әдеби тіл болуы мүмкін емес». «Жазу – әдеби тілдің ең маңызды және қайткенде де болуға тиісті белгісі». «Тіл білімі тарапынан алғанда, «әдеби тіл» деп тек көркем әдебиет емес, ғылыми зерттеулердің, саяси трактаттардың, газет-журналдардың тілін де, қысқасы, жазба тілді атаймыз».
Міне, осы пікірлес ғалымдар белгілі бір тілді әдеби деп тану үшін жазудың болуы шарт дегенді, яғни хатқа түскен нұсқалары жоқ немесе олар өте аз жерде әдеби тіл де жоқ дегенді кесіп айтады. Бұл таным (концепция) көбінесе жазуы ертеден келе жатқан кейбір Еуропа халықтары тілдерін, славян тілдерін, оның ішінде орыс тілін, көне жазулы үнді, қытай, жапон тілдерін зерттеушілер тарапынан қолдау табады. Ол қисынды да. Көне, ескі жазулары болған халықтардың тілдері, олардың тарихын зерттеуге қажет объектілердің (жазба ескерткіштердің) сипаты, сөз жоқ, жоғарғы пікірлерді айтқызуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде «әдеби тіл» деген термин «жазба тіл» дегеннің баламасы ретінде ұсынылады.
Ал осы таным дүниежүзіндегі тілдердің барлығына келгенде, бірден-бір дұрыс анықтама бола ала ма? Әлде әр халықтың мәдени-рухани дүниесі тарихының ерекшеліктеріне орай және тілінің әр дәуірдегі даму барысына сәйкес сол тілдің әдеби түрін танытатын өзге де белгілердің болуы мүмкін бе?
Зерттеушілердің көпшілігі «әдеби тіл» ұғымы тарихи жағы- нан құбылмалы деп таниды. Демек, ол жөніндегі бір ғана таным-анықтама барлық тілдердің әдеби түрінің даму барысыңдағы күллі дәуіріне бірдей сай келуі – шарт емес. Сондықтан кейбір халықтардың жазу дәстүрі тумаған немесе өрбімеген, я болмаса бір кездерде жазуы болып, кейін әртүрлі себептерден дамымай қалған дәуірлерінде де әдеби тілі болуы мүмкін деген пікірлер де орын алып жүр.
Қазақ тіл білімінде де «әдеби тіл» деген ұғымға тиянақты бір анықтама берілмей келеді. Жалпы күні бүгінге дейін «қазақ әдеби тілі», «қазақ жазба әдеби тілі», «қазақ ауыз әдебиеті тілі», «қазақтың жалпыхалықтық тілі» деген категориялар бір-бірінен ажыратылып, әрқайсысы нақты анықтамаға ие болған жоқ. Өйткені қазақ тілінің бізге мәлім тарихының өн бойындағы сыры, ерекшеліктері, жұмсалу өрісі толық зерттеліп біткен жоқ. Соңғы жылдарда қазақтың жалпыхалықтық тілі мен әдеби тілі тарихына қатысты жеке мәселелерді қарастыру едәуір қолға алынғанымен, әрине, бұл ізденістер проблеманы түбегейлі шешіп тастауға әлі де жеткіліксіз екендігі аян.
Бізде де әдеби тіл статусын жазумен ғана байланыстыру идеясы жоқ емес. М.Балақаев: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл