- Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін "қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде" болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде "Орал", "Сарыарқа", "Байкал", "Өтіп бара жатырмын" тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. "Елге хат" (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), "Ұлы күтіс", "Үстімде сұр шинелім", "Подполковник Әлпинге", "Қапанға", "Сәбитке", "Ғалиға жауап", "Қызғалдақ", "Сен фашиссің, мен қазақпын", "Дариға, сол қыз" сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі "Ақын өлімі туралы аңыз" поэмасы – соның айғағы.
|