Аутизмның белгілері. Белгілері баланың үш жасына дейін айқын байқалады. Әдетте, ер балаларда жиі кездеседі. Ата анасы баланың құрдастарымен салыстырғанда кеш дамып, әлі сөйлемегенін байқайды. Алғашында бала керең секілді болып көрінеді, бірақ тексеру нәтижесі олай емес екенігін көрсетеді. Кейде бала сөйлеуді бастайды, бірақ біраз уақыт өтісімен, сөйлеу қабілетін қайта жоғалтады. Күнделікті қылықтары қайталанады, күнде бір ойыншықпен және жалғыз ойнайды. Тіпті ойыншықтың тек бір бөлігімен ғана (мәселен тек қолымен немесе басымен) ойнауы мүмкін. Күнделікті қайталанатын тәртіптің өзгеруін бала өте қиын қабылдайды. Ата-аналарының айтуынша, бала көзге тіке қарамайды. Көбісінің зияткерлік қабілеттері қалыптыдан төмен.
Аутизмі бар жасөспірімдер депрессияға шалдығып, кейде эпилепсиялық ұстамалар байқалады.
Аутизмді анықтап, диагноз қою. Балада аутизм белгілері бар екеннін анықтауда дәрігерлердің өзіндік нормативтері бар. Негізінен белгілердің үш тобы бар:
Әлеуметтік арақатынастар мен әрекеттер. Мысалы, бала көзбе – көз байланыстан қашқақтайды. Өзге адамдардың сезімдерін, мәселен, ауыру және көңілсіздікті түсінуі қиын.
Ауызша және ауызша емес байланыс. Мысалы, бала мүлдем сөйлемейді немесе тек бірнеше сөздерді тоқтаусыз қайталайды.
Шектеулі қызығушылықтар. Мысалы, бала ойыншықпен тұтастай ойнамай, тек оның бір мүшесімен (қолы, аяғы, басы) ғана ойнайды. Ал жасөспірімдер тек бір сабаққа немесе жалғыз тақырыпқа ғана құмарта қызығуы мүмкін, мәселен, математика немесе сандық белгілер.
Сонымен қатар, ауытқулардың себебін анықтау мақсатында баланың есту қабілеті мен басқа да қабілеттері тексеріледі.
Аутизм қалай емделеді? Ең бастысы, кешіктірмей тексеріліп, емделу терапиясын ертерек бастаған дұрыс. Себебі терапияны бала кішкентай кезінде бастаса, нәтижесі жақсы болады. Аутизмге ұшыраған адамдардың әрқайсысының белгілері әр түрлі және әр адамға тек өзіне тән ем түрі жүргізілуі керек. Аутизмді емдеу үшін науқас адмның мінезі мен жүріс-тұрысына қарай терапия қолданылады. Бұл терапия баланың дұрыс тәртібі үшін арнайы сый береді, осылай бала айналасымен арласып, байланысқа түседі.
Баланың ерекшелігіне қарай физикалық және сөйлеу терапиялары қолданылуы мүмкін. Баланың бөлектенуін, мақсатсыз қозғалуын және қорқыныш сезімін жою үшін анималотерапияның (арнайы үйретілген иттер, аттар және дельфиндер) көмегі зор. Соңғы зерттеулер дельфинотерапияның бірнеше артықшылықтарын дәлелдеді. Бұл терапиямен емдегенде дельфиндерден бөлінетін жоғары жиілікті сонарлардың әсерінен баладан бақыт гормондары бөлінеді. Бұл гормондар ми қызметіне әсер етіп, баланың көңіл-күйін жақсартады.