Асықты жілік шыбығы (fibula) – дұрыс емес пішінді денесі және қалыңдаған екі ұшынан тұрады. Денесінде медиалды, латералды, артқы беттерін және алдыңғы, артқы, сүйекаралық жиектерін ажыратады. Сүйектің жоғарғы бөлігі, дұрыс емес пішінді сүйірленген ұшымен аяқталатын басына (caput fibulae) жалғасады. Ол бұлшықеттер бекуге арналған. Басының жоғарғы медиалды аймағында асықты жіліктің проксималды эпифизі қосылатын кішігірім буындық бет байқалады. Төменгі эпифизі асықты жіліктің дисталды эпифизі және асықты сүйекпен қосылатын буындық беті бар латералды толарсақпен (malleolus lateralis) бітеді. Асықты жілік шыбығының тікелей тері астында орналасқан латералды толарсағынан басқа бөлігі өне бойында бұлшықеттермен жабылған.