Балым (қолын созып). Маған бер. Сүт жоқ. Суға талқан шылап берейін, қайтер екен? Жаңа шешесі: «Жеп қояды,» - деді-ау. Сірә, бала дейтін біреулер бар болды ғой.
Мүсірепов. Бейкүнә періштедей нәрестенің не жазығы бар? Нәрестені жегені – ар-ұятты жегені. Нәрестенің бір аты – ар-ұят, оның ар-ұяты таза. Оның бір аты – әділет. Нәрестені жегені – әділетті жегені.
Балым (баланың ерніне талқан жалаттырып). Е-е, бәсе, талмап жатыр. Осыны жесең, өлмейсің, байғұс. (Мүсіреповке бұрылып) Ар-ұят, әділет-пәділет деген бірдеңе айттың-ау, қайным. Бала жегіштер аштар ғана емес. Анау... (Әлдеқайда иегін көтереді) Солар. Бала ғана емес, бүкіл елді тұқым-тұқиянымен жұтып жатқан. Бала жегенді ұстасаң – соттарсың. Ал бүкіл халықты жеп жатқанға не істейсің?! Оларды ұстап соттағанның өзінде – өлген қайтып тірілмейді. Зауалы қалай қайтады сонда?!
Мүсірепов (жауабын таппай қиналып). Сұрапыл сұрақ, жеңеше. Оларға тарих мәңгілік лағнат таңбасын басар.