Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі Қазақ әдебиеті сабағында көркем шығарманы оқытудың тиімді жолдары



Дата24.02.2022
өлшемі28,02 Kb.
#26320
түріСабақ
Байланысты:
Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі


Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі

Қазақ әдебиеті сабағында көркем шығарманы оқытудың тиімді жолдары

Әдебиет методикасы – педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Мұның қамтитын объектісі, қарастыратын мәселелері педагогикалық процесс, яғни мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың оқу-тәрбиелік процестегі өз ара қарым-қатысы болып табылады. Демек, әдебиеттік материалдарды оқып үйрену негізінде оқушыларға әдеби білім мен коммунистік тәрбие беру жөніндегі туатын заңдылықтарды қарастырады. Бұл мақсат-міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруда, сөз жоқ, педагогика ғылымының, оның теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді. Бірақ әдебиет методикасы педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмай, тек көркем әдебиетті оқып үйрену негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін өз шеңберінде ғана алып баяндайды[1, 5].

Мектептегі өзге оқу пәндері сияқты әдебиет пәнін оқытуда қолданылатын көптеген негізгі және көмекші әдістер бар. Бұлардың кейбіреулері барлық оқу пәндеріне, әсіресе гуманитарлық пәндерге ортақ әдістер болып табылады. Осымен қатар тек әдебиетті оқытуда ғана қолданылатын әдіс-тәсілдер де бар. Мысалы, көркем сөз текстін мәнерлеп оқу, түсініктеме бере, талдау жасай отырып оқу, сюжетті шығарманы әр түрлі вариантта ауызша мазмұндау т.б.[1, 14]

Енді әдебиетті оқытуда қолданылатын кейбір әдіс-амалдарға қысқаша тоқталу, олардың әдебиетті оқып үуренудің қандай мәселелерімен байланысты қолданылатынын әңгімелейік. Алдымен баяндау әдісіне тоқталайық. Бұл – әдебиетті оқытуда қолданылатын негізгі әдістердің бірі. Әдебиет сабақтарында баяндау әдісі арқылы ірілі-ұсақты көптеген мәселелер (оқу материалдары) түсіндіріледі.

Әдебиетті оқытуда қолданылатын сұрақ-жауап түріндегі әңгіме әдісіне келсек, бұл да әдебиет сабақтарында жиі кездесетін негізгі әдістердің бірі. Мысалы, бұрын өтілген материал мен жаңа өтілген матеиалды қайталап пысықтап бекіту, қорыту оқылған шығарманың мазмұнын қаншалықты ұққандығын байқау, шығарманы талдау, ауызша, жазбаша тіл дамыту сияқты жұмыстармен байланысты қолданылып отырады. Бұл IV-X кластардың бәрінде қолданылады.

Әдебиетті оқытуда қолданылатын тағы бір әдіс бар, ол – көркем сөз тексін мәнерлеп оқу әдісі. Бұл әдісте әдебиет сабақтарында әсіресе IV- VII сыныптарда, көбірек қолданылады. Мысалы, көлемі шағын шығармаларды (қысқа өлең-жырлар, әңгімелер, үзінділер, мысал өлеңдер т.б.), ақын, жазушының өмірбаяны мен творчестволық жолын айқын түсінуге көмектесетін шығарма тексттерін, сондай-ақ жоғары кластарда тарихи-әдеби шолуларды өткенде, дәуір әдебиетінің өзгешелік сыр-сипатын түсінуге жәрдемі тиетін үзінділерді т.б. мәнерлеп оқу. Ретіне қарай тексты мұғалім де, оқушыларда кітап бойынша да, қажеттілігіне қарай жатқа да мәнерлеп оқиды.

Әдебиетті оқытуда қолданылатын ендігі бір әдіс – түсініктеме бере отырып оқу әдісі. Бұл әдіс көлемі шағын шығармаларды немесе қысқа үзінділерді текстің мазмұн жігіне қарай бөліп оқи отырып, жол-жөнекей талдау жасап отыру мақсатымен қолданылады. Бұл әдіс көбінесе IV- VI кластарға қолайлы.



Әдебиетті оқытуды қолданылатын негізгі әдістің бірі - лексикалық әдіс. Бұл әдіс негізінен ІХ-Х кластарда қолданылады. Алайда ретті жерінде VIII класта да қолданылады. Мысалы, тарихи-әдеби шолулар, ақын, жазушының өмірі мен творчестволық қызметіне сипаттама, әдебиеттің тарихы мен теориясына байланысты мәселелерді жинақтар қорту, көркем шағарманы талдау т.б.[1, 14-15]

«Көркем шығарманы талдамас бұрын оны дауыстап оқып, дауыстап жеткізу керек. Сонда ғана шығарма балаға барынша әсер етеді»  М..А. Рыбникова. Еліміздің өз тәуелділігіне қол жеткізіп, саяси - әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта терең білім, сауатты ұрпақ тәрбиелеу - негізгі міндеттердің бірі.  Әлемдік саяси аренада Қазақстан Республикасының өзіндік салмағын  пайымдау оның ұлттық білім жүйесінің жоғары дәрежеде дамуымен байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ел халқына Жолдауында «Қазақтың ел болуы, ұлт тағдыры – оның келешек мектебінің қалай болып құрылуына тіреледі.» - деп атап көрсетті. Оқушыларға әдебиеттің құдіретін, оның адам баласы жаратылғаннан бері бірге жасасып келе жатқандығын, мәңгілік жаңарып, жасарып отыратын үрдіс екенін айтып, түсіндіре отырып, сол әдебиетті жасаушылар, ақын – жазушылар туралы, олардың көркем шығармалары жайында айтуымыз керек. 

«Көркем шығарма - әдебиеттің құндылығы. Көркем шығарманы оқыту – оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру» - деген болатын әдебиет зерттеуші – ғалым, белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Қажым Жұмалиев. Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек.Бұл – оңай үрдіс емес. Қабылдау деген сіз бере салғанды ол ала қоятын зат емес. Ол – оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние. 
Қандай жақсы көркем шығарма болмасын оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жай күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса бәрі бос сөз. 
Оқушыдағы осы сезімді ояту – мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, әдеби, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс – тәсілдерді орнымен қолдану қажет. 

- Сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп, тануға, ой көзімен зерделеуге негіз болатын білім, білік, икем – дағдылар қалыптастыру; 

- Ойын сауатты ауызша (жазбаша) айта да, жаза да білу, байланыстырып сөйлеудегі тіл мәдениетін қалыптастыру және дамыту, өзіндік ой – пікірін дәйекті, жүйелі айта білуге баулу. Әдебиет - өнер, әдебиет - ұлттық қазына, асыл мұра. Әдебиет – ұлттық танымның қайнар көзі, сондықтан көркем шығармадан алынған үзінділерді оқулыққа ендіруде төмендегідей қағидалар басшылыққа алынған: 

1. Шығарманың жанрлық, композициялық тұтастығы; 

2. Оның ұлттық қазына екендігі; 

3. Мәтіндердің сәйкестігі мен сабақтастығы; 

4. Әдебиетті сөз өнері ретінде таныту; 

5. Оқушы тілін дамыту негізінде оқырмандық біліктілікті қалыптастыру; 

6. Оқушылардың тілдік қатынасын коммуникативтік түрде дамыту; 

Бұл жерде міндетті түрде оқушылардың пән бойынша іскерліктерін танытатын, жалпы іскерліктерін дамытатын шығармашылық әрекет қажет. Әдістеме аппаратының басты функциясы – көркем шығарманы қабылдатуға үйрету болғандықтан оқушы мен мұғалім арасында жүйелі байланыс орнығуы керек. Міне, осы жүйелі байланысты өз тәжірибемде қалай іске асырып жатқандығымды көрсету үшін, көркем шығарманы оқытудың қағидаларында кездесетін кейбірқиыншылықты шешудің тиімді жолдарын көрсету мақсатында «Қазақ әдебиеті сабағында көркем шығарманы оқытудың тиімді жолдары.» атты тақырыпты таңдап алдым. 

Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Көркем шығарманы оқу үйде, сыныпта жүргізіледі. Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу, әр сөзді айқын, түсінікті оқу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуы талап етіледі. Оқушыны көркем мәтіннің оқу түрлеріне дағдыландыру керек. Көркем мәтінді оқу түрлерін жіктеп ажыратамыз: 

1) көркем мәтіндегі жазушы ойын мұғалім көмегімен аңғара оқу. Оның мән-мағынасын тұшына, түсіне оқу. Қиын, түсініксіз образды, айшықты сөздерді ұғына оқу, яғни лингвистикалық түсіндірмелі оқу; 

2) таңдап оқу. Белгілі мақсатпен қойылған сұрақтарға жауап іздеп, тіл көркемдігін дәлелдеу, портрет, пейзаж, образды табу; 

3) іштен оқу немесе өздік оқу. Іштен оқудың оқушыны жеке, өз бетімен жұмыс істеуге баулудағы маңызы ерекше зор. Ойлану, өз бетімен іздену, жауап табу, дербес белсенділігін арттырудағы іштен оқудың атқарар рөлінің ерекше екендігі; 

4) рөлге бөліп оқу. Рөлге бөліп оқу таным белсенділігі, қызығушылығын арттыруда, қабілеттерін дамытуда, сабақтың эмоциялық, психологиялық мәнін нәрлендіруде пайдалы; 

5) хормен оқу. Оқу техникасын жетілдіру, мәнерлі, айқын оқу, көркем мәтінмен жұмыс істеуге баулу бүкіл сынып оқушыларын көркем оқуға ұйымдастыруда тиімді; 

6) ұжымдық оқу. Әсіресе, даралап оқытуда тиімді. Оқу техникасына, мәнерлеп оқуына қарай, оқушыларды топқа бөле отырып, мұғалім ұжымдық оқуды тиімді ұйымдастырса, көркем мәтінді тез меңгертуге ықпал жасайды, мәтінді оқуға деген оқушы ынтасын арттыруға әсер етеді; 

7) жұптық оқу. Жұптық оқудың тиімділігі, біріншіден өз беттерімен оқу техникасын жетілдіру дағдыларын дамытады, екіншіден ұқыпты тыңдай білуге, бір-бірінің жұмысына талдау жасай білуге икемдейді; 

8) мәнерлеп оқу. Мәнерлеп оқу-әдебиетті оқытудың басты әдістемелерінің бірі. Мәнерлеп оқудың мақсаты: 

а) оқушыларға көркем туындының эмоциялық-эстетикалық әсерін сезіндіру; 

ә) көркем мәтінге жан беру, әр сөздің мәні мен мағынасын, сөз бояуларының нақышын сезе білу

в)көркем мәтіндегі айтар ой мен поэтикалық көркемдікті өздеріне болжату, түсіндіру, мәтінді талдау дағдыларын дамыту. 

Әдебиет сабағының күре тамыры көркем мәтінмен жұмыс істеу деп санаймын. Оның ерекшелігі сол - ол оқушының жүрегіне, сезім қылына әсер етуі. Оқушылармен бірге көркем шығармамен жұмыс істей отырып, олардың ойлауына, толғауына, пікір айтуына ықпал жасаймын. Оқушылар көркем шығарманы оқып біткен мерзімде, ауызша, жазбаша сұрақтар арқылы мазмұнын айтқызамын, өзіне ұнаған бір эпизодты қысқаша баяндатамын, бір кейіпкердің іс-әрекетінен мысалдар келтірткіземін, ең негізгі деген жерлерден үзінді жазып, «Ол қай оқиғадан алынды, кімнің сөзі?» деген сұрақтарға жауап аламын, әр түрлі әдеби ойындарын жүргіземін. 
Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Көркем мәтінді оқыту мен талдауда оқушының мәтін мазмұнын меңгеруіне көңіл бөлу керек. Көркем шығарманы оқығанда, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушылардың зейіні, есте сақтау, қабылдау қасиеттеріне қарай мұғалім мәтінді тұтастай емес, ең негізгі басты мәселелерін ғана мазмұндатып, оны меңгеруді одан әрі жалғастырғаны тиімді болады. Үзіндіні мазмұндағанда, оқушыларды мүмкіндігінше жазушы тілімен мазмұндатуға икемдеу керек. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап етемін. Көркем шығарманы үйге тапсырма ретінде бергенде, түсініксіз сөздерді, сөйлемдерді оқушылардың алдын ала белгілеп келуін талап еткен жөн. Сабақ барысында шығарманың мазмұнына талдау жұмысын жүргіземін. Күрделі, түсініксіз сөздерге түсінік беремін. Мысалы: қыстау, атан, шам, ру, шариғат бұйрығы, ердің құны. Кейбір диалогтерді оқи отырып, ең басты мәселелерді түсіндіремін. 

- «Арысыңды, ендеше, арыстан жеді» (Бөжейдің сөзі). 

- «Ақ қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан қара бет?!» (Қодардың сөзі). 

Әдеби талдаудың басты мақсаты-оқушылардың өзіндік қабылдауларын, пікірін әдебиеттану ғылымының талабына сай ғылыми арнаға бағыттау болып табылады. 

Көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған әдіскер ғалымдар: Ә. Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т. Ақшолақов, т.б. Көрнекті әдіскер, ғалым Төлеутай Ақшолақов көркем шығарманы талдау мәселесіне таза әдеби - эстетикалық жолмен қарауды ұсынды». Біз шәкірттерді сөз сырына бойлатуымыз керек. Бүкіл кілт - осында. Өйткені, көркем әдебиетте сөз -мазмұн да, форма да. Шәкірттерді сөздің алуан сырына үңіле білуге үйрету - әдебиет шығармасын танытудың басты жолы. Ақын шығарма құрылымында сөздерді қандай кәдесіне жарата білген, сөз кірпіштерін қаншалықты қиыстыра қалай білген, шығарманың бүкіл бітімін қалай сомдаған, қандай жаңа поэтикалық жаңалықтар әкелген, қандай сом образдар жасаған, мұғалім осыған үнемі, сабақ үстінде, сабақтан тыс уақытта шығармашылық тапсырмалар беру арқылы үйретіп, баулып отырса, шәкірттер өнер туындысының қадыр қасиетін танумен, астарлы сырына үңіле білумен қатар, жазушы стилін, шығарма стилін аңғарар еді. 
Тегінде, баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен білім алуға үйрету -ең ұтымды жол» [2, 92]. 

Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады [3, 127]. Көркем мәтінді талдаудың жолдары мен бағыттары Рәбиға Сыздықова мен Бердібай Шалабай еңбектерінде жан-жақты сараланады. Ғалымдар көркем мәтінді талдаудың жолы мен жүйесін айқындайды. Көркем мәтіннің негізгі белгілеріне байласым, тұтастық және эмотивтілік жатады. Байласым- лингвистикалық ұғым, ал тұтастық-психолингвистикалық ұғым. Байласым көмегімен мәтін құрылысының феномендері талданады, ал тұтастық ұғымы арқылы мәтіннің терең қабатындағы орналасқан әрекеттері түсіндіріледі [4, 8]. 
Көркем шығармаларды оқытудың тиімді де өнімді жолдарын іздеудегі әйгілі ұстаз, әдіскер Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның еңбегі зор. Әдіскер ұстаздың қаламынан М.Әуезов шығармашылығын оқыту мәселесіне байланысты үш кітап жазылған. «Оқулықта... талдаудың бір түрі-образдық талдау жүйесі негізге алынған». Көркем шығарманы талдау жүйесі, ең алдымен алдымен көркем туындыда жазылған, баяндалған оқиғалардың тарихи негізіне назар аудартады. Мұғалімнің түсіндірме әңгімелерінен кейін, мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнымен танысу, мәтінді бөлшектерге бөліп, ат қою, әр бөліміне жоспар құру, құрылған жоспар бойынша тірек сөздерді қолданып мазмұндату, шығарманың басталуы, шығарма ішіндегі уақиғалардың байланысы, уақиғаның шарықтау шегі, шешімі айқындалады. Әр шығармадағы адам тағдыры жеке кейіпкерлер арқылы пайымдалып, іс-қимылы, мінезі, қылығы, әрекеті айқындала түседі. Кейіпкерді танытатын, айқындап, даралап беретін негізгі элементтер: портрет, іс-қимыл әрекеті, тілдік көрінісі, көркемдік детальдар, суреттеме, кейіпкерлер диалогы, жанама сипаттамалар, кейіпкердің өзара қарым-қатынасы, қақтығысы, күресі т.б. Кейіпкерді талдап, тану барысында оқушы көркем шығармадағы кейіпкердің жүйесін нақтылайды, өзара байланысын, жазушының әр кейіпкерге қандай сипаттама бергенін, портретін, кейіпкерлердің диалогтары арқылы олардың мінезін ерекшелеп айқындап, негізгі орталық тұлғаны анықтайды [5, 62]. 
Оқушы көркем мәтінді талдай білу арқылы нақты, дәлелді сөйлеуге дағдыланады, сөз құдіреті мен қасиетін ұғынады. Сол себептен, ең алдымен көркем тілмен сөйлеуге талаптандыру керек. Әр сөйлемнің негізінде нақты ой, сол ойды анық, айқын кестелейтін сөз оралымдары болу керек. Күнделікті пайдаланатын тілді жақсы меңгерген баланы оны кестелеп, әдемілеп қолдануға дағдыландыру керек. Мағынасыз сөздер, шұбалаңқы сөйлемдер, айтатын ойын нақтылап беруге шорқақтық көркемдеп сөйлеуге зиянын тигізеді. Сондықтан көркемдеп сөйлеуді әр сабақта жүйелі түрде жүргізген тиімді болмақ. Көркем сөйлеу оқып отырған көркем шығармаға да тікелей байланысты. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап ету-осы көркемдеп сөйлеуге баулудың басты жолы. Көркем сөйлеудің негізгі белгілері топтар, фигуралар түрін меңгерту, теңеулер мен баламаларды сөйлемде жиі қолдану болмақ. Көркем мәтінді оқу барысында керекті дәйектемелерді ала білуге, бейнелі оралымдарды теріп алуға баулу. Көркем шығарма тілін талдауда жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігі, тілдік құралдарды поэтикалық деңгейге сай қолданылуы, сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танытады. 

Сөйтіп, әдебиет методикасы дегеніміз – нақты оқу-педагогикалық процесте оқушыларға әдеби білім мен коммунистік тәрбие берудің ғылыми және тиімді жолдарын үйрететін оқу пәні. Бұл міндетті мүлткісіз орындап шығуда, бір жағынан, маркстік-лениндік әдебиет тану мен педагогика ғылымдарының табыстарына сүйенсе, екінші жағынан, мектепте әдебиетті оқыту методикасының теориялық қағида – ережелеріне және озат тәжірибеден қорытылып жинақталған практикалық маңызы бар әдіс-амалдарға сүйенеді.



Сайып келгенде, осылардың бәріне арқау, тірек болатын негізгі материал – көркем әдебиет. Тек осымен байланысты әдебиет сабақтарындағы және одан тыс уақыттағы оқу – тәрбиелік процесс жүзеге асырылады[1. 6].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1. А.Көшімбаев. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. «Мектеп». Алматы – 1969 ж.

2. Т. Ақшолақов. Шығарманың көркем айшықтарын таныту. «Жазушы», 1998. 

3. А. Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы. «Жазушы», 1992. 

4. Р. Сыздықова, Б. Шалабаев. Көркем тексті лингвистикалық талдау. «Мектеп», 1989. 

5. Қ. Бітібаева. Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары. «Жазушы», 1990. 

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет