10-тақырып. Драмалық шығармаларды оқыту
Драма жанрының ерекшеліктері
Драманы оқыту ерекшеліктері
Талдау сабақтарында қолданылатын негізгі әдістер
Дәріс мақсаты:
Драма жанрының ерекшеліктері
Драманы оқыту ерекшеліктері
Талдау сабақтарында қолданылатын негізгі әдістер
1. Драма жанрының ерекшеліктері
Драманы оқытуда оның жанрлық ерекшеліктері ескерілуі керек. Драмалық шығармалар, яғни пьесалар театр сахнасына арналып жазылады. Соған байланысты оның көлемі, тілі, адам характері мен оқиғалардың берілуінде өзіндік ерекшеліктері бар. Драма тіліндегі ерекшелік – оның кейіпкерлер диалогы мен монологтардан құралуында. Диалог – оқиғаға қатысушы бірнеше адамның өзара сөйлесуі де, монолог – бір кейіпкердің сөзі немесе толғанысы. Диалог те, монолог те тартысқа қатысушы адамдардың алуан мінезін, болмысын танытуға қызмет етеді, оқиғаны кеңінен түсінуге мүмкіндік береді. Драмалық шығармаларда автор басқа жанрдағы туындылардай оқиғаны, құбылысты өзі баяндап отырмайды, барлық қимыл-қозғалыс, мінез-болмыс – баршасы кейіпкер сөзімен және іс-әрекеті арқылы көрінеді. Сондықтан кейіпкер сөзіне үлкен мән беріледі. Ал автор сөзі (ремарка) қысқа болып, аз мөлшерде кездеседі6 онда да кейіпкердің қимыл-қозғалысы, сырт бейнесі, киімін, т.б. түсіндіру мақсатын көздейді.
Пьесадағы оқиғалар мен кейіпкерлер іс-әрекетінің негізін тартыс құрайды.
Тартыс (лат. conflіctus – қақтығыс) – екі немесе бірнеше жақтардың қарым-қатынасы барысында мақсаттары мен көзқарастарының өзара қарама-қайшылығы. Тартыс мақсат-мүдделері кереғар екі топтың, адамның арасындағы әрекеттен туындайды.
Драма мәтіні бірнеше бөлімдерге бөлінеді. Әр бөлім акт (перде) деп аталады. Мазмұнына қарай пьеса бірнеше актілі болады. Әрбір акт бірнеше көрі ністерге бөлінеді.
2. Драманы оқыту ерекшеліктері
Әдебиеттің басқа жанрына қарағанда драмалық шығармаларды оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік драмалық туындылардың жанрлық табиғатына тікелей байланысты болып келеді. «Пьеса-драма, комедия-әдебиеттің ең қиын формасы», – дейді М. Горький. Себебі, әдебиеттің проза, лирика жанрларында айтатын ой, кейіпкерлер іс-әрекеті, көрініс, сахна бірінші кезекте болады. Орыс жазушысы Гоголь: «Пьеса тек сахнада ғана өмір сүреді», – деуі осыған дәлел.
Драмалық шығармаларда оқиғалар оқырман көз алдында жаңа өтіп жатқандай әсер қалдыруы керек. Күшті сюжет, ең бастысы, өткір, шиеленісті тартыс, өмірдегі қарама-қарсылықтар – драманың өзегі, негізгі арнасы. Драмада қаһарман белгілі бір мақсат үшін күреседі, сол себепті оның күші зорайып, іс-әрекет, қимыл арқылы көрінеді. Драмадағы тағы бір ерекшелік, қаһармандар іс-әрекеті әр жаққа шашырамай, бәрі бір жүйе, бір арнада өрбіп, дамиды.
Драманы оқытқанда әуелі драматург туралы әңгіме жүргізіліп, оның жалпы шығармашылығының бір саласы драматургия екендігі, драмаларының тақырыптары, ерекшеліктері туралы шолу жасалып, сосын жеке пьесалары талданады. Драма мәтінін оқу көбінесе оқушыларға өз бетімен оқуға беріледі. Кейбір үзінділер практикалық сабақтарды талдау үшін пайдаланылады. Пьесаны талдағанда оқушылар оның идеялық мазмұны мен тақырыбына, көркемдік ерекшеліктеріне т.б. көңіл бөледі. Жанрлық ерекшелігіне орай пьесаны рольдерге бөліп оқыту жүргізіледі. Бұл әдетте мектеп практикасында жиі кездеседі.
Драмалық шығармаларды талдау әдістемелері:
Талдауды бастамас бұрын, балаларға өтілгелі отырған драмалық шығармаларды алдын ала оқыту керек. Балаларға оқу барысында ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беру міндетті түрде жүзеге асырылады. Әсіресе, ең негізгі, басты тартыстар, шиеленістерді көрсететін акт, суреттерге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Оны мұғалім үлестірме-нұсқау арқылы да жүргізеді. Мысалы, Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын оқу барысында мынадай нұсқау ұсынуға болады:
– Трагедиядағы басты тартыстар, оқиғалар қайсы, соған назар аудар.
Трагедияда өзіңе, әсіресе, не ұнады, не ұнамады? Ойыңды, пікіріңді дәлелді айтуға тырыс, т.б.
Талдау алдында оқушыларға әдеби-теориялық ұғым берудің маңызы зор.
Талдауды драмалық шығармаларды видеодан көріп талдау, немесе, содан көрініс көрсетуден бастаудың маңызы зор.
Талдауда мәтінге сүйену, үнемі соған арқа сүйеу, әсіресе, драмалық шығармаларды оқытудың алтын арқауы болып табылады. Мұғалім ең негізгі көрініс, актілерді, монолог, диалогтерді бөліп ала отырып, сол бойынша жұмыс істеуі керек.
Мәнерлеп оқуға, түсіндірмелі оқуға, рөлге бөліп оқуға ерекше назар аударылады.
Талдау барысында жиі-жиі оқушыларды қозғау салып, олардың қиялы, ойына ерік беріп отыру да – драмалық шығармаларды оқытудың тиімді жолдарының бірі.
Драмалық шығармаларды оқытудың жолдары көп. Ол – әр мұғалімнің ізденісі, шеберлігіне де байланысты шығармашылық жұмыс. Дегенмен, оның өзіне тән оқыту әдістері, сабақ түрлері болады. Концерт-сабақтар, композициялық сабақтар түрі – драманы өтудегі тиімді сабақ түрлеріне жатады.
Пьесаны талдағанда басты назар аударылатын нәрсе – образдар. Кейіпкерлерге жеке-жеке мінездеме бергенде олардың сөздеріне (тілі) мән беріліп, әр кейіпкердің мінез-құлқы, көзқарасы, ойы – барлық болмыс-бітімі сол арқылы ашылады. Бұл тұста жеке детальдардың орны көрсетіліп, кейіпкердің жан дүниесіне үңілу арқылы шығармадағы тартыстың астарына үңілту, мәнін ашу, сол арқылы тақырыбы мен автор идеясына бағытталған әңгіме жүргізу өрістетіледі.
Композициялық талдауда шығарма бойынша оқиғаның дамуына, кейіпкер монологы мен диалогтарға көңіл аударылады. Шығарма композициясы (көрініс, акт, эпизод) талданады. Тұтас талдауды оңайлату үшін шығарманың әрбір көріністері әңгімеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |