Қазақ әдебиетінен функционалдық сауаттылықты қалыптастыру әдістемесі пәнінің мақсаты мен міндеттері Функционалды сауаттылық» пәнінің мақсаты мен міндеттері: Пәннің мақсаты: «Функционалдық сауаттылық»


О.Бөкеев шығармаларына теориялық талдау жасау жолдары



бет41/71
Дата12.04.2023
өлшемі1,45 Mb.
#81809
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   71
Байланысты:
жауаптары

44. О.Бөкеев шығармаларына теориялық талдау жасау жолдары

Ұлттық сөз өнері зергерлеріміздің бірі, қай шығармасы болсын оқырманды бейжай қалдырмайтын қарымды қаламгер Оралхан Бөкейдің соңғы туындысы «Атау кере» романының атының өзі бірден елең еткізеді. Өйткені «атау кере» сөзі ел ішінде адамдардың күнделікті қарым-қатынасында қолданыла бермейтін, сирек жағдайда, шанда бір ашынған ахуалда, болмаса шарасыздықтан айтылатын салмақты, зілді, ауыр ұғым. Шығармашылығында жеңіл мазмұн кездеспейтін Оралханның дәл осы күрделі тақырыпқа барып, әрі оны өзінің дәстүрлі шеберлігіне тән деңгейде ширатып, ширықтыра отырып жазғаны заңдылықтай қабылданады.

«Атау-кере» повесі бүкіл адамзаттық мәселелерді қозғайды. Повесть оқиғасының басында Еріктің реалистік сипаты басым болса, шешімінде мифтік сипаты байқалады. Қаламгер адамдар өмірін аралар дүниесіне ұқсатады. Еріктің көк басты сонаға айналып кетуі және Қатын суының арғы бетіндегі жұмбақ қыз – символ. Ерікті мифтік бейне ретінде қараудың өзі оның құбылуына байланысты. Бір түрден екінші түрге ауыса алатын – тек миф кейіпкерлері. Повесть соңында Еріктің құбылуына мән бере отырып, бұл повесті «Повесть-миф» деп атауға болады. Повестегі Шал образында романтизм сарыны байқалады. Шығармадағы Шал да, Таған да қоғамда бет алған адамның рухани әлсіреуінен шығудың шығар жолын, амалын табуға тырысады. Бірақ табиғат аясында қалудан басқа жолды көре алмайды. Сондай-ақ шығармадағы Тағанның табиғат туралы ойлары былайша беріледі: «... Табиғат жаратқан алқам-салқам болмайды, ол - әмісе әдемі, әмісе сүйкімді, әрі шыншыл, әрі ақылды, сондықтан да адамдар секілді қателеспейді. Табиғат – мәңгілік тірі, өтірік айтпауды, алдап – арбамауды табиғатан үйрену керек, өйткені ОНЫҢ (табиғаттың) жүрегі таза».
Шығармада жеңіліс пен жеңіс, түңілу мен үміт, қиянат пен қайырым, аярлық пен адамдық, марғаулық пен махаббат арасындағы тартысты күрес, өткен тарих пен бүгінгі нақтылықтың ажырамас аясындағы ұлт тағдыры мен келешегі таразыға тартылған романның кесек-кесек идеяларының түйіні кульминациялық сәтіне жетіп, ширақ та шымыр тарқатылады. Шеберлік құдыреті дегеніміздің құпиясы да осы болса керек! 

О.Бөкей шығармаларында уақыт пен кеңістік композициясы үлкен орын алады. Жазушы шығармаларындағы жыл мезгілдері: қыс, көктем, жаз, күз өз кезеңдеріне сай айшықты бедерленіп отыруымен қатар уақыттың да өлшемі болып суреттеледі. Шығармаларда суреттелетін оқиғалардың уақтысы, мезгілі нақтылы көрініс табады.

Романды уақыт тұрғысынан бағамдасақ мұнда жазушы XX ғасыр дертін, кеңестік жүйедегі сананалы адамдарды сан мәрте сансыратқан қасаңдықтар тұсын көрсетеді. Жазушы кейіпкер баяндауы арқылы 1930 жылдардағы ашаршылық тұсындағы қым-қуат тірлікке уақыт тұрғысынан тоқталады.

Сондай-ақ жазушы шығармасында діни уақыт атаулары да жиі қолданылады. Романда іс-әрекеттің жүзеге асуын кеңістіктегі уақытпен тікелей байланысады. Мұны жазушы былай береді: "Тоғай арасындағы суыртпақ жол ауылдың шетіне алып шықты. Бұл кезде күн екіндіге таяп, бағанағы ыстықтың беті қайта бастаған. Еріктің былтырдан бері ауылға келгені осы. Өзгермеген". "Күн сәске болғанда, ақ тер, қара тер болып, быршып терлеп, бет ауызын жыламышы су басқан Таған балтаны лақтырып жіберді де: "шөлдедім"-деп, аю талағандай қорқынышты үнмен айғайды салды дерсің". Жазушы шығармада адамның іс-әрекетінің жүзеге асуы барысы мен оған себеп етуші кеңістікті уақытпен байланыстырып, тәуелді етеді. Романның оқиға желісі, кейіпкерлердің әрекеті толықтай кеңістік пен уақыт категориясына бағытталған. Шығармада: "Тал түс шалқар түске ойысып, екі тәуліктен бері төбеден төңкеріле қараған күнні шуағына масайраған тау табиғаты таңғажайып қуанышпен жарқырай жайнап, қуана құлпырып тұр еді". "Таң алагеуім тартқанда ғана көзі ілінген Айнаның түсіне мұнар түнеп, бұлт көшкен таудың басында құйрығын шаншып, құлдыраңдаған ақбөрте құлын кірді..." "Тамылжып тамыз айы туған күннен бастап, таудың бұрымы іспетті қырдан ойға құлап түскен бұралаң жолға қарап ұзақты күн телміру-Бекзаттың екі-үш жылдан ауруға айналған айнымас дерті еді.

Оралхан Бөкей уақыт категориясын оқиғаның дамуымен, шиеленісуімен қатар байланыстырады. Кейіпкердің түсі мен ішкі монологын да уақыт пен кеңістікке бағыттайды. Шығармадағы басты мәселе рухани жалғыздықтың кеңістікке әсерін, кеңістіктің жалғыздыққа әсерін керемет астармен шиеленістіреді.Жазушы шығарманы жазу барысында өзінің субъективті қөзқарасын міндетті түрде басшылыққа алды.

Жазушының субъективті көзқарасы оның ішкі – "мені". Автордың субъективті көзқарасын кейіпкерлердің философиялық тұжырымдарынан көруге болады. Романның басты үш кейіпкері Таған, Ерік, Айна – замандастар. Ерік пен Айна ерлі-зайыпты. Алайда, олардың үшеуі – шығармадағы үш негізгі арнаны құрайды, үшеуі – үш әлем, үш категория. Осы үш категорияның философиялық көзқарасына қосалқы әсер ететін төртінші кейіпкердің де өзіндік пәлсапасы бар. Ол шығармада – Нюра Фадеевна. Автордың өзіндік толғаныстары шығармада жиі ұшырасады. Шығармадағы "Жер жер болып жаралған күнді ешкім білмек емес, демек, адамзат тіпті өзінің қашан және қалай жаратылғанын тек топшылап айтқаны болмаса, анық-қанығына жете алмады. Бірақ адамзаттың, ұлы да ұятты қасиеті жалғыз бұл ғана емес, емес... Атыңнан айналайын АДАМНЫҢ ең сұмдық қатесі сол-ол, асығыс аттағаны соншама, қайда бара жатқанын және жер бетінен қашан жойылып кетерін білмеуі еді..." "Өз ғұмырында ұйықтауды білмейтін, шыбын руынан шыққан осынау құйтақандай ғана АРАНЫҢ сана-сезімі, түйсігі-түсінігі болмаса да, табиғат жаратқан, біздер үшін беймәлім әрекеті әрқашанда адамдар ақыл-ойынан асып кетеді; өмір сүру, ұрпақ қалдыру ұранына "конструкциясына" қылау түсірмей, өңдеп-өзгертпей, қатып қалған заңын бұзақыланып бұзбай, ғасырдан-ғасырға ұластыруы қайран қалдырар еді; "ой-сана, салт-дәстүрін" бір жұп-жалғыз арнаға түсіріп алған АРАЛАР мемлекетінен адамдардың үйренері ұлан-ғайыр еді;" Осындай пайымдаулар арқылы автор шығармада өзіндік субъективті ойын көрсетеді, Және ойын сюжет желісімен тікелей байланыстырады. Сонымен қатар автордың моральдық өресі кейіпкерлер писихологиясы арқылы астастырылып беріледі. Жазушы өз көзқарасын кейіпкер философиясы мен психологиясы арқылы байланыстырып көбіне монолог арқылы көрсетеді.

Романда жазушы Тағанның "НЕГЕ БІЗ ОСЫ..." деген лекциясы арқылы өз ойын толық жеткізеді. "Оу, ағайын, ес-ақылдарыңды жиыңдар! БІЗ қатыгезденіп барамыз. БІЗ имансызданып барамыз. БІЗ айналайын анамыздың ақ сүтін ақтай алмай жүрміз, бір күнгі қызды-қызды қызыққа мастанып, тасыраңдап кеттік, көзімізді шел басты, көңіліміз көр, жігеріміз құм болып, құрдым дәуреннің әләуләйін шырқап жүрміз; тамаша өмірдің тасқынымен ығып, ығысып ағамыз келіп, ағысқа қарсы жүзу не жағалауға қарай ұмтылу жоқ. Өмір сүрудің ең оңай тәчілін тауып алдық та, жер бетінде өзімізден артық адам жоқтай жоқтан өзгеге сілеміз қатқанша күлеміз, сілікпеміз шыққанша бір бірімізге үреміз. Оу, сондағы мақсатымыз не? Тірі жүру, тіміскі өмір сүру ме?"

Шығарма кейікерлерінің портреті бір-бірімен мейлінше байланыспайды. Шығармада сюжет әрине бар. Бірақ автор шығарманы оқиға желісіне орайлатып емес, адамзатқа тән рухани аштық пен жалғыздыққа бағыттаған.

Романның басты үш кейіпкері – Таған, Ерік, Айна.

Таған кешегі от ауызды, орақ тілді, жалындап тұрған жас аспирант. Үлкен білімнің жолына түсіп, әлі көп ешкім бара қоймаған тың, батыл тақырыптарда ғылыми еңбек жазып жүрген жас ғалым. Бүкіл болашағы алда көрініп, барлық жас ізденімпаздарға тән ерекше ынта-жігер, үміт-сеніммен еңбегіне құлшына кірісіп, ерте көзге түсіп, жоғары оқу орындарында студенттерге лекция оқитын. Алайда, кеңестік жүйедегі барша саналы жандарды сан мәрте сансыратқан қасаңдықтар алдынан шығып, тауы шағылады. Жазып жүрген еңбектерінің барлығы жарамсыз, тіпті зиян деп танылып, еңбегі еш кетеді, жанбай жатып сөндіруге ұмтылатын айналасынан, ортадан түңілгенде, сол кезеңдегі зиялы қауым өкілдерінің біразының басынан өткендей, ең ақырғы жұбаныштай көрінген ащы суға алданудан бұл да қашып құтыла алмады. Сөйтіп жүргенінде, жұмысынан, дос-жараннан, жары мен баласынан айырылады, одан кейін мүлде құрдымға құлаған. Бір кезде алдында жәудіреп отырған жас студенттерге айтсам, жеткізсем деген арманда кеткен көп жайттарды енді арақтың буы жеңген сәттерінде өзімен-өзі қалып, тыңдаушысы жоқ лекцияларын ақтарады келіп. Йә, оның айтам дегені көп еді. Жас ғалым келе жатқан жаңа заманның елесін, жылымық лебін сезініп, өзін еліне, қоғамға қажетті адам санап, ғылым жолындағы ізденіс-жаңалықтары арқылы мысқалдай болса да пайдасын тигізуді парыз санайды. Соған байланысты қоғамдағы ескірген көзқарастарды, әлеуметтік, шаруашылық саладағы көп жайттарды түпкілікті өзгертуге жаңа бағыт, тың жол тапқандай жалындайтын. Алайда, алдынан шыққан асусыз қамал-кедергілерге тап болып, ойындағы адал арман-тілектерінің жүзеге аспауына көне алмаған алмаған арақкеш аспиранттың ендігі тыңдаушысы жоқ лекцияларының «НЕГЕ БІЗ ОСЫ..?» деп басталуы да содан.

Таған – қандай қоғамның болмасын ажырамас бөлшегін құрайтын зиялы қауым өкілі, соның ішінде жеке бастық пасық мүддеден мүлде биік тұрған, елін, ұлтын алға бастырсам дейтін адал, таза, озық ойдың адамы, біз айтып отырған романдағы үш арнаның прогрестік, дамушылық, қазіргі тілмен айтқанда демократиялық мазмұнын білдіреді. Бірақ «әркімге еңбегіне қарай, әркімге қабілетіне қарай» дейтін әдемі ұранды жариялағанымен, ең алдымен саналы, қабілетті деген мүшелерінің көзін құртуға тырысқан тоталитарлық жүйеде Тағандар азшылық, Тағандар әлсіз, ең бастысы қауіпті санатқа жатады. Оларды құртудың, қудалаудың сан-түрлі амал-тәсілі ойлап табылғаны мәлім, соның бірі «атау кере» аталып, талай жақсы мен жайсаңның түбіне жеткен арақ болатын. Әйтпесе, бір партияның диктатындағы барған сайын құлдырап бара жатқан тоталитарлық қоғамда ең алдымен ұлттық қасиеттердің, адамгершілік болмыстың жоғалып бара жатқанына қарсы дауыс көтерген Тағандардың: «біздер тарих-ананы қатты ренжіттік, өз ұлтымыздың тарихын кісенде ұстадық, киесі ұрады деп білмедік. Шала-жансар оқулыққа сендік, шала сауаттыларға сендік, шабына от түссе де айтайық: өкімет басында отырғандардың бар-барлығына сендік, олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болды. Міне сондықтан да халық адасты... адам жадынан, есіне айрылды», – деп келетін батыл лекциялары тыңдаушыларға мемлекеттік жүйенің тоқырағандығын, басқару тетіктерінің тозғандығын айқара ақтарып беретіні белгілі. Жалпы, кеңестік жүйенің «химиялық қаруына» айналған алькаголді ішімдік жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас бір ұлттардың азып-тозуына дейін жеткізгені сібір халықтарының тағдырынан әбден мәлім жайт. Мұндай қыл көпірден қазақтардың аман өтуі дәстүрлі тағамының құрамында ежелден айран, боза, қымыз сынды ашыған сусындардың болуы, яғни ағзаның дайындығынан ғана құдай сақтаса керек.

Ерік өзінен озғандарды, суырылып алған шыққан шешенсігендерді өлердей жек көреді, ол студент кезінен бері «мейманасы тасығандардың мысын басу, басына бақ қонғандарды басындырмау үшін жаралғандай» бойын соқыр қызғаныш билеген қараниет, пасық жан. Ғылым-білім, мәдениет-өнер жолындағылардың бәрін еңбексіз күн көретін арамтамақ санап, зиялы атаулыны ата-жауындай көреді. Бір кезде өзінен тым биікте тұрған, ғылым мен білімде қатарластарына дес бермеген аспирант кластасы Тағанның араққа ғана жеңіліп, алқаш атанып, ендігі бір жұтым сыра үшін мұның құлы болуға дайын екендігін көргенде төбесі көкке жеткендей қуануы да сондықтан. Аярлығының шексіздігі сонша - бір ауылда бірге өскен досының бейшаралық кейіпке түсіп, қамқорлыққа мұқтаж күйін көре тұра, атының артына мінгізбестен ауылдан қиян тауға қарай жаяу салпақтатады, ол аздай енді оны өмір бойы құлдықта ұстауды ойлайды.

Өзіне қажеттінің барлығын ақшаға сатып алуға болады деген дүлей сенімге келіп, біржола байлықтың түбіне түскен. Бұл мақсатына жету үшін Ерік Алтайдың жомарт табиғаты аямай бертін бар байлықты: жан-жануарын, аң-құсын, қарағай, балын, егер мүмкін болса тауын тас-топырағымен, орман-тоғайын тамыр-жапырағымен қаладан вертолетпен келетін тамыры Прохор деген дәл өзіндей сұмдарға сатып жіберуге дайын. Мұның бойында туған жердің табиғатына жан ашу, елдің қажетін ойлау, жұрттың алға басуына немесе мемлекеттің мүддесіне қызмет ету дейтін сезім-түйсіктің нышаны да жоқ. Тіпті туған анасы мен жарына да жаны ашымайтын, түпкі мағынасын өзі де түсіне бермейтін беймәлім мақсатына ерекше тоңмойын, тасырлықпен ұмтылады. Шығармада шартты түрде біз талдап отырған үш арнаның ішінде зиянды, кері тартқан, регрестік, әділдікке емес зұлымдыққа, қайырымға емес қиянатқа, дамуға емес анархияға апаратын апатты бағыттың уәкілі. Бәлкім, бұған артында қалар ұрпағының да керек еместігі сондықтан.

«Атау кере» елімізге нарық заманы енді ғана келе бастаған уақытта жазылғанын ескергенде, автордың Ерік бейнесі арқылы қоғамда «бәрін сатуға, бәрін сатып алуға болады» деген көрсоқыр, аса қатерлі, адамдыққа да жаратылысқа да қайшы көзқарастың жаппай етек алуынан алдын-ала сақтандырғаны хақ. Ал, Еріктің ақырында бүкіл тірлігі баянсыз болып, тіпті адам емес, жәндік-сонаға айналып қорлық, мазақ күйде өлуі заңдылықтай қабылданады. Иә, ол өзі таңдап алған оңай жолдың, жат, арамза тірліктің құрбаны болды. Табиғат ананың омырауын суалғанша сорып, жаратылыс тегін беретін байлықты өзгеден бұрын, өзгелерден тез тартып алу үшін Ерік қолынан келгенін аянбады, тіпті сонау мұхиттың арғы жағындағы тұқымы бөлек, өлермен, тойымсыз шетелдік еркек араларды алдырып, олардың жергілікті «жеңілтек» аналықтармен будандасуынан түрі бөтен, түсі суық қауіпті бір ұрпақ пайда болды. Бұлар қылшығы бұзылмаған, жайқалып, тұнып тұрған майшелпек, әрі бөтен аймаққа келісімен айналадағы өсімдік атаулының шырынын таусып біткенше тыным таппайды.

Өзі де «будан» тұқымға жататын ұлының қанағатсыз тірлігін жақтырмаған шешесі Нүрке кемпірдің: «жат жұрттық ешқашан жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады...» - деген ескертулері еленбей, ақырында кемпірдің ажалы да сол шетелдік аралардан келген.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, туындыдағы тұғырлы үш арнаның бірі – сұлулық пен әдемілік, жастық шақтың қас-қағымдай жарқын сәттерінің белгісі, ізгілік пен қайырымдылық, сезім мен махаббат қуаты Айна образы арқылы бейнеленеді. Онсыз өмірдің мәні, демек шығарманың да сәулесі болмас еді. Айна Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі үлкен-кішілі ауыл, қалалардан орта мектепті аяқтай сала Алматыға аттанатын мыңдаған албырт жастардың өкілі. Ауылдың, әке-шешенің тәрбиесін көріп өскен бұйығы қыздың мінез-құлығынан мін табу қиын, ал сыртқы сұлулығы қапысыз. Тілерсегіне түскен қалың қара шашын қақ тарап, маңдайы жарқырап жүрген жас студент қыз талай жігіттің көз құртына айналып, меселін қайтарған. Тіпті, институттың мұғалімдеріне дейін, әсіресе география пәнінің оқытушысы бурыл шашты ағайының пиғылы бөтен. Ақыры, қыр соңынан қалмаған «ұстазының» қысымына шыдамаған Айна оқуын тастап АХБК-ға жұмысқа тұрады. Азиялық бет-әлпетіне көк көздері ерекше жарасатын сымбатты Ерікпен сонда жүргенде тіл табысып, кейін оған тұрмысқа шығады.

Айна - құдай қосқан қосағына жан-тәнімен, ақырына дейін берілетін қазақ әйелдерінің дәстүрлі типінің жарқын өкілі, айнасы. Ол күйеуінің артынан еріп, айдаладағы тау арасына барып бірге тұрып, табиғаты қатал ортада жан бағудың барлық қиыншылықтарын қайыспай көтерісіп, сал болып қалған ауру енесін қабақ шытпай бағып-қағады. Арада жылдар жылыстап өткенде барып, жастай қосылған күйеуінің кейін ауылдан, адамдар ортасынан безініп, бұған түсініксіз болып бара жатқан күйкі тірлігі, тоңмойын мінезі, тіпті өзіне әйел ретінде қарауды қойған мейірімсіздігі, қыл аяғы жар қызығына да зар болып, жастық, қызулық ғұмырының қараң тартып бара жатқаны, Еріктің анау ауылдан итше ертіп келген, өзін бір жерден көргендей, досына деген қатыгездігіне әбден көзі жеткенде ғана көп-көп ойларға беріліп, көкірегі қарс айырылады. Иә, Айнаның Тағанды аспирант кезінде көргені рас-ты. «Студенттік өмірінің ішінде, әсіресе есінде қалғаны – үнемі бір ой үстінде жүретін қара бура шашты, кірпіктері қолмен қондырғандай үлкен қара көзін қоршап тұрған аспирант еді. Жалғыз-ақ рет көрсе де өмір бойы есінде қалған. Кей кезде түсінде көріп, қиялында қалған аспирантты шақырып жатып оянатын мезеттері де болған».

Мінеки, шығарманың шап-шағын құрамдағы кейіпкерлерінің қуатты типтері, ең алдымен олардың ішкі әлемі барынша кең ауқымды қамти тұра, қат-қабат тағдыр айдап бүгінгі тіршіліктері тар кеңістікте тоғысқандықтан да, оқиғалардың өрбу, шарықтау барысы қас-қағымда өтеді. 



Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/41676/


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   71




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет