51. ӘДЕБИЕТТІ ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІ «Баланың ынтасын арттыру үшін
оқылатын нәрседен бір жаңалық болу керек»
Жүсіпбек Аймауытов
Бүгінгі заманда қай салада болмасын ақпараттық- технологияны қолдану кеңінен етек жайып келеді. Сондай-ақ білімді жаңа технологиялар арқылы оқыту ісі күннен-күнге өзекті болып отыр. Еліміз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері шет тілді үйрену аясы да кеңейіп келеді. Әйтсе де өз тіліміздің қадір –қасиетін білу Қазақстанда тұратын әр адамның басты міндеті. Тілдің оралымды көркемдігін сақтау қазақ әдебиеті пәнінен басталатыны айтпаса да белгілі. Әдебиет сабақтарын ақпараттық- технология арқылы оқыту- баланың өз бетімен сөйлеу тілін жетілдіруге ықпал етеді. Әдебиет заманалар тарихының ұлы оқиғалардың, адамзат тіршілігінің, таным-нанымдарының көркем шежіресі. Әдебиет адам баласымен бірге жасасып, оларға рухани күш-дем беріп, бірге дамып, өсіп келе жатқан өнердің бір түрі.Ата-бабамыз осы әдеби туындылардың тұнығынан сусынын қандырып, рухани жетілді емес пе? Сол себепті де бүгінгі өскелең ұрпағымыз терең ойлы, саналы да сауатты болсын десек өркениетті елдердің көшінен қалмай ақпараттық технологияны терең меңгеріп қажетті жерінде шебер қолдана білу әрбір ұстаз алдында тұрған міндеттің бірі деп білемін. Бүгінгі баланы тек бор мен тақта арқылы қызықтыру мүмкін емес, өйткені олардың талғамдары жоғары.
«Технология» гректің «teche»- өнер, шеберлік және «logos»- ғылым деген сөзінен шыққан, яғни «шеберлік туралы ғылым» деген мағынаны білдіреді.
Оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланысты. Әдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді.Олардың мақсаттары бір , яғни оқытудың тиімді жолдарын қарастыру. Ал оқытудың тиімді жолдары оқытудың әдістері арқылы анықталады.Көптеген жаңа технологиялармен қатар соңғы кездері қазақ әдебиеті сабақтарында ақпараттық технологиялар жиі қолданылады.Жаңа ақпараттық технология дегеніміз- білім беру ісінде ақпараттарды даярлап, оны білім алушыға беру процесі.Бұл процесті іске асырудың негізгі құралы компьютер болып табылады, сол себепті қазіргі мектепте шығармашылық қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жетік білетін , мамандық шеберлігі қалыптасқан мұғалім қажет.
АКТ арқылы оқытудың мұғалім үшін тиімді жақтары:
v АКТ қолдану мұғалімнің балалар алдындағы беделін арттырып, көп механикалық жаттығу жұмыстарынан босатады;
v Мұғалімнің жұмысы шығармашылық деңгейге ие болады;
v АКТ білім мазмұны жүйесін жаңалайды;
v Жас ерекшеліктерін ескере отырып түрлі тапсырмаларды қолдана алады.
АКТ арқылы оқытудың бала үшін тиімді жақтары:
v Балалардың сөйлеу тілін қалыптастырады.
v Балалар да техникалық құралдарды қолдануды үйренеді.
v Оқуға деген ынта-ықыласы арта түседі.
v Компьютер алдында оқушы еркін дербес жұмыстана алады.
v Өздерінің іс-әрекетінің нәтижесін көрнекі түрде көре алады.
v Өз беттерімен шығармашылық жұмыс істеуге машықтанады.
v Уақытты тиімді пайдалана алады.
Енді жалпы сабақ барысында қалай қолдануға болатындығы туралы ой бөлісер болсақ жоғарыда айтып кеткендей ақпараттық технологияның мүмкіндіктері зор , алайда біз сияқты ауылдық жерде тұратын мұғалімдер үшін келеңсіз жақтары да кездесіп отырады. Айталық байланыстың нашарлығы , интернет байланысының дұрыс болмауы қолбайлау болатын кездері де жасырын емес. Әйтсе де балаға дұрыс та қызықты білім беруіміз керек. Осы орайда сабақтарыма тоқтала кетер болсам, жалпы сабақты балаға дайын күйінде беруге тырыспаймын. Оқушыны ойландыра отырып негізгі ережелер мен анықтамаларды өз бетімен меңгеруге әрекеттер жасаймын. Өзім қызмет жасайтын мектепте жалғыз интерактивтік тақта онымен жұмыс жасауға күнде мүмкіндік бола бермейді, алайда қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану арқылы оқушыларды жаңа заман технологиясымен жұмыс жасауға үйретеміз. . Мәселен, 5- класта әдебиетпен танысу халық ауыз әдебиетінен басталады. Оқушылар тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, ертегілер сияқты ауыз әдебиет үлгілерімен танысады. Оқушылардың мақалдарды түсініп, есте сақтауын қамтамасыз ету мақсатында интерактивті тақтаның көмегі зор. Тақтаның сурет салу редакторы арқылы тақтада мақалдарды ребус түрінде беремін, оқушылар сол ребустарды шешеді. Келесі сабаққа өздері де ребус ойлап тауып, тақтаға салып, басқа оқушылардың шешуін сұрайды. Бұл бір жағынан оқушылардың сөздік қорын байытады,мақалдардың есте жылдам сақталуын да қамтамасыз етеді және осы тақырыпқа деген қызығушылығын арттырады.
Енді, поэзияға тоқтайтын болсақ, бұнда да ақпараттық технологиялардың алар орны зор. Оқушыларды әуелі слайд көрсету арқылы шығарма авторының өмір жолымен таныстырып, осы өлеңнің шығу тарихына байланысты түрлі бейне фильмдер көрсетемін. Сондай-ақ өлең шумақтарын электронды оқулықтардан тыңдата отырып талдау жүргіземін. Оқушы тыңдау арқылы өлең мәтінінің оқылуына назар аударады. Осындай жұмыс түрлері оқушылардың қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілігін оятады.
Жоғары сыныпта роман, әңгімелерді оқыту тіпті де үлкен қиыншылықтарға әкеп соғады, себебі балалар кітап оқып отырғаннан компьютерде көбірек отырғанын қалайды. Осы мәселенің шешуін де ақпараттық технологиялар көмегімен табуға болады. Мәселен, романды оқуға екі немесе үш сағат берілсе, оның бірінші сабағында мұғалім қысқаша роман кейіпкерлерімен , мазмұнымен слайд арқылы таныстырады. Екінші сабақта осы роман сюжеті бойынша түсірілген кинофильм болса, соны көрсету. Ал үшінші сабақта алған білімді бекіту мақсатында электрондық оқулық бойынша, немесе мұғалімнің өзінің құрастыруы бойынша тест және т.б. бақылау түрлерін өткізу, оқушылармен пікірталас жүргізуге болады. Үй тапсырмасы ретінде бір шығармашылық топ құрып, соларға осы роман немесе әңгімеден үзіндіні кино қылып түсіріп, келесі сабақта интерактивті тақта арқылы сол киноны сыныпта көрсету. Міне, осындай ақпарат құралдарының көмегімен сабаққа қатысу белсенділігі төмен оқушылардың да қызығушылығын арттыруға болады.
Қазақ әдебиеті сабақтарында ақпараттық технология келесі жұмыс түрінде де қолданысын табады. Бұл оқушылардың аса шығармашылығын талап ететін жоба жұмысы. Бұл жұмыс түрін жүргізгенде оқушылар техникалық құралдарды қолдану арқылы жобасын дайындайды. Мәселен, сабақта балалар М. Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасымен танысқан кезде, ауылдың тылда еңбек еткен адамдарынан мәліметтер жинау мақсатында топ құрылады. Топ құрылған соң, олар қажетті мәліметтерді жинауға кіріседі. Балалар ауыл адамдарынан сұхбат алып, тақырыпқа байланысты материалдарды суретке түсіріп, жалпы толық бейне материал жинақтайды. Жиналған мағлұматтарды компьютер арқылы өңдеп, қысқаша деректі фильм етіп шығарады. Содан соң бұл фильмді сабақ үстінде сынып назарына ұсынады. Осындай өзгеше жұмыс түрлерін өткізу арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың осы пәнге деген қызығушылығын оятуға, дарынды тұлғаны қалыптастыруға әбден болады.
Жыраулар поэзиясынан Бұқардың «Қазақ ханы Абылай» толғауын өту барысында келесідей тапсырма беруге болады. Оқушылар интерактивті тақтада берілген диаграмманы толтырады. Бұл сызбада олар толғаудағы кейіпкерлерге сипаттама береді. Сұрақтарды ұяшықтарға жасырып, сұрақ салмағына орай ұпай таңдатып жауап алуға болады. Бұл орайда балалар өз мүмкіндігіне орай сұрақтар таңдай алады. Осындай жұмыс түрлері тізе берсек көп-ақ.
Жалпы жұмыс түрлері мынадай әдіс-тәсілдер тізбегін құрайды:
v Жеке шығармашылық тапсырмалар жобалар.
v Тірек –сызба корнекіліктер мен анықтама құралдары.
v Ойын арқылы оқыту.
v Сөзжұмбақ, бейнесөздер
v Логикалық жаттығулар мен деңгейлік тапсырмалар
v Тестілеу және бақылау
Интербелсенді оқыту моделін пайдалану –өмірлік жағдаяттарды , рөлдік ойындарды қолдануды , мәселені бірлесіп шешуді қарастырады.
Интербелсенді тақтамен жұмыс істеудің артықшылықтары:
v Бағдарлама бойынша барлық топ оқушыларына қолайлы;
v Wed-сайттарды басқа да құралдарды қолдана отырып, жаңа материалдарды түсіндіруге, меңгеруге қолайлы;
v Берілген материалдарды әсерлі жеткізуге және оны топтағы оқушылар арасында талқылауға үлкен мүмкіндіктер туғызады;
v Интерактивті тақта топтағы барлық оқушылардың басты назарына айналуына байланысты орталықтан демонстрациялауға қолайлы жағдай тудыра алады;
v Мұғалім мен оқушының сабаққа деген шабыты мен қызығушылығын арттырып сабақтың қызықты өтуіне жағдай тудырады;
v Оқушы алдында жаңа материалды жанды түрде көрсете отырып, танымдық қабілетін арттыруға мүмкіндік алады;
Интерактивті тақта оқытудың басқа тәсілдеріне қарағанда (салыстырғанда), көптеген жетістіктері бар. Бұл жетістіктер туралы өз сабағында интерактивтік тақтаны пайдаланатын мұғалімдер ғана айта алады. Мұғалім әріптестерімен бірге отырып сабаққа дайындалу арқылы жақсы жетістіктерге қол жеткізуге болады, бұл тек қана міндеттерді бөліп беру мен уақытты үнемдеу ғана емес, сонымен қатар берілген материалдардың сапасын да арттырады. Мұғалімдердің пайымдауынша интерактивтік бағдарлама олардың жартылай жұмысын атқарады. Мысалы: белгілі бір материалды интерактивтік тақтада орындау арқылы файлдағы белгілермен өзгерістерді сақтап қалуға болады, бұны сабақта болмай қалған оқушыларға қайта түсіндіруге немесе келесі жолы тағы да қолдануға болады. Мұғалім оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын меңгеріп, оны пайдалану арқылы өзінің материалдық базасын толықтырып, әрі уақытты үнемдейді.Мультимедиялық технологиялар көбіне компьютерлік сыныптарда қолданылады.Қазіргі уақытта сабақ материалына байланысты көптеген электрондық оқулықтар мен компакт-дискілер бар.Компьютерлік графикалық материал презентациялық слайд көмегімен көрсетіледі. Microsoft Power Point бағдарламасының көмегімен оқу процесінде презентациялар мен слайдтар жасап көрсету, оқушылардың жаңа материалды меңгеруіне қызықты да дәлелді материал болады.
Электрондық оқулық оқушының уақытын үнемдейді, оқу материалдарын іздеп отырмай,өтілген және оқушының ұмытып қалған материалдарын еске түсіруге зор ықпал етеді.Сонымен қатар электронды оқулықты сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық жұмыстар орындайды. Әрбір оқушы таңдаған тақырып бойынша жаттығулар мен тапсырмаларды орындап, тестлер шешіп, семантикалық карталар ,түрлі сызбалармен жұмыс жасауға дағдыланады.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында электронды оқу құралдарын пайдалану сабақ барысында оқушылардың жеке жұмыстануына мүмкіндік туғызады. Яғни деңгейі төмен оқушы аз да болса өз бетімен тапсырманы орындағанына риза болатын болса, қабілеті жоғары оқушылар басқа оқушылар деңгейімен шектеліп қалмай одан әрі күрделі деңгей тапсырмаларын орындап, өз жетістіктерін көрсету мүмкіндігіне ие болады.
11-сыныпты ҰБТ-ке даярлау кезінде мұғалім үшін де, оқушы үшін де таптырмас құрал. Бүгінгі таңда мектеп пәндерін компьютер көмегімен оқыту нәтижелерін зерттеудегі ғылыми проблемаларды шешу ең басты орын алады. Бұған себеп оқыту процесінде туындайтын компьютерлендірудің педагогикалық — психологиялық жаңа проблемалары әлі толық шешілмегені. Және еліміздегі көптеген мектептердің материалдық-техникалық базасының әлі де сын көтермейтіндігі. Қазіргі таңда көптеген ауыл мектептерінде компьютерлендіру жүргізілгенімен интернет желісіне қосылмаған немесе электрондық құраладрмен, бағдарламалармен толықтай жабдықталмаған. Егер осы мәселелер оң шешімін тауып жатса қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабақтарында АКТ қолданылған сабақтардың саны көбейіп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, бұл өз кезегінде білім сапасының көтерілуіне әкелер еді деп ойлаймын.