«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты



Pdf көрінісі
бет9/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   92
 
 
 
 
 


32 
ІРІ ҒАЛЫМ ІЗДЕРІ 
 
Нағбду Қамарова 
Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, 
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті 
Ақтау қ., Қазақстан 
Зейнолла Қабдолов десе, ұлттық әдебиеттің тарихы мен теориясының аса күрделі 
мәселелерін түбегейлі зерттеген ғалым, біртуар тұлға ойға оралады. Қазақстан 
Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымының 
докторы, профессор, Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов ұзақ жылдар әл-
Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдебиет кафедрасын басқарды. ҚазҰУ-
мен З.Қабдолов есімі қатар аталады. Себебі саналы ғұмырын осы оқу орнының қарыштап 
дамуына арнады. Ғылыми-зерттеу еңбектерінен басқа «Ұшқын» және «Жалын» романдары 
мен «Адам» (1964), «Сыр» (1975) атты сырға толы әңгіме-очерктер жинақтарын, қазақтың 
М.Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында 
қойылған «Сөнбейтін от» драмасын дүниеге әкелді. 1972 жылы «Жалын» романы 
Бүкілодақтық жүлдеге ие болды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 
Жарлығымен «Қазақстанның Халық Жазушысы» атағына ие болды. 1998 жылы «Менің 
Әуезовым» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. 
Қаламгерлігі өлең жазудан басталған Зейнолла ағаның «Жайық қызы», «Туған ел» сияқты 
лирикалық өлеңдері әнге айналып, сол кездегі қалың көпшіліктің аузынан түспейтін әуен 
боп қалыптасты. Өмірінің соңына дейін ҚазМҰУ жанындағы филология ғылымының 
докторы дәрежесін беру жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы болды. 
Аударма жұмыстарымен де айналысып, А.С.Пушкиннің, Н.Гогольдің жекелеген 
шығармаларын, 
Л.Кассиль, 
В.Добровольский, 
В.Закрутиннің 
романдарын, 
А.Островскийдің, М.Горькийдің, Н.Хикметтің пьесаларын аударды. 
Жазушылық, ғалымдық, ұстаздық жемісті еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 
Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы, «Парасат» ордендерімен 
және медальдармен марапатталды. ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағы, Қазақ ПЕН-
клубы және Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі 
сыйлықтарының лауреаты. Қазақстан және Қырғызстан республикаларының ғылымына 
еңбегі сіңген қайраткер деген құрметті атақтарды иеленді. Көркем шығармалары бірнеше 
шетел тілдеріне аударылды.
Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтерген халқымыздың саңлақ суреткері, ғұлама 
ғалым М.Әуезовтің өмір жолы мен шығармашылық өнерін зерттеп, дәріптеуге сан жылғы 
ғалымдық ізденісі мен жазушылық еңбегін, күллі ұстаздық ғұмырын арнаған академик-
жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі қазақ әдебиетіне қосылған 
қомақты дүние. Роман-эссеге арқау болған шындық құбылыстар автордың атынан 
баяндалады. М.Әуезовтің өмірлік мақсат-мүддесі анық, айқын: - ел мүддесін қорғау; - 
ұлттың рухани құндылықтарын сақтау, байыту, уағыздау; - ұлттық әдебиет мамандарын 
даярлау. М.Әуезовтің өмірі көпқырлы: а) қилы кезеңдерді бастан өткерді; - қуғын көрді; - 
азап шекті; -мұратына жетті… М.Әуезовтің қызметі көпсалалы: - жазушы; - ұстаз; - ғалым; 
- қоғам қайраткері. М.Әуезовтің өмірі мен қызметінің қырлары, салалары автордың 
көргендері мен сезгендері, көңілге түйген ойлары мен сырлары негізінде суреттеледі. 
Жанры да, жарығы да бөлекше роман-эссе «Менің Әуезовімін» болды. Жоғары 
мектептегі қызметінде де үздік жетістіктерге ие болды. Бірнеше ондаған ғылым 
кандидаттары мен докторларын дайындады. Академик З.Қабдолов қай еңбекті жазса да, 
жазып болдым, жарыққа шығардым деп жылы жауып қоймай, үнемі ізденіс, тынымсыз 
еңбектену үстінде жүрді. Сонау жетпісінші жылдарда басылған еңбек арада кейде үш, кейде 
алты-жеті жыл салынып, өзгертіліп, толықтырылып басылғандығы белгілі. Ұзақ жылдар 
бойғы ізденістің қорытылған нәтижесі көрініс тапқан бұл еңбекте кемеңгер ұстаз, ақыл-


33 
ойдың кені ғұлама ғалым, көркем сөздің хас шебері М.Әуезовтің әдеби бейнесі мен 
адамгершілік тұлғасын жан-жақты жарқырата таныту мақсатын биік деңгейде орындаған. 
Кейіпкері тарихи тұлға болғандықтан көркем шығарма жанрын өмірлік деректерге сүйеніп 
жазылатын роман – эссе деп анықтап алуы ірі тұлға болмысын әрі ғалымдық көзқарас, әрі 
жазушылық дүниетаным тұрғысынан сомдауға көп мүмкіндік берген. Содан болар мұнда 
көркем әдебиетте қалыптасқан белгілі соқпақтардан бөлек жаңаша әдіс, тың болжам, батыл 
ой түйіндеулер көбірек орын алған. Әуезов өмірінің жарқын шақтары мен бұралаң соқпақты 
кезеңдеріне жете қанық, әрі оның көркем дүниелерінің тылсымына терең бойлаған жазушы 
бұл шығармада баяндайтын оқиғаларды асқан сарабдал көңілмен сұрыптайды. Бала 
Мұхтардан дана Мұхтарға дейін қалыптасу кезеңдеріндегі ең маңызды мәселелерді 
қамтиды. Бітімі өзгеше бұл туындыда эссеист өзінің аңғарғанын, көрген-білгенін, сезген-
түйгенін ешбір бүкпесіз қаз-қалпында баяндай отырып, өмір материалын өнер дүниесіне 
айналдырады. Дәл осы шеберлік оқырман көкейіне қонып, көңілін қозғап, таным көкжиегін 
кеңейте түседі. Академик ғалым сөз өнерінің теориясы мен әдіснамасы саласында өзіне 
дейін болған, бар тәжірибелік пайымдаулардың, теориялық қисындар мен қағидалардың, 
сондай-ақ талдау мен жинақтаудың, байқау мен бағалаудың, саралау мен даралаудың
ойлау мен ой дамытудың барлық ұстанымдарының, әдістері мен тәсілдерінің толық білгірі 
ғана болып қойған жоқ, оларды өзінің зерттеу еңбегі үдерісінде асқан шеберлікпен 
пайдалана отырып, әдебиеттің теориясының негізін жасады, ой қорытудың, пікір түюдің, 
әдіснамалық ұстаным қалыптастырудың үздік үлгісін қалдырды, өзі жасаған заң аясында 
әдебиеттің ғылыми және практикалық мәні айрықша зор түйінді, іргелі мәселелерін 
ешкімге ұқсамай, дара шешті, айрықша сапалы жаңа білім берді. 
Ғылыми зерттеу саласында аса жемісті еңбек еткенін атап айтуымыз керек. Ұлттық 
әдебиетіміздің келелі мәселелерін кеңінен сөз ететін, қазақ әдебиетінің ірі жетістіктері 
болып танылған «Жан сыры» (1964), «Әдебиет теориясының негіздері» (1970), «Жебе» 
(1977), «Мұхтар Әуезов және оның әсемдік әлемі» (1986), «Сөз өнері» (1976, 1982, 1992, 
2002), «Арна» (1988), «Көзқарас» (1996) сынды еңбектері оқытушылар мен студенттердің, 
жазушылар мен журналистердің, жалпы оқырман қауымның қажетті кітаптарына айналды. 
Зейнолла Қабдолов табиғат сирек жарататын дарқан дарынды шығармашылық тұлға еді. 
Зейнолла Қабдоловтың қазақ ғылымы мен білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университетінде басталған және жарты ғасырдан астам уақыт бойы сонда 
жалғасқан ұстаздық және шығармашылық еңбек жолы мазмұнды да мағыналы, жемісті де 
жеңісті, қалың қазақтың кісісі мен кішісі бірдей ғибрат тұтатын, үлгілі де өнегелі, жарық 
пен сәулеге, нұр мен сырға бай базарлы да баянды жол болды. Осы жолда З.Қабдолов 
албырт ассистенттен парасатты профессорға дейін, балаң байым белесінен дана ғалым 
тұғырына дейін өсіп-өркендеді, балапан қауырсынды талапкерден Халық жазушысы 
биігіне дейін көтерілді. 
Ғалым М. Әуезов шығармашылығына бастар алғашқы танымды оның дүниеге келіп, 
өмір сүрген дәуірі мен туып-өскен топырағынын табиғатынан, жағырапиялық бейнесінен 
бастайды, одан әрі біртіндеп Абай өмір дерегімен байланыстыра әңгімелейді. З. 
Қабдоловтың сыни пайымдарының ең бір биік, ең бір шоғырлы көрінетін тұсы - 
«Әуезовтың әсемдік әлемі» талдау үстінде айқын анғарылады. Заңғар тұлғаның сұлу сөздің, 
арлы сөздің шынайы шебері екенін дәлелдеу үшін З. Қадолов бірнеше амал-тәсілдерді 
таңдап алғандай көрінеді. Әуезовтың әсемдік әлемін ғалым - әдебиетші З. Қабдолов бірден 
ден қоймайды. Әуелі Әуезов сипаттаған, Әуезов әшекейлеген Семей өңірінін әсем 
табиғатына зер салудан, тамсанудан бастайды. Не бір сұлу салыстыруларға жүгінеді. Түп 
түркінін Абай - Мұхтар сабақтастығынан бастап, ақырындап тарата келе қос алыптың 
шығармашылық туыстығына, өзара туыстығына назар аудара толғанады. «Сіз кенет, - дейді 
автор - әз ағаның туған топырағын аңсап Семей астыңыз да, Қарауылдан бір-ақ шықтыңыз 
дейік. О, ғажап, төңірегіңіз түгел сыбыр қаға сыр шертіп, ағылтегіл ән салып қоя береді. 
Кәрі Шығыстың қара тастарына дейін тіл бітіп, сөйлеп кетеді. Мұхтар бетін жуған қасқа 
бұлақтар сылқ-сылқ күледі. Кез келген қалтарыстан ұлы жазушының қайталанбас 


34 
қаламгерлік қажырымен жасалған тірі қаһармандар шыға келетіндей жан-жағынызға елең 
ете қарайсыз» [1, 46 ] - деп толғанады. 
Әдебиет теориясының ұлттық негіздегі алғашқы бастаулары А. Байтұрсыновтың 
«Әдебиет танытқышы», Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы», Е. Ысмайыловтың «Әдебиет 
теориясының мәселелері» еңбектерінде көрініп, өзінің тарих алдындағы алғы шарттарға сай 
өсіп-өркендеу және жеке ғылым ретінде туу, даму жолындағы жаңа қадамдар жасауға бет 
алды. Бұл ірі еңбектерден соң әдебиет териясы мәселелерінде қомақты да салмақты
еңбектердің бірі әрі бірегейі – З. Қабдоловтың «Сөз өнері» («Әдебиет теориясы негіздері»). 
«Сөз өнері» әдебиет әлемінің бар сырын ашып, сөз өнерінің басқа өнер салаларынан 
артықшылықтарын дәйекті пікірлерімен дәлелдейді, әдеби туындыдағы эстетикалық 
пайымға да диалектиканың жан-жақтылығымен қарайды. Ондағы жүйелі теория, нақты 
айқындаулар, дәлелді, негізгі толғам, тұжырымға жол ашады. Бұл еңбек бірнеше рет жарық 
көрген және де өзгертіліп, өңделіп отырған. Бұл оқулық «Сөз өнері» деген атпен 
толықтырылып, өңделіп бірнеше рет басылып шыққанына қарамастан, оған деген сұраныс 
өте жоғары болды. Таңдамалы шығармаларының екі томдығы жарық көргенде де 
жұртшылық жамырай таратып алып кетті.
З.Қабдолов әуелі әдебиеттің өзін,сосын әдебиеттің барша қадір-қасиетін, жарқырап 
көрінетін нақты – әдеби шығарманы, ең соңында даму, құбылту үстіндегі әдебиетті – әдеби 
процесті қарастырады. Бұл автордың алдына қойған: біріншіден, «әдебиеттің теориясын 
оның практикамен байланыстыру», екіншіден, «теориялық толғамдарды жазушылық 
шеберлік мәселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, 
көркем творчествоның психологиясымен байланыстыра жүйелеу» мақсатындағы екі өзекті 
міндеттің екеуін де ойдағыдай жүзеге асырып шығуына қолайлы жағдай жасаған. З. 
Қабдолов әдебиеттің қоғамдық мәнін, халықтық, ұлттық сипатын оының қондырмалық 
сиаптынан өрбітеді. Сол арқылы әдебиеттің әлеуметтік сипаттарының тектік бірлігі мен 
түрлік әр алуандығын – өзара байланыстарын саралап түсіндіреді. Автордың әдебиеттің 
мұндай өрелі категорияларын өзара сабақтастыра қарауы аталмыш ұғымдарды бұрынғы 
оқулықтарда ұшырасып жүрген схоластикалық түсініктемелер мен екіұштылықтарынан 
арылтып, ғылыми негізге орнықты, логикалық дәлелі дәйекті, көңілге қонымды 
анықтамаларға ие еткен. 
Әсемдік – сөз өнерінің аса айрықша және маңызды сапалық қасиеттерінің бірі. Сөз 
өнеріндегі әсемдіктің тегі мен түрі, тарихи даму заңдылықтары, құрамдас бөліктері, 
қоғамдық мәні, мәдени-әлеуметтік қызметі – сөз өнері туралы ғылымның, басқаша 
айтқанда, әдебиеттанудың бірден-бір зерттеу пәні. Сөз өнерін, жалпы өнер жайын 
зерттеуші ғалымдар әсемдік пен әдемілік туралы ойларын біздің дәуірімізден бұрынғы 
ғасырлардан бастап таратады. «Адам баласының, соған сабақтас көркемдік пен көріксіздік, 
ерлік пен ездік, жақсылық пен жамандық, білімдарлық пен надандық туралы талаптары 
тіпті б.э.б. 3-2 мыңыншы жылдарда туып, тұрлаулы ұғымға айнала бастаған» [2, 58], - деп 
жазады З.Қабдолов. Әдебиеттегі әсемдік пен әдемілік туралы талаптар мен ұғымдар ерте-
ертеден бүгінгі заманымызға дейін ұдайы даму үстінде. Бірақ әдебиеттегі әсемдік пен 
әдемілік туралы талаптар мен ұғымдардың дамуы бір басқа да, сол даму негізінде жасалған 
теория бір басқа. З.Қабдолов әдебиетке, жалпы өнерге тән әсемдік пен әдемілік хақындағы 
қағидалардың ерте дәуірден бүгінге дейінгі даму заңдылықтары негізінде қазақ сөз өнерінің 
жаңа теориясын жасады. Әдебиеттану - табиғаты тамаша ғылым. Оның ерекшелігі 
негізіндегі жарығы пен жылуында. Әдебиеттануға әркімнің де таласы бар. Оған біреу 
талантымен келеді, біреу талабымен келеді, енді біреу әуестікпен келеді. Содан олардың 
әрқайсысы өз көзіне лайықты жарық, өз көңіліне лайықты жылу тауып алған болып жүреді. 
Бірақ олардың табиғаты өзгермейді: талант талантын ашады, талапты талабын ұштайды, 
әуесқой әуесқой қалпын сақтайды. 
«Әдебиеттегі әсемдік пен әдемілік туралы талаптар мен ұғымдар ерте-ертеден 
бүгінгі заманымызға дейін ұдайы даму үстінде. Бірақ әдебиеттегі әсемдік пен әдемілік 
туралы талаптар мен ұғымдардың дамуы бір басқа да, сол даму негізінде жасалған теория 


35 
бір басқа. З.Қабдолов әдебиетке, жалпы өнерге тән әсемдік пен әдемілік хақындағы 
қағидалардың ерте дәуірден бүгінге дейінгі даму заңдылықтары негізінде қазақ сөз өнерінің 
жаңа теориясын жасады» [3, 170], - деп бағалайды белгілі ғалым Ж.Дәдебаев. Әдебиетті 
әдебиеттанудан немесе әдебиеттануды әдебиеттен бөліп қарау қандай қолайсыз іс болса, 
әдебиет пен әдебиеттануды эстетикадан тыс қарау да сондай парықсыз, тіпті жарықсыз 
талпыныстардың қатарына жатады. Өйткені көркем әдебиет қаламгердің өмір 
шындықтарына 
эстетикалық 
қатынасының 
нәтижесі 
болса, 
әдебиеттану 
әдебиеттенушының әдебиетке деген эстетикалық қатынысының көрінісі. Сондықтан да 
эстетиканың басты категорияларының қасиеттері түгелдей әдебиеттану категорияларына 
да тән. Олар эстетика үшін де, әдебиеттану үшін де әдебиеттің көркемдік-эстетикалық 
ерекшеліктерін, көркемдік-эстетикалық даму заңдылықтарын зерттеу мен зерделеудің 
негізі болып табылады. З.Қабдоловтың әсемдік әлемінің категориялары - өмір шындығынан 
өнер туындасын жасау заңдылықтарының ғылыми таным тұрғысынан пайымдалған 
көрінісі. Соған орай З.Қабдоловтың әсемдік әлемінің категориялары мен өмір шындығынан 
өнер туындысын жасау заңдылықтары өзара тығыз байланыстағы процестер қатарына 
жатады. Бұл ретте мынаны ескеруге тура келеді: өмір шындығынан өнер шындығын жасау 
заңдылықтары - біздің санамыздан тыс тыс тұрған объективті құбылыс. Адам санасы, 
зерттеуші зердесі бұл заңдылықтарды тану жолында ұдайы қызмет етеді. Жеке суреткердің 
әсемдік әлемі жалпы емес, жалқы құбылыстардың қатарына жатады. Сөйте тұра оның 
болмысын жалпыдан бөле-жарып алып тану мүмкін емес. Жекенің - жалпыға, жалпының 
жекеге қатынасын, жекенің табиғатындағы жалпының жайын, жалпының құрамындағы 
жекенің халін тарихи таным аясында таразылағанда ғана дәйекті тұжырымдар жасауға 
болады. З.Қабдоловтың әсемдік әлемінің категорияларына келетін болсақ, олардың 
болмыс-бітімі тектес басқа құбылыстардың ешбіріне ұқсамайды, жалқы сипатымен 
ерекшеленеді: жалқы, дара, дамиды, толысады, жетіледі. Сондықтан оларды тарихи 
ұстаным тұрғысынан қарастыруға тура келеді. Тарихи ұстаным тұрғысынан қарастыру 
құбылысты жеке-дара алып пайымдау дегенді білдірмейді.
«Зейнолла – педагог-ғалым. Оның шәкірттері біреу де емес, бір ВУЗ-дың 
жеткіншектері. Түбі олардан біреу шыға ма, ол бота тірсек бозбаланың маңдайына ғана 
емес, ұстаздың еңбегіне, береріне де байланысты...» деген жазушы Ғабит Мүсірепов сөзі 
ұлы тұлғаның бірнеше мыңдаған шәкірті республиканың түкпір-түкпірінде, шетелдерде 
ұстаз алдындағы парызын өтеп жүргенін – халқына, еліне адал еңбек етіп жүргенін 
көрсеткендей. Абзал ағаның дәріс берген шәкірт-ғалымдары бүгінде ұстаз еңбегін ғылыми 
жетістіктерімен дәлелдеуде. «...Зекеңнің әрбір сөзі, әрбір сөйлемі айтулы зергердің қолынан 
шыққан мінсіз алтын бұйымдай сәуле шашып, жаныңа нұр сеуіп тұрады. Зекеңдей ұстазы 
бар біз бақытты буынбыз. Зекеңдей перзенті болу біздің халқымыздың бақыттылығы» [4, 
45], - деп әдебиет зертеушісі Қабиболла Сыдиықұлының айтып кеткен сөзі Зейнолла ағаның 
ағалық ақылы мен шығармашылық өнегесі, адамгершілік қасиеті бәрімізге үлгі екенін 
айтқандай. Алаштың мақтан тұтар ардағы Зейнолла Қабдолов аға саналы ғұмырын, білімі 
мен білігін ел игілігіне арнады. Ұлы ұстазымыздың әдеби толғамдары – баға жетпес құнды 
дүние Бөлекше бітімімен, ақыл-ой даналығымен, адами парасаттылығымен кеше ғана 
арамызда жүрген биік тұлғаның жарқын бейнесі бәріміз үшін де аса қымбат та қадірлі. 
Өзінің осынау баға жетпес еңбектерінің арқасында ғылым жолындағы дара тұлғалардың 
бірі болумен қатар, болашақ ұрпақ үшін, тарих үшін қалдырған әдеби ұстанымдары үшін 
халқының қалаулы азаматтарының бірі, білім-ғылым жолындағы беделді, биік тұлға 
ретінде әрдайым жанымызда, жадымызда жүреді. Біз бүгінде ұлы ұстазымыздың 
толғамдарын, салиқалы ойларын өз шәкірттеріміздің саналарына сіңіріп, Қабдолов салған 
сара жолмен әдебиет теориясының негіздерін оқытып келеміз. Қазақ барда Қабдолов есімі 
мен еңбектері мәңгі тірі.


36 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Қабдолов З. Арна. Алматы: Жазушы, 1988. - 256 б. 
2. Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. Екінші том. Сөз өнері. – Алматы, 2003.- 352 
б. 
3. Дәдебаев Ж. Өнері де, өнегесі де әдемі. // Кітапта: Бүтін бітім. Астана: Фолиант, 
2012. 560 б. – 162-184-бб. 
4. Сыдиықұлы Қ. Тңдамалы шығармалары. 1-том. Алматы: Арыс, 2007. – 381 б. 


37 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет