«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты


БІР МАҚАЛАНЫҢ ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫ



Pdf көрінісі
бет11/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   92
БІР МАҚАЛАНЫҢ ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫ 
(Ә. Кекілбаевтың «Дүние ғапыл» жыр жинағына алғысөз) 
Ғарифолла Әнес 
филология ғылымдарының докторы, Қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға 
ғылыми қызметкері, anes_gk@mail.ru-Алматы қ., Қазақстан 
 
Талант атаулының бәрі – ақын 
З. Қабдолов 
 
1999 жыл. Жыл ортасы ауа заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш ағаның 60 
жылдық мерейтойы туралы ойласа бастадық. Әбекең бұл уақытта еліміздегі билік 
иеархиясында бесінші адам, Мемлекеттік хатшы... Қаламгерлік қайраты мен қайраткерлік 
даңқы шоң Шыңғыс аға Айтматовпен, көзі тірі классик Әбдіжәміл Нұрпейісовтармен қатар 
аталады. Том-том болып кітаптары шығып жатыр. Мерейтойлық мақалалар да әр жерден, 
там-тұмдап көріне бастаған кез.
Сірә да данагөй Әбекеңнің ұсынысы болса керек, 1997-1998-1999 жылдары күллі 
республика көлемінде дүбірлі іс-шаралар тоқтаусыз өтіп жатты. 1996 жыл жабыларда 
Қазақстан Республикасы Президентінің «1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси 
қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы» арнайы Жарлығы шықты. 
Мемлекеттік комиссия құрылды, төрағасы Әбіш Кекілбаев, комиссияның жауапты 
хатшысы белгілі жазушы Әлібек Асқаров. Көппен бірге сол беделді комиссияның жұмыс 
тобына еніп, мүшесі болдық. Ал 1998 жыл осы ретпен «Халық бірлігі мен ұлттық тарих 
жылы» жарияланды. Менің ойымша, осы жылы саяси-идеологиялық, ұлттық-руханияттық 
тұрғыдан қыруар шаруалар атқарылды. Біз әңгіме қылып отырған 1999 жыл болса 
«Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деген ұлағатты ұранның аясында өтуде. Әбекең 
Алаштың Бас идеологы болып тұрған жылдары арнайы «Мәдениетті қолдау жылы» да 
аталып өтіп, оның соңы ұлттық мемлекет құру жолындағы батыл қадам – әйгілі «Мәдени 
мұра» бағдарламасына ұласқаны, әрине, басқа бір ұзақ әңгіменің сорабы.
Кімнің алғаш аузына түскенін білмедік, бірақ кейін қайталана-қайталана ел аузында 
мәтелге айналып кеткен: «Біз бұл өмірде Әбішпен замандас болғанымызға, тарихтың тап 
осы бір ұрымтал тұсында бірге жасасқанымызға бек бақыттымыз» деген сөздің шын 
мәнінде мақтанышпен еске алынар кездері-тұғын. Аяулы абыз ағамыздан көрген 
шарапатты жақсылығымызды жайып салып, жария естелік айтар кез әлі келмеген сияқты 
болады да тұрады. Десек те, санадағы сансыз сәулелі сәттерден үш-төрт жағдай жатсам-
тұрсам есімнен кетпейді. Алғашқысы – 1994 жылы осыдан екі жыл бұрын дүниеге келген 
балапан «Арыс» қоры баспагерлік қадамын бастаған тұстағы, құданың құдіреті, қарлығаш 
кітабымыз алақандай «Бекет Ата» болып кіндігін кескендегі аян-баян. Оның беташар сөзі 
Үндістан сапарының алдында аяғын үзеңгіге салып тұрған Әбекеңнің қаламынан 
айналдырған бір-екі сағатта жыр болып құйылған «Ел иесі, Жер киесі» еді... Шағын ғана 
төрткүл блокноттың оннан аса парағына мөлдірей төгілген маржандай түпнұсқа-
қолжазбасы тәберік ретінде сандық түбінде әлі сақталып келеді. Оны тіптен Әбекеңнің 
Ақтаудағы музейіне өткізудің өзіне мынау жалған тірлікте көзің қимайды екен... Жоғарыда 
айтылған үш жылдағы комиссия жұмысы барысындағы Әбекеңнің сөйлеген, жазған-сызған 
қағаздарын жинақтап, 260 беттік «Үш белес» атты авторлық кітабын қолына ұстатқаным, 


40 
ол да бір көңіл марқайтар сәт, ұмытылмас күндер-тұғын. Бүгінде жалпы қарасы жиырмадан 
асып жығылған энциклопедияларымыздың да жолын ашып, ақ батасын берген қайран 
Әбекең еді. Ол күндерден көкейге мәңгілікке қонақтаған, ұмытылмас ескерткіш – Зейнолла 
аға-Сәуле апай, Әбіш аға-Клара апай, Ғарифолла-Бағдан жұптары мен Қадыр ақын ағаның 
Оралда, Қырымбек Елеуұлының құрметті қонағы болған жылға бергісіз апталық 
қонақтығымызда, 
«Батыс 
Қазақстан 
облысы. 
Энциклопедия» 
кітабының 
таныстырылымындағы ұмытылмас сәттер...
Хош, сонымен 1999 жылға қайта оралсақ. Күндіз күлкі, түнде ұйқы қашты. 
Жақсылыққа – жақсылық; оны ұмыту адамдыққа жата ?!.. Жұлдызы жарқырап туған, төрт 
құбыласы түгел Әбекеңе не сыйларсың?!. «Тентектің жиғаны – шоқпар» дегендей, 
шынында да, кітап болмаса, Алматыда қалт-құлт етіп жүрген сен бейбақта басқа не бар?!. 
Ия, кітап! Бірақ, Әбіш ағам сол таршылық заманның өзінде кітабын шығара алмай, болмаса, 
таратып, сата алмай жүрген көп ақын-жазушының бірі емес... Тоқта-тоқта, ақын... поэзия...
Анда-санда Әбекеңнің берекелі дастарқанына (шындығында Айсәуле апамыздың 
берекелі дәмі) тап келгенімізде, иін тірескен мол тағамнан өзінің сүйікті асы – үлпершекті 
қос бөтеке-бүйректі қарпып жеп, айналасынан «өз батам – өзіме» деп кешірім сұрап, 
кабинетіне асығар еді. Үлкен апамыздың бапталған шайына әбден бой үйретіп алған біз 
болсақ, қысыр әңгіме тиегін ағытып, бұйырған шайды сораптаймыз кеп, сораптаймыз. 
Осындай бір маңдай тершіген отырыстың бірінде мен Клара жеңгейден Әбекеңнің әлі күнге 
дейін өлеңнен суымағанын, тіптен соңғы кезде «жастық шалығын» қайта тауып, жаңа 
жырлар жазып-жазып тастай беретінін біліп алған едім. Міне, қызық!.. Міне, сенсация!..
Бұдан үш мүшел бұрынғы балаң Әбіш әдебиет табалдырығын «Алтын шуақпен» 
аттағанын біреу білсе, біреу білмейді. Сонау 1962 жылдан бері қаншама су ақты, қаншама 
ақын дүниеге келіп, дүниеден қайтты... Әйтсе де Әбекеңнің осы биттің қабығындай шағын 
жыр жинағының өзі сыншы-әдебиетшілердің назарынан тыс қалған емес. Академик Серік 
Қирабаев: «Өлең өрнектері мен көркем бейнелерден алынатын ләззат, оқырманды ойға 
бөлейтін танымдық талғам мен одан туатын тобықтай түйін – бәрі жарасым табады. 
Жиырмадан жаңа асқан жас жігіттің бұл саладағы ізденістері оның болашағын 
айқындағаны даусыз. Онымен тұстас жас ақындардың көбі-ақ бұл жаста ондай биікке 
көтеріле алмағаны анық» десе, сыншы Бақыт Сарбалаев: «Алтын шуақ» автордың ғана 
емес, жастықтың лебізі. Осы өлең жинағымен-ақ өлең өлкесінен өз орнын алды, бүгінгі күні 
де өз орнын алып отыр. Өйткені жақсы жыр жадау тартпайды, жылдар жылжыса да жат 
болмайды. Олай болса, «Алтын шуақтағы» өлеңдер осы қазірде жазылғандай; олар шуағын 
шаша береді, оқырман жұртшылықпен жүздесе береді. Аталған «Алтын шуақтың» 
құндылығы да сонда, ол кезінде қазақ әдебиеті үшін, қалың оқырман қауым үшін Әбіш 
Кекілбаев атты күйіп-сүйетін, ойлы, сезімтал жас ақынды ашып берді. Алдында шешеннің 
тілі күрмеліп, ердің қолы қалтырайтын ақиқаттың көзіне тура қарай алатын, тура қарай 
бастаған ақынмен таныстырып қойған жоқ, табыстырып та жіберді» деп толғайды...
Сонымен, Әбіш ағам екеуміздің ортамызда бірнеше айға созылған келісу мен 
келіспеу шарты басталды. Бір шүкірлігі, әйтеуір, керісу болмады. Өндіріске дайындалып 
жатқан қолжазбаны қайта-қайта тоқтатып, қайтарып алатын сәттегі Әбекеңнің уәжі біреу-
ақ: «Менен ақын жасамай-ақ қойшы!» Әрине, мен де түсінем, көркем сөзі мен көсем сөзінің 
өзі жыр болып төгілетін жазушы өзін Қадыр, Тұманбай, Фариза ... сынды есімдері бас 
әріппен жазылатын Ақындармен қатар қойғысы келмейді. Өлеңді өзі үшін жазды, өзінің 
жүрек жарасына дәру іздеді; шерін тарқатты, қуат алды. Ал мен «сол өсекші-өлең» 
жолдарын елге таратпақпын, жалпақ жұртқа жарияламақпын.
Жайма-шуақ қыркүйек те артта қалып, мазасыздау жауынды қазан есікті қақты. 
Келісу мен келіспеудің итжығыс болып тұрған кездерінде бұл шарасыз жайттан Зекеңді 
құлаққағыс қылғанмын. Сол кезде, одан бұрын да һәм кейін де аяулы ұстазымыз, академик-
жазушы (Зекең марқұм осылай атап, жазғанды қатты ұнататын, үнемі ескертіп отыратын) 
Зейнолла Қабдолов «Арыс» қорының қоғамдық негіздегі құрметті төрағасы еді. Бұл бір 
ресми, болмаса айлық-пұлды дәреже емес, абыз ағаның ақылғой кеңестеріне мұқтаж кездегі 


41 
арқа сүйегеніміз еді. Бар ғұмыры адам атаулыға тек жақсылық тілеп, таусылмас мейірімін 
шашып өткен абыз Зекеңнің абырой-беделі асқақтап тұрған кез, бюрократтық жүйенің 
небір зілмауыр емен есіктері қашанда академик-жазушының алдында ескертусіз-ақ айқара 
ашылып тұратын... Кез келгенге елп етіп елең ете қоймайтын Зекең «Әбіш ағамыздың жаңа 
жыр жинағын шығарсам» деген ниетіме ерекше ықылас білдірді. Өзі де «Жайық қызындай» 
әсем жыр жазған, қазақ өлеңінің құрылыс-құрылымын, көркемдігі мен сұлулығын майын 
шағып зерттеген ағамыз қызушылығын баса алмаса керек, ақыры қолжазбаны сұратып 
алды. Түн ішінде телефон шалды: «Мен кітапқа алғы сөз жазам. Қарсылығың жоқ па?» 
Қарсылығы несі?!. Академик-жазушының көңілі түсіп, толқып, толғанып, беташар сөз 
жазам десе... Бір жақсысы – ол кездің хат-қағазы қолға қолжазба күйінде тиеді. Зекең де 
маржандай, бірақ сәл майда жазуымен хаттап, қол қойып берді. «Таланттың тағы бір қыры» 
(«Дүние ғапыл хақында») деген төрт бет жазбаның соңына «Зейнолла Қабдолов, академик-
жазушы. 15.10.99. Алматы» деп қолын қойған. Ия, бұл қолтаңбалы жазба да – сағымды 
жылдардың естелік-ескерткіші, сағынышты жәдігер. Бірі кем дүние де...
Алғысөздің негізгі лейтмотиві – ақындық табиғаты. Ол жазады: «Әбіш өзінің 
ақындығына, яки өлеңге кәсіп деп қарамаған, қасиет деп қараған. Өзінің құдай берген 
талантының бұл қырын жетілдірем деп жік-жапар болмаған, ұстартам деп қырнап-
сырлаудан бас тартқан, сол әуелгі төлтума табиғи күйінде, сол баяғы көрген жерден көз 
арбап, көңіл баурайтын дәстүрлі қалпында қалдырған. Өйткені ол сөз өнеріндегі 
маманданған жанрым поэзия емес, проза деп білді. Сондықтан оның іргелі, күрделі 
туындыларының бәрі өлеңмен емес, көркем қарасөзбен жазылды. Алайда Әбіштің 
қарасөзінің өзі өлеңше оқылады. Оның прозасының өзі поэзия. Мұның себебі де сол әлгі 
айтылған туасы, табиғи қасиетінің, яки ақындығыың айрықша нұрлы, сырлы көрінісі».
Ұстаз Зекең өзінің шәкіртін мойындап, жоғары бағалайды: «Әбіш Кекілбайұлы – 
талант! Үлкен талант! Ал нағыз талант – бәрінен бұрын ақын. Әбіш те әдебиетке өлеңдетіп 
келді. Мұнысы заңды еді. Егер ол тумыстан ақын болмаса, әдебиетке өлеңсіз келсе, 
қазіргідей жан-жақты, көп қырлы – әрі саңлақ суреткер, әрі ғұлама ойшыл, әрі сұңғыла 
шешен, әрі көреген көсем ... болмас еді. Осылардың бәрінің төркіні ақындықта жатыр».
Әр нәрсенің ақыры, қайыры бар. «Көне дәптерден» алынған жырлар «Бисмиллаһ ир-
рахман ир-рахимді» «Таңғы кәлимамен» ашылып, «Көне дәптерден» төгілген жырлар «Фи 
судурин нәси. Минл жиннәти уән нәс. Әумин!» деп түйінделді. Қазақ поэзиясына өзіндік 
үнді, толайым түсті «Дүние ғапыл» жинағы келді. Ортақ қазанға ойлы олжа салынды. Сырт 
көзге білдіртпегенімен бұл тосын сый-сияпат Әбекеңнің де көңілінен шықты. Академик-
жазушы ағасы төгілдіріп алғысөз жазды. Алғыр әкім Иманғали інісі арнайы ұшақпен 
Маңғыстауды дүбірлеткен тойшы қауымды түгелімен, мерейтой иесімен қоса алдырып, 
Атырау төрінде «Дүние ғапылдың» ұлан-ғайыр тұсаукесерін жасады.
Ия, «Кекілбайұлы – қаламгер ретінде де, қайраткер ретінде де қанатты Кісі. Мұның 
тамыры да ақындықта жатыр», дейді ұлы Зекең. Ал Зейнолла ұстазымыздың қаламгерлігі 
мен қайраткерлігі, ең бастысы Ақындығы туралы дәм бұйырса бұл жазбамыздың заңды 
жалғасы да жазылар. Сөзімізді нағыз Ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Зейнолла аға!» 
өлеңіндегі мына жолдарымен аяқтағымыз келеді:
«Дүр ғалым деймін, жазушы деймін дарынды,
Кәдімгі Мұхтар Әуезов тектес алымды.
Ол сөйлеп кетсе, сөзіне сендіре алады
Патшаңды, пайғамбарыңды.
Әдебиеттің әл-Фарабиі, білгіші,
Тарланбозымның талайға жетті үлгісі.
Отызға толмай ойшылдар тобын көбейткен,
Ұстазым менің бұл кісі».


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет