Жыл мезгілдері Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде Ақ жайықтың жағасында еліне елеулі, халқына қалаулы, бір домалақ ана өмір сүріпті. Сол анадан тараған төрт қыз бар екен. Олардың ауыз десе аузы, күндей жарқыраған көзі бар. Дүниенің сұлулығын өздеріне дарытқан сұлу қыздары болыпты.
Анасы жақсы тәрбие беріпті, Үлкен қызының аты «Көктем». Ол ақ жарқын, мінезі нәзік. Екінші қыз «Жаз» жарқырап, жайдарлы, әр уақытта күлімдеп, нұрын шашып жүреді. Үшінші қызы «Күз» басқа қыздарға қарағанда жылауық, жаңбырлы болады, бірақ қолы ашық мырза екен. Ал кіші қызы «Қыс» басқа қыздарына қарағанда салқын, қаталдау.
Қыздары бой жетіп, саналы да салмақты қыз болып өсіпті. Осы қыздарын домалақ ана өздерінің құтты орындарына қондырыпты.
Үлкен қызы арыстай үш ұл туып, үшеуі де ел қорғаған батыр болыпты.
Екінші қызы үш қыз туып үшеуі де адамзатқа жан жылуын сыйлай білетін мейірімді қыздар атаныпты.
Үшінші қызы жаздай жайдарлы үш қызды дүниеге әкеліпті.
Төртінші қызы берекесі мен ырысы мол, қолдары ашық, келген қонақты қадір тұтатын, қонақжай үш қыз өсіріпті.
Осы төрт қыздан өрбіген ұрпақтары елге, халыққа пайдасын тигізіп, ел аузында аттары аңызға айналыпты. Олар жылдың төрт мезгілі мен он екі айы екен.
Мұрагер Бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні шал ұлдарын жинап алып:
- Мен қартайдым. Біреуіңнің үй иесі болатын уақыттарың жетті. Кімнің ақылы байлығына сай болса, сол мұрагерім болады. Әр қайсың маған байлыктарың мен ақылдылықтарынды көрсетулерің керек,— дейді.
Үлкен ұлы асыл тас салған жүзігінің көзін көрсетіп:
- Міне, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды,—дейді.
Екінші ұлы асыл киімдерін киіп, әдеміленіп келеді де:
- Мені осы түрімде көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді,— дейді.
Үшінші ұлы күміспен және алтынмен апталған белдігін буынады да:
- Мұндай белдікті ешкім, ешқашан буынып көрген емес,—дейді.
Әкесі үлкен балаларына қарап, басын шайқайды да, ең кіші ұлына бұрылып:
- Сен неге үндемейсің? Сен қандай байлығыңмен мақтанасың?— дейді.
Сонда кенжесі:
- Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, алтын-күміспен апталған белдік те жоқ. Тек жұмысқа жарамды екі қолым бар, кайрат-жігерге толы жүрегім бар,— дейді.
Шалға кенже баласының тапқыр да ойлы сөзі ұнайды.
- Жұмыс істей білген адам жұтамайды, -деп, өзінің кенже ұлын үй шаруасын басқаруға мұрагерлікке атайды.
Үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпай, талабын орындауды өсиет етеді.