Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


Сілтемелер және ескертпелер



Pdf көрінісі
бет103/115
Дата16.02.2023
өлшемі2,12 Mb.
#68529
1   ...   99   100   101   102   103   104   105   106   ...   115
Байланысты:
e185fe133cb926283d53f1af83c8f984

Сілтемелер және ескертпелер: 
1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, 1991. 2-басылуы. 115-116-б. 
2. Марғұлан Ә. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кешені. Алматы, 1994. 23-б. 
3. Сонда. 5-б. 
4. Бұл туралы кеңірек қараңыз: Қасқабасов С. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры және түркі 
эпостық дәстүрі // «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосы және түркі әлемі. Алматы, 2003. 6-11-б. 
5. Косвен М. Матриархат. Этнографические материалы // Ученые записки МГУ. Вып.61. История. 
М., 1940. Т.2. С. 92, 93, 103, 120, 125, т.б. Першиц А.И., Монгайт А.Л., Алексеев В.П. История 
первобытного общества. М., 1983. С. 74-76, 141-142.
6. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 1960. 1-т., 1-кітап. 511-512-б. 
7. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 1961. 2-т., 1-кітап. 367-б. 


236 
«ҚЫЗ ЖІБЕК» ЖЫРЫ 
 
 
Қазақ романдық эпосының классикалық үлгісінің бірі – «Қыз Жібек» 
жыры. Бұл да – ерте заманда туып, Қазақ хандығы тұсында өнерге айналған 
көркем шығарма. Мұның ең басты ерекшелігі – үлкен екі сюжеттен 
тұратындығы. Яғни «Қыз Жібек» – екі бөлікті шығарма. Бірінші бөлімінде 
Төлеген мен Жібектің сүйіспеншілігі мен Төлегеннің қарақшы Бекежанның 
қолынан мерт болғаны баяндалады. Ал, екінші бөлімнің мазмұны – Төлеген 
өлгеннен кейінгі Жібектің тағдыры және оның Сансызбаймен қосылуы. 
Жырдың жалпы нобайы мен тақырыбына, сюжеттің, оқиғаның даму 
логикасы мен композициясына қарағанда, оның бірінші бөлімі өзінше жеке 
шығарма болып туып, ел арасына тараған болу керек. Мұндай пікірді кезінде 
Ғабит Мүсірепов те айтқан екен [1]. Бұл бөлім жеке күйінде нағыз ғашықтық 
жырдың үлгісі болып көрінеді, яғни бірін-бірі сүйген екі жастың бақытсыз 
тағдырын баяндаған болу керек. Ондай жағдайда жеке жыр ретінде өмір 
сүрген бұл бөлім трагедиямен аяқталған деп ойлауға болады: Төлеген опат 
болғанын білген Жібек өмірмен өзі қоштасқан тәрізді. 
Композициялық құрылымы бойынша жырдың алғашқы бөлімі, 
негізінен, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» секілді таза романдық эпосқа жақын: 
1. Төлегеннің ерекше жағдайда дүниеге келуі: алдыңғы сегіз бала 
шетінеп кеткеннен кейін, солардың өтемі ретінде тууы. 
2. Қалыңдық іздеп, сапар шегуі.
3. Болашақ қайын жұртына келуі. 
Рас, Төлегеннің қызды іздеу сапары мен арудың аулына келуі Қозыдан 
гөрі өзгеше. Ол Қозы сияқты ұзақ жүрмейді, қиналмайды және жасырын да 
келмейді. Төлеген ашық келіп, өзінің мақсатын ашық айтып, елге жария 
етеді, Қозы секілді мал бағып жүрмейді. Есесіне ол ұнатқан қыздың әкесіне 
қалыңмал төлеп, «заңды» күйеуге айналады. Қайын жұртында Жібекпен 
ойнап-күліп үш ай тұрады да, еліне қайтады. Бірақ әкесі Төлегенге қайын 
жұртыңа келесі жылы барасың деп, дереу аттануға рұқсат бермейді. Алайда, 
Төлеген әкесінің тыйымына қарамай, жалғыз өзі жолға шығып, айдалада 
қарақшылардың қолынан мерт болады. 
Міне, осылардың бәрі ертегінің құрылымын еске түсіреді: кейіпкердің 
бірнеше баланың өлімінен кейін тууы, яғни Құдайдан тілеп алған перзент 
болуы, оның қыз іздеп, алысқа сапар шегуі, қыздың еліне келуі, қыз әкесінің 
талаптарын орындауы, қызға үйленуі және қыздың елінде біраз уақыт тұруы 
мен еліне қайтуы. Тіпті, әкесінің баласына тыйым салуы мен Төлегеннің 
тыңдамай кетіп қалып, опат болуы да ертектегідей: тыйым – тыйымды бұзу – 
жаза тарту. Бұл мотив – ертегінің өзегі. Әрине, эпос бұларды өте көркем әрі 
лирикалық мағынада көрсетеді. Мәселен, Төлеген жай ғана, еріккеннен қыз 
іздемейді. Ол тек өзі ұнатқан, сүйген қызды ғана алмақ ниетпен іздейді. 
Төлеген ондай қызды табады, оны құлай сүйеді, қыз да оны сүйеді, сөйтіп, 
екеуі аз уақытқа болса да, бақыт құшағында болады. Төлегеннің Жібекті 
сүйгені соншалық, ол, тіпті, әкесінің тыйымын бұзып, сүйіктісіне берген 


237 
уәдесінен шығу үшін қатерлі жолға жалғыз шығады. 
Төлегеннің мерт болған жағдайы да ғашықтық жырға сай көрсетіледі:
дұшпаны оны қырық күншілік шөлдегі Қособа деп аталатын жерде қапысын 
тауып өлтірді. Жердің Қособа аталуының өзі – трагедиялық оқиға болатынын 
аңғартады. Төлегеннің өлімі де романдық эпос ауанына сәйкес: ол қырық 
қарақшымен күні бойы атысады. Астындағы болдырған Көкжорға да тұрып 
қалады. Бекежан болса, оның сыртынан жасырын келіп атады. Егер Бекежан 
бетпе-бет келсе, Төлеген бой бермес еді дейді жыр. Сонымен, Төлеген батқан 
күнмен бірге қапыда өледі... 
Ғашықтық жыр жанрының заңы бойынша Төлегеннің өлгенін естіген 
Қыз Жібек өзі де өмірмен қоштасуы керек еді. Алайда, ол олай етпейді, тірі 
қалады. Енді оқиға әрі қарай дамиды. Осылай «Қыз Жібек» жырының екінші 
бөлімі басталады. 
Бұл бөлім – батырлық эпос мәнінде баяндалады: Төлегеннің інісі 
Сансызбай хабарсыз кеткен ағасын, оның әйелін іздеп шығады, бірақ ол тек 
Жібекті ғана табады. Жесір қалған жеңгесін зорлықпен алғалы жатқан 
қалмақпен соғысып, Жібекті алып, аулына қайтады. Осы желіге құрылған 
екінші бөлім, яғни Сансызбай-Жібек бөлімі – эпикалық жанрда жиі 
кездесетін эпилог болып шыққан. Әдетте, мұндай эпилогта әкесінің, немесе 
ағасының істей алмай кеткен шаруасын баласы, я болмаса інісі жалғастырып, 
тындыратын болған. (Мұны ғылымда «шежірелік тұтастану» деп атайды).
Ол әкесінен, яки ағасынан әлдеқайда күшті болады да, олардың шамасы 
келмеген жауларды түгел жайратады, сөйтіп, олардың өсиетін жүзеге 
асырады. 
«Қыз Жібек» жырында мұндай рөлде Сансызбай көрінеді. Ол ағасының 
алысқа, Жібек аулына жол тартқанда «олай-бұлай боп кетсем, асыл туған 
Жібекті еш жаманға қор қылмай, өзің бір алып, сүйгейсің» деп айтқан 
өсиетін толық орындайды. Қалмақтың ханы Қоренді жекпе-жекте өлтіріп, 
қалың қалмақ қолын қырады да, жеңгесін алып, еліне қайтады. 
Жалпы, осы екінші бөлімнің сюжеті өте көне болып есептеледі. Ол 
сонау ежелгі рулық қауымда жігіттің өз қалыңдығын (немесе әйелін) жау 
қолынан азат еткені туралы айтатын аңыздау түрінде пайда болған сюжет. 
«Қыз Жібекте» бұл сюжет тарихи тұтастануға сәйкес кейінгі, ХVІ-ХVІІІ 
ғасырлардағы қалмақ-қазақ ұрыстарының бір көрінісі болып шыққан да,
қаһармандықпен қатар лирикалық мазмұнда баяндалған. 
Сонымен, көзіміз жеткені – «Қыз Жібек» жыры фабуласы әртүрлі, әр 
кезде туған екі сюжеттен құралған эпос екен. Қалыңдығын (немесе әйелін) 
жау тұтқынынан ерлікпен босатып алған жігіт туралы көне қаһармандық 
сюжет бағы ашылмаған екі ғашық жөніндегі романдық эпосқа кірігіп, осы 
эпостың жалғасына айналған да, Жібектің күйеуі – Төлеген өлгеннен кейінгі 
тағдырын көрсетеді. Ал, енді осы айтылған контаминация қашан және не 
үшін жүзеге асқан? Біздің топшылауымызша, ежелгі сюжеттің ғашықтық 
жырға енуі ХVІІІ ғасырда жүзеге асқан секілді, себебі бұл тұста қазақ 
фольклорында эпикалық дәстүр мен шығармашылық мейлінше өріс алып, 
дамыған болатын.


238 
Қазақ тарихында ХVІІІ ғасыр – ұзаққа созылған ең бір жаугершілік 
заман болып, қазақ халқы жоңғар басқыншыларымен және Еділ 
қалмақтарымен жерін, елінің тәуелсіздігін сақтау үшін сан рет соғысқаны 
белгілі. Осы дүрбелең дәуір ақындар мен жыршыларды ежелгі ру-тайпалық 
эпостарды қайта жырлауға, жаңғыртуға мәжбүр етті. Олар жаңадан 
жырлағанда сол шақтағы қоғам алдында тұрған мақсат-міндеттерге сай етіп 
жырлады және жаңа шығармалар тудырды. Сөйтіп, қазақ эпосы тарихи
тұтастануға түсті. Мұхтар Әуезов: «Жырдың екінші саласы осы жаугершілік 
заманға келіп килігеді. Жайық бойындағы аз ру шектілерге торғауыттардың 
ол кезде, белгілі бір кезеңде үстем болуы рас» [2], – деп жазуы біздің 
ойымыздың дұрыстығын көрсетсе керек. Сонымен «Қыз Жібек» жырының 
екі бөлімі ХVІІІ ғасырда қосылып, тұтас бір көркем шығармаға айналған деп 
айта аламыз. Сансызбай туралы бөлімнің қосылуының тағы бір себебі – 
жыршылар мен тыңдаушылардың Жібектің әрі қарайғы тағдырын білгісі 
келуі мен жұртшылықтың жырды бақытты аяқталуын қалауы. Тегінде, 
фольклорлық шығармалар әрқашан жақсылықпен аяқталады: ертегіде бас 
кейіпкер зұлымдықтың бәрін жеңіп, сүйгенін алып, барша мұратына жетеді; 
эпоста да солай, батыр барлық жауын жайратып, елге тыныштық орнатады, 
арманына жетеді. Бұлай болуы халық арманы мен эстетикасынан туындаған 
заңдылық. 
Жібек пен Сансызбай туралы сюжеттің жырға эпилог болып енуі, сөз 
жоқ, эпостың бірінші бөліміне де өзгеріс енгізген. Оны мынадай мотивтер 
мен эпизодтардан көруге болады: Төлегеннің еліне қайтып келуі; 
Базарбайдың Төлегенге қайтадан Жібекке баруына рұқсат бермеуі; 
Төлегеннің алыс жолға жалғыз кетуі; Төлегеннің Сансызбайға Жібекті 
тапсыруы; Жібектің Сансызбайды күтуі; Жібектің Сансызбаймен қосылуы, 
т.б. Жоғарыда айтқандай, жырдың бірінші бөлімі Төлегеннің және Жібектің 
өлімімен аяқталуы керек еді. Ғашықтардың арасына Бекежан кіріп, Төлегенді 
өлтіруге тиісті еді. Бәлкім, Ғабит Мүсірепов айтқанындай, бірінші бөлім 
әдепкі түрінде осылай аяқталған да шығар. Алайда, жырда Бекежан 
Төлегенді дереу өлтірмейді. Ол Төлегенге әйелімен үш ай тұруға мүмкіндік 
береді. Бекежан арам ойын ыңғайлы жағдайда орындамақ, яғни Төлеген жеке 
қалғанда өлтірмек. Ондай сәт туады да: Төлеген әкесінің рұқсатынсыз 
Жібектің аулына жалғыз шығады. Неге бұлай болады? Базарбай неғып 
өзгеріп қалды? Оның өзі емес пе еді Төлегенге қыз айттырмай, сүйгенін 
алсын деп, ерік беріп қойған? Төлеген Жібектің еліне алғаш аттанғанда 
рұқсат берген де өзі еді ғой? Енді неліктен ол екінші рет баруға қарсы бола 
қалды? 
Жырда бұл сұрақтарға жауап берілмейді, Базарбайдың өзгеріп қалғаны 
да түсіндірілмейді. Жыр мен жыршылар үшін ең басты нәрсе бұлар емес. 
Олар үшін аса маңызды нәрсе – Базарбай Төлегеннің таңдауына риза емес, 
сол себепті ол баласына рұқсат бермейді. Ал, Төлеген болса, әкесінің 
рұқсатынсыз, батасын алмай, жолға жалғыз шығады. Оның соңынан еріп, 
біраз жерге дейін жылап шығарып салған – жалғыз інісі Сансызбай. 
Сансызбаймен қоштасып тұрып, Төлеген оған: 


239 
Олай-бұлай боп кетсем, 
Асыл туған Жібекті 
Еш жаманға қор қылмай, 
Өзің бір алып, сүйгейсің! – 
деп табыстайды. 
Міне, осы ағайынды екеуінің қоштасуы мен арыздасуы – екінші 
бөлімнің жырға енгенін ақтап тұр. Төлегеннің осы сөздері жырдың бірінші 
бөлімінде айтылады, ал, осы мәндес сөздерді екінші бөлімде Жібек те 
айтады. Өзінің мүшкіл халін баяндай келіп, жөн сұраған Шегеге ол былай 
дейді: 
Тірі болса Сансызбай 
Жетер уақыты боп еді. 
Біздей ғаріп міскінді 
Неге бір іздеп келмейді-ай?! 
Жырдың оқиға желісі бұзылмас үшін бірінші бөлімнің аяқталуы да 
өзгертіледі: Төлегеннің өлуі әдеттегідей емес, яғни ол Жібектің аулында 
өлмейді. Ол дұшпандармен айдалада шайқасып, Жібектің ауылынан жырақ 
жерде оққа ұшады. Сондықтан Жібек те, Сансызбай да оның опат 
болғанынан бейхабар. Тек сегіз жыл өткен соң ғана олар Төлегеннің өлгенін 
естиді. Міне, осы себепті Жібек Төлегеннің артынан қоса өлмеген дегенді 
айтады эпос. Жібек сегіз жыл бойы сарылып, Төлегенді күтеді. Жырдың
қисыны бойынша Жібектің ендігі тағдырын баяндау қажет, сөйтіп, 
Сансызбай туралы сюжет еніп, жыр оқиғасы әрі қарай дами береді. 
Осы екінші бөлімнің мазмұны лирикалықтан гөрі батырлық эпосқа 
жақын. Сансызбайдың Жібекті алуы – батырлық эпостағы қаһармандықпен 
үйлену болып шыққан. Ол кәдімгі батырларша жекпе-жекте өзі секілді 
батырды өлтіреді, қалың қалмақ қолын түгел қырады. Ал, Төлеген ондай 
емес-тін. Оның үйленуі ғашықтық жырдағыдай, яғни ол қиындықпен 
үйленеді: екі рет қырық күншілік шөлден өтеді, әкесінің назасына ілігеді,
қарақшылармен шайқасады. Осыдан-ақ жырдың екі бөлімі мазмұн жағынан 
екі түрлі, біріншісі – ғашықтық, екіншісі батырлық екені көрініп тұр. Бірақ 
соған қарамастан «Қыз Жібек» жыры біртұтас көркем туынды, мұнда екі 
бөлім бір-бірін толықтырып, үлкен эпикалық шығармаға айналған, өйткені, 
бүкіл жырдың алуан түрлі эпизодтары мен мотивтерін жымдастырып тұрған 
нәрсе – махаббат тақырыбы. 
«Қыз Жібек» эпосын махаббат гимні десе де болады. Оның нағыз 
көркем туындыға айналу мезгілінде, яғни ХVІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ 
қоғамында жеке бастың бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе 
мұндай деңгейде ашық айтыла бермейтін, рулық заманның неке мен 
отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты 
салттары үстем болатын. Солай бола тұрса да, «Қыз Жібек» жырының 
шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың идеал туралы эстетикалық пайым-
түсінігінде белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғанын айғақтайды. Төлегеннің де, 


240 
Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі – сол 
кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін 
аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарағанының бір себебі осында болса 
керек. 
Төлеген – қазақ эпосы, тіпті, бүкіл қазақ фольклоры үшін жаңа кейіпкер. 
Ол Қозы Көрпештен де өзгеше. Қозының бейнесінде батырлық қасиет көп. 
Ал, Төлеген – нағыз лирикалық кейіпкер. Ол бай болуды, батыр болуды 
көксемейді. Оның арманы – өзіне лайықты сұлуды сүю, соны өзіне өмірлік 
жар ету. Жыршы да осыны айтады: «Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық 
жөні бір басқа». Демек, сол кездің қоғамында осындай ой-пікір болған, яғни 
ел ішінде махаббатты – өте таза, бәрінен ерекше, биік сезім, оны кез келген 
адам біле бермейді деген ұғым қалыптасқан. Нақ осындай ерекше сезім 
Төлегенді әкесінің бата бермегеніне қарамастан алыс жолға жалғыз 
аттандырады. Төлеген үшін өмірдің мәні де, сәні де – махаббат, махаббат 
үшін күресіп, өмір сүру, сүйгеніңе үйлену. Сондықтан да болу керек, оның 
мінезі де, істері де әдеткі эпостағыдай емес. Ол аң да ауламайды, мал да 
бақпайды, жастайынан батырлық мінез де танытпайды, батырлық өнерді де 
үйренбейді. «Періште сипатты ұл» боп тууының өзі – оның ерекше сұлу 
болатынын білдіреді. Демек, ол батыр болмайды: Төлеген кәдімгі 
батырларша «сағат сайын» өспейді, бозбала кезінде ешбір ерлік іс-әрекет 
жасамайды. Есесіне он екі жасында өзіне пара-пар сұлу қыз іздей бастайды. 
Он алты жасқа толғанда ат тұяғы жететін жерді түгел шарлап шығады. Қыз 
Жібек туралы ести сала ол еш ойланбастан жолға шығады. 
Егер Қозы Көрпеш қалыңдығының аулына жалғыз шығып, көп қиындық 
көріп, ұзақ жүріп жетсе, Төлеген қасына бірнеше нөкер ертіп, «жылқыдан екі 
жүз елу жорға алып, бірнеше күн жол жүріп, Шекті деген елге келіп, 
шатырды тігіп, жорғаларын жайып салып, жұртқа жар салады». 
Байқайтынымыз – Төлеген алыс елге шаршамай-талмай, еш қиналмай, аз-ақ 
күнде жетеді. Оның қызды таңдауы да өзгеше. Қызын көрсеткен әрбір адамға 
бір жорғадан береді. Тіпті, Төлегеннің өзі Жібекке құда түседі. Бұл да – оның 
ерекшелігі. Оның құда түсу әдісі де айрықша. Алдымен жұртқа жорға 
таратып, Шекті еліне «мырзалықпен» танылады да, Қаршыға арқылы Жібекті 
көруге мүмкіндік алады. Бұл жерде Төлеген тағы бір мінез көрсетеді. Ол 
Қаршығаның сөзіне сеніп қана Жібекке іңкәр болмайды, мақтаулы қызды өз 
көзімен көргісі келеді. Яғни Төлеген қызға сырттай ғашық болғысы келмейді, 
қызды өзі сынап, өзі тілдесіп қана бағаламақ. Міне, жастайынан өзіне тең 
қызды іздеген Төлеген мұнда да сол әдетінен таймайды. 
Көркем шығарма болғандықтан жырда Төлеген мен Жібектің бір-біріне 
деген сүйіспеншілігі бірден ашылмайды. Жібекке деген Төлегеннің 
ынтықтығы сатыланып көрсетіледі. Ең алғаш Жібек туралы ол өз елінде 
жүргенде естіп, сұлуды іздеп шығады. Содан соң Жібек жайында 
Қаршығадан қанығып, оны көруге асығады. Сөйтіп, Қаршығаға ілесіп, 
көштің соңына түседі. Көш үлкен, аяғынан басына дейін баруға тура келеді. 
Жол бойы бірінен бірі әдемі он үш қызды көреді. Әрқайсысын Жібек екен 
деп жақындағанда, Қаршыға «Жібек емес» дейді. Жырда қыздардың келбеті 


241 
өте шебер суреттелген, оларды көрген Төлеген енді тезірек Жібекті көруге
асығады. Қаршығадан озып, Жібектің күймесіне бұрын жетеді. Бірақ Жібек 
онымен «сөйлесуге намыстанады». Тек Қаршығаның үгітінен кейін ғана 
Жібек «бетін бір ашып, жарқ етіп көрініп, амандасты да, қайтадан бетін 
жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды», – дейді жыршы. 
Жібектің ғажайып көркін көрген Төлеген: «Жиһанда бұл сипатты әйел 
көргенім жоқ еді, енді мұны алайын!» – деп шешеді. Осы сәттен бастап 
Төлеген енді белсенділік көрсетеді. 
Тегінде, Төлеген мен Қаршығаның және Төлеген мен Жібектің 
кездесулері жырдың сюжетіне, кейпікердің іс-әрекетіне динамикалық сипат 
береді. Қаршығамен жолығып, сөйлескенен кейін Төлеген өзгеше көрінеді. 
Ендігі жерде ол жедел қимылға көшеді, қызды дереу табуға бел байлайды да 
әй-шайға қарамай, көшті қуалай жөнеледі, сол бойда тоқтамастан Жібектің 
күймесін тауып, еш тартынбастан оны сөзге тартады. Жарқ етіп көрінген 
Жібекті құлай сүйеді де, еш ойланбастан үйлену керек деп шешеді. Содан 
соң қалың малға екі жүз елу ат сатып алады да, Қаршығаның ақылымен еш 
қымсынбай, болашақ қайын атасына Сырлыбайдың тура өзіне келіп, өзі 
«құда түседі». Оның осы өжеттігі мен әдемілігі, әдепті мінезі мен сөзі 
Сырлыбай ханға ұнап, сол жерде қызын беруге келіседі. Сөйтіп, ол 
мақсатына жетеді. Демек, Төлеген ешқандай ерлік жасамай-ақ, өзінің 
ақылымен, парасатымен арманын жүзеге асырады. Мәселен, Жібекті 
көргенге дейін Төлеген тек мырза боп көрінсе, Жібекпен тілдескен соң 
барлық істі өз қолына алады. Яғни Жібекке деген сезім оны жігерлендіреді, 
оған күш-қуат береді, өз ісінің дұрыстығына сенімін арттырады. 
Жалпы, Төлеген ғашықтық эпостың дәстүріне сәйкес, өзіне тиісті 
сынақтардың бәрінен сүрінбей өтеді: қалаған жары үшін ол өз елін, ата-
анасын тастап, жалғыз өзі қауіпті сапарға шығады; махаббатқа адалдық 
танытып, жарық дүниемен қоштасады. Мұндай жағдай романдық эпос 
кейіпкерінің бәрінің басынан өтеді, Төлеген де осыны бастан кешіреді. Бір 
кереметі – Төлегеннің барлық қасиеті жібекті көріп, ғашық болып қалғаннан 
кейін ашылады. Әуелде арманшыл мырза болып жүрген Төлеген ендігі жерде 
өтікр де тапқыр, әрі өжет те ержүрек болып көрінеді. Оның өжеттігі қайын 
атасымен сөйлескенде, ал ержүректігі Бекежан бастаған қырық қарақшымен 
кездескенде байқалады. Осы екі сәтте де Төлеген өзін ешбір жағдайда 
саспайтын, ештеңеден қорықпайтын жігіт ретінде танытады. Солай бола
тұрса да жырда Төлегеннің өзі де, оның іс-әрекеті де, күші де ешқандай 
әсіреленбейді. Ол алпыс адамды бұрынғы батырларша бір өзі қырып 
салмайды. Жаулармен бесінен намаздігер болғанша атысады, бірақ, амал не, 
дұшпандар көп, Төлегенді атып өлтіреді. Алайда, Төлеген оңайлықпен 
жеңілмейді. Жыршы да, тыңдаушылар да, Төлегеннің өлуін оның 
нашарлығынан болды деп есептемейді. Керісінше, оның күші де, ептілігі де 
Бекежаннан кем емес еді, тек Төлегеннің тұлпары шөлдеп, жүре алмай 
қалды, сөйтіп иесін жау ортасында қалдырды, әйтпесе Төлеген құтылып 
кетер еді. Оның үстінде алпыс қарақшымен айқасқан Төлеген оларға бой
бермес еді, тек Бекежан қу Төлегеннің сыртынан келіп атты, ал егер бетпе-


242 
бет келсе, Төлеген өлмес еді деген ойлар бой көрсетеді жырда. Рас, соның 
өзінде де жыр Төлегенді алып күштің иесі етіп суреттемейді, оның 
мергендігін, ептілігін айғақтайды. Мәселен, Бекежан оны мерт қылғанша 
Төлеген жеті қарақшыны өлтіріп үлгереді. 
Тумысынан ерекше жаралған Төлегеннің мінезі Жібекке деген сезімінен 
кейін бұрынғыдан гөрі жұмсарып, оның болмысын байыта, нұрландыра 
түседі. Ол өте сезімтал, нәзік жанды болып көрінеді. Бұл қасиеті, әсіресе, 
Төлегеннің Сансызбаймен қоштасқан сәтінде және әуелеп жүрген алты қазға 
қарата зарын айтқан кезде барынша кең ашылады. Әсіресе, соңғы монологта 
Төлегеннің ішкі сезімі өте лирикалық, тебіреністі рухта суреттеледі. Осы 
туралы ұлы Мұхтар Әуезов: «Төлегеннің мерт болып өлген жері аса қайғылы 
болып шығады. Төлегеннің елінен бірге шыққан алты қазбен өлерде тілдесіп, 
қоштасуы, ата-ана, елі-жұртына сәлем айтып, арыздасуы өте әсерлі, қалың 
шер болады. Ел-жұртын, ата-анасын сүйгендігінің ғана белгісі емес, сонымен 
қатар ғашық жарына қолы жетпей, опық жеген үміттің, арманда кеткен 
жүректің де зары» [3], – деп жазады. Ғашықтық жырдың жанр ретіндегі бір 
ерекшелігі де осында. Кейіпкерлер өзінің мұңын, көрген қиындығын, 
ғашығына деген сезімін осы тектес лирикалық монолог-толғауларында ашық 
айтады. Мұны біз Жібектің Төлегеннің өлімін естіп, зар жылаған жоқтау 
іспетті монологынан да көреміз. 
Жібек те – өз теңін іздеген ару. Оның арманы – өзін де құлай сүйген, 
махаббатқа адал адамға қосылу. Жібектің идеалы – бай да, батыр да емес. 
Оған керегі – Қыз Жібектің жүрегін жалындата алатын, өзі сияқты жаны таза, 
ақылды әрі көрікті жігіт. Яғни Қыз Жібектің өзі қалай сүйсе, жігіт те оны 
солай сүюі керек. Міне, Төлеген осындай адам. Оны Жібек алғашқы 
кездесуде-ақ сынап, байқаған. «Жалғыз атты» адамсың дей отырып, 
Төлегеннің сөзінен, өзін қалай ұстайтын мінезінен оның парасатты бекзат
екенін аңғарған. Сол себепті де Жібек Төлегеннің ата-тегін, ел-жұртын 
сұрамай-ақ әкесі Сырлыбайдың рұхсатымен келісім береді. Тек Төлеген еліне 
қайтар алдында жаман түс көрген соң ғана Төлегеннің туын, ата-анасын 
сұрап біледі.
Жалпы, Жібектің образы эпоста идеалды болып суреттеледі, оның 
бойында қазақ әйелінің ең асыл қасиеттері жинақталған. Жырда ол екі 
бейнеде көрінеді: сұлу қыз және адал әйел. Жырдың алғашқы бөлімінің біраз 
жері – сол сұлу қызға арналған. Оның сұлулығы алыс жерлерге жетеді, 
Төлеген де, қалмақ ханы Қорен де ару қыздың даңқын естіп келеді. Жібектің 
өз елінде де талай жігіт оған ғашық, бірақ Жібекке жолай алмайды, өйткені, 
Жібек тірі жанды менсінбейді, бұлан боп өскен ерке әрі өр мінезді. Мәселен, 
қуып жетіп, күймеде кім бар деп дауыстаған Төлегенге жауап та бермейді, 
тек Қаршығаның сөзінен кейін ғана күйменің есігін ашып, жарқ еткен бетін 
көрсетеді де қояды. Міне, дәп осы жерде жыршы қыздың сұлулығын 
суреттейді. Бұған дейін Жібектің сұлулығы туралы сырттай сөз болып, өзінің 
келбеті нақты суреттелмей келсе, енді Төлеген көргендегі «Жібектің сипаты 
төлегенге бұл сықылды көрінді», – дейді де жыршы былай суреттейді қызды. 


243 
Қыз Жібектің құрметі, 
Жиһаннан асқан сәулетті. 
Ләйлі-Мөжнүн болмаса, 
Өзгеден артық келбеті... 
Ақ маңдайы жалтылдап, 
Танадай көзі жарқылдап, 
Алтын шашбау шашында-ай. 
Қыз Жібектің дидары – 
Қоғалы көлдің құрағы. 
Көз сипатын қарасаң – 
Нұр қызының шырағы. 
Дүрі жауһар сырғасын 
Көтере алмай тұр құлағы. 
Бой нұсқасын қарасаң – 
Бектер мінген пырағы. 
Қыз Жібектің ақтығы 
Наурызбайдың ақша қарындай. 
Ақ бетінің қызылы. 
Ақ тауықтың қанындай. 
Екі беттің ажары, 
Жазғы түскен сағымдай. 
Білегінің шырайы 
Ай балтаның сабындай. 
Төбесінде бар қос анар, 
Нар бураның санындай. 
Оймақ ауыз, құмар көз 
Іздеген ерге табылды-ай... 
Бейіштен жанған шам-шырақ – 
Көзі жайнап, жанып тұр. 
Белі нәзік талып тұр. 
Тартқан сымнан жіңішке, 
Үзіліп кетпей нағып тұр?! 
Он төрт жаста осындай болған Жібектің сұлулығына ақылы мен 
ақындығы да сай. Алғаш кездескен сәттегі Төлегеннің сөзіне берген жауабы 
өте ұтымды әрі әсерлі. Ол өзін үлкен шеберлікпен таныстырады жігітке, 
өзінің кім екенін кәнігі ақындарша баяндайды: 
Мен жайымды айтайын: 
Ағыным судай ағады, 
Халқым малдай бағады, 
Жұртым қойдай қағады...
Жалғыз атты жолаушы, 
Жақындамай, әрмен жүр... [4] 


244 
Өзін халық құрметтейтінін, жоғары бағалап, сыйлайтынын айта келіп, 
Жібек Төлегенді әдейі кемсіте сөйлейді, сөйтіп, оның жігіттік намысын 
сынайды. Оның айтқан жауабына, көркі мен ұстамдығына риза болған Жібек 
енді өзі іздеген адам – осы Төлеген екеніне көзі жетеді де, соған тұрмысқа 
шығуға бел байлайды. Бірақ ол жігіттің ұнағанын сездірмейді, ойын ашық 
айтпайды. Іштей жақсы көріп қалса да, әліптің аяғын бағады, себебі әкесі 
қалай қарайды бұл жігітке, әлі белгісіз еді. Әкесінің батасын алған соң ғана 
Жібек өзінің сезіміне ерік береді, Төлегеннің шақыруын жылы қарсы алып, 
оның отауына өзі барады. 
Міне, осыдан бастап Жібек – күйеуіне өте адал әрі қамқор әйел ретінде 
көрінеді. Төлегенге деген терең де мөлдір сезімін, шексіз берілгендігін ол, 
әсіресе, жаман түс көргенін жеңгесіне айтып, Төлегеннің сапарға шықпауын 
өтіну арқылы білдіреді. Осы эпизодта Жібек – сүйікті жар ғана емес, 
алдағыны болжай алатын көреген әйел болып бейнеленеді. Көрген түсін өзі 
жорып, Жібек: 
Айналайын, жеңеше-ау, 
Төлегеннің мен білдіс. 
Бір кеткен соң келмесін, 
Жарық дүние опасын 
Білдім көзге ілмесін. 
Мұнан кетсе Төлеген 
Білгізді Құдай мен қуға 
Бұл жерді қайтып көрмесін... [5]
деп, жеңгесін Төлегенге жұмсайды, Төлеген жолға шықпасын деген тілек 
білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, Жібек Төлегенге тыйым салады. Бұл – 
жырда екінші тыйым: әкесі Төлегенге алыстағы Шекті еліне, Жібекке баруға 
келісімін де, батасын да бермеген-ді. Фольклордың поэтикасы бойынша
тыйымды бұзған кісі бір қасіретке тап болады. Ал, қазақтың этикасы 
бойынша әке батасын алмаған баланың жолы болмайды. Ендеше Төлегеннің 
мерт болуының түпкі себебі – осы екі тыйымды бұзғаны дейді жыр. 
Жібекке оралайық. Ол Төлегенге ғана адал емес, оның еліне руына адал. 
Мұндай берілгендіктің себебі туралы Мұхтар Әуезов 1927 жылы шыққан 
кітабында былай деп жазады. 
«Қыз Жібек басында Төлегенді сүйгенде оның бір басын ғана сүйіп 
қойған жоқ. Ол махаббаттың келешек қызықты күнін сол Төлеген шыққан 
рудың, сол шыққан ауылдың, аймақтың ішінде болады деп есептеген. 
Қазақтың салты бойынша өзін Төлеген руының мүлкі деп есептеп өскен. 
Мұның келешектегі күні Төлегеннің ауданымен, ауылмен байланысқан 
махаббаты ауданы, көлемді махаббат. Бүгінгі ғана бір-ақ жанды сүйіп, 
сонымен тоқтап, тойып қалған махаббат емес, келешектегі келін болатын, 
жеңге, бәйбіше заманның барлығын бірдей сүйіп, сол күнді іштегі 
махаббаттан басқа, сол руға тиісті намыспен сүйген, сондықтан Төлеген 


245 
өлген күнде, ол Сансызбайды Төлегенді жоқтағандай жоқтауды [6]. 
Сүйген жарына ғана емес, оның ел-жұртына деген махаббатын Жібек 
Төлегенді сегіз жыл бойы күту мен ол келмеген соң оның елінен біреу келуін 
тосу арқылы да білдіреді. Күйеуінің елін Жібек – өзінің қорғаны деп біледі. 
Қалмақтың Қорен ханы күш көрсетіп, Жібекті зорлықпенен алмақшы 
болғанда, ол Төлегеннің руын есіне алып, Сансызбайдың неғып келмей 
жатқанына таң болады. Зарыға күткен Сансызбайы келгенде Жібек еш 
ойланбастан қайнысымен қашуға бел байлайды. Өйткені ол, біріншіден 
Төлегеннің «өліп кетсем, артымда еш жаманға қор қылмас Сансызбай атты 
інім бар», деген өсиетін орындауы керек. Екіншіден, Жібек, өз заманының 
салты бойынша, өзін Жағалбайлының жесірімін деп есептейді де, әмеңгерінің 
келуін күтеді. Үшіншіден, Сансызбай Төлегеннен аумайды, сондықтан Жібек 
оны «Төлегеннің өзі» деп қабылдайды: 
Жарық алып, Қыз Жібек 
Сансызбайды көреді. 
Көріп, сонда сөйлейді: 
– Алтыннан соққан қияғым, 
Күмістен соққан тұяғым. 
Құдай қайдан ұқсатқан 
Көкесіне сияғын?! 
Жаратқан Алла жар болып, 
Жанды ғой өшкен шырағым, 
Ашылсаңшы, қабағым! 
Өлгенім тіріліп келіп тұр, 
Жарылсаңшы, жүрегім? [7] 
– деп, өте қуанады. Сансызбайды көрген соң, Жібектің көңілі тояды», – 
дейді жыршы. Демек, Жібек енді өзі сүйіп қалады Сансызбайды. Яғни Жібек 
марқұм болған жарының өсиеті мен ата салтын орындау үшін ғана тимейді 
Сансызбайға. Ол өзі ғашық болады, сөйтіп оның Төлегенге деген іңкәрлігі 
Сансызбайға ауысады. 
Сансызбайды көрген кезден бастап, Жібек енді тәуекелшіл және өжет 
күйінде көрсетіледі. Жырдың бірінші бөлімінде ол он төртке жаңа толған, 
ерке, бейқам сұлу қыз түрінде бейнеленсе, бұдан былай ол ер мінезді әйел 
ретінде суреттеледі. Сансызбайды көрген бойда-ақ ол Шеге мен Сансызбайға 
енді қашу керектігін айтып, оны қалай іске асырудың мән-жайын түсіндіреді 
және өзі ақылмен, айламен Қорен ханның тұлпарын, семсерін сұрап алып, шу 
деп тартып тұрады. Бұл шақта ол ханмен еш қаймықпай, қайта өктем 
сөйлеседі, содан соң жалғыз өзі еш қорықпай жолға шығады, жол бойы да 
қасындағыларға ақыл-кеңес беріп отырады. Қорен ханның қуып келе 
жатқанын да алдымен Жібек «күндік жерден болжап біледі. Жалпы, жыр – 
Қыз Жібектің көріпкелдік қасиеті бар екені үш мәрте белгілі болады. 
Төлегеннің еліне қайтарда жаман түс көріп, оның мерт боларын білуі, қуып 
«келе жатқан қалмақтың қарасын күндік жерден» болжауы, Сансызбайдың 


246 
еліне қалың қалмақ қолының келе жатқанын түс көріп ескертуі. Бұдан біз 
Жібектің бейнесі идеалды болумен бірге көнелік сипатқа да ие екенін 
аңғарамыз. Ежелгі ертегі мен көне эпостағы әйелдердің алдағыны болжайтын 
кереметтігі батырдың өмірінде үлкен рөл атқаратыны мәлім. Мұнда да сол
байқалады. Демек, кейінгі заманның жыршысы көркем эпосқа көне мотивті 
пайдаланып, Жібектің образын сомдаған. 
Жырдағы Жібек – тек көріпкел әрі қамқоршы әйел ғана емес, ол енді 
Сансызбайды сүйген, онсыз өмірді қажет етпейтін, адал жар. Сансызбайдың 
жолында өзін құрбан етуге дайын. Мәселен, Сансызбай мен Қореннің жекпе-
жегі кезінде ол Сандалкөк тұлпардың шылбырын мойнына орап, Жаратқанға 
жалынып, мінажат етеді де, «бір сайқалдың жолында құртамысың, Құдай, бір 
бишара жанның тұқымын?» – деп, зарлап, жылайды. Сөйтіп Жібек бұл жерде 
тағы да нәзік жанды, сүйгеніне адал жар болып көрінеді. Осындан әрі қарай 
Жібек түгелімен Сансызбайдың қамын ойлап, сол үшін өмір сүреді, ол енді 
өз тарапынан пәлендей бір ірі іс-қимыл жасамайды, бірақ Сансызбайдың 
ақылшысына, тілеуқорына, қамқоршысына айналады. 
Сансызбай болса өзін нағыз батыр, елінің таянышы, Жібекті өзі сияқты 
сүйе білген ер азамат ретінде көрсетеді. Ол Төлеген секілді емес. Ерте 
жасынан ерлікке даярланып, ағасы дайындап кеткен тоғыз қабат сауытты 
дулығаны киініп, найзасы мен садағын асынып, тұлпар атқа мініп, кәдімгі 
батырларша жолға шығады. Оның бұл сапары, бір жағынан, бұрынғы 
батырлардың қалыңдық іздеп, сапар шегуін еске түсірсе, екінші жағынан, 
жау қолына түскен әйелін (яки қалыңдығын) тұтқыннан азат ету үшін 
күреске аттанатынын қайталаса, үшінші жағынан, болашақ батырдың 
алғашқы ерлігін ойға оралтады. Ал, мұның бәрі классикалық батырлық 
эпосқа тән. Демек, «Қыз Жібек» жырының екінші бөлімі – көне заманнан 
келе жатқан «жігіттің ерлікпен үйленуі» туралы сюжет болып табылады. Бұл 
сюжет, әсіресе, батырлық ертегі мен көне эпоста жиі кездеседі. Осы ежелгі 
сюжетті жыршылар әдемі пайдаланып, жырға шеберлікпен енгізген, сөйтіп, 
екі сюжеттен тұратын өте көркем ғашықтық жыр тудырған.
Рас, «Қыз Жібекте» Сансызбай елінен ерлік жасау, я болмаса жеңгесін 
құтқару үшін шықпайды. Оның мақсаты – хабарсыз кеткен ағасын табу, егер 
ол тірі болса – елге қайтару, ал өлі болса – арулап жерлеу. Мұны қазақтың 
рулық салты мен ғұрпы талап етеді. Сол себепті жырда екінші бөлім пайда 
болады, яғни фольклордың поэтикасы бойынша шежірелік тұтастану іске 
асып, Сансызбай ағасы жүзеге асыра алмағанын ойдағыдай орындап шығады. 
Эпоста Сансызбай екі сипатта көрінеді: ағасын жанындай жақсы көретін 
бауыры және оның ісін жалғастырушы інісі. Бірінші сипаттағы Сансызбай – 
әлі жасөспірім, сондықтан оны бейнелеуде жыр лирикалық психологизмге 
орын берген. Қайын жұртына кетіп бара жатқан ағасымен қоштасқан сәттегі 
Сансызбайдың мінезі, ағасына айтқан сөзі – оның терең ойлы, ата-анасы 
туралы қам жейтін, келешегін ойлайтын бала жігіт екенін дәлелдейді. Мұңлы 
болған Сансызбайдың қайғыратыны: ағасы әкесінен бата ала алмай және 
жалғыз аттанып бара жатқаны, ол кеткен соң ата-анасының, ел-жұрттың халі 
не болатыны, өзінің тым жас екендігі, сол себепті әке-шешесін бағып-қағуға 


247 
әлі жарамайтыны... Осының өзі-ақ Сансызбайдың ерекше жан екенін 
көрсетіп, оның келешекте нағыз азамат болатынын аңғартады. Ағайынды 
екеуінің қоштасу сөздерінен Сансызбайды алда үлкен де қатерлі сынақ күтіп 
тұрғаны сезіледі. Оны Төлеген де болжап, інісіне қажетті батырдың сауыт-
сайманын дайындап қойғанын айтады және өзі мерт болса, Жібекті іздеп 
табуды, ешкімге қор қылмай, жар етіп алуды тапсырады. Міне, осылай 
жырдың эпилогі іспетті көрінетін Сансызбай мен Жібек жайындағы 
қосымшаның пайда болуы ақталады да, бүкіл жыр біртұтас көркем дүниеге 
айналған. 
Жырдағы осы екінші сюжет эпосқа мейлінше қазақы сипат дарытқан. 
Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы екінші 
бөлікте көбірек әрі жарқын көрінеді.
Егер бірінші бөлімде Төлеген Қыз Жібекті алу үшін екі жүз елу жылқы 
сатып алып, қалыңмал берген дәстүр көрінсе, екінші бөлімде қай істі бастар 
алдында үлкендердің батасын алу ғұрпына үлкен мән беріледі. «Ата қарғысы 
– оқ» деп түсінген халық Төлегеннің мерт болғанына аянышты болса да, 
таңданбаған, қайта оны заңдылық деп қабылдаған. Ал, «баталы ұл арымас» 
деген ұғымды ұстанған жыршы да, тыңдарман да Сансызбайдың ақжолтай 
болғаны - әкесінің оң батасын алғандықтан деген ой ұсынады. Сондай-ақ 
Жібектің әмеңгерлік салтымен Сансызбайға қосылуы да – ел үшін еш оғаш 
емес, керісінше, оны орынды деп білген. Кеңес кезінде әменгерлікке
байланысты «Қыз Жібек» жыры реакциялық салтты дәріптейді деп сыналған 
болатын. Анығында солай ма? Неге біз ертеде туған жырға кейінгі, кеңес 
дәуірінің ұғымын және біздің түсінігімізге мүлде жат Еуропалық 
қағидаларды тануымыз керек. сонау 1927 жылдың өзінде-ақ Мұхтар Әуезов 
осы жайлы айта келіп, былай деп жазған болатын: «Осы оқиғадан соң 
(Төлеген өлгеннен соң – С.Қ.) Қыз Жібек жүрегінде махаббаттың екінші бір 
түрі шығады. 
Бұл түрі бүгінгі махаббат жайын сұрайтын адамдардың ұғынуынша, 
бүгінгі өнерлі Еуропа ұғынуынша жат тұр. Мұндай махаббат болмайтын да 
сияқтанады. Бірақ, қазақтың сол замандағы тұрмыс заңын, салтын еске алсақ, 
сол заң мен салтқа анық бой сұнып өскен адамдардың көзімен қарасақ, бұ да 
махаббат екені даусыз. Бұл «Қыз Жібектегі» махаббаттың екінші сатысы. 
Қазақ махаббатының өзгеден ерекше бір алуаны, ерекше түрі» [8]. 
Сонымен Сансызбай Жібекті алады, бірақ ол тек әмеңгерлік жолымен 
ғана алмайды. Сансызбай, кәдімгі қаһармандық эпостағы батырларша, ерлік 
жасап алады. Ол бұл жерде – Жібекті құтқарушы, түптеп келгенде, 
әділеттілік орнатушы, сондықтан да оның іс-әрекеті толығымен құпталады. 
Оның образы біржақты емес. Сансызбай – ең әуелі батыр. Оның батыр 
болатындығы алдын-ала, Төлегеннің оған арнап сауыт-сайман соқтыруы мен
өзі алысқа аттанып бара жатып, келмей қалсам осы қару-жарақты асын да,
мені іздеп шық деуінен-ақ білінеді. Сондай-ақ Төлегенді іздеу үшін дайын 
тұрған сауыт-сайманды киіп, әкесі Базарбайға келіп, рұхсат сұрауы – оның 
сапары оңай болмайтынын, алдында небір қауіп пен кедергілер кездесетінін, 
сондықтан оған ержүректі әрі қайратты болу керектігін байқатады. Әкесінен 


248 
оң бата алып, ағасын іздеуге аттанғаннан бастап, Сансызай – бұрынғы 
жасөспірім емес, бес қаруы сай, қандай қиыншылққа да қаймықпай қарсы 
тұра алатын, кездескен жауын жеңе алатын қайсар бейнесінде көрінеді. 
Сырттай қарағанда, Сансызбай ұзақ жолда, Жібекпен көріскенге дейін тек 
Шегенің айтқанымен жүретін тәрізді көрінеді. Алайда, олай емес. Оның бар 
болмысы хан Қоренмен жекпе-жекте және артынан қуып келген қалың 
қалмақпен шайқаста ашылады. Оның таймас ержүрек екенін жекпе-жекте 
бірінші кезекті хан Қоренге бергенінен-ақ аңғарылады. «Кезегін беріп 
қалмақтың қасқайып қарап тұрады», – дейді эпос. Ал өз кезегі келіп, 
садақпен атқан оғы не істегенін жыршы былай суреттейді: 
Садақты қолға алады, 
Толықсып тұрған кәпірді 
Толғап тартып қалады. 
Зырқырап оғы кетеді, 
Қалмаққа төмен жетеді, 
Көкірек қысқан көбеден, 
Қармаулы қабыл жебеден 
Зырлауменен өтеді, 
Мұнан да өтіп кетеді, 
Бір төбеге жетеді, 
Үй орнындай бір жерді 
Төңкере тастап кетеді. 
Оқ тоқтаған кезінде 
Қорен аттан сұлады, 
Туы қолдан құлады. [9] 
Міне, Сансызбайдың күштілігі – оның атқан оғының ағынымен, Қоренді 
тесіп өтіп, төбені төңкергенімен өлшенеді. Оқтың жылдам ұшқандығы 
сондай – Қорен аттан құлағанша жырақта тұрған төбеге жетіп, оны қопарып 
үлгереді. Ал, Сансызбайдың қайраты мен ерлігі қалың қалмақпен екі рет 
соғысқанда көрінеді. Біріншісі – артынан қуып келген қалмақ қолын түгел 
қырып, «өлігін жота-жота қылып үйіп» тастайды. Екіншісінде – 
Сырлыбайдың елін қамап алған көп қалмақты бір өзі қырып салады. 
«Қалмақтың бес мың қолын бәрін қырып, қызыл қанға бояды қара жерді» – 
дейді жыршы. Сөйтіп, Сансызбай елде тыныштық орнатып, қайын жұртында 
екі ай жатып, еліне қайтады. Міне осылай Сансызбай ағасының өсиетін 
орындап, Жібекті сүйікті жар етеді, Жібектің өзін, оның елін жаудан 
құтқарып, әділдік орнатады, елді қуанышқа кенелтеді. 
Бізге жеткен «Қыз Жібек» жыры – таза сөз өнерінің дүниесі, сондықтан 
ол көркем шығарма деп түсініледі. Олай болса, мұнда жүйелі композиция, 
қызғылықты сюжет, бітіспейтін тартыс, кестелі тіл, яғни көркем шығармаға 
не керек, соның бәрі болуға тиіс және олар жырда айтарлықтай көрініс 
тапқан. Әрине, бұл әлі жазба әдебиеттің үлгісі емес, мұнда көпқатпарлы іс-
әрекет жоқ, шытырман оқиға баяндалмайды, кейіпкерлердің мінез-құлқы, 


249 
психологиясы, характері динамикалық түрде дамымайды. Дей тұрғанмен, 
«Қыз Жібек» жырында басты қаһармандармен қатар басқа да кейіпкерлер 
оқиғаларға араласып, шығарманы мазмұн жағынан байыта түскен. Олар екі 
топқа бөлінеді. Бірі – бас қаһармандардың жанашыр достары болса, екіншісі 
– олардың қарсыластары. Достары Жібек пен Төлегеннің, содан соң Жібек 
пен Сансызбайдың махаббатын қоштап, оларға әрдайым жәрдем етіп жүреді. 
Бұлардың арасынан Қаршыға мен Шегені ерекше бөліп алуға болады. 
Әсіресе, Қаршығаның қызметі айрықша. Ол Төлегенге өзі көмекке келеді, екі 
жасты таныстырады, оларды оңаша үйде кездестіртеді, Төлегенге қалыңдық 
үшін мал алып, «құда түсуге» көмектеседі. Қаршыға өзінің ойын өте шебер 
іске асыра біледі. Ол Жібекті Төлегенге бірден көрсетпейді, алдымен ол үш
сұлу қызды көрсетіп, Төлегенді ынтықтырып, іңкәрлігін арттырып барып, 
Жібекті көрсетеді. Қаршыға – өте ақылды және кең пейілді, ақ ниетті адам, 
ол Сансызбайды да қолдап, оны қуған қалмақ қолын басқа жолға бұрып, 
адастырады. Қаршығаның өзі де ер, ешнәрседен қаймықпайды, сөзге 
шешен, ойындағысын жасқанбай айтады. Оның бұл қасиеттері Жібекпен 
сөйлескенде де, Төлегенге кеңес бергенде де, қалмақтармен шайқасқанда да, 
Сансызбайға көмектескенде де, Сырлыбаймен сырласқанда да, әсіресе, 
Жібектен айырылып, қаһарланған Қоренге тайсалмай жауап бергенде 
көрінеді. 
Жырдың екінші бөлігінде Шеге де Қаршыға сияқты көмекші әрі ақылшы 
рөлінде бейнеленеді. Ағасын іздеп шыққан Сансызбайдың жолбасшысы 
болып, қиын-қыстау кезеңде сабыр сақтап, жөн таба біледі. Ол да Жібек пен 
Сансызбайдың қосылуына бар күшін салады. Қорен бастаған қалмақтар 
тойына танылмай келіп, Жібекпен тілдеседі, Жібек пен Сансызбайды бір-
біріне таныстырады, сөйтіп екеуінің қосылуына жағдай жасайды. Рас, 
Шегенің іс-әрекеті Қаршығанікіндей кесен емес, бірақ соған қарамастан ол 
дәстүрлі қаһармандық эпостағы батырдың жанындағы атқышы, яки 
қиналғанға көмек көрсететін досының кейбір белгілерін сақтап қалған. 
Жалпы, Қаршыға мен Шегенің образдары ежелгі көмекшілердің ғашықтық
жырда өзгергенін көрсетеді. Мұның басты себебі – «Қыз Жібек» тұтас 
эпосқа, яғни көркем жырға айналған заманда (яғни ХV-ХVІ ғғ) және одан 
кейінгі дәуірлерде де (ХVІІІ-ХІХ ғғ) ер адам туралы қоғамдық идеалдың 
ауысқаны. Ол – тек қана қара күштің иесі емес, оны-мұныдан хабары бар, 
шежіреші, ақылды, әрі сөзге ұста адам. Бас қаһарманның өзі сегіз қырлы, бір 
сырлы болғандықтан, оның көмекші достары да сондай болуға тиіс.
Жырға үлкен серпін беріп, оған көркем шығармаға қажетті қасиеттерді 
дарытып тұрған нәрсе – кейіпкерлердің бітіспес тартысы. Оны күшейтіп, 
ширықтыруда бас қаһармандарға қарсы қимыл жасап жүрген Бекежан мен 
оның қарақшы жолдастары және қалмақтардың ханы – Қорен. Алайда, 
Бекежан мен Қорен бір-біріне ұқсамайтын дұшпандар. Бекежан – романдық 
эпостағы дәстүрлі кейіпкер, яғни екі ғашықтың ортасында жүрген қастангер 
(жігіт – қыз – қастаншы). Рас, Бекежан да ғашық Жібекке, бірақ ол сырттай 
сүйеді, ол өзінше иемденіп Жібекті қорғаштап жүрген болады, алайда қызға 
өз ойын ашық айта алмайды және Төлегенмен ашық күреске де шықпайды. 


250 
Бекежан үшін қыздың сезімі деген түсінік жоқ, ол өзі сүйсе болды, қыздың 
махаббатын, жүрегін жаулап алу үшін не істеу керек екенін де білмейді. 
Жібектің сүйіспеншілік сезімін оята алмаған ол жауыздық жолға түседі, 
Жібек сұлуды басқа біреуге жіберу Шектіге ұят деген жамаумен алпыс 
жігітті алдап, өзіне серік етіп алады. Ақырында, айдалада бәрі жабылып, 
Төлегенді өлтіріп тынады. Сонан соң да сегіз жыл бойы қорқып, қылмысын 
жасырып жүреді. 
Бекежанның істегенін халық та, жыршы да сөгеді. Сөккенде, Жібекке 
ғашық болғаны үшін емес. Асылында, жігіт ретінде ол да Жібекті сүюге 
хақылы. Жыршы да, тыңдаушы да оған қарсы емес. Мәселен – Бекежанның 
халық этикасына жат қылыққа баруында. Ол, біріншіден, ер азамат ретінде 
өзінің қызға деген махаббатын ашық күресте емес, жауыздықпен дәлелдегені. 
Екіншіден, қанша жек көрсе де, өлген Төлегенді топырақпен жаппай, иен 
далада ит-құсқа жем етіп, тастап кетуі. Сондықтан да оның бауыздалып 
өлгенін тыңдаушы да, жыршы да орынды деп қабылдайды. Халықтың 
ізгілікті салт-дәстүрін бұзып, жауыздық жасаған адамның тағдыры – осы 
дейді эпос. 
Ал, Қорен хан болса, ол Бекежаннан өзгеше дұшпан. Қорен – елдің 
ішіндегі қаскүнем емес, сырттан келген жау. Жау болса да, ол – нағыз батыр. 
Өз ойын ашық айтады, күшіне сенеді. Жібекті күшпен алатынын да 
жасырмайды, Сырлыбайға қызыңды бермесең, еліңді шабам деп, бүкіл 
ауылды қамап, тұтқында ұстайды. Әлбетте, адамгершілік тұрғысынан 
келгенде, бұл да – зорлық. Жібек оны қалай ма, қаламай ма, онды оның да 
шаруасы жоқ. Ол да, Бекежан құсап, сырттай иемденеді Жібекті, бірақ ол өз 
ниетін тура білдіреді, айтқанына қыз көнбесе, оңдырмайтынын да 
бүкпелемейді. Істеп отырғаны зомбылық, бірақ, не істейсің, ол қазақтың ата 
жауы, сол дұшпандығын істеп отыр. Қорен ештеңеден қорықпайды да 
үрікпейді, өзін хас батырша ұстайды. Мәселен, Сансызбаймен жекпе-жекке 
шыққандағы оның мінезі, сөзі, ісі – ержүрек адамның харекеті, тіпті ол өзінің 
қарсыласын батыр деп мойындайды, сонда да одан қаймықпайды. Оны тосын 
тұрған Сансызбайдан бірінші кезекті сұрап алады. Ал, Сансызбайдың кезегі 
келгенде, ол қасқайып қарап тұрады, ажалын ерлерше қарсы алады. 
Сансызбай мен Қореннің жекпе-жегі батырлық жырлардағыдай. Екеуі
алдымен сөз арқылы тайталасады, содан соң кезекпе-кезек атысады. 
Әрқайсысы өз сөзінде қарсыларын төмендете, өзін көтермелеп сөйлейді. 
Осының өзі-ақ «Қыз Жібек» эпосының екінші бөлімі батырлық жыр екенін 
айғақтайды. Ал, Сансызбайдың мыңдаған қалмақты жалғыз өзі қыруы –
батырлық эпостың бұзылмас шарты. Сансызбаймен жекпе-жекте өзін нағыз 
батырша көрсеткен Қорен жай күнде мақтаншақ әрі өз айтқанынан 
қайтпайтын, ешнәрсенің байыбына бармайтын, тек өзінің қара күшіне сенетін 
дүлей бейнесінде көрінеді. Эпос оны, бір жағынан, асқан ержүрек батыр етіп 
бейнелесе, екінші жағынан, анайы ақымақ етіп суреттейді. Оның өзі қандай 
доғал, рапайсыз болса, сөзі де түйеден түскендей ерсі. Қыз Жібектің алдап 
тұрғанын сезбей, Сандалкөк тұлпарын беріп, топастығын білдірсе, ары-бері 
ойқастан шауып жүрген Жібекті көріп, «Қыз Жібек – менің қатыным ақырын 


251 
шапшы, ақырын!» – деп, жұртқа өзінің ақымақтығын жария етеді. Сөйтіп 
эпос оны мазақ қылады, күлкіге айналдырады.
Егер Қорен мен Бекежанды салыстыра қарасақ, екеуі де – жағымсыз
кейіпкер, бірақ олар бір-біріне ұқсамайды. Эпос оларды бірі-біріне қарсы 
қоятын секілді. Қорен – ашық жау, ол – қазақ елінің ата жауының өкілі. 
Оның бүкіл ойы мен іс-әрекеті – күллі ел жауының әдеткі ісі. Яғни оның 
мақсаты – шапқыншылық жасап, Шекті руын жаулап алу, күш көрсетіп, мал-
мүлкін талау, еркектерді қырып, әйелдерді – күң ету. Қорен Жібекті 
сүйгендіктен алайын демейді, оны салық деп қарайды. Өмірде де, 
фольклорда да сыртқы жау – қашанда жеңген елінен алым-салық талап етеді, 
міне, Қорен де осылай істейді. 
Бекежан болса – сырттан келген жау емес, іштен шалған қаскүнем. Ол – 
өте пасық, өзгенің жақсылығын көре алмайтын адам. Сол себепті ол өзінің 
жымысқы тірлігін жасырын істейді, ойын құпия ұстайды. Өйткені, ол –
қорқақ, арам. Жырда Бекежанның қалай өмір сүріп жүргені, бұрын кім 
болғаны айтылмайды. Эпос оны тек «қарақшы» деп атайды. Ал, қарақшының 
болмыс-бітімі белгілі. Қоренге қарағанда, Бекежан – айлакер, қу, бәрін 
алдын-ала ойластырып қояды, әрбір арам ісін залымдықпен жүзеге асырады. 
Сондықтан ол Қореннен де қауіпті. Сол себепті де жыр да, жыршы да, 
тыңдаушы да Қоренді емес, Бекежанды қарғайды, оны ит өлімге қияды. 
Бекежан – адам табиғатындағы ең жағымсыз қасиеттердің, зұлымдықтың, 
жауыздықтың белгілерін бойына жинақтаған, солардың символына айналған 
образ. Міне, бізге жеткен «Қыз Жібек» жыры – таза көркем фольклордың 
айшықты үлгісі екені осыдан да байқалады. 
Сонымен қорыта айтқанда, қазақтың классикалық түрдегі ғашықтық 
жырлары – ежелгі рулық заманда пайда болған «жігіттің үйленуі» туралы 
түпкі сюжеттің негізінде орта ғасырларда үлкен эпосқа айналған түрі. Бұл 
сюжет, әсіресе, Қазақ хандығы тұсында көркем фольклордың тамаша үлгісіне 
айналған. Талантты ақындар мен жыршылар «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» 
мен «Қыз Жібек» сынды жырларды тамаша романдық эпос етіп жырлаған. 
Сөйтіп, қазақ фольклорының құрамында ғашықтық жыр жеке жанр болып 
қалыптасқан. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   99   100   101   102   103   104   105   106   ...   115




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет