Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен –
Соны білсең, әрнені білгендерің?! [9]
Абайдың «сәуле» деп айтып тұрғаны – білім, ақыл, ой.
Ал, қазақ поэзиясында «сәулем» деген сөзді «сүйіктім, ғашығым»
деген мағынада алғаш қолданған Мағжан Жұмабаев:
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
122
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына [10], -
деген шумақтар ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, қазақ әдебиетіндегі
Абайдан кейінгі махаббат туралы интимдік лириканың озық үлгісі болды.
1922 жылдан бастап Мағжанның барлық жинағында шығуы арқасында «Сүй,
жан сәулем» өлеңі елге кеңінен тарады. Ел арасында ауызекі сөзде жақсы
көретін баласын, я болмаса жақын адамын «жарығым» деп айту бұрыннан
болған. Міне, осы «жарығым» деген сөздің орнына Мағжан «сәулем» сөзін
қолданып, оған «сүйіктім, ғашығым» деген мағына берген. Мағжан
шығармалары арқылы «сәулем» сөзі ел санасына сіңіп, әншілер бірте-бірте
сол сөзді әнге жиі қосатын болған. Сөйтіп, бұл дәстүрлі сөзге айналып,
фольклорлық әнге де, халық композиторлары әніне де кірігіп кетті. Бүгінде
оны ешкім солай екен деп ойламайды.
Алайда, осы әдемі сөзді орынды-орынсыз қолдану әндердің мазмұнына
әсер ететінін әншілер ескере бермейді. Кей жағдайда әннің эмоциялық
күшіне нұқсан келіп жатады. Мәселен, мына сөздерге көңіл бөлейік. Ақан
серінің «Майда қоңыр» әнін жақында радиодан бір әнші былай айтты:
Жігітке өлең де – өнер, өнер де – өнер,
Шын жүйрік өрге салса, өршеленер.
Бозбала, жастық шақта ойна да күл,
Шамшырақ мың күн жанған, сәулем-ай, бір күні сөнер.
Осы жерде «сәулем-ай» мүлде орынсыз айтылып тұр. Біріншіден, автор
бозбалаға қарата айтып отыр. Екіншіден, ән мазмұнында мұң мен өкініш бар.
«Бір-ақ күнде өмірден кетесің!» - деген ой айтылып тұр. Автор күңіреніп тұр.
Демек, бұл жерде «сәулем-ай» емес, «дүние-ай» деген сөз айтылуға тиіс.
Тағы бір мысал. «Ақбақай» әнін орындаушылар былай айтады:
Ат қайда Ақбақайдай-ай шаппай, желген,
Қыз қайда құдашадай-ай көзі күлген.
Алыстан ат арытып-ай келгенімде,
Шақыртпай еш адамға-ай, сәулем-ай, өзі келген.
Әннің мазмұнына қарасаң, жігіт құдашасына өте риза, оның өзі
келгеніне сүйсінеді, тамсанады, қуанады. Осындай сезімді ол «сәулем-ай»
емес, «шіркін-ай» деп білдірсе керек еді. Ол қызға айтып тұрған жоқ қой.
Өзіне, немесе біреуге айтып тұр. Ақбақай атына, құдашасына қатты риза
екенін хабарлап, үшінші жақтан қызды да, атты да сипаттап, жоғары бағалап
отыр. Осы эмоцияны «Шақыртпай еш адамға-ай, шіркін-ай, өзі келген» деп
айтса, дәл берген болар еді.
Мұндай мысалдар көп.
Қазақ әндері мәтіндерінің бұзылуының тағы бір себебі – орындаушылар
әндегі жер атауларын өзгертіп, өз аулының атауын енгізуі. Және кейбір ескі
123
сөздерді, мағынасын түсінбегендіктен бе, әлде мән бермегендіктен бе, жаңа
сөздермен, ұғымдармен ауыстырады. Бәріміз білетін «Елім-ай» әнінің
Достарыңызбен бөлісу: |