Асың-асың, асыңа,
Береке берсін басыңа
Бөденеден жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
М.Көпеев біраз айтыстарды қағаз бетіне түсіріпті. Ол айтыстардың қалай, қандай жағдайда болғанын, кімдердің жеңіп, кімдердің не себепті жеңілгенін де айта кетіпті. Қайым өлеңнің, жырдың кімнен басталғанынан да біраз мәлімет беріпті. Ол былай дейді: «Бұрынғылар домбыра ұстап, өлең айтатұғыннан қайым білесің бе деуші еді. ...Қайым деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда қайым өлеңнің ілкі басы Күдері қожа мен Ұлбике қыздың айтысы. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі мақал, тақпақ. Бұлардан бұрын жырлап сөйлейтін болған. Жырлап сөйлеушінің тұңғышы – Ноғайлыдан шыққан Мөңке би, қазақтан жырлап сөйлеушінің басы – Бұқар жырау», – деп жалпы қайым өлең мен жырдың шығу, қалыптасу жайында біраз сөз етті.
Аталмыш халық поэзиясы жанрындағы туындылары Мәшһүрді тек ақын емес, сонымен қатар халық поэзия үлгілерін жинап, мұра еткен аса зор фольклорист ретінде танытады. Ақының бұдан басқа ерлік, батырлық, елді сүю тақырыбындағы өлеңдері да көп. Едіге сияқты ел қорғаған батырлар жайында жырлары қазақ халқының ержүрек ерлерінің бейнесін танытады.
Мәшһүрдің сөздің қадірін білуге, оны аса қасиет тұтып, бағалауға үндейтін жерлері аз емес. Өзі ақын болғандықтан да болу керек, ол жадында сақталған сөз маржандарының бірде-бірін назардан тыс қалдырмауға тырысты! Мысалы, оның қолжазбасында: «Жан бір асыранды құс. Дүние бір қапас. От, су бермесе қапаста тұрып аштан өліп қалады. Оған қорек беру керек. Адам баласы қайдан тамақтан семіреді, құлақтан семіреді. Мұнан мағлұм болды, жақсы сөзге жан семіреді екен. Жанның қорегі құлақ сүйсінер сөз екен. Адам тіршілігінде, денсаулығында құлақ сүйсінерлік сөз естуге талап қылып, тырмысу керек», – делініпті. Дәл осы ой, дәл осы пікір бүкіл адамзат баласына ортақ. Шынында да адам жаны жақсы лебізге, әсем әнге тәтті күйге ынтық.
Қазақ поэзиясында өзіндік орын алған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары әрдайым өміршең де өзекті бола бермек. Себебі олардың қайсысы болмасын қазақ халқының өмірі, қоғамы, жаны және мұңымен сабақтасып жатыр. Халықтың өмірлік мәселелерін сипаттап, ескі және жаңа поэзиясының алты көпірі болып қала береді деген пікірмен келісеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |