Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетінен емтихан сұрақтары Жыраулар поэзиясының зерттелуі


Шалкиіздің арнау толғауларының әлеуметтік мәні



бет25/56
Дата06.01.2022
өлшемі266,21 Kb.
#12658
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   56
26. Шалкиіздің арнау толғауларының әлеуметтік мәні

Оның барлық толғаулары – заман, өмір, мораль туралы дидактикалық шешендік туындылар. Шалкиіз шығармаларынан айқын аңғарылатын сыр —оның логикалық жағынан жүйелі келуі. Жырау туындыларына ұйытқы болған оқиғалар аса көп емес, әйтсе де оның өмір кезеңдерін, дәуірге көзқарасын өлең-толғауларына қарап мол сезінуге болады. Шалкиіз жырларында суреттелетін адамдар —Темір, Азике, Мансұр, Арық хан және жыраудың өзі. Шалкиіздің өзін біз көбінесе лирикалық «мені» арқылы танимыз. Өз тұсындағы әміршілердің ешқайсысының да шашбауын көтермеген, турашылдығынан танбаған. Жырау туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен, көздегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпімді қуатымен ерек-шеленеді. Шалкиіз — көбі мақалға айналып кеткен талай афористік сөздердің авторы.


(Жаман туған бар болса, жаман жолдас көп болса, жазаны содан көрерсің т.б.)
Ел әңгімелерінің айтуынша, Шалгез батыр болған. Жауынгер, жорықшы жырау болғандығы оның өз шығармаларынан да көрінеді. Шалгез поэзиясы белгілі дәрежеде жаугершілік поэзиясы. Мұның куәсі жыраудың ескілік қаруы имек садақ пен қайқы қылыштан тым аулақ тұрмағанын көрсететін өлеңдерінен-ақ байқауға болады. («Аспанды бұлт құрсайды», «Балпаң-балпаң басқан күн», «Асқар, асқар, асқар тау» т.б.).

Ұрыс даласындағы батырдың қимыл – қозғалысын жанды суреттер арқылы жеткізу, батыр бейнесінің статикалық күйде сомдалу үлгілері байқалады. Би Темірге арналған толғаулары («Аспанды бұлт құрсайды», «Қара бас күспен шалдырып»). Жырау өмірінің ең жарқын кездері Темір би сарайында өткен.

Шалкиіз шығармалары ой, мазмұн жағынан қисынды, жүйелі келеді. Мысалы, өлең жолдары бірінде аздау, кейбіреуінде көбірек он бір шумақтан тұратын “Би Темірге айтқаны” толғауын алайық. Кеше ғана Темір би сарайында шалқып жүрген өзі би, өзі батыр атақты жырауды бүгін тағдыр түзге тентіретсе, жыр дүлдүлінің бақ, мансабын көре алмаған орда маңындағы “күйбеңдескен көп жаман” жанындай санап, бек сенген Темір биді бұған қарсы қойса, жырау не демек, өз көңіл-күйін қалай жеткізбек? Жырау Темір биге деген өкпе-ызасын, оның маңындағы жандайшаптарға деген кекті һәм сілтілі сөздерін бірден лақ еткізбей, алыстан орағыта, өз халін табиғат құбылыстарына ұқсата, жұптастыра, салыстыра толғайды. Шалкиіз нөсер алдындағы түнерген аспанды, көкшілден соққы жеген құс еркесі қудың қайғылы халін тектен-тек айтып отырған жоқ.

Көп ішінде бір жалғыз,

Көп мұңайып жылайды.

Күйбеңдеген көп жаман,

Сөзі тигенге ұқсайды.

Міне, алғашқы шумақтың соңғы төрт жолының өзінде де жанама хабар айтқандай, жай жорамалмен, меңзей толғайды. Ал, екінші шумақта өзі үшін Темір би кім еді, үшіншіде – өзі Темір үшін кім еді, – соны жырлайды. Осы үш шумақтың қай-қайсысында да Темір алдында “Көбең семіз торыңмын, көп құлыңның бірімін” деп, “бетегеден биік, жусаннан аласа” күйінде иба, инабатпен кішік көңілде толғап отырған жырау бірте-бірте қызынғандай шарт сынып, шамырқана түседі, тең сөйлесер тепсінген ер мінезбен өкпе-ызасын баттитып батыл айтады:

Жақсыңнан мені кем көрдің,

Жаманыңмен тең көрдің,

Жаманыңмен тең көрсең,

Ұялы бөрікке қос артып,

Сен есенде, мен сауда,

Ырысымды сындайын,

Сегіз қиыр шартараптан іздермін.

Төртінші шумақта жырау дауылпаздай даңқты Темірге жүрегі шіміркенбестен “Сен кім едің” дегендей өктем тіл қатады.

Тебінгінің астынан,

Ала балта суырысып.

Тепсінісіп келгенде,

Тең атаның ұлы едің,

Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті.

Кемел ақыл, кенен ой, бұлтартпас билік, тепсінген тегеурінмен Темір биді тізгіндеп жуасытып алған жырау кейінгі бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы шумақтарында ақыл, ғибратқа көшеді. Шалкиіз бұл тұста “шамаңды біл, жасық жима, асыл жи” дегендей. Тек толғау соңында ғана тағы да бәсік көңілмен үшінші шумақта айтқан Темірге ақ-адалдығын дамыта, тереңдете түседі.

Толғаудың ұзын-ырғасына көз жіберіп, барлап шыққанда нені байқауға болады? Сөз жоқ, жырау ойының жүйелілігі. Ой, пікірін сатылап дамытып, қисынды қиюластыруында, орнықты аяқтауында мол парасат пен шешендік шешім байқалады. Ол жыраудың өзіне дейінгі өрісті ойларды мол меңгергендігін танытады.

Ол кез – Шалкиіздің шалқыған дәурені. Ол кезде Шалкиіз өзі би, өзібатыр, өзі шешен, өзі жырау.Демек,Темір- Шалкиіздің жебеушісі, қамқоры болса, Шалкиіз – Темірдің мәртебесін өсіріп, жұртты аузына қаратқан жалынды тілі, аузы дуалы абызы. Міне, осындай сыбайлас, қадірлес өскен Темір би кейін сарай маңындағылардың шағыстыруымен Шалкиізді сыртқа тепсе де,жырауоныұлылайсуреттейді.МұныңөзіТемір- Шалкиіз арасындағы ренішті жуып-шаюға елеулі әсер еткен ақыл-айласын да аңғартқандай.

Алп, алп басқан, алп басқан,

Арабы торым өзіңсің.

Жазулы алтын, қол кескен,

Алдаспаным өзіңсің.

Білер де білмес не демес,

Сұлтан ием, сен менің.

Бармай тапқан қағбамсың.

Шалкиіз “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауында Темірді халықтың басын құраған елдің береке-құты, әділ әміршісі деп суреттейді.Жырау Темірді қисынды пікірлермен, өрісті ақыл, парасатымен иландырар сөз айтып қана хажы сапарынан тоқтатады :

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жығылғанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі кебені,

Сұлтан ием, қарсы алдыңнан жасапты !

Бас иіп жығыла жырлаған Шалкиіз осының өзінде астарлап болса да көптен жүрегін кернеген әділ де ащы сөздерін айта алған. Қартайған шақта иман іздеп, күнәдан арылмақ болса ел кезіп қағба бармай – ақ әділетке жүгін, қағба-әділет дегендей.

Шалкиіз жырларынан жыраудың өз бейнесін де ажырата тану қиын емес. Ол Темірге арналған толғауларында өзін бидің жан аямас шын берілген ақ, адал қызметшісі, “Көп құлының бірі” ретінде суреттейді.

Өмірдің өтпелілігін Шалкиіз “Шағырмақ бұлт жай тастар” толғауы мен “Қоғалы көлдер, қом сулар” шумағында анық та, ашық айтады. Жауынгер жырау жыр жолдарында өзіне тән етене таныс “Сақалына сары шіркей ұялап” далада қалған барымташы ерлердің реңі мен тағдырын мүсіркей суреттей отырып, жер басып, тірлік кешкен адам атаулыға ортақ құбылыс-өмірдің қысқалығы мен өткіншілігі туралы тебіренеді. Бірақ бұл өмірдің өзі аз ғұмыр екен деп аза тұтып күңіренбейді, қайта “жалған дүниеде” ойнап, күліп, бар рахатты бастан кешіріп шалқып өтуге үндейді :

Күлейік те ойналық,

Киелік те, ішейік,

Мына жалған дүние

Кімдерден кейін қалмаған ?!

Шалкиіз – өзінен соңғы дәуір поэзиясына елеулі ықпал, әсер еткен жырау. Бұл салада М. Мағауин бірқатар мысалдар келтіріп, құнарлы пікірлер айтқан.

Дәуірі жағынан Асан қайғы, Шалкиіздерге бір табан жақын тұратын Бұқардың құнарлы өнеге бастауларының бірі Шалкиіз жырларының ызаға қайнап, ойға қорыған өткірлігі мен тепсінген тегеурінін, жайрап қалар жағдайлардың өзінде жасып жабаурамай, үнемі ширыға, шамырқана отыратын жауынгерлік рухын өнеге етсе, Бұқар ақыл-нақылға құрылған философиялық-дидактикалық толғауларында жыраудың шумақтарын, не кейбір жолдарын аз-кем өзгеріспен көздеген нысанасына дәл тиетін сенімді қаруындай қолданып отырған.

XV – XVIII ғасырлар жырауларынан, әсіресе Шалкиізден мол сусындаған ақынның бірі Махамбет. Махамбеттің “Жалған дүние” (“Қоғалы көлдер, қом сулар”) толғауы Шалкиіздің “Қоғалы көлдер, қом сулар” толғауымен, Махамбеттің “Тайманның ұлы Исатай” (“Арғымақтан туған қазанат”) толғауының бірқатар жолдары Шалкиіздің “Айырдан туған жампоз бар” шумағымен, Махамбеттің “Еменнің түбі сары бал” толғауы Шалкиіздің “Жапалақ ұшпас жасыл тау”, “Жапырағы жасыл бәйтерек” шумақтарымен, Махамбеттің “Ата ұлының баласы”, “Күнқақты ердің ыстында” шумақтары Шалкиіздің “Атаның ұлы Ерлерге”, “Көктеп мінген еріңнің” шумақтары мен ойы, мағынасы, бейнелі сөздері, ұйқасы жағынан да сәйкес келеді.

Демек бұл мысалдарға қарағанда, Шалкиіз жырларының түр, стиль, образ өрнектерінен кейінгі ақын, жыраулар игі өнеге алған. Қажет жағдайда Шалкиіз жолдары мен бейнелі тіркестерін өз жырлары арасында сол күйінде қолданып, не өзгертіп, жаңғыртып, ұстарта жырлаған.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   56




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет