Байланысты: Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетінен емтихан сұрақтары
60.Хандық дәуір әдебиетіндегі ерлікті жырлау дәстүрі «Қазақ әдебиетінің тарихы 3 том»
Жалпы жыраулық поэзиядағы ерлікті жырлау әдісі – Тәтіқара жырау қалмақ басқыншыларына қарсы әділ күресте көзге түскен – Жәнібек батырдың тарихи ерлігін «Жәнібек Шақшақұлы болат найза» деп әрі ұтымды, әрі қысқа тұжырып сипаттаса, уақтағы Сары менен Баян батырды «Өзге батыр қайтса да бір қайтпаған» деп бейнелейді. Дәл осындай сипат оның Керейдегі Еменәлі, Ер Жабай туралы айтқан жыраулық мінездемелеріне де тән. Сонымен, жыраулық поэзияда батырлардың іс-әрекет, кескін-келбетін ерлік істерімен астастыра баяндау жүйелі дәстүрге айналған. Бұл әр алуан ерекшеліктерімен көрінсе де, осылардың бәріне тән ортақ белгілер де жоқ емес. Авторлары әрі жырау, әрі жауынгер батыр боғандықтан, бұлар өз жырларында, өзгелермен қатар өз бейнесін жасауға да мән беріп келген. Бұған Үмбетей жыраудың «Бөгембай өліміне» деген толғауы да дәлел бола алады.
Үмбетей жырау «Бөгембай өліміне», «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» деген екі жырында басқыншы жауға қарсы күресте жанқиярлық үлкен ерлік көрсеткен айбарлы батырдың асқақ тұлғасын шабыттана жырлайды. «Бөгембай өліміне» атты қысқа ғана жырда ол елі үшін туған Бөгембай батырдың заңғар таудай тұлғасы мен өшпестей ерлігін шеберлікпен түйіп сипаттай алған. Жыраудың бұл толғауы батырдың сол тұстағы ұмытылмас ерлігінің куәсі, халық махаббатының жарқын көрінісі деуге тұрарлықтай.
Үмбетей Бөгембай бейнесін толық түрде жасаса, Бұқар жырау Абылай бейнесін яғни Абылай ханның халық тағдыры шешілер жауапты кезеңде көрсеткен жанқиярлық ерлігі мен жауға қарсы күресті ұйымдастырудағы орасан зор еңбегін шалқыта сипаттайды. Жырау тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған аумалы-төкпелі заманда қазақ елінің басын қосып, жоңғарларға қарсы халықтың күрестің ұйтқысы болған Абылайдың әрі батыр, әрі білгір көсем,әрі даңқты қолбасы ретінде сипаттайды.
Көтеш ақынның «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің» деген өлеңінен, ақын ел бірлігі мәселесіне арнайы тоқтала қоймаса да, ел наразылығының неге әкеліп соғатынын ашық аңғартып, зілмен сөйлейді.
Доспамбет жырлары – майдан, ұрыс кезеңінің жылнамасы іспетті. Оның жырларында ел үшін, жер үшін айқас, жаралы жыраудың өлім мен өмір арасындағы қиналған арпалысты сәттері ерекше әсер қалдырып, жорық кезіндегі қайсар қылықтарымен өршелене жауға ұмтылған ержүрек ерлердің қимыл-әрекеті көркем бейнеленеді:
Арғымаққа оқ тиді
Қыл мықынның түбінен,
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан
Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма,-деген жыр жолдарында көшпенділер дәуіріндегі еліне жан жүрегімен берілген ержүрек нағыз батыр жыраудың, ер ақынның бейнесі зерделенген.
Жыраулар – Қазақ хандығы халқымыздың барлық жастағы адамдарының асыл, саналы қасиетті болуын мұрат еткен нағыз тәрбиешілер. Жыраулар поэзиясы – қазақ сөз өнеріндегі шынайы ұлттық сипаттың негізгі көркемдік іргетасы. Сондықтан, халықтық тәрбие дәстүрін жыраулар поэзиясы арқылы тереңдете ұғындыру – өмір талабынан туындаған мәселе.
Қорыта айтқанда, Қазақ хандығы дәуірінде жыраулар поэзиясының басты тақырыбы – халықтың топтасқандығы мен бірлігі және әскери күш-қуатын нығайту мәселелері болды. Сондай-ақ, жыраулар шығармаларында әміршіге тікелей арнау да, мадақ өлеңдер де, болмыс туралы философиялық толғаныстар да, ізгілік пен зұлымдық, жақсы мен жаман, достық пен дұшпандық туралы толғаулар молынан. Жыраулар өз туындыларын, толғауларын кейінгі ұрпақтарына мәңгілік мұра етіп қалдыру жолында көркемдігі жоғары поэзия тілімен, таптырмас теңеулер, жарқын метафоралар, синтаксистік және психологиялық параллельдер арқылы баяндаған. Бұл туындылардың Тәуелсіз Қазақстанның өркендеп дамуына тигізетін ықпалы орасан зор деп білеміз.