Бекіту сұрақтары
1. Біріккен сөздердің жазылу емлесіне 1988, 2001,2007 жылғы басылымдары бойынша салыстырулар жасаңыз. 2. 1988 және 2007 жылғы сөздiктер бойынша алфавит тәртiбi мен әрбiр әрiптен басталатын сөздердi /реестр бойынша/ салыстырмалы кестесiн жасап, алынып тасталған және қосылған сөздердi анықтаңыз. /топ студенттерiне бөлiнiп берiледі/. 3. 1988 жылғы сөздiкпен салыстыра отырып, 2007 жылғы басылымға енбей қалғансөздердi анықтап, олардың қатарында қандай салада қолданылатын атаулар бар, жаңа сөздiкке енбей қалу себебi не? деген мәселе төңiрегiнде өз ойыңызды білдіріңіз. 4. 1988, 2001, 2007 жылғы сөздiктердегi екiншi буынында «ә» әрпi келетiн сөздердiң салыстырмалы кестесiн жасап, мұндай сөздер құрамының азайып, көбеюiне қатысты пiкiр бiлдiрiңiз. 5.1988, 2001, 2007 жылғы сөздiктерден соңғы буынында у дыбысы, и дыбысы, ю, ё, э кірме дауысты дыбыстары бар сөздер, жіңішкелік белгісіне аяқталатын бір буынды сөздер, жіңішке ль дыбыстарына аяқталатын көп буынды сөздер, бль, ль дыбыстар тізбесіне, ог, уг дыбыстар тізбесіне, рк, рг, ск, кт, кс, нк, нг, лк, нкт дыбыстар тізбесіне, нд, нз, нк, нг, мп, мб, мт, кт, ск, вт, фт, пт дыбыстар тізбесіне, сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк дыбыстар тізбесіне аяқталған орыс тілінен енген сөздердің жеке-жеке сөздігін жасап, орфографиялық ереже бойынша әрқайсысына жалғаулардың барлық түрін жалғаңыз. 6. 1988, 2001, 2007 жылғы сөздiктерде берiлген «буын үндестігіне бағынбай жазылатын сөздерге» талдау жасап, оларды топтарға бөліп көрсетіңіз. Мысалы, буын үндестігіне бағынбай жазылатын түбір сөдер, буын үнестігіне бағынбай жазылатын біріккен сөдер, буын үнестігіне бағынбай жазылатын кірме сөдер т.б. 7. С.Мырзабековтiң қазақ орфографиясының арнаулы курсы бойынша методикалық нұсқаулар. /Алматы, Қазақ университетi, 1991/ кiтабының 1-10 беттерiне қысаша конспект жасаңыз. 8. 1988, 2001, 2007жылғы сөздіктердегі қазақ орфографиясының морфологиялық - фонематикалық және фонетикалық, сондай- ақ дәстүрлi ұстанымдарының қолданылу жиілігіне талдау жасаңыз.
Әдебиеттер
1..Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 1993.-496 б.
2.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.- Алматы: Мектеп, 1986.-182 б.
3.Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.-Алматы: Санат, 1996.-128 б.
4.Хасанова С.Ш. Көне түркі және араб-латын жазбалары. –Алматы: Респ.Баспа.каб.; 1994.-288 б.
5. Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi. -Алматы, «Қазақстан», 1988. -400 б.
6. Оралбаева Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. Алматы, 1969. -201 б.
7. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. -Алматы, -«Ана тілі», 1993. - 243 б.
8. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –А: «Мектеп», 1987. -124 б.
9. Қайдар Ә. Қазақ тiлiнiң өзектi мәселелерi. -Алматы, «Ана тiлi», 1998. - 304 б.
10. Сыздықова Р. Емле және тыныс белгiлерi. -Алматы, «Рауан», 1996.
11. Қыдырниязова А. Орфография және тыныс белгілері. Алматы, 2008.
12. Күдеринова Қ. Бөлек және бірге таңбаланатын сөздердің орфограммасы. -Алматы, «Арыс», 2001. -240 б.
13. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –А:«Балауса»,2000.-509 б
Тақырыбы-17. Қазiргi қазақ орфографиясының қайшылықты мәселелерi
Сағат саны 1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары:
1. Кiрме сөздердiң айтылуы мен жазылуының ережелері. 2. и,у әрiптерiнiң дыбысталуы мен таңбалануы туралы пікірталастар. 3. е, ю, я әрiптерiн жазудағы және буынға бөлудегі кереғар құбылыстар. 4. Вариант сөздердiң, күрделi сөздердiң, жер-су, адам атауларының жазылуындағы әрқилылық.
Дәріс тезисі
1). Қазақ жазуы үнемі өзгерiп, емлесi жаңару, толығу үстiнде. Соған қарамастан қазiргi қазақ орфографиясының төл тiлiмiздiң табиғатына қайшы түсер кереғар тұстары аз емес. Осының өзi жазу емлесiнiң ғасырлар бойғы жазу дәстүрiнiң, жазу тәжiрибесiнiң, дағдысының негiзiнде қалыптасатын өте күрделi құрылым екенiн көрсетедi. Ендi қазақ орфографиясындағы қайшылықты құбылыстар қандай себептер мен алғышарттардан туындайды? Қазақ жазу емлесiндегi қайшылықтардың пайда болуы, алдымен, кiрме сөздердiң тiлiмiзге енiп, айтыла, жазыла бастауымен байланысты. Оларды санамалап айтсақ, шамамен төмендегiдей:
1. Қазақ сөздерi б,г,ғ,д тәрiздi әлсiз дыбыстарға аяқталмайды /көне түркiлiк ұлығ, бiлiг, бiтiг, кiшiг, сарығ сөздерiнiң тарихи өзгерiсiн еске түсiрейiк/. Сондықтан орыс тiлiнен енген сөздердiң соңғы б,г,д,в дыбыстары қазақ тiлiнде п,к,т,ф түрiнде дыбысталып, қосымша қатаң дыбыстан басталып жалғанады. Соған орай жазуда ұяң дыбыстан соң қатаң дыбыс жазуға мәжбүрмiз. Мысалы, клуб/п/ -қа, устав /ф/- ты, плуг/к/- тен т.б. Бұлардың қатарында араб тiлiнен енген жад, араб сөздерi де бар.
2. –ог,-уг дыбыс тiркесiнiң жуан екендiгiне қарамастан, қазақ тiлiнiң қосымшалары жiңiшке жалғанады. Қазақ тiлiнiң заңдылығы бойынша сөздiң соңғы буыны жуан болса, қосымша - жуан, жiңiшке болса, жiңiшке жалғануы тиiс.
3. г,к дыбыстары қазақтың төл сөздерiнде тек жiңiшке дауыстылармен тiркесуi тиiс. Себебi, қазақ тiлi дауыссыздары iшiнде жуан-жiңiшке жұп құрайтын бiрден-бiр дыбыс к-қ, ғ-г дауыссыздары. Орыс тiлiнен енген сөздерде к,г дыбыстары а,ы,о дыбыстарымен тiркес құрай бередi. Мысалы, факт, геолог т.б.
4. Бiр түбiрдiң не қосымшаның iшiнде екi дауысты қатар тiркесiмдiлiк жүйесiне қайшы келмеуi тиiс. Орыс тiлi арқылы енген гео, авиа, аэро,стерео, радио тұлғаларының жазылуы бұл ережеге қайшы келедi.
5. Сөз басында екi дауыссыз қатар айтыла алмайды. Сондықтан орыс тiлiнiң трактор, практика, станок, врач, тырактор, пырактика,ыстанок, вырач болып айтылады. /жазуда ескерiлмейдi/.
6. Сөз соңы дауыссыздар тiркесiне бiтпеуi тиiс. Ал орыс тiлiнен енген сөздерде бұл дәстүр сақталмайды, дыбыс тiркесiмдiлiгi қатаң-қатаң, ұяң-ұяң, үндi-үндi түрiнде келе бередi. /Мысалы:фонд, гримм, шрифт, прогресс т.б./
7. Қазақ тiлi сөздерiнiң буын құрамы 1,2,3,4 дыбыстан аспайды. Оның формуласы А,АВ,ВА,АВВ,ВАВ,ВАВВ (бұнда шартты түрде А –дауысты, В-дауыссыз дыбыстарды бейнелейдi) түрiнде келедi. Бұл қазақ тiлi төл сөздерiнiң дыбыстық құрылымы бiр дауысты, бiр дауыссыз түрiнде кезектесiп келуiне /АВАВАВ.../ негiзделген. Орыс тiлi арқылы енген сөздердiң буын құрамы 5,6 дыбысқа дейiн барады. /грамм – ВВАВВ, спектр –ВВАВВВ/.
2). Кiрме сөздердiң әсерi ретiнде, сондай-ақ и,у әрiптерiнiң дыбысталуы мен таңбалануы арасындағы қайшылықты құбылыстарды да айтуға болады. I.Кеңесбаев қосынды дыбыстардың таңбасы /19,228/ деп көрсетсе, С.Мырзабеков и,у әрiптерi туралы: «О баста ыу, іу, ый, iй сияқты қосарлы дыбыстарды таңбалау үшiн алынған и,у әрiптерi көп ұзамай өзге дауыстылардан ерекше кейде жуан, кейде жiңiшке болып келетiн дауысты дыбыстар түрiнде танылып, қатардағы оқушы тұрмақ, оқулық жазып жүрген тiл мамандарының өзiн де бiржола баурап алды. Оған себеп бұлар – орыс, парсы т.б. тiлдерде жалаң дауысты дыбыстар»,-деп көрсетедi . Ж.Аралбаев тiлдiң тарихи қалыптасуы тұрғысынан қарап, «и,у дыбыстары көне түркi тiлiндегi созылыңқы не екi дыбыс қатарының орнына пайда болған. Қазiргi қазақ тiлiндегi и,у дыбыстары дифтонг дыбыстар» деп дәлелдейдi.
Алғаш «ұлы халықтың» өктемдiгiн танытып, қазақ емлесiне айқай-шу ала келген и,у әрiптерi қазақ тiл бiлiмiнiң қос бiлгiрi А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтардың арасында да пiкiр алалығын туғызған сыңайлы. Қазiргi қазақ тiлiнде дербес дауысты дыбыс ретiнде саналып жүрген и - /iй/, /ый/, у - /ұу/, /үу/ дыбыс әрiптерiн А.Байтұрсынұлы жеке дауысты дыбыс деп қарастырмайды: /қазу/, /қару/, /жабу/ деген сөздерде /з/-ның, /р/- дың, /н/-ның соңынан естiлетiн дыбыстың белгiсi,-деп түсiндiредi. Көрiп отырғанымыздай қазiргi қазақ тiлi емлесiндегi у- дауысты дыбысының әрпi туралы әңгiме жоқ. Одан әрi қазақ тiл бiлiмiнiң атасы: «/у/ сөздiң бас буынында қысқа һәм көмескi естiледi./У/- жарты дауысты дыбыс. Бұл дауысты дыбыстың соңынан ғана айтылады. Мысалы, /тау/, /тауы/, /бiреу/ деген сөздер. Бұл жерде жарты дауысты деп ғалым дауысты дыбыстардан кейiн айтылатын үндi у дыбысын айтып отырғаны сөзсiз. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлының дыбыс жiктелуiнде қазiргi и- дауысты жоқ. Қазiргi емлемiз бойынша тиын, тиым, тиым түрiнде жазылатын сөздердi тйн, қйн, қйқм түрiнде жазып көрсетiп, егерде /й/ дауыссыз дыбыстардан кейiн келсе, ол жерде жазылмайтын /ы/ бар болғаннан. Егер/ы/- ны қалдырмай жазатын болсақ, бұл сөздердi былай жазар едiк: /қыйқым/, /тыйым/, /қыйын/ - деп түсiндiредi.
Ал қазақ тiл бiлiмiнiң ғылым ретiнде қалыптасып, бiр жүйеге түсуiне бiр кiсiдей тер төккен лингвист-ғалым Қ.Жұбанов өзiнiң 1931 жылғы «Қосар ма, дара ма?» деп аталатын мақаласында , үу, ұу, ый, iй дыбыс тiркестерiнiң орнына бiр ғана у,и әрiптерiн алып, оларды дербес у,и дыбыстарының таңбасы ретiнде тануды толық заңдастырып берген едi. Аталған мақаласында Қ.Жұбанұлы и,у /и,i – латынша /әрiптерiнiң қосар дыбысын таңбалап, олардың дауысты- дауыссыз жұп құрайтынын тәуелдiк жалғауының жалғану табиғатына қарап анықтайтын дәлелдемелерге тойтарыс бередi. /тәуелдiк жалғауы дауыссыздардан кейiн – ы,i түрiнде, дауыстылардан соң – сы,сi түрiнде жалғанады. «Дыбыстың түрiн жалғауға қарап тану – қазақ тiлiн зерттеу тарихының төменгi сатыда жүрген кезiндегi кустаршылдықтың қалдығы» - дей келiп, жарты шiдертi сөздерiндегi қосымшаның –ты, -тi қатаңнан басталғанына бола түбiр соңындағы р дыбысын қатаң деуге бола ма деген сауал қояды. -ый, iй, ұу, үу қосар дыбыстары ерте кезде уг, ұғ, ог,иг тәрiздi қосар дыбыстың орнына пайда болған дейтiн пiкiрдi де жоққа шығарады: «Бұрын екi дыбыс /бiр дауысты, бiр дауыссыз/ болған жердiң бәрi бiрдей қосар әрiппен таңбалана беретiн болғанда «сары сөзi бұрын «сарығ» түрiнде болған, сондықтан етiстiкке айналған кезде сарғай болып ғ пайда болды. Онда мұны да «сарұу» немесе «сарый» түрiнде жазбақшымыз ба?» –дейдi. Ғалым әрi қарай қазақ тiлiндегi үу, ұу, ый, iй дыбыстары туралы орыс, татар оқымыстыларының пiкiрiн келтiредi. В.Радлов «Терiстiк түркi тiлдерiнiң фонетикасы» кiтабының 1-томында бұл дыбыстарды қосар емес, дара деп көрсеткен. Бiрақ «ұзын дауысты» деп таңбалаған, себебi қысаң ұ, ү, ы, i – лерден айыру үшiн болуы керек. П.Мелиоранский ұу, iй-лердi жалаң әрiппен таңбалаған. Татар тiлiн эксперимент жолымен тексерген Ғалымжан Шарап, Богородицкий ұу,iй дыбыстарын жалаң деп көрсеткен». «Дыбыстарды қосар әрiппен таңбалау ел-елдiң бәрiнде болған. Бiрақ әрпi қосар болғанмен, айтуда бәрi бiр дыбысталады». «Дара әрiптi не жаңадан шығарып, не жаңадан кiргiзуге болмайды, осы күнгi қазақ әлiппесiнiң iшiнде бар, көршi елдерде осы мағынада қолданылатын латын әрпiнiң жержүзiлiк практикасында ұсталып жүрген у мен ү-нi бiрiншiсiн ұу,үу орнына, екiншiсiн ый мен iй орнына алу жағындамыз»,- деп қорытындылайды. Байқап қарасақ, автор ый, ұу дыбыстарының қосар екенiне дау айта отырып у,и дыбыстарының алдынан жартылай дауысты ұ мен ы –ның қыстырылатынын жоққа шығара алмайды. Тек бұлардың жазуда еленiп, қосар әрiппен берiлгенiне қарсы тәрiздi. Бұл әрiптердiң қазақ орфографиясына қаншалықты озбырлық жасап келе жатқаны белгiлi фонетист С.Мырзабеков: «Бұл екi әрiп тiлдің дыбыстық жүйесiн бұзып, жұрттың басын қатырып болды. Оларды iштей дыбыстарға ажырату қиындығы 1983 жылы емле ережесiне: и,у әрiптерi бар сөздер буындалғанда, келесi буын дауысты әрiптен басталады және солай тасымалданады. Мысалы: бу-ын, су-ық, қу-а-қы, қи-ын, жи-ын,- дейтiн тiлдiң табиғатына қайшы, зиянды заң қабылдауға мәжбүр еттi» - деген пiкiрiнен айқын көрiнедi. Яғни, бiрiншiден, айтуда ты- йын, мы-йы, тi-йiн,бi-йi т.б.сөздерi жазуда ти-ын, ми-ы, ти- iн,би-iк түрiнде дыбысталып буындалады.
Сонда буын құраушы екi дауысты /и және ы, и және i/ сөз ортасында қатар келедi. Екiншiден сөз ортасындағы буын дауыстыдан басталып, төл дыбыстық жүйемiзге қайшылық тудырады, Үшiншiден ми, ти әрiптер тiркесi [мый], [тый], бiрде [мiй] ,[тiй] түрiнде оқылып, шатастырады. Қазақ тiлiнiң тiл үндестiгiмен қабыса бермейтiн араб-парсы тiлiнен енген аралас буынды сөздердiң жазылуы да қазақ жазу емлесiне аз ауыртпалық түсiрiп жүрген жоқ. Олар: қадим-қадым-қадiм, қадыр- қадiр-кəдiр, қайтып – кəйтiп- қайтiп, зəрезап- зəрезəп – зарезап т.б сөздерi.
3). Орыс тiлiнен енген - ю, е, я әрiптерi. Бұлар ио, иа, иу дыбыс тiркестерiн таңбалау үшiн алынған әрiптерғана екендiгiне қарамастан, бiраз уақыттар дербес дауысты дыбыс ретiндеқаралып, қазақ тiлi дауыстыларының санын 15-ке жеткiзуге қызмет етiпкелдi. Ё әрпi тек орыс тiлiнен алынған сөздерде ғана жазылатындықтан төлсөздерiмiздiң емлесiне қатысы жоқ. Ал ю, я әрiптерi қазақ емлесiне бiршама қатысы бар. Қазiргi емлемiзде я, ю әрiптерiнiң қазақ сөздерiнде иа, иу қосар дыбыстарын таңбалап, дауысты әрiптен кейiн ғана жазылатыны / мысалы, аю-айу, үю-үйу, қою- қойу, қоян-қойан/ кейде я әрпiнiң бiрен-саран қазақ сөздерiнiң басында да жазылатыны /мысалы, яғни, яки, япырмай/негiзделген.
Я, ю әрiптерiнен келетiн сөздердi дыбыстай буынға бөлу мен жазбаша буынға бөлiп не тасымалдап жазуда қайшылыққа ұрынамыз. Мәселен қияды сөзiн жазуда қи-я-ды деп, айтуда қы-йа-ды деп буындаймыз.
Қазақ тiлiнде сөз не жеке буын й дыбысынан басталмауы тиiс. Осындай қайшылықтың яғни /йағни/, яки йаки сөздерiне де қатысы бар. Бұл сөздердiң қазақша айтылуын С.Мырзабеков ыйағни, ыйапырмай, ыйаки деп транскрипциялайды. Осы жүйемен алсақ, қияды сөзi айтылуда қы-ыйа- ды деп буындалатын болады. Сондай-ақ: баюы, кеюi, тыюы сөздерi жазуда ба-ю-ы, ке-ю-i, айтылуда ба-ыйұ-уұ, ке-ійү-уү, ты-ыйұ- уұ түрiнде буындалады.
Қазiргi қазақ орфографиясындағы белгiлi бiр ұстаным аясына сыймайтын кереғар құбылыстар, кiрме сөздердiң әсерiнен де басқа төл тiлiмiздiң өз iшiндегi екiұштылықтан да өрбiп туындайды. Оларды топтап, санамалап көрсетсек, шамамен төмендегiдей:
1. «Ә» дыбыс әрпiнiң емлесiне байланысты а) жәй, шәй сөздерi жiңiшке айтылуына қарамастан жай, шай түрiнде жуан а-мен жазылады. Мысалы, Жәмилә, Сәлимә атаулары да кейде Жамила, Салимаболып жазылады. ә) сөздiң соңғы буынындағы екi дауыссыз арасындағы ы,i әрiптерi бiрде жазылып, бiрде жазылмайды. Мәселен, халық- халқы, ерiк-еркi, көрiк-көркi сөздерiнде ы, i дыбыстары көмескiленедi. Бiрақ, осыған ұқсас ауыл-ауылы/аулы, дауыс- дауысы/даусы сөздерiндегi ы, i дыбыстарының айтылуы екi ұдай. Сондай-ақ бөркi //бөрiгi, көркi//көрiгi омонимдері/ алдыңғы жұп – бiр сөз, кейiнгi жұп – екi басқа зат атауын бiлдiретiн сөздер/. Сын есiм зат есiмнен жасалынған етiстiктерде ы, i дыбыстарының түсiп қалатыны анық байқалады. Мысалы, жиын-жиналыс, қиын – қиналыс т.б.
б) р, л дыбыстарының алдынан ы, i дыбыстары естiлетiнi сөзсiз /қазақтың р мен л- дан басталатын төл сөзi жоқ/. Бiрақ жазуда ы мен i әрiптерi бiрде жазылып, бiрде жазылмайды. Мысалы /ырай/-рай, /ырақмет/-рақмет, /ылақ/ - лақ, / iләген/- ләген т.б.
4). Қазақ емлесiндегi қайшылықтар мұнымен бiтпейдi. Тiлiмiздегi вариант – сөздердiң, күрделi сөздердiң, жер-су, адам атауларының жазылуындағы әрқилылық төл тiлiмiздiң мiнсiз жазу емлесiн жасау жолындағы ғалымдарымыздың өлшеусiз еңбегiнде аяқтан шалар кедергiлер екенi сөзсiз.
Күрделi /сөздердiң/ атаулардың қайсысын бөлек, қайсысын бiрге жазу керек дегенге де берер нақты жауап, дөп басып ұсынар критерий жоқтың қасы. Күрделi сөздердi ажыратудың бiрден – бiр жолы: сөз фонематикалық жақтан бiрыңғай, бiртұтас екпiнмен айтылуы тиiс. Шекара, Досжан, Есенгелдi, Суқабақ /өс/, Қозықұйрық /өс/, Қызыл құрт /эт/, Қылқұрт /ауру/ тәрiздi сөздерiмiздi Шегара, Дошшан /Дощан емес/, Есеңгелдi, Суғабақ, қозығұйрық, қызылғұрт, қылғұрт деп айтып та, жазып та дағдылануымыз қажет. Жоғарыда санамаланып өткен қазақ емлесiнiдегi қайшылықтар сөздiң айтылуы / орфоэпиясы/ мен жазылу емлесiнiң /орфографиясының/ арасындағы алшақтықтан да туып отыр. Әсiресе дыбыс пен әрiптi шатастыру көптеген қателiктер мен келеңсiздiктерге ұрындыруда. Мәселен, рай сөзi айтылуда ырай, жазуда рай деп буындалады, ине сөзi айтуда iйне, жазуда и-не, баюы сөзi айтуда ба-ыйу-уұ, жазуда ба-ю-ы, құрқұлақ сөзi айтуда құр-ғұ-лақ, жазуда құр-құ-лақ, құрық сөзi айтуда құ-рұқ, жазуда құ-рық деген тәрiздi салыстырмалы талдаулар керек - ақ. Қазіргі емле ережелері едәуір ілгері дамыған қазақтың әдеби тіліндегі жазуымызды әлі де болса жетілдіре түсуді талап етіп отыр. Сол тілек тұрғысынан осы күнгі жазу тәжірибемізге көз жүгіртсек, кезінде дұрыс шешімін таппай, сауатсыздыққа себепкер болып жүрген орфографиялық сөздіктерімізге назар аударсақ, біраз сөздеріміздің әр сөздікте әр түрлі жазылып жүргендіктері байқалады.
Қосымшалардың жазылуында да шалағайлықтар кездесіп жатады. Мысалы, М.Әуезовтың (дұрысы М.Әуезовтің), Х.Досмұхамедовтың (дұрысы Х.Досмұхамедовтің), Мақсаттыкі (Мақсаттікі), оныкы (оныкі), мұныкі (мұнікі) т.б. тізе беруге болады. Бота-көз, Қара-көз, Аман-келді деген екі сыңардан тұратын кісі аттары бар. 1983 жылы қазақ тілінің негізгі емле, ережесіне бірнеше түзетулер енгізілген болатын. Соның бірі осы кісі есімдеріне байланысты. 1983 жылы кісі есімдеріндегі, біріккен сөз жігіндегі қ, к дыбыстары ұяңданады деген ереже қабылданды. Осы ережеге сәйкес, Аманкелді – Амангелді, Ботакөз – Ботагөз, Қаракөз – Қарагөз болып жазылады. 1988 жылғы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» аталған сөздер фонетикалық жағынан сындырылып, Амангелді, Ботагөз, Қарагөз деп жазылды. Содан бері әлі күнге осылай жазылып келеді. Сол себепті аталған сөздерді жазғанда сөздікке сүйенген жөн. Кісі есімдерін Қаракөз, Ботакөз, Аманкелді деп жазу қате. Бұл енді жалқы есімдерге байланысты ереже. Ал жалпы есімдерде көбіне сөздің түбірін сақтап жазу керек. Мысалы, қара көз қарындастар, қазақтың қара көздері дегенде қара көзді ешқашан сындырып, қарагөз деп жазуға болмайды. Бірге жазу да дұрыс емес. Қазақ жазуы түбірді сақтап жазатын морфологиялық принципке сүйенеді. Бірақ осы принциптен ауытқитын тұстар бар. XX ғасырдың басында қазақ жазуы тұрақтылығын енді жөндеп келе жатқан кезде кейбір сөздер мысалы, қолғап, жарғанат, қолғанат т.б айтылуы бойынша жазылып кетті. Бұл сөздер әлі күнге дейін айтылуы бойынша жазылады. Себебі, бұл – жазудың дәстүрлі принципіне саяды. Қазақ тілінде таң қалды, таң болды, таңданды деген тұрақты тіркестер бар. Бұлардың түбірі таң. Бұл сөз жалғыз өзі жұмсала алмайды. Қасына міндетті түрде қалып етістік не көмекші етістік тіркеп жұмсалуы керек. Яғни қ – ғ-ға айналып, тұрақты тіркестің екі сыңары қосылып жазылады. Таң қалу, таң қалмау дегендегі қалу 2001 жылдан бері сындырылып, кіріктіріліп таңғалу деп жазылатын болды.
Орфографиялық қателіктердің, ала-құлалықтардың жиі кездесіп отыруының екі түрлі себебі бар дегіміз келеді. Біріншіден, орфографиялық ережелеріміздің кейбір саласының әлі де болса жете шешілмеген шикілігінде болса, екіншіден, бас- пасөз орындарындағы қызметкерлердің өз жұмысына ұқыпсыз қарайтындығында болса керек.
1. ы, i дыбыстарына байланысты қандай фонетикалық құбылыстарды бiлесiз? Мысалдар арқылы дәлелдеп жауап жазыңыз. 2. Дауыс - дауысы, көңіл - көңілi тәрiздi сөздерде ы, i дыбыстарының түсiрiлiп, түсiрiлмей айтылу уәжi туралы түрлi зерттеушiлердiң пiкiрiн келтiрiңiз. Ы,i дыбысының түсiрiлмей айтылуына 10 сөз, түсiрiлiп айтылуына 10 сөз мысал келтiрiңiз. 3. Сөздердiң дұрыс жазылған нұсқасын тауып, тізбекті жалғасытырыңыз: бүйрек-бүйiрек, бауыры-бауры, бауыра- баура, бауырай-баурай, жыйнал-жинал, жиына-жина- жыйны, ғұрпы-ғұрыбы, ырпы-ырығы, сұрқы-сұрығы, нарқы-нарығы. т.б 4. Төмендегi сөздерге қандай қосымша жалғағанда ы, i түсiрiлiп жазылады. /бiр сөзге дауыстыдан басталатын бiрнеше түрлi қосымша қосып байқаңыз/. үлгi бүйiр: бүйрек, бүйiрi, бүйiрлеу т.б. Бауыр : Жиын: Ойын: Жалы: Қиын: Жайыл: Зоры: Қырым:
Достарыңызбен бөлісу: |