Бекіту сұрақтары 1. Кірме сөздер қазақ тiлiнде жазылу емлесiнің ерекшеліктері. 2. Орыс тiлiнен енген түбiр сөздерге қазақ тiлi қосымшасын жалғап жазудың ережелерi. 3. Орыс тiлiнен енген сөздерге қосымша қосудың ережеге бағынбайтын тұстары.
Әдебиеттер 1..Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 1993.-496 б.
2.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.- Алматы: Мектеп, 1986.-182 б.
3.Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.-Алматы: Санат, 1996.-128 б.
4.Хасанова С.Ш. Көне түркі және араб-латын жазбалары. –Алматы: Респ.Баспа.каб.; 1994.-288 б.
5. Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi. -Алматы, «Қазақстан», 1988. -400 б.
6. Оралбаева Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. Алматы, 1969. -201 б.
7. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. -Алматы, -«Ана тілі», 1993. - 243 б.
8. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –А: «Мектеп», 1987. -124 б.
9. Қайдар Ә. Қазақ тiлiнiң өзектi мәселелерi. -Алматы, «Ана тiлi», 1998. - 304 б.
10. Сыздықова Р. Емле және тыныс белгiлерi. -Алматы, «Рауан», 1996.
11. Қыдырниязова А. Орфография және тыныс белгілері. Алматы, 2008.
12. Күдеринова Қ. Бөлек және бірге таңбаланатын сөздердің орфограммасы. -Алматы, «Арыс», 2001. -240 б.
13. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –А:«Балауса»,2000.-509 б
Тақырыбы-21. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің қазіргі мәселелері Сағат саны 1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары: 1. Латын графикасына көшу туралы көзқарастар.2. Жаңадан ұсынылған әліпбилер туралы. 3.Латын графикасына негізделген жаңа әліпби мен жазу емлесін жетілдіру мәселелері туралы.4.Әліпби мен жазу емлесінің сабақтастығы туралы. 5. Латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің ұлттық әліпбиінің ұсынылған жобалары. 6.Ұсынылған жобалардың лингвистикалық талаптарға, ортақ әліпби жүйесіне сәйкес алынуы туралы. 7.Ұсынылған орфография Ережелері жобалары туралы. 8.Екі әріп тіркесі арқылы бір дыбысты белгілеу жүйесі туралы. Диграф, апостроф, акут арқылы берілген таңбалау жүйесі туралы. Латын графикасына негізделген қазiргi қазақ орфографиясының мәселелерi .
Дәріс тезисі Қазіргі заман - жазу заманы, ғылым мен техника, оқу-білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы. Әліпби мен жазу - әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол - өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Әліпби мен жазу адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Сондықтан қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру әлемдік талаптарға да сай келтіру деп түсіну керек. Адамның барлық әс-әрекеті жазумен байланысты. Жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасайды, яғни хаттама, түрлі қатынас іс қағаздары, интернет, компьютер, планшет, ноутбук , мобильді телефон, смартфондар, т.б. арқылы хабарласулар - бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Осы жаңа заманда өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру, т.б. адамның белсенді іс-әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды. Латын әріптері - өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі. Сондықтан мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» туралы 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық»,- деп латын әліпбиіне көшуге кірісуді міндет етіп қойып, «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп, латынға көшудің маңыздылығына көңіл аударған болатын. Қазақ жазуын латын қарпіне көшіру туралы Елбасының рухани жаңғыру бағытында баяндаған бағдарламалық мақаласындағы терең мәнді ұстанымдарын халықтың ықыласына ие болып, қолдау тауып отырған мәңгі елдің болашағына, мемлекеттік тілдің келешегіне жасалған игі істердің, маңызды тарихи оқиғалардың бірі деп білеміз. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек: «Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақтылап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде басы артық кірме сөздерден арыламыз. Латын әліпбиіне көшуді сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлау, оның қолданыс аясын одан ары кеңейте түсуге, мәртебесін көтеруге жасалған мүмкіндік деп түсіну керек»,- деген еді.
Қазір латын негізді қазақ әліпбиі қабылданған соң, енді латын графикалы қазақ жазуының емле ережелерін қалыптастыру мәселесіне байланысты атқарылатын жұмыстарға кезек келді. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап, қазақ жазуын латын графикасына көшірудің артықшылықтары мен тіліміздің болашағы үшін қажетті шара екендігі туралы алғашқы пікірлер тілші ғалымдар арасында айтыла бастаған еді. Елінің болашағын тіліннің болашағымен байланыстыра қарайтын, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде», «Қазақ тілі- Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» деп мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру ісін үнемі назарында ұстап жүрген Елбасы алғаш рет осы мәселе жөнінде Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясында сөз қозғап: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген болатын. Елбасының осы жиында жасаған «Әрқашан бірге, әрдайым алда болайық» атты баяндамасы қоғамда үлкен серпіліс туғызған еді. Осы кезден бастап ғылыми ортада латын әліпбиінің мүмкіндіктері мен оны қазақ әліпбиіне көшіру мәселесі жөнінде түрлі дәрежедегі талқылаулар болып, бірқатар басылымдарда маңызды-маңызды ғылыми мақалалар да жарияланған еді. Түрлі пікірталастарда әр түрлі көзқарастар ортаға ой салынып, «тақырып» жан-жақты талқыланып келді. Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты шаралар өткізілген тұстарда латын әліпбиі туралы, оның қазақ тілінің қолданылу аясын одан әрі кеңейте түсуге қосар үлесі де мол екендігі айтылып жүрді. Әр түрлі қиындықтарды алға тартып, әліпби ауыстырудың машақаты халықтың тұрмыс жағдайына да әсер етпес пе екен деушілер де болды. Бір әліпбиден екіншісіне көшу бір күнде болмайтын, латын әліпбиін әбден меңгерген кезде ғана латын әліпбиіне көшетінімізді біле тұра, таңертең ұйқысынан оянғанда ақшасы теңгеге ауысып кеткенін бастан кешірген елдегі кейбір адамдарымыз жаңа әліпбиді меңгере алмай қаламыз ба деген алаңдаушылығын да байқатты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсанда «Қазақстан - 2050» «стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесін тағы да көтеріп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», - деп атап көрсетті. Бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білеміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады. Себебі бұл сөз тілінің болашғын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсіндік. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясы одан әрі кеңейе түсуге мүмкіндік жасап, тілімздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсінуіміз керек.
Қазақ әліпби мен жазу тарихына зер салсақ, кеңестік жүйе 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылды. Ал 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Енді өз таңдауымызбен әліпбиіміз бен жазуымыз дұрыс болуы үшін, ел болып латын әліпбиіне көшудің тез жүзеге асырылуына үлес қосуымыз керек.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың рухани жаңғыру бағытында баяндаған терең мәнді мақаласы халықтың ықыласы мен қолдауына ие болып, латын әліпбиіне көшу бағытындағы істерге тың серпін берді. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасы» деп аталған алғашқы жобасы 2017 жылдың 11 қыркүйегінде Парламент депутаттарының талқылауына ұсынылды.Бұл әліпбиде 25 әріп және 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграф(қосарланған таңба) ұсынылған болатын. Диграф деген сөзді «бір дыбысты қос әріппен таңбалау» деп түсінген жөн. Әліпбиде «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымымен әр дыбысқа бір-бір әріп алынса да, бас-басына латынша жеке әріп жетіспегендіктен, қазақ тілінің «Ә, Ө, Ү, Ң, Ғ, Ч, Ш, Ж» дыбыстары қосарланған әріптермен (диграф-екі әріппен) таңбаланған еді. Сонымен қатар «і» және «и» екі түрлі дыбысымыз латынның бір ғана « Ii» әрпімен, «х» және «һ» дыбыстары латынның бір ғана «Hh» әрпімен, яғни «бір әріп – екі дыбыс» ұстанымымен таңбаланды. Сондықтан әліпбидің «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымы халықтың көңілінен шықса да, «бір әріп – екі дыбыс»ұстанымымен алынған «Ii», «Hh» әріптері, «бір дыбыс-екі таңба, диграф жүйесі» ұстанымымен алынған 8 диграф халықтың, соның ішінде тіл мамандары тарапынан толық қолдау таба алмады. Әліпбиде диграфпен берілген 8 әріп жазуда бұрынғыдан әріп саны көп болып тұрады, оны төмендегі кестеден көруге болады: