Диссертация құрылымы
. Диссертация кіріспе, үш тарау, қорытынды,
пайдаланылған әдебиеттер тізімі, 6 кесте және 1 суреттен тұрады.
Зерттеу соңында берілген қосымшаларда осы жұмыста қарастырылған
жаңа қолданыстардың қазақша-түрікше және түрікше-қазақша сөзтізбесі берілді.
12
1
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ЛЕКСИКАСЫ ДАМУЫНЫҢ
НЕОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ
1.1 Қазақ лексикасының жаңару үдерісіне тарихи
-
әлеуметтік жағдаят
пен терминжасамның ықпалы
Жаңа қолданыстар ұғымының терминжасам үдерісімен тікелей қатысы
оларды ұлттық терминжасам тарихымен сабақтастықта зерттеуді қажет етеді.
Әрқашан даму үстіндегі тілдік жүйенің ең қозғалмалы, өзгермелі бөлігі –
лексика. Қазіргі жаһандану және ғылыми-техникалық қарқынды даму дәуірінде
лексиканың бірі бөлігі ретінде жаңа атаулар тілімізге күн сайын көптеп еніп,
тілде жаңа сөзжасам, терминжасам үдерістерінің күшеюіне түрткі болуда.
Осымен байланысты бұл бағыттың қарқынды бастау көзі – алғашқы қазақ
терминологиясының XX ғасыр басында, атап айтсақ, ерекше қарқынмен
дамыған 1910-1930 жылдар. Осы кезеңде алғашқы ғылыми нышанды мақалалар
мен оқулықтар жарық көрді, сөздіктер шығарылды, басқа тілдерден аудармалар
жасала бастады. Яғни, қазақ лексикасын жаңа функционалдық сапалық деңгейге
көтерген қазіргі қазақ сөзінің тұтас жүйе ретінде қалыптасуы осы кезеңде
басталды.
Қазақ терминжасамының қалыптасу, даму тарихын зерттеген еңбегінде
академик Ө. Айтбайұлы бірінші кезеңді
А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов,
Х. Досмұхамедов т.б. тұлғалардың тіліміздің бар байлығын сарқа пайдалану
бағытын ұстанған кезеңі деп көрсетеді.
Екінші кезең – (30-40 жж.). Кириллицаға негізделген халықаралық
терминдер мен орысша атауларды тілімізге түпнұсқалық қалпында қабылдау
кезеңі.
Үшінші кезең – (40-50 жж.). Лексиканы интернационалдандыру,
орыстандыру бағыты жалғасқан кезең.
Төртінші кезең – (50-70 жж.). Қазақ зиялыларының соғыстан кейінгі
жылдары еңсе көтеріп, газет, журналдарда қазақ мәдениеті мәселелері көтеріліп,
көптеген халықаралық терминдердің қазақша баламалары жасала бастаған кезең.
Бесінші кезең – (70-90 жж.). Тоқырау жылдарынан кейінгі қайта құру мен
тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік тіліміз бен қазақ терминологиясының
қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен жаңа кезең» [1, б. 36].
XX ғасырдың 10-30-жылдарының екінші жартысында жарық көрген:
А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Х. Досмұхамедұлы, Е. Омарұлы, М. Әуезов,
Ж. Күдерин, М. Дулатұлы, М. Жұмабайұлы, Ж. Аймауытұлы, Н. Төреқұлұлы,
К. Кемеңгерұлы, Т. Шонанұлы, Ғ. Қараш т.б. алғашқы ұлт зиялыларының
еңбектері қазақ тілінде ғылым тілі мен терминологиясының қалыптасуының
бастау көзі болды.
Бұлардың арасынан қазіргі қазақ терминжасамының арқауын құрайтын
негізгі қисын ретінде ұстанылатын Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі жүйелі
сипат, ұлттық болмыс, ғылыми қисын және нақты дәйектілік қазіргі Ахметтану
ілімінің өзегін анықтайды.
13
Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі
мен қолданыс өрісін кеңейтетін терминологияның қалыптасуы мен дамуына зор
үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі қазақ руханияты санасында «бірегей
тұлға», «рухани көсем» деп бағалануда. Басқаша айтқанда, А. Байтұрсынұлы –
қазақ терминдік жүйесін қалыптастырудың негізін салушы ғана емес, тіл
тұтынушысы санасына сүйеніп, қазақ сөзінің әлеуетін мейлінше пайдаланып,
қазақ лексикасын байытқан жаңа үдеріс басында тұрған ерекше ұлттық тілдік
тұлға.
Мұның жарқын көрінісі – ғалымның «Оқу құралы» және «Тіл-құрал»
оқулықтарындағы, қазақ тілі қазынасына сүйеніп ұсынған, осы кезге дейін
қолданылып жүрген мына терминдер:
Достарыңызбен бөлісу: |