Тапсырма: А. Ысқақов еңбектерінің қазіргі кездегі маңызы.
Морфологиялық құрылымды жүйелеудегі А. Ысқақов еңбегінің ерекшелігі.
А. Ысқақов – лексикограф ғалым. 10 томдық түсіндірме сөздіктің түзілуіндегі ғалымның рөлін көрсету.
АЛТАЙ АМАНЖОЛОВ
“Егер сіз осынау таңғажайып өлкеге – табиғаттың арда төлі атақты Алтайға бармасаңыз, барсаңыз да, оның күншығыстың бар асылын, бар байлығын, бар сұлулығын өн бойына дарыта жинақтаған асқар-асқар тауларын, асу-асу белдерін, ат омыраулап жарып жүре алмайтын жасыл шалғын кең жайлауын, кермарал кербез елігін, мамырлай жүзген аққу-қаздарын, татсаң таңдайда қалар балы мен ақ балтыр ару қайың, қайсар қарағайын… – ие, ие осылардың қадір-қасиетін түсініп, сезіміңізді селк еткізе алмасаңыз, әсіресе, айналайын адамдарының құдіретті қолынан туындаған сұрапыл жанартаулар мен жаңғыртуларды зерделей алмасаңыз онда тыңдаңыз.” Берекелі Алтайдың табиғи болмысын ақын жүректі Оралхан Бөкей осылайша таныстырған екен. Өр Алтайдың бір баурайында өсіп-өнген ғалым әке осы Алтай тауының өрелі де көшелі мінезін, дархандығы мен асқақтығын өзінен туған бала мінезінен көргісі келді ме екен кім білсін, атын Алтай қойған екен. Өр Алтай мен асқақ Алатаудың сұлулығына қатар тамсанып, жасынан ғылымның қиын жолының қандай боларын жүрегімен, бүкіл болмысымен сезініп өскен Алтай Сәрсенұлы бүгінде қазақ ғылымының көрнекті өкілі, белгілі түрколог ғалым.
Алтайдай еңселі, біреуге жағынып, жақсы атануды білмейтін қайсар мінезді, ғылым жолында адалдықты мақсат тұтқан, нағыз ғылым жасаушы тұлға – Алтай Аманжолов. Аға тірлігінен болдым, толдым деп марқаюдан гөрі, ғылымдағы негізгі мақсат, мүдде биіктігі аңғарылады. Белгілі түрколог Алтай Сәрсенұлы Аманжолов есімі тек Қазақстан немесе ТМД елдеріне ғана емес, сондай-ақ, көптеген шетелге белгілі. Бұлай деуімізге ғалымның Түркиядан, Қытайдан шыққан еңбектері куә. Өр Алтайдың жазғы ғажайып сұлулығы мен қайсар қысы Сәрсенұлы Алтайдың ішкі болмысын танытардай. Сұлулығы – ғылым жандылығы, ғылыми ортадағы таза мінезділігі болса, қайсарлығы (мықтылығы да осында ма кім білсін?!) – кез келгеннің уысына түсе қоймайтын, кез келгеннің шамасы жетіп, табан тіреп зерделей алмайтын көне тарихи мұралардың тілін қиыннан қиыстырып, жігерлілікпен, зерттеп келе жатқаны болса керек.
А.С. Аманжолов Қазақстандағы көне түркілік жазба мұрағаттар тілін зерттеуші санаулы ғана ғалымдардың бірі ғана емес, санаттысы. Әрине, бұл жолға түсуі де кездейсоқ болған нәрсе емес, қайсар ғалымның саналы таңдауы болса керек. Кеңес кезеңінің жылымығынан гөрі қатқыл қабағын танытып тұрған уағында (1957 жылы) Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын тәмамдаған Алтай Сәрсенұлы үлкен шығыстанушылар мен түркологтардың алдынан тағылым ала жүріп, “Глагольное управление в языке памятников древнетюркских памятников” деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын қорғап шыққан. Бұл тек өз кезі үшін ғана емес, қазіргі түркологиядағы тарихи синтаксистің ең аз қарастырылған бөліміне арналған тың зерттеу болатын. Шындығында осындай күрделі мәселеге Алтай ағадан кейін де батылы жетіп бара алған ғалымдар ілуде біреу ғана. Е. Ағмановтан өзге тарихи синтаксистің терең де күрделі теориялық мәселелеріне барып, зерделеп жүрген ғалымды біле бермейтініміз де рас.
Атақты түрколог-ғалымдар: В.М. Насилов пен Э.Р.Тенишевтен, Э.Н. Наджип пен Н.А. Баскаковтан бата алған, көне түркі тіліндегі етістік түбірлердің ішкі болмысын тану арқылы олардың өзге тұлғалармен синтагматикалық қатынасын, валенттілік сипатын, меңгеріле байланысудың компоненттік ерекшеліктерін ашып көрсеткен түркологиядағы алғашқы құнды зерттеулердің бірі. Ғалымның “Материалы и исследования по истории древнетюркской письменности” деп аталатын докторлық диссертациясы әлемдік түркологиядағы бір үлкен белес болғаны да ақиқат. Көне түркілік жазба ескеркіштердің мәтініне тілдік жаңа ғылыми талдаулар жасалып, жазу тарихының өзекті мәселелері сараланған бұл зерттеу кезінде көптеген беделді түрколог ғалымдардан бағасын алғанын да әріптестері жақсы біледі. Ата-бабамыздың тарихы мен көне жазба мәдениетінің ұшан-теңіз жұмбақ сырларына бойлай енген ғалым жүрегінен мынадай жыр жолдары төгіліпті:
Елжіреп елге жүрегім,
Еркелеп мәңгі жүремін.
Көзіндей ата-бабаның
Көріндің маған, өр елім!
Түркілік деп танылатын жазудың қыр-сырын таныған қазақ ғалымының жүрегі осылайша елжірей соғып, тарихтың қатпар-қатпар көне шежіресінен қазақ жазуының да өзіндік сілем-ізін іздеп, заманалар шаңы басса да, тот баспас сары алтындай сақталған жазудың ізін қалың соқпақ жолдардың арасынан сарыла жүріп, тауыпты. Талас, Іле, Сыр, Ертіс өзендері бойынан табылған біршама көне руникалық жазудың бар екені анықталған тұста, соны оқып, сырын ашқан бірден-бір ғалым Алтай Сәрсенұлы екенін ел біледі, мойындайды. Айталық, Іле өзенінің Кетмен тау жотасының қия жартасына қашалған руникалық жазуды үш жерден тауып, суретін түсіріп, оқыған, Есік қаласының іргесінен ашылған сақ дәуіріне жататын үлкен қорғаннан табылған күміс тостағанның сыртқы түбіне ойылып жазылған жазуды оқып тиянақтаған, Сыр бойындағы Шардарадан табылған ескі қорғаннан шыққан алқадағы жазуды оқыған, Павлодар облысынан табылған қорымның сақ дәуіріне жататынын дәлелдеген, Марқакөлден табылған қола айнадағы руникалық жазуды оқыған профессор А.Аманжолов.
Алтай Сәрсенұлының тағы бір қайсарлығы түркі тіліндегі лексикалық бірліктерді шумерлік жазулармен салыстырып, Орталық Қазақстандағы Кеңгір өзенінің атын Шумер (Кеңгер) жерінің атымен үндес келуі тегін емес деуімен де байланыстырар едік. “Түркі тілі жөніндегі ең алғашқы мәлімет Месопотамияның оңтүстігінен (Шумерден) табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІҮ-ІІІ мың жылдықтарды меңзейтін идеографиялық жазба ескерткіштерінен байқалатынын” нақты мысалдар арқылы дәлелдеген ғалымның тұжырымына назар аударыңызшы: “Тіл мен этностың бірегейлігін ескерсек, этностың өз ана тілін қадірлеуі әбден заңды болары хақ. Ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілік пен құрмет халықтың сана-сезімі неғұрлым дамыған сайын соғұрлым кемелденіп, өсіп, өркендей түсудің нышаны болып табылады” (Түркі филологиясы және жазу тарихы, 27-бет).
Қазақ жерінің әлемдік өркениеттен аулақ болмағанын тереңнен таныған ғалым зерттеулерінің маңызын түсініп, бағалау қажет. Қазақ жері ежелгі өркениеттермен терезесі тең, рухани және материалдық мәдениетті жасаушы ортаның бірі болғанын зерделеген ғалым зерттеулерінің шоқтығы биік екені даусыз. Өткен ғасырда Жетісу өлкесінен табылған ежелгі жазу үлгілерін терең таныған ғалым-аға “ата-бабамыз көне грек алфавитін білген” деген ғылыми тұжырым жасайды. “Көне грек жазуы Ескендір патшаның заманында, я одан бір-екі ғасыр бұрын таралып, Орта Азия мен Қазақстан жерінде әлдебір құпия “өнер” есебінде, буддалық монастырлерде ұзақ уақыт өткеніне қарамастан, өзгерілмеген қалпында сақталғанын” автор тәптіштеп дәлелдейді. Көне түркі алфавиті мен ертедегі грек алфавитінің арасында генетикалық байланыстың бар екенін жазады. Ғалым зерттеулерінің негізінде жасалған тұжырым қазақ жазуы тарихының көне бастауларын танытады деп пайымдаймыз.
А.Аманжоловтың “Демек, ата-бабаларымыздың көне грек алфавитін меңгеріп, пайдаланып, өз тілінің дыбыстық жүйесіне лайықты төл жазуын – көне түркі алфавитін өте ерте, біздің заманымыздан бірнеше ғасыр бұрын ойдағыдай жасап шығарған” деуі әлемдік жазу үлгісі Арамей таңбаларынан бастау алған деген ғылыми ойды нақтылай түседі. Яғни көне түркі жазуы сақ жазуының заңды жалғасы деген ғылыми байламды негіздеп, салмақты ғылыми зерттеулер арқылы дәлелдейді.
Алтай аға зерттеулерін оқып отырғанда, Қазақтың байтақ даласындағы әр тау, әрбір тас, атамекеннің текті атаулары сыр шертіп жатқандай көрінеді. Шешуін тап та сырын таны дейтіндей. Оның сырын ерінбей іздеген, талмай, таусылмай табандылық танытқандар ғана ашары тағы да рас. Сірә, мұндай зор еңбек, қажыр-қайрат туған жерге, өскен топыраққа деген ыстық махаббаттан нәр алса керек. “Сен неткен асылсың, ата мекен! Қазыналы қойнауыңда талай ұрпақ өмір кешсе де, құпия сырыңды жария тпей, ішке бүгіп, момақансып жатасың да қоясың. Сол бір сырыңды білсек-ау деген ынтызар перзенттерің жар құлағы жастыққа тимей қанша талпынса да, “шеш көңілімнің жұмбағын” деген сыңайыңнан бір айнымайсың” деп толғанады Алтай аға. Ия, О.Бөкей атамекеннің сыртқы болмысы мен табиғи сұлулығына тамсанса, Алтай аға оның ішкі жұмбағын бойына сақтап, момақан күй кешкен қалпына таңданады. Туған елге деген махаббат бүл екі дарынның өн-бойынан айқын сезіледі.
Мәскеу университетінің профессоры В.М. Насилов 1959 жылы 18 наурызда Алтай Сәрсенұлына жазған бір хатында былай деген екен: “Я убежден, что Вы верная его смена и продолжите его исследовательскую работу”. Ия, профессор қателеспепті. Алтай Аманжолов әкенің ғылыми жолын жалғастырып, дамытып, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейте түсіп, жаңа ғылыми бағыттарға ұластыра алды.
Әдебиет:
Аманжолов А.С. Глагольное управление в языке древнетюркских памятников, М., 1969;