Қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет21/40
Дата01.03.2023
өлшемі262,13 Kb.
#70727
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   40
Тапсырма:
А. Аманжолов зерттеулерін оқып танысыңыз.
А. Аманжоловтың тарихты тануы мен танытуының өзіндік ерекшелігі.
А. Аманжолов еңбектерімен танысқанға дейінгі және танысқаннан кейінгі сіздің пікіріңіз.
А. Аманжоловтың көне түркі жазбаларын зерттеудегі өзіндік ерекшелігі.
Аманжолов болмысы оның зерттеулерінде. Өз ойыңызды эссе түрінде жазыңыз.
СЕЙІЛБЕК ИСАЕВ
Қазақ тіл білімінде өзіндік көзқарас, ғылыми пікір қалыптастыра алған біртуар жандар бар. Соның бірі ретінде біз ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Исаевты атар едік. С.Исаев қаламынан туындаған зерттеулер тіл білімінің әр түрлі салаларын қамтиды. Ғылыми жұмысының әлқиссасын 1920 жылдардағы баспасөз тілінен бастаған ғалым қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуын, қазақ әдеби тілінің қалыптасып, даму кезеңдерін, қазақ тілі мен орыс тілінің салғастырмалы грамматикасын, тілдегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесін, сөздердің грамматикалық құрылымын т.б. жүйелі түрде зерделеген. Ұстаз-ғалымның сүбелі зерттеулері тілдің грамматикалық құрылымына қатысты. Зерттелу жолы бір ғасырға да тола қоймаған қазақ тіл білімінің грамматика саласында ғылыми дау туғызар, сөйлеу тілінің заңдылығы мен жазба тілдің ыңғайына ыңғайландырылған заңдар толық айқындалып, ғылыми талдауға түсті деп айтуға ерте екені түсінікті. Тіл білімінің қиын, күрделі тұсы да оның грамматикалық құрылымының дұрыс танылуында болса керек. Сөздердің морфемалық құрамы мен жүйеленуі, қосымшалардың жіктелуі, сөздерді таптастыру мәселесі, сөзжасамның өзге тіл білімі салалары арасындағы орнын айқындау, күрделі сөздердің тиянақты зерттелуі т.б. сияқты шешуі қиын күрделі мәселелердің орнықты шешілуі С.Исаев қаламына бұйырғанын да айту керек.
Ең алдымен, С.Исаев қазақ сөзінің ішкі мағыналық құрылымына терең мән беру керектігіне назар аударды. Сөздің ішкі лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы туралы толымды пікірлер айтады. Ғалымның пайымдауынша, “айналадағы заттар мен құбылыстардың біздің санамызда бейнелеуінің нәтижесінде пайда болатын ұғым сөздің ішкі мазмұны яғни мағынасы болып табылады”. Сөздің әуелгі мағынасы – тура мағына ретінде танылады да, осы мағына лексикалық мағына делінеді.
Сөздің лексикалық, грамматикалық мағынасы туралы қазақ тіл білімінде айтылған ойларды тұжырымдап ғылыми негізді ой айтқан ғалым “Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты” (1998) деген зерттеуінде былай деп жазады: “Сөздің лексикалық мағынасына, ең алдымен, оның нақты мағынасы жатады. Айталық, көл, құс, тау, үй, көк, биік, үш, бес,, келу, жүру сияқты сөздердің лексикалық яғни нақты мағынасы: табиғи су қоймасы, үстін қауырсын жапқан ұшып жүретін жануар, жердің әр түрлі тас жыныстарынан қалыптасқан биік бөлігі, адамның тұратын баспанасы, бір заттың нақты түсі, бір заттың өлшемдік сипаты, заттардың нақты сандары, қимыл, қозғалыс“ (12-бет). Сондай-ақ сөздің осындай тура мағынасынан басқа ауыс, келтірінді мағыналары да болатынын жазады.
Грамматикалық мағына туралы профессор С. Исаев былай деп жазады: “Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады“ (14-бет). Сонымен бірге ғалым грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріле алатынын айтады. Грамматикалық форма деген ұғымға зерттеуші сөзге жалғанатын қосымшалар, префикстер мен ішкі флексия, супплетивтік тәсілдерді жатқызады. “Қазақ тіліндегі грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет” деген ұсыныс жасайды.
Сонда, автордың пайымдауынша, грамматикалық мағына мен категориялық грамматикалық мағынаның арасында айырма бар. Біз де осы көзқарасты қолдаймыз, сондықтан, грамматикалық мағына дегенде сөздің сөйлемдегі жалпы мағынасы деп түсінеміз. Яғни грамматикалық мағына сөйлеу процесінде лексикалық мағынадан туындайтын, яғни лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, сөздік ұғымның жалпылық-абстрактылық сипатқа ие болуы арқылы пайда болады.
Сөздің грамматикалық құрылымы мағыналық жүйе арқылы сараланады. С. Исаев зерттеуінің басты ерекшелігі сөз мағынасын контексте алып қарастырады. “Сөздің лексикалық мағынасы оның ұғымдық мағынасы болсын (белгілі бір заттың, құбылыстың, іс-әрекеттің, әр түрлі амалдың т.б. аты, ұғымы), келтірінді, ауыспалы, метафоралы т.б. мәндері болсын сөйлемде бір қырынан ғана көрініп, бір мәнінде тұрады” – деп жазады (1998, 13). Автордың пайымдауынша, сөздердің әртүрлі қасиеттерін жинақтап, ұйымдастырып тұратын сөйлем. Сөйлем сөз мағынасын айқындап, жүйелеп, дамытып тұратын негізгі реттеуші ретінде бағаланады.
Ғалым грамматикалық ұғымдарға толықтай түсінік беріп, түрлінше түсіндіріліп жүрген грамматикалық мағынаның анықтамасын ұсынады.
С. Исаевтың нөлдік тұлға туралы айтқан ойлары да терең, ғылыми жүйелі. Ешбір грамматикалық тұлғасыз да грамматикалық мағына берілу жолдары болатынын, әрі оның категориялық грамматикалық мағынадан ерекше екенін жақсы дәлелдеп көрсетеді. Жалпы тіл білімінде айтылған тиянақты ғылыми ойларға сүйене отырып, зерттеуші нөлдік тұлға мен грамматикалық форманың арақатынасын ашып көрсетеді. Түбір сөзде лексикалық мағына болады да, грамматикалық мағына болмайды деген көзқарасқа дау айта отырып, түбір сөздің грамматикалық мағынасы оның жалпы мағынасы деген ойын нақты тілдік деректер негізінде дәлелдейді.
Қазақ тіл білімінде айтылып жүрген “түбір сөздерде лексикалық мағына болады да, грамматикалық мағына болмайды” деген тұжырымға дау айта отырып, ғалым бірақ түбір сөзде грамматикалық мағынаның болуы оны нөлдік формада тұр деуге негіз болмайды, өйткені түбірдің тұлғасына тән ерекше қызметі, синтаксистік қарым-қатынасы бола бермейді және ол сөйлеу кезінде туатын форма емес, — деп жазады (1998, 41-бет). Нөлдік форма болу үшін, ол сөз сөйлемде белгілі бір тұрақты қызмет атқарып, басқа бір сөзбен қарым-қатынасқа түсуі, түбір білдіретін грамматикалық мағынадан басқа грамматикалық мағына білдіруі шарт.
Шынында да, нөлдік тұлғаның өзіндік ерекшелігі осында. Ол сөйлемде түбірдің не негіздің грамматикалық мағынасынан өзгеше мағына білдіріп тұрады да, контекстік мағынаны айқындап, нақтылай түседі. Автордың пайымдауынша, “жалғамалы тілдердегі нөлдік тұлға сөйлеу процесінде сөздің формалық көрсеткіші түсіп қалып, ол тұлға білдіретін грамматикалық мағына сақталып қалуынан туған немесе сөздердің грамматикалық байланысынан қалыптасқан”. Біздіңше, нөлдік тұлға туралы айтылған С. Исаевтың осы тұжырымдары қазіргі қазақ тіл білімінде орныққан ғылыми ой. Ғалымның мына ойы да қазіргі ғалымдарды ойландырары анық. Кейбір грамматикалық тұлғалардың бірде нөлдік тұлға ретінде, бірде морфологиялық көрсеткіштерімен бірге жарыса қолданыла беретін фактілеріне назар аудара келе, мынадай деректердің де ерекшелігін айтады. Ілік септігі өзі жалғанған сөзге жалғанып, матаса байланыс түрін туғызатынын, әрі бұл байланыстың берік болатынын айта келіп, ілік септігі кейде түсіріліп айтылғанда, екі сөздің мағыналық және синтаксистік қарым-қатынасқа түсіп, жеке атау жасай алу қабілетінің болатынын жазады. Айталық, Арал теңізі сөзі Аралдың теңізі деп немесе Абай көшесі сөзі Абайдың көшесі болып қолданыла алмайтынын жазады. Мұның өзі, түптеп келгенде, сөз мағынасының өзгеруімен тікелей байланысты. Мұндағы сөздің мәні, ішкі семантикалық құрылымы өзгерді. Жаңа ұғымды білдіретін жаңа атау пайда болды. Ғалым сөзжасамдық лексикалану процесін дәл атап көрсетіп отыр. Қазақ тіл білімінде лексикалану процесі туралы ғылыми теория толық жасалды деп айтуға ертерек. Кез келген сөз тіркесінің негізінде де жаңа ұғым аталып, таңбаланып, жаңа атау жасалу мүмкіндігі мол. Мұның өзі тілдегі аналитикалық сөзжасам тәсілінің бір қыры ретінде бағалануы қажет.
Қазақ тіл біліміндегі әртүрлі ғылыми айтыстар туғызып жүрген етістің сөзжасамдық мәселесіне байланысты да ғалым өзінің пайымдауларын айтады. Етісті етістіктің ерекше категориясы ретінде тани отырып, семантикалық сипаты жағынан сөзжасам қосымшаларына жақын екенін ескере келе, өзіндік теориялық тұжырымдар жасайды. Етіс тұлғаларының тіл тарихының әртүрлі белестерінде жаңа сөз жасауға үлес қосқанын оят-оян, үйрет-үйрен сияқты нақты мысалдар арқылы көрсете отырып, бірақ қазіргі тілімізде кез келген етіс жұрнағы етістік негізіне жалғанғанда, оның мағынасын өзгертеді деуге болмайтынын ашық жазады. “Етіс тұлғалары сөзжасам қосымшалары емес, жоғарыда көрсетілгендей, сипаттары (және тұлғалар жүйесінің сөзжасамға қарама-қайшы барлық етістікке жалғана алу мүмкіндігінің арқасында) негізінде етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады”- деген түйінді тұжырым жасайды. Сөйтіп етіс түрлерін бес топқа бөліп көрсетеді.
Ғалымның кейінгі ғылыми зерттеулеріндегі көңіл бөлген саласы – сөзжасам. Сөзжасам саласының 90-жылдарға дейін морфологияның құрамында қарастырылып, оның негізгі нысаны айқындалмаған соң, көптеген теориялық мәселелердің күңгірт болып келгенін айтады. Тіпті “сөз бойындағы семантикалық сипат та, грамматикалық сипат та, қолданыстық сипат та бір-бірімен араласып, арадағы тілдік қабат шекарасы да, олардың мәні де бұзылып, ерекшеліктері сараланбай, айқындалмай, бір-бірімен шатасып кеткен” деп жазады. Сөзжасам саласын жеке бөліп зерттеу қажеттігін дәлелдеуге талаптанып жүргенде, көптеген ғалымдар мойындағысы келмей, бұрынғы ескі сүрлеумен жүре беруді көксегенде, осындай еңбектердің теориялық толғаныстарын пайдаланып, өз ісіміздің болашағына сенгенімізді де айта кеткіміз келеді. Сөзжасамның әр тәсілі тіл білімінің жеке салаларының шеңберінде қалып, сөз жасау процесінің толық анықтала алмай отырғанын терң талдап берген ғалым да С. Исаев болатын. Сөзжасам жеке сала ретінде қаралмаса, тілдің теориялық түйіткілдерінің азаймайтынын ғалым ашық айтты. Тыңдалық. “…сөзжасамның ерекше сипаты, өзіне тән негізгі қасиеті болып табылатын жаңа сөз тудыру ерекшелігі, сол арқылы тілдің сөздік құрамын байытуы, сөз қатарының артуы, яғни грамматикаға енбейтін сипаттары көлеңкеде қалып, проблемалық негізден айрылып қалды” – деп жазады.
Ғалым сөзжасамның негізгі мақсатын жақсы түсінеді. “Сөзжасам сөз таптарын жасау емес, сөзжасамның басты белгісі, жаңа мағыналы сөз тудыру” деп дұрыс тұжырым жасайды. ғалым сөзжасамның негізгі нысаны мен жүйелілік сипатын танытып, сөзжасам тәсілдерін көрсетіп береді. Соның ішінде ғалым бұрын айтылып жүргендей, синтетикалық тәсілге, аналитикалық тәсілге және лексикалық немесе конверсиялық тәсілге ерекше мән беріп, талдау жасайды.
Жалпы тіл біліміндегі және орыс тіл біліміндегі жасалған ғылыми теорияларға шолу жасай отырып, қазақ тіліндегі сөз жасаудың үлгілерін береді. Ондағы сөзжасамдық мағынаны анықтап, оның лексикалық мағынадан айырмасын ғылыми тұрғыдан түсіндіреді. Сөзжасам процесі синхрондық тұрғыдан тілдің статикалық күйін ғана емес, динамикалық қалпын да білдіретіне құбылыс дей келіп, сөзжасам үлгілерінің неғұрлым әртүрлі болғаны тілдің байлығын көрсетеді деп жазады. Яғни, ғалым сөзжасамның негізгі қасиетінің бірі, әрі өзге тіл салаларынан өзгешелігі, оның үнемі қозғалысты, дамуды белгілейтінін айтып отыр. Сөзжасам – процесс. Ол тоқталмауы керек. Төл сөздер негізінде жаңа атау жасау процесі тоқталған сәттен бастап, тіл өспейді. Тілдің өсуінің, жаңарып дамуының ең негізгі шарты және көрсеткіші – төл сөздердің мағыналық, тұлғалық жағынан дамып, туынды сөздер жасалу процесінің үнемі орындалуы.
Тіл-тілде қашан да жаңа заттар мен құбылыстар туралы ұғымдар пайда болып, олар атаумен таңбаланып отырады. Гәп сол атаулардың ана тілінде белгіленіп, төл сөздер негізінде жасалуына мән беруде. Сөзжасамның бүгінгі қалыптасқан үлгілері мен тәсілдері ертеңгі жаңа атаулардың мотивациялы негізіне айналуы қажет. Бұл ретте сөзжасам саласының алдына мынадай негізгі екі міндет қойылады. Бірінші, жаңа атауларды атау үшін төл сөздердің мағынасын пайдалану. Мағынаның негізділігін, уәжділігін ескере отырып, туынды сөздердің мағыналық құрылымын дамыту. Екіншіден, сөзжасамдық процесті реттеп отыратын тарихи қалыптасқан үлгілер мен қалыптарды, тәсілдерді үнемі жаңғыртып отыру үшін, оның жүйесін теориялық тұрғыдан саралап, бүгінгі сөзжасам процесіне үлгі ретінде қосу. Бұл, әсіресе, бүгінгі таңдағы сөздік құрамымызға дендеп еніп жатқан терімсөз сөздерге қатысты. Терімсөз сөздердің мотивтену негізіне сай, оларды сөзжасамдық процесс арқылы туынды төл сөздерге айналдыруға болар еді. Ол үшін сөзжасамдық үлгілер мен қалыптарды кең пайдалану орынды болмақ.
Сонымен, қорыта айтқанда, қазақ тілінің көрнекті маманы, профессор С. Исаевтың қазақ тілінің грамматикалық құрылымына қатысты ғылыми-теориялық тұжырымдары тіл білімінің дамуында үлкен мәнге ие. Шындап келгенде, 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдарда, тіпті қазіргі күндерде де тіл білімінің грамматикалық құрылымымен табанды түрде айналысып, оны жүйелі зерттеу нысаны етіп жүрген ғалымдар санаулы. Мұның өзі Ғ. Мұсабаев, Ы. Мамановтардың теориялық ілімін жалғастырып, көптеген теориялық келелі ой айтқан С. Исаев зерттеулерінің мерейін асқақтата түседі.
Әдебиет:

  1. С.Исаев. Қазақ әдеби тілінің тарихы. –Алматы, 1989.

  2. С.Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы, 1998.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет