Қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016


М. ҚАШҚАРИДЫҢ “ДИВАНИ ЛҰҒАТ-ИТ ТҮРІК” АТТЫ ЗЕРТТЕУІ — ҚАЗАҚТАНУДЫҢ ІРГЕТАСЫ



бет2/40
Дата01.03.2023
өлшемі262,13 Kb.
#70727
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40
М. ҚАШҚАРИДЫҢ “ДИВАНИ ЛҰҒАТ-ИТ ТҮРІК” АТТЫ ЗЕРТТЕУІ — ҚАЗАҚТАНУДЫҢ ІРГЕТАСЫ
М. Қашқари есімі түркі халқының бүгіні үшін де, ертеңі үшін де, яғни түркі жұртының бірігуі, тұтасуы үшін де аса маңызды. Ғылым үшін М. Қашқаридың нақты қай тайпадан шыққаны немесе қай елге, руға, тайпаға жақын болғанынан гөрі, араб тілінде түркі мәдениетін насихаттауы, түркі тілінің ен байлығын жинап, оны әлемдік деңгейде көрсетуі, танытуы, орта ғасырлық озық ғылыми-теориялық үлгілер бойынша тілдегі ерекшеліктер мен грамматикалық тұлғаларға түсінік беруі, географиялық атаулар мен кісі есімдерінің тарихынан хабардар етуі, түркі тілдерінің, диалектілерінің таралуы шегінің атласын тұңғыш рет жасауы баға жетпес маңызға ие. ХІ ғасырда түркі тілінің салыстырмалы‑тарихи грамматикасын түзуі, түркі жұртында ауызша таралған аңыздар мен әпсаналарды, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды жинауы баға жетпес рухани құндылық ретінде танылады.
Махмұт Қашқари заманы Қараханид қағанаты кезеңіндегі ғылым мен мәдениеттің дамып, түркілік-мұсылмандық Ренессанс дәуірлеп тұрған уақытқа сәйкес келген. Туған жылы туралы әртүрлі көзқарастар бар, нақты дерек әзірге табылмаған. Ғалымдардың пайымдауынша, 1029 жылы (кей пікірлерде 1039) Иссыккөл маңындағы Барсхан қаласында ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Толық аты-жөні Қашғари Махмұд ибн Хүсейін ибн Мұхаммед. Әкесі Хүсейін ибн Мұхаммед Чағры Тігін Барысхан қаласының әкімі болған. Ал атасы Мұхаммед Буғра хан ибн Юсуф әуелі Тараз бен Сайрам қалаларының әкімі, кейін 1057 жылдары Қараханиттер мемлекетін билеген. 15 айдай билік жүргізгеннен кейін Мұхаммед Буғра хан тақ мұрагері ретінде үлкен ұлы, Махмұдтың әкесі Хүсейінді хан көтереді, кейін Хүсейіннің таққа отыруын көре алмаған ханның тоқалы, Хүсейінді таққа отырғызу рәсімінде таратылған асқа у қосып беріп, күйеуі Мұхаммедтен бастап әулеттің бір­неше атқамінерлерін улап өлтіреді де, өз баласы Ибрахимді хан тағына отырғызады. М. Қашқари елден кетуге мәжбүр болады. Қашғардан қашып, көршілес түркі тайпаларын барып паналаған Махмұдтың түркі тайпаларының тілін жетік меңгеруіне де осы ауыр тағдыры себеп болуы мүмкін.
Қашғарда білім алып, Бұхара мен Бағдадта оқуын жалғастырған. Түркі халықтарын түгелге жуық аралап, заң ілімі, арифметика, Құран, шариат пен хадис бойынша білім алған. Араб-парсы тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін меңгерген. XI ғасырда «Диуани луғат-ит түрк» еңбегін жазып, түркі тілдерінің мәртебесін көтерген. Кітапта тек түркі сөздерін теріп жазып, өзге тілден енген сөздерді қолданбаған. Ғалым бұл кітапта Бағдад оқымыстысы Әбдірахман әл-Басридың (VIII ғ.) «Китабул айни» атты еңбегі негізінде түзген. Сөздіктің түпнұсқасы жоғалған. А. Абулфатхтың 1266 жылы жасаған көшірмесі 1915 жылы Ыстамбұл базарында ескі заттарды сатушының арбасынан табылған. Лұғатты түрік ғалысы Әли Эмири ескі бұйымдар сататын дүкеннен небәрі 30 лирге сатып алады. Алайда басып шығаруға мүміндік болмайды. Еңбек тек 1941 жылы Бесим Аталайдың дайындауымен жарыққа шығарылады. Қазір Стамбулдағы Фатих кітапханасында сақтаулы. Екінші факсимильдік түрлі-түсті басылымы 1990 жылы Түркия Мәдениет Министрлігінің қаржысымен жарыққа шығарылды.
3 томнан, 8 кітаптан тұратын еңбекте 7000-дай түркі сөзі ғылыми жүйеге түсірілген. Бұл — ерте орта ғасырлық түркі халқының энциклопедиясы. Сөздерге түсінік беруде 242 бәйіт пен 262 мақал-мәтел, ауыз әдебиетінің жоқтау («Алып Ер Тоңға өлді ме?»), айтыс («Жаз бен қыстың айтысы») үлгілері бар.
Лұғатта 29 тайпаның этнонимі: түрк, оғұз, арғу, иағма, қыпшақ, тохса, иемек, қарлық, ұйғұр, шігіл, қарлық түркмендері, түркмен т.б. аталады. Топонимдер реестр ретінде де, мысал ретінде де талданады. Сондай-ақ, туыстық атаулары мен киім-кешек, тағам атаулары, салт-дәстүр ерекшеліктерін атап көрсетіп, ұсақ рулардың таңбаларына дейін сипаттайды. Сол кездегі түркі халықтарының дүниені қабылдауы, этникалық нормалары мен құндылықтары, әдеті мен әдебі көрсетіледі. Әртүрлі тайпалар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар, Қазақстан мен Орта Азия аумағында болған кейбір тарихи оқиғалар жайында (Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын жорығы туралы) құнды мәліметтер келтіріледі.
М. Қашқаридың ұлылығы, алдымен, түркі тілінің салыстырмалы‑тарихи грамматикасын жазуымен байланысты. Еуропалық тіл ғылымында салыстырмалы‑тарихи тіл білімінің пайда болуы ХҮІІІ ғасырда еуропалық тілшілердің санкрит тілімен таныс болып, өзге тілдермен салыстыра отырып, олардың арасындағы лексикалық және грамматикалық жақындықты тани бастауымен байланыстырылады. Гердердің “Тілдің пайда болуы туралы зерттеулер атты” еңбегі 1770 жылдары шығады да, тарихи тіл білімінің алғашқы ғылыми тұрғыдан жазылған зерттеуі ретінде танылады. Ал түркі тіл білімінің ірі тұлғасы, атақты ғұлама ғалым М. Қашқари өзінің тарихи-салыстырмалы зерттеуін – “Дивани лұғат-ит түркті” ХІ ғасырда жазып қалдырған. Демек, түркітану ғылымының салыстырмалы-тарихи тіл біліміндегі жетістігі, тұңғыш салыстырмалы ғылыми зерттеу тәсілін туғызуы әлемдік тіл білімінде өзінің лайықты орнын алуы қажет.
Қазақ ғалымдары М. Қашқари еңбегін ерекше бағалап, оны жан-жақты талдаған. М. Томанов, Ә. Құрышжанов, Ә. Ибатов, Ә. Әбдірахманов, С. Бейсенова т.б. зерттеушілер ғұлама ғалымның шығармасындағы жалпы тілдік ерекшеліктері мен негізгі сипатын, ондағы атаулардың әсіресе ономастикалық атаулардың сырын, қыпшақ тіліне қатысын, сөздікте кездесетін төрт түлік мал атауларын жан-жақты зерделеді. М. Қашқаридың “Түрік сөздігін” қазақша сөйлетіп, 1998 жылы 3 томдық етіп бастырып шығарған қазақ халқының атақты ақындарының бірі А. Егеубайдың еңбегін ерекше атаған жөн. Бұл іргелі жұмыс М. Қашқаридың қазақ жұртына кеңінен насихатталып, оның еңбегімен жастардың өз тілінде таныса алуына үлкен жол ашып берді. “Бұл бір мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңіріге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған “Диуану лұғат-ит түрік” деген ат бердім” деп көрегендікпен болжаған ұлы ғұлама сөздікті “Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастай” отырып, “Түрік” ұғымы жайында заманында мынадай түсінік болғанын ескереді: “Мен Тәңірінің дәулет, ұясын түріктер бұржысында жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырғанын көрдім. Тәңірі оларды “түрік” деп атады және оларды мемлекетке ие қылды; Заманымыздың хақандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолдарына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды әрі түріктер ішінен оларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады. Түріктердің оқтарынан сақтану үшін, олардың жолын берік тұту әрбір ақыл иесіне лайықты уа парыз іске саналды. Өз дертін айту уа түріктерге жақын болу, жағу үшін, оларға түрік тілінде сөйлесуден пайдалы жол қалмады. Кім өз дұшпандарынан ажырап, түріктерге сағынып, мұңайып келсе, оларды түріктер қанатының астына алып, қауіптен құтқарады, олармен бірге басқалар да қамқорлық, пана табады”. Байқап, бағамдап, ойланар болсақ, бүгінгі түркі халқының, соның ішінде қазақ елінің тарихынан осы пікірдің дұрыстығына қаншама нақты дәлел келтірер едіңіз. Ондай мысал-айғақтар жетерлік… Ғұлама зерттеуінде түрік тілі туралы айтылған өз заманындағы пікірлерге де назар аударады. Бұқаралық ғалым, Нисапурлық басқа бір ғалымның тіл туралы айтқандарын өз тұжырымының дәлелі ретінде береді “Пайғамбарымыз қиямет белгілері, ақырзаман бітінәләрі және оғыз түріктерінің жорыққа шыққандығы туралы айтқанда: “Түрік тілін үйреніңдер, сонда олардың егелігі ұзақ дәуірлі болмақ”, – деген екен деп жазады. Кейінгілер ғұлама ғалымның аты мен затын бөлісіп, іштей жік-жікке жіктелмесін деді ме екен (бәлкім, әлде бір себептермен сол заманда қуғындалды ма), кім білсін, өзі туралы мынадай ғана ақпарат береді: “Мен сол түріктердің қызыл тілге ең шешендерінен, ең әдемі әңгімешілерінен, ең бір зеректерінен, ең білгірлерінен, ежелгі асыл тайпаларынан уа соғыс ісінде мықты найзагерлерінен болғандығымнан, олардың шаһарлары мен сақарасын бастан-аяқ аралап шықтым”.
“Хамза”, “Сәлім кітабы”, “Мұзоаф кітабы”, “Үш әріпті сөздер кітабы”, “Төрт әріпті сөздер кітабы”, “Ғұнналлылар кітабы”, “Сүкүндік екі үндес қатар келген сөздер кітабы” атты сегіз бөлімнен тұратын “Дивани лұғат-ит түркте” түркі халқының тілдік ерекшелігін ғана көрсетіп қоймайды, сонымен бірге бірінші рет оның ғылыми түсіндірмесін, лингвистикалық картасын, грамматикалық құрылымын, фонетикалық ерекшелігін, лексикалық байлығын, түбірлер мен одан тарайтын туынды сөздердің мағыналық құрылымын, атаудың жасалу уәжділілін, түркі халқының өзіндік дүниетанымын, т.б. терең көрсетеді. Лұғат деп аталғанымен, бұл еңбектің мәні қазіргі лұғаттардан бөлекше, энциклопедиялық сөздік деңгейіндегі күрделі мәселелер байыпты зерделенеді. “Диуанидағы” тарихи және географиялық атаулардың, кісі есімдерінің түсіндірілуі, түркі дүниесі туралы жазылған картаның маңызы ерекше. Кей ғалымдар (В. Бартольдт) бұл деректер бәлкім басқа ғалымдардың еңбектерінен алынған болуы мүмкін деп күмәндана қарағанымен, М. Қашқаридың көптеген атаулардың әр тілде қалай айтылатынын тәптіштеп жазуы, оның тілдік білігінің ұшан теңіз екендігін, әрі түркі даласын еркін ұзақ аралап, ұланғайыр мағлұмат жинағаны, мұндай күмәннің орынсыз екенін танытады. Ғалымның кейінгі зерттеушілердің назарына көбірек ілінген еңбегі 1266 жылғы көшірме нұсқасы.
ХІ ғасырда М. Қашқари “Өнер алды – тіл”, “Игі істің басы – тіл”, “Тәрбие басы – тіл”, “Өнерсізден құт қашар”, “Жүзіне қарама, өнеріне қара”, ”Құт белгісі – білік”, “Білім – ел ішінде” дегендей данышпандық ойды мол кестелеген. Еңбек мазмұны түрік сөздігі болғанымен, әр сөздің жанында хикметтен, мақал-мәтелдерден, өлең-жырлардан, көркем қарасөздерден мысалдар келтіріліп, ой айшықталып отырады. М. Қашқари түркі халықтарының тілі туралы сол заманның көзқарасы тұрғысынан үлкен ғылыми баға берген. Әр түркі тілінің өзіндік ерекшеліктерімен қоса, олардың жалпы қасиеті мен сапалық деңгейін, тазалық сипатын көрсеткен. “Қай, ябақу, татар, басмыл тайпаларының өз тілдері бар. Олар түркі тілдерін әлімсақтан біледі. Қырқыз, қыпшақ, оғыз, тохси, яғма, чігіл, оғрақ, жарұқ тайпалары тек қана түркі тілінде сөйлейді. Иәмәк пен башқұрт тілдері оларға жақын. Рұм өлкесінің жанындағы бұлғар, суар, бажанақтардың тілдеріндегі сөздердің соңы ықшамдалған түрікшенің бір түрі. Тілдің ең жеңілі ‑ оғыз тілі. Анығы тохси мен яғма тілдері. Ең аукыр тіл хаканияның орталық өңіріндегі халықтардың тілі” – дей келіп, ірі шаһар халықтарының тіліндегі ерекшеліктерді анықтайды. Баласағұндықтар соғды, түркі тілдерімен сөйлессе, арғу шаһарларындағы халықтың тілінде шұбарлық бар, тираз, байза шаһарларының тілі де соғды, түркі тілдерін араластырып сөйлейді деп жазады ғалым [1Т. 54-55 б.].
ХІ ғасырдағы барлық түркі тілдерінің тілдік ерекшеліктерін анықтап, олардың негізгі лексикалық, фонетикалық және грамматикалық құрылымын анықтаған, қажеттілігіне қарай араб тіліндегі тілдік заңдылықтармен салғастыра отырып зерттеген бұл еңбек түркітанудың ең негізгі жетістігі болды. Салыстырмалы тарихи тіл білімінің негізін қалаған, ХІ ғасырдың өзінде-ақ, барлық түркі тілдері туралы байсалды, байыпты ғылыми тұжырымдар жасаған энциклопедиялық еңбек. Мұнда түркі халқының дүниетанымдық көзқарасы мен ділі айқын көрініс тапқан. Әдеби қолданыстағы барлық бір буынды, екі буынды, үш буынды, төрт буынды (автордың өзі бұны екі әріпті, үш әріпті, төрт әріпті дейді) сөздердің мағынасын анықтап, нақты тілдік деректермен көрсеткен. Ғалым түркі тілдеріндегі түбір сөздердің тұлғалық және мағыналық ерекшеліктерін терең талдайды. Бұл талдауларды терең барласақ, қазіргі тілдік дамудың да көптеген заңдылықтарын анықтап, ғылыми-теориялық байлам жасаған болар едік. Айталық, М. Қашқари сөз басындағы й дыбысымен келген сөздердің ж дыбысына алмасу процесін былайша анықтайды: “Й әрпімен басталған атаулар мен етістіктердің басқы әрпін оғыздар мен қыпшақтар а әрпіне немесе ж әрпіне айналдырады. Сол себептен түріктер мүсәпірді “йәлкін” десе, олар (оғыздар) “әлкін” дейді; түріктер йыллығ сув – жылы су десе, олар ылығ сув дейді. Түріктер түйенің ұзын жүнін йуғду десе, олар жағду дейді. Сөз ортасында немесе сөз соңында келген й әрпін арғулар н әрпімен алмастырып айтады. Мысалы түріктер қой десе, олар қон дейді”. Бұл үзіндіден аңғартынымыз, ғұлама ғалым түрік тілі мен оғыз, арғу тілдеріндегі сөз басындағы және сөз ортасындағы й-ж; й-н- дыбыстарының сәйкесіп келуін айқындау арқылы олардың қолданысындағы ерекшеліктерді де анықтап берген. Й-ж дыбыстарының сәйкесуі арқылы ғалымдар түркі тілдерінің дамуын жүйелеп келгені белгілі. Демек, қазіргі тілдегідей, сөз басында ж дыбысын айтатын тек қана қазақ және қарақалпақ тілдері емес, қыпшақ тілдері, оғыз тілі болған.
М. Қашқари еңбегінде түркі тілдерінің біразына сипаттама беріліп, негізгі фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктері талданған. “Оғыздардың тілі жұмсақ” дейді автор. Еңбектің негізгі тағы бір ерекшелігі тілдегі гендерлік ерекшелікке де едәуір мән беріп отырған. Айталық, Румнан Чин маңына дейінгі оғыздар мен көшпелілердің тілін атып отырып, сөйлеуде ерлер мен әйелдердің сөзі ажыратылмайтынын, бұл тек жумла мазмұнында ғана аңғарылатынын ескертіп отыруды ұмытпайды. Лұғатта сөздердің грамматикалық құрылымына ерекше мән берілген. Әсіресе етістік сөз табының шақ тұлғалары, рай формалары, масдар тарихи-салыстырмалы негізде терең талдауға түседі. Ғалымның түркі тілдерінің грамматикалық жүйесін саралауына қарағанда, етістіктің шақ тұлғаларының жасалуы, масдарды қолдануы, көптік тұлғаларының жұмсалуы т.б. жағынан оғыздар мен қыпшақтардың тілдік қолданысы ұқсас болған. Автор “әрекет иесін білдіретін сөздер оғыз, қыпшақ, ямақ, яғма, арғулар, суварлардан Печенекке дейінгі көшпенділер тілінде өткен шақ тұлғасындағы етістіктен жасалады” десе, енді бірде “оғыздар мен қыпшақтар бірлікте бар, көптікте барың деп атайды. Олар –лар, ләр көптік жалғауын түсіріп, оның орнына жекеше түрде ыңыз тұлғасын қолданады. Құрмет үшін бір адамға –з қосып айтады. Олардың тілінде көптік үстіне көптік қосымша қосып айтады. Ал түріктер құрметті кісіге жалғыз болса да бардыңыз дейді. Мұндағы —ыңыз негізінен көптік мағынаны білдіретін қосымша” – деп жазады.
Ғалым түбір сөздерде өзгерістер аз болады, бұл өзгерістер түбірдегі кейбір дыбыстардың алмасып айтылуы мен түсіп қалуы сияқты болып келеді деп пайымдайды. Яғни түркі тіліндегі түбір мағынасының кеңдігі мен тұлғалық өзгеріске түсуінің өзіндік ерекшеліктерін дыбыстық алмасу негізінде саралайды. Заттық не қимылдық мағына беретін атаулардың контексте жаңа туынды мәнге ие болатынына терең мән беріп, нақты тілдік деректер арқылы дәлелдемелер келтіреді. Айталық, автор етістіктерден жасалған құрал аттары өзінің етістік сипатынан ауытқып, есім сөз ретінде танылатына тоқталады. “Иегу нан” – желінетін нан, “ұрғу” – ұру үшін жасалған құрал, “йығач бығач” – балта (ағаш кесетін құрал аты), “сорғу” – соратын құрал, (2-т.184)т.б. (Сілтемелер Ә.Ибатов тәржімасы негізінде жазылған “Түбі бір түркі тілі” еңбегінен алынды). Екі сөздің қосарлануы арқылы жасалған атаулар мағынасының ерекшелігін, өзіндік ерекше семалық мән беретініне ғалым көңіл бөледі. Түсті әсірелеп айту үшін айталық түріктер көп көк десе, оғыздар көм көк (көкпеңбек), сап-сарығ (сап-сары), йап-йазы (жап-жазық) дейтініне назар аудартады (1-т. 316-317). Сондай-ақ, қосарланып қолданылған есімдер мен етістіктердің бірінің мағынасы негізгі болып, екіншісі көмекші сөз болатынын айтады: “бір нәрсе бір нәрсеге қатты араласып кетсе, түріктер қатты-қарды – араласып кетті дейді. Бұл жерде қатты сөзі негізгі сөз болады да, қарды көмекші сөз саналады. Оғыздар бұл мағынада қарды сөзінің өзін ғана қолданады.Осы сияқты түріктер жақсы мағынасын аңлату үшін әзгу-йавлах деген қос сөзді қолданады (1-т. 406). М. Қашқаридың “Диуани лұғат‑ит түрк” еңбегінде аналитикалық тәсілмен жасалған атаулар жиі кездеседі, әрі оның ғылыми түсінігі мен түрлі түркі тілдеріндегі дыбысталу ерекшеліктері көрсетіліп отырады. “Кулгучі ер – күлетін адам, евге кіручі — үйге кіретін адам, ат сүргучі – ат айдаушы” сөздері жеке атау ретінде қолданып, тіл дамуында бірте-бірте қалыптасқандығы көрсетіледі (2-т. 39-74).
Қазақ тіл білімінде қашқаритану саласы толық жан-жақты дамыды дей алмас едік. Мәселе Махмұт Қашқаридың зерттеуін толық зерделеу үшін, оның әлемдік тіл біліміндегі орнын дұрыс анықтау үшін, қашқаритану саласының орнығып дамуында болып отыр. Қазіргі түркітануда М. Қашқаридың сөздігі жан-жақты қарастыруды қажет етеді, оның тарихи-салыстырмалы бағытта жазған тілдік деректері түркі тілдерінің барлық салаларын зерттеуде, әсіресе жаңадан дамып келе жатқан тілдің когнитивтік, концептуальдық аспектісін лингвомәдени деңгейде зерделеуде, тілдің даму жағдайын анықтауда, атаулардың этимологиясы мен негізділігін, уәжділігін терең қарастыруда аса құнды материал берері хақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет