* түңіл=
Көнетүркі ескерткіштерінде қарастырылып отырған етістік tönül=, қараңыз: er istin tönüldi «Жігіт бұл істен бас тартты» /ДТС. С.580/. Татар тілінде сақталған жалаң түбірді бастапқы түбір деп санауға болады, түң= «аударылу», «төңкерілу», «өз сөзінен, ниетінен бас тарту» /ТРС. С.81/.
* ұлас=
М.Қашқари сөздігіндегі ŭlа= «байлау», «қосу» тұлғасы көрінеді /МК. ІІІ Т. С.255/, қырғыз тіліндегі – ула= «ұштарын қосу» /ЮКРС. С.801/, өзбек тіліндегі – ұламоқ= «байлау», «қосу», «шынжырлау», сондай-ақ «біріктіру» мағынасында қолданылатын көптеген басқа түркі тілдеріндегі етістіктіктердің ортақ жорамал түбірі (ұла=) қазақ тілінің диалектісінде сақталған. Қазақ тілінде бірқатар олармен ұқсас негіздерді де табуға болады. Мысалы, ұлан-байтақ, ұлас=, ұлғай=.
Сонымен, етістік негіздеріне жүргізілген морфемалық талдау нәтижесінде көне түбірлерді көп жағдайда жорамал түрінде бөліп көрсетуге тырыстық. Олардың негізгі құрылымдық ерекшелігі бірбуындылығы болып табылады. Ал көптеген зерттеушілер сонымен қатар бірбуындылықтың да түбір тұтастығының өлшемі болмайтындығын атап өтеді. Осы тұтастықты диахрондық жіктеу осы морфемалық талдау арқылы жүргізіледі. Жоғарыда мазмұндалған сөзжасамдық қатар бойынша морфемалық талдау этимологиясы көмескіленген түбірді бірінші кезекте қазақ тілінің өз материалдарының негізінде реконструкциялауға (көптеген жағдайларда жорамалдап қана) мүмкіндік береді. Бұған бір туынды негізді немесе бір модельді құраумен шектелмейтін өлі түбірлердің сөзжасамдық қызметі ықпал етеді. Бір түбірдің бір немесе немесе бірнеше туынды етістіктер мен есім түбірлердің құрамында жиі кездеседі. Бұл жайт түбірлес сөздердің этимологиясын анықтауға мүмкіндік береді. Өлі түбірлердің бірнеше туынды түбірлердің құрамында қайталану дерегін айрықша атап көрсеткен жөн. Бұл біздің көзқарасымызша, олардың өнімділігін және өткен уақыттағы дербестігін көрсетеді.
Біз екібуынды етістік-негіздер құрамындағы өлі түбірлердің дәл санын анықтадық деп айта алмаймыз. Солай болса да, өзіміз қарастырған материалдар олардың тілде басым екендігі туралы тұжырым жасауға негіз береді. Осымен байланысты түбір морфемалардың көнеруінің, этимологиясы көмескілену себептерін анықтаудың мәні ерекше. Оларды біз негізінен сөзжасам үдерісінде қалыптасқан тарихи жеке сөз ретінде қарастырамыз.
Осы мәселені зерттеу барысында жетекші түркітанушылардың еңбектеріне сүйене отырып, «өлі» түбірлердің пайда болуына мынадай факторлар ықпал етті деп топшылаймыз:
1. Өлі түбірлердің пайда болуы аффикстік сөзжасамның дамуымен байланысты. Түркі тілдері дамуының аффикстік кезеңіне дейін синкретизмдер қызмет еткені белгілі (Э.В.Севортянша - «сөзжасамдық жүйе» немесе И.А.Батмановша - «ойлаудың дифуззиялық сатысы»). Солай болса да, тіпті осындай сөзжасам әдісінің204 өте ыңғайлылығы мен үнемділігінің өзі грамматикалық даму қажет еткен сөзжасам процесінің одан әрі дамуын тоқтата алмады. Кейінгі грамматикалық даму, яғни жаңа тұлғалар ескі тұлғаларды көптеген көне етістіктер құрамында «сүрлеп» сақтап қалды: «Сөзжасамның ең көне үлгілерін біз суффикстердің немесе тіпті жасалу әдісінің өзі анықталмайтын етістіктерден кездестіреміз»205.
2. Осыдан келіп, етістік түбірлері көнеруінің өзге факторы, атап айтқанда, етістіктердің өзге сөз таптарымен салыстырғандағы көнелілігі және етістік түбірінің императивтік мағынасының көнелілігі шығады. Қарастырып отырған сөзжасам модельдерінің әртүрлі тұлғасы болса да, олар етістіктік негіздің ортақ императивтік мағынасын сақтайды. Бұл тұлғалар қазір де қалыпқа айналған бастапқы тұлғаларға қосылады. Г.Рамстедт «жаңа сөзжасамда типтік жалғауларды оңай қабылдайтын, олар үшін үлгі ретінде қызмет ететін бағзы бір белгілі тұжырымдарға сүйенеді206» деп жазған кезде, ол осы ерекшелікті меңзеген болатын.
3. Көптеген ғалымдар атап өткендей, түркі түбірінің дамуында дыбыстық фактор үлкен рөл атқарады207. Осыған байланысты кейбір фонетикалық құбылыстарды атап өткен жөн: а) дыбыстар деформациясы: сөйле~сөзле (түркм.), байла ~ baγ, бауызда ~ boγ; б) метатеза: арба<аб, тербе<теб және т.б.; в) протеза: ұсын<сұн және т.б.
4. Өлі түбірлер үшін варианттылық тән. Түбірдің фонетикалық варианттарын салыстыру көптеген этимологиясы көмескіленген негіздерді талдауға көмектеседі.
Қараңыз: ad~аз~ай; жай~жад~жаз; жой~жоқ (көне түркі тілд.): joδ~joδ~joγ~joj; жос~жор; жый~jiγ; қау~қап; құл~құд~құз~құй; сыт~сыз~сық~сый және т.б.
5. Көптеген түбір морфемалар этимологиясының көмескіленуі олардың семантикалық дамуына байланысты:
а) мағынаның кеңеюі: өр > өрбі=, өрекпі=, өрелі, өрен, өркен, өркеш, өрле=, өрт, өрші=, өріс және т.б.
б) мағыналардың тарылуы: jor= көнетүрікше «орау», «буып-түю» деген жалпы мағынаны білдіреді, ал қазақ тілінде тек «жөргек», «жаялық», «жөргем» деген және «өрілген шек түріндегі тамақ атауы» түрінде сақталған.
в) бастапқы мағынасынан алшақтау нәтижесінде лексикадан ығыстырылу және метафоралану: тар > тара=, құтай=, безер=, саз сазар= және т.б.
Қорыта айтқанда, түркі тілдеріндегі түбір құрылымының мәселесі түркітануда негізгі орындардың бірін алады. Бұл мәселенің шешілуі қазіргі деңгейге түбір морфемаларды ажыратудың негізгі принциптерін тұжырымдаумен қатар сол арқылы синхрондық аспектіде тұлғажасам және сөзжасам жүйелерін зерттеу үшін де берік негіз салады. Түбір мен негіз дамуының негізгі жолдарын және белгілі бір жағдайларда категория ретінде қалыптасуын да көрсетеді. Соған сәйкес осы категорияны зерттеу бірнеше бағыт бойынша жүргізілді: біріншіден, екібуынды етістік негіздерін модельдік және морфемалық жіктеу және екіншіден, этимологиялық талдау әдістері арқылы түбір морфемалардың фонетикалық және семантикалық түрленуін де анықтайды. Алайда жіктелмейтін тарихи туынды сөздерден кейін олар «ішкі тұлғаларды» анықтайды.
Екібуынды етістік негіздерінің (императивтік негіздер) құрылымын модельдік және морфемалық жіктеу нәтижесінде қазіргі қазақ тілінде құрамдық элементтерге (түбірлік және аффикстік морфемалар) бөліп, сонымен бірге салыстырмалы-тарихи әдіс пен қолдану және этимологиялық реконструкциялауды қолданып, жалпы түркі түбірі мен ішінара түбірлік лексиканың мәселелеріне үлкен түрткі болған бірқатар қызықты құбылыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Олар мына жайттардан туындайды:
1) екібуынды етістік негіздері фонетикалық-морфологиялық және семантикалық құрылымы қазақ тіліндегі, сондай-ақ өзге түркі тілдеріндегі ұзақ агглютинативтік даму процесінің өнімі болғандықтан, олардың басым көпшілігі императив етістіктің негізгі тұлғасын есептемегенде (яғни жекеше түрдегі екінші жақтың бұйрық рай тұлғасы), сан ғасырлар бойы көптеген туынды сөздерді, оның ішінде екібуынды етістік негіздердің санаттарын жасау үшін негіз ретінде қызмет еткен байырғы түркілік түбір сөздерді құрайды.
2) 34 сөзжасамдық моделінен жалпы саны 1000-нан астам бірлікті құрайтын зерттеліп отырған тілде жасалған екібуынды етістік негіздерінің түбірлік бөлігіне салыстырмалы-семантикалық талдау олардың байырғы және туынды түбірлерін қамтитындығын көрсетеді. Олардың белгілі бір категориялары кейінгі тарихи даму барысында өзінің дербестігінен айырылды және тілді қолданушылар түсініксіз, белгісіз, яғни өлі элемент ретінде қабылдайды.
Мұндай ұстаным тарихи өзгерістерге ұшырамаған түбір морфемаға абсолюттік бірлік ретінде қарап қате екендігін көрсетеді. Бұл өз кезегінде тек түбір құрылымының бірден-бір ықтимал бірден-бір моделі ретінде ұсынудан бас тартуды көздейді.
3) «Туынды императив етістіктердің» құрылымындағы тарихи түбір элементтердің «көмескіленуі», «белгісіздігі» немесе жорамал құбылыс сияқты көрінеді. Олардың көпшілігі этимологиялық реконструкция кезінде өзінің бұрынғы құрылымдық семантикалық тұлғасында жаңғыру мен қалпына келтіруге бейім болады. Қараңыз: қазақша – итер, хакасша – ит те осындай мағынада.
Осы көзқарас тұрғысында балама талдаудың қажетті шарты ретінде қандай-да бір етістіктік негіздер ұшыраған семантикалық өзгерістерді, сондай-ақ зерттелетін морфемалардың құрылымдық тұлғасын өзгертуде орын алған фонетикалық процестерді, оның ішінде түркі тілдерінің арасындағы байқалып отырған осы тілдерге тән нақты сәйкестіктерді, сондай-ақ «шекаралық құбылыстар» ретінде дәстүрлі анықталатын, яғни морфемалар тоғысында өтіп жатқан өзгерістерді анықтау (оның ішінде мағыналардың тарылуы немесе кеңеюі, сөзжасам элементінің мағынасын жоғалту және т.б.) болып табылады.
4) Морфемалық және модельдік талдау негізінде жіктелетін түбір морфемалардың этимологиялық реконструкциясы сөздің құрылымдық дамуының объективті заңдылықтарын ескеру кезінде ең жақсы нәтижелерге жеткізеді.
5) жіктелетін түбір мынадай ерекшеліктерге ие болуы тиіс:
а) мүмкіндігінше VС және СV бірбуынды болуы жөн (ай= > ай+т, ар= > ар+т, бұл оның бастапқы сөзжасамға дәлел немесе СVС және СVСС болып табылады), қайт= > қайт+ар, бұл олардың туынды құрылым екендігін көрсетеді;
б) ең жалпыланған, абстрактілі семантикаға ие;
в) өзінің семантикалық-морфологиялық табиғатында есім немесе етістікті немесе атау мен етістіктің қасиеттері қатар кездесетін синкретикалық болуы мүмкін;
г) тіларалық және тілішілік диалектілі-әдеби гомогендік варианттар түрінде жиі көрінеді;
д) өзге туыстас тілдерде немесе жазба ескерткіштерінің тіліндегі ұқсас немесе өзгертілген прототиптері жиі ұшырасады;
е) тек етістіктердің ғана емес, сондай-ақ өзге лексикалық топтардың тұтас бірқатар туынды негіздерін құру үшін әдеттегідей негіз болады;
6) жоғарыда көрсетілген модельдер екібуынды туынды етістіктердің бастапқыда өлі болған элементтер негізінде туындамағандығы табиғи жайт. Олардың этимологиялық көмескіленуі кейіннен құрылымдық-агглюнативтік даму нәтижесінде алды. Осыған орай бұл бағыттағы ізденістер мен олардың жорамалдық тұлғасын реконструкциялау әрекеті тек бірбуынды ғана морфемалық құрамды ғана емес, сондай-ақ екібуынды етістік негіздерінің морфемалық құрамын модель бойынша жіктеудің нәтижесінде шынайы ақиқатқа ие болады. Мұндай ұстанымның бір жағынан, «өлі» болса да, толығымен айқын түпкі элементті, ал екінші жағынан, осы сөздің кең мағынасындағы императивтік мән мен грамматикалық абстракцияланған және жұмсалымдық жағынан, реттегіш формантын мойындау үшін де шынайы маңызы бар.
7) 34 модельдің етістік жасаушы форманты көптеген жағдайда белгілі бір сөзжасамдық мағынаны білдіреді. Олардың көпшілігі іс жүзінде сөзжасам жүйесінің қазіргі деңгейіндегі қолданылуын айғақтайтын тірі, өнімді модельдерді қайталайды. Мысалы бұны т және -тыр/-тір, -дыр/-дір аффикстерінің өзгелік етістікті жасау үшін кеңінен пайдаланатыны, дербес түбір морфемаларға жалғанып қолданылатын -ыл/-іл өзгелік етістігін жасау үшін ортақ етістіктің семантикалық мағынасын анықтайтын –ыс/-іс аффиксінің қолданысы туралы айтуға болады.
Көрініп тұрғанындай, бір форманттар сабақты етістіктерді салт етістікке айналдырады, ал басқалар, мысалы етіс тұлғалары сөз өзгерту емес, қайта сөзжасам қызметін атқарады. Негізінен нақты іс-әрекеттерді беретін ИЕ мағыналарына олардың әртүрлі реңктері де тән: эмоционалдық, эксперссивтілік, көп мәртелік және басқалар. ИЕ құрылымындағы өлі элемент өздігінен туынды етістік болуы және жаңа аффикстерді қабылдауы, сол арқылы грамматикалық плеоназмды құрай алады.
8) Қазақ тіліндегі 1000-нан астам етістікті модельдік және морфемалық талдау және этимологиялық реконструкциялау нәтижесінде қазақ тілінде ықтималдықтың әртүрлі деңгейіндегі 300-ге жуық өлі бірліктерді анықтауға және жаңартуға мүмкіндік туды. Олардың бірінің қолданылуының дербестігі даусыз болып саналса, қалғандары үшін қосымша ізденістердің қажет екені байқалды. Біздің ізденістеріміздің аясында ИЕ түбірлер – негіздер құрамынан теориялық оқшауланатын белгілі бір категория әлі де осындай реконструкцияға берілмейді және барлық түркі тілдерінің деректерін ауқымды тарту арқылы қосымша зерттеулер мүмкіндігін талап етеді.
Біздің ойымызша, алдағы зерттеулерде үш топты қамтитын өлі түбірлерді жіктеу жұмысына қатысты мынадай ұсыныстар маңызды рөл атқаруы тиіс:
1) туыстас тілдердің түбірлік материалдарына сәйкестігі жоқ және гомогендік қатар да құрамаған. Түбір морфемалары ның этимологиясы толық көмескіленген негіздер (ар=на=, ас=ық=). Осындай тектегі түбірлерді жіктеу талданатын негіз құрамындағы сөз жасаушы аффиксті жіктеу арқылы іске асады;
2) бірқатар гомогендік туынды сөздер шегінде қолданылатын, алайда, әдеттегідей туыстас тілдер сөздерінің түбірлік материалында дербес көрінетін сәйкестігі жоқ түбір морфемаларының этимологиясы ішінара көмескіленген негіздер (жыр=т= , жас=қа=);
3) туыстас тілдердегі сәйкестігі мүлдем дербес қолданылатын түбір морфемалардың этимологиясының шартты көмескіленген негіздері (ад=ас=, ал=да).
Достарыңызбен бөлісу: |