Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


Көмескіленген компоненттердің шеткерілігін (перифериялығын) сипаттайтын фразеологизмдердің құрылымдық ерекшеліктері



бет31/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   248
Байланысты:
антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)

Көмескіленген компоненттердің шеткерілігін (перифериялығын) сипаттайтын фразеологизмдердің құрылымдық ерекшеліктері

«Құрылым» термині құрамындағы терминдердің орналасу үлгісі, қарым-қатынас және байланыс ұғымдарымен әрқашан да астарлас келеді. Фразеологизмдердің семантикалық топтарының құрылымы тілдік бірліктердің ішкі бірізділігін көрсететін жүйенің айрықша бір бөлігі ретінде қарастырылады.


Фразеологизмдер – бұлар тілдік бірліктердің тұрақты құрылымы. Олар аталым процесін жүзеге асыратын стилистикалық таңбалар ретіндегі жекелеген нақты белгілер арқылы жанама ұғымның экспрессивтік бейнелілігін жасау нәтижесінде пайда болады.
Фразеологиялық тіркестердің құрамдас элементтері жұмсалымдық тұрғыдан алғанда тұтас бірлік ретінде қарастырылады.Дайын күйінде қайта жасалатын фразеологиялық тіркестердің құрылымдық тұтастығы оларды тіл бірлігі ретінде анықтауға негіз болады.
Фразеологиялық тіркестерді зерттеушілер басқа сөздерден өзінің модальдылығымен, беретін мағынасы мен лексика-грамматикалық құрамының тұрақтылығымен, сонымен қатар қолдануға дайын материал ретіндегі өзіндік құрылымымен ерекшеленетін сөздер деп атап көрсетеді.
О.Есперсеннің пікірінше, олар «қолдануға дайын формулалар ретінде» көрінеді, яғни тұрақты тіркестер сөйлеу кезінде қайта-қайта жасала бермейді, ол дайын күйінде қайталанады. Бұл ерекшелік олардың құрамындағы компоненттерінің семантикалық жағынан біртұтастығына, берік түрде орын алған лексикалық ортаға мағыналық тұрғыда тәуелді болуына байланысты.
Алайда фразеологиялық бірліктердің аталымдық қызметі мен синтаксистік құрылымына қатысты сипатының алуантүрлі болуы оларды «лексикалық парадигма» деңгейінде тілдік бірліктер ретінде қарастыруға еш кедергі келтірмейді. Мысалы, көптеген фразеологиялық тіркестер түркі тілдерінде атау беру үшін жеке сөз бірліктері жоқ, кездесе қоймайтын заттар мен құбылыстарды атау тәсілі қызметін атқарады. Мәселен, хакас тілінен деректер келтірейік: бүркіт, қыран құс – хара хус (с.55), горностай – хара хузурух (с. 62), гусак – іргек хас (с. 168), лещ – тектірбе палых (с. 351), лиловый – хызыл көк (с.351), подснежник – хой пор чозы (с. 612), подсолнух – сал хузух (с. 612) және т.б.234 Мысалдардан байқағанымыздай, жоғарыда келтірілген фразеологиялық тіркестердің көпшілігі зоонимдер мен фитонимдердің қатарына жатады.
Сонымен қатар кейбір фразеологиялық тіркестер екіншілік аталымдар ретінде қолданыста бар лексикалық бірліктердің синонимдері қатарында пайда болды. Мысалы: сумерки (іңір) – қаз. көз байланған уақыт; ұйғ. көз бағланған вахит; не подчиняться (бағынбау) – қаз. бой бермеу; ұйғ. бой бермәу.
Сондықтан фразеологизмдердің құрылымын зерделеу сөздердің семантикалық құрылымын жан-жақты тереңірек тануға, ашып-айқындап және сипаттауға толық мүмкіндік береді.
Біздің ойымызша, барлық әр типтес фразеологиялық тіркестер ортақтығының мәні мынада тәрізді: ең алдымен олардың барлық типтері қайта жасалу (яғни, дайын құрылымдар) және әртүрлі жасалу белгілері бойынша бір топқа бірігеді.
Тілдік бірліктер модельдерінің аса маңызды ерекшелігі олардың ұдайылығы, яғни қайталанушылығы болып табылатындығы белгілі. Дегенмен, солай бола тұра, Р.А.Будагов атап көрсеткендей «адамзаттың кез келген жанды тілінде тек жүйелі ғана емес, сол сияқты жүйеге қарсы да үрдістер мен категориялар болады»235. Фразеологиялық тіркестердің модельденбеуінің себебі олардың компоненттерінің құрамындағы бөліктердің семантикасын жоғалтуында жатса керек. Яғни, фразеологиялық тіркестердің құрылымындағы компоненттер өздерінің мағыналық дербестігін жоғалтқан, өйткені олар беріп отырған екіншілік мағына оның құрамындағы әр компонентпен жеке-жеке емес, керісінше, тұтас тілдік бірлік ретіндегі сөз тіркесімен тығыз байланыста болады.
Бірқатар ғалымдар фразеологиялық тіркестердің құрамындағы компоненттердің қызметін құрылымдық қызмет атқаратын сөзжасамдық морфемалардың қызметтеріне ұқсас мағынада қарастырады.
Фразеологиялық тіркестер өзінің құрылымы (тұлғасы) жағынан еркін сөз тіркестеріне жақын болып келеді. Бұл олардың шығу тарихымен түсіндіріледі. Шын мәнінде, фразеологиялық тіркестер сөз тіркестерінен және еркін түрдегі сөйлемдерден шығады 236.
Фразеологиялық тіркестердің аталымдық қызметі оларды сөзжасамның лексикалық тәсілі ретінде қарастыруға негіз бола алады. Өйткені өзге сөздермен салыстырғанда тілдегі әртүрлі құбылыстарды бейнелеп көрсету мақсатында ғасырлар бойы қолданылып отырған бұл фразеологиялық тіркестердің типологиялық құрылымдық ерекшелігі – олардың дайын құрылымдар түрінде қолданылуы болып отыр. Лексиканың перифериясындағы фразеологиялық тіркестердің осындай құрылымының нәтижесінде тілдің белсенді қорынан шыққан көптеген сөздер, архаизмдер және т.б. дәл осы фразеологиялық тіркестердің құрамында сақталып қалған. Фразеологиялық тіркестердің атап көрсетілген құрылымдық ерекшелігін ескере отырып, зерттеушілер типологиялық жағынан қарастыру бағытында мынандай мәселелерді алдарына мақсат етіп қояды:

  1. Фразеологиялық тіркестерді өзге тілдік құрылымдардан межелеу, яғни ара-жігін ашып көрсету:

а) күрделі сөздерден
ә) қос сөздерден
б) қайталаулардан
в) аналитикалық етістіктерден
г) терминдік сөз тіркестерінен
д) мақал-мәтелдерден және т.б.
Осыған байланысты фразеологиялық тіркестерді әртүрлі қырынан қарастыру жайлары орын алып отыр. Мысалы, А.Ысқақов өзінің «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбегінде фразеологизмдерді күрделі сөздер тарауында еркін сөз тіркестерінің идиомалануының және жай сөзден күрделі сөзге айналуының нәтижесі ретінде қарастырады237. Қараңыз: қырғи қабақ, қас пен көздің арасында. Бұлардың негізінде ұғымның тек таңбалануы ғана емес, сонымен қатар метафоралануы мен бейнеленуі де жатыр.
Фразеологиялық тіркестердің қалыптасуындағы бұл дерекке М.Б.Балақаев та назар аударады. Фразеологизмдерді сол сияқты татар тілтанушысы Ф.Ғаниев өзінің еңбегінде осы тұрғыдан қарастырады. Ол күрделі сөздер мен фразеологиялық бірліктердің арасындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ашып көрсетеді.
«Жалпы тіл білімінде» атап көрсетілгендей, «күрделі бірліктер тек мынандай жағдайларда ғана айрықша деңгейге бөліне алады, яғни егер элементтер белгілі бір тілде жұмсалымдық тұрғыдан оларды тұтас бір бірлік ретінде қарастыру қажет болатын топ құрып, осы элементтер бұл топтардан тыс нақты қолданылмайтын болған жағдайда»238.
І.Кеңесбаев тұрақты фразеологиялық тіркестер категориясына қос сөздерді де жатқызады. Мұнда олардың құрамындағы компоненттерінің үздіксіз өзара байланыстылығын негізге алады239. Мысалы: телегей-теңіз.
Қазіргі қазақ тілінде телегей жеке сөз ретінде дербес қолданылмайды. Жоғарыда келтірілген қос сөздің құрамында оның сөз тіркесіндегі анықтауыш+анықталушы тәрізді атрибуттық мағынасы бар, бұл да оның еркін сөз тіркесінен шыққандығын көрсетеді.
Ойрот тілінде телегей - әлем, жер шары, табиғат (ООС, 146), көнетүркі тілінде telim – көп, елеулі, өте (КТС, 552), сол сияқты taliy – теңіз, мұхит (КТС, 529).
Байқап отырғанымыздай, қазақ тілінде құрамындағы компоненттерінің үздіксіз байланысынан тыс ол өзінің мағынасын бере алмайды. Яғни, қос сөздер компоненттерінің өзара біртұтас болуы оларды фразеологиялық тіркестерге жақындатады, соларға ұқсас болады.
Н.А.Баскаков нақты атап көрсеткендей, осы тәріздес сөз тіркестерінің сөздерге жұмсалымдық жағынан жақын болуының негізінде кейбір түркітанушылар оларды не синтаксис саласына, не сөзжасамға жататын лексикалық сөз тіркестері немесе лексикалық бірліктер ретінде көрсетеді240.
Шынында да, фразеологиялық тіркестер көп жағдайларда сөздерге балама бола алады. Дегенмен фразеологизмдер бірқатар ғалымдар атап көрсеткендей, олардың сөздерден айырмашылығы – ережелер жүйесінен ауытқуы, оларды модельдеуге болмайды. Яғни, фразеологизмдер – сөз тіркестерінің айрықша типі, олардың құрылымы тілдегі сөз тіркестерінің ережелеріне сәйкес келмейді. Тілде олардың жасалымына қатысты айрықша ереже жоқ. Тілдің семантикалық жүйесінде фразеологизмдердің мағыналары сәйкес келетін типтік мағыналар аңғарылмайды. Фразеологиялық тіркестердің өте айрықша, жеке мағыналық сипаты осыған байланысты. Фразеологиялық тіркестер тілден тыс шындықтағы заттар мен құбылыстарды атайтын қызметіне қарай сөздерге жақын келеді, бірақ өзінің бейнелеуіш-экспрессивтік тәсіл ретінде қызмет атқаратын жасалу жолы арқылы ерекшеленеді241.
Сондықтан фразеологиялық тіркестердің құрылымына тән ерекшеліктердің бірі – жеке-жеке жасалуы болып табылады.
Түркі тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің типологиялық моделі ретінде компоненттердің сипаты да, олардың орналасу тәртібі де ескерілетін, фразеологиялық тіркестердің бірқатар топтарына ортақ ұйымдастыру үлгісін, яғни бір типтес жасалымдардың барынша ортақ үлгісін атауға болады.
Бұл жерде мынандай бір деректі айта кеткен жөн. Фразеологиялық тіркестердің құрылымдық ұқсастығы тарихи тұрғыдан дәлелденген тілдердің ортақ дереккөздерінде ғана емес, сонымен қатар туыстығы күмәнді және аралары алшақ жатқан дереккөздерде де байқалады. Мысалы, А.Е.Тәжмұратованың пікірінше, орыс тіліндегі бірқатар фразеологиялық тіркестер мағыналары жағынан да, синтаксистік құрылымы жағынан да қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестерге ұқсас болып келеді, мысалы: тірі жан – живая душа, қолын байлау – связать руки, табысқа жету – добиться успеха және басқалар242. Осы аталған әмбебап сипатына байланысты жалпы тіл білімінде ұқсастықтары мен айырмашылықтары, оларды туындатып отырған салдарларды түсініп, зерделеуге ұмтылу атап көрсетіледі. Мұндай жағдай лингвистикалық типологияға оң әсерін тигізеді. Ол өз кезегінде тілдердің бір-біріне алыс-жақындықтарына қарамастан құрылымдық жақындығының дәрежесін зерттейді.
Қазіргі түркі тілдерінде көптеген ортақ фразеологиялық тіркестердің шығу негізі бір дереккөзге саятын тәрізді, олар қатар даму процесінің нәтижесі болып табылады.
Қазақ тіліндегі және өзге түркі тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің құрылымы жөнінде сөз еткенде түркітануда бұл мәселе төңірегінде біржақты пікір жоқ екендігін атап өткен жөн. Кейбір ғалымдардың пікірінше, фразеологиялық тіркестер тілдегі маңызды құрылымдық элементтер ретіндегі лексемаларды біріктіру ережелеріне құрылымы еш сай келмейтін тілдік бірліктер болып табылады, басқаша айтқанда, фразеологиялық тіркестер – ол комбинаторлық сөздердің ережелерінен ауытқудың нақты дәлелі. Олардың айтуынша, фразеологиялық тіркестер компоненттерінің қайталанбас тұтастығымен сипатталады, сондықтан компоненттердің семантикалық өзгеруінің нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес, себебі фразеологиялық бірліктің мәнінің өзі модельге қарама-қайшы келеді. Яғни, фразеологияда модель ұғымы жоқ. Екінші бір ғалымдардың айтуынша, қазіргі түркі тілдеріндегі және ескерткіштердегі фразеологиялық тіркестер ортақ мағынаға біріктірілген, өзіндік грамматикалық модельдер түзе отырып, негізінен белгілі бір модель бойынша, белгілі бір заңдылықтар бойынша жасалады, яғни фразеологиялық тіркестердің грамматикалық құрылымында модельденген сипат бар. Мысалы, дене мүшелері, өсімдіктер атауларының және т.б. негізінде жасалған фразеологиялық тіркестер: жить, существовать – қаз. күн көру, ұйғ. күн көрмәк; падчерица – қаз. өгей қыз, хак. оой хыс; қаз. қаба сақалды кісі; тат. каба сакаллы кеше және т.б. Көріп отырғанымыздай, олар толық сәйкес келеді. Бірақ кейде жекелеген компоненттерде өзгерістер немесе басқа нұсқалары да кездеседі. Мысалы: тошнить – қаз. жүрегі айну, ұйғ. көңли айнимоқ; немесе қаз. екі аяғын бір етікке тығу; ұйғ. икки путини бир өтуккә тиқмақ; қаз. жүрегіне кілт табу - әзірб. үрәj – инә ачар – тапмаг – найти ключ к сердцу; қаз. түрі (келбеті) келіскен «стройный, красивого тела сложения» - ұйғ. андазиси келишкән; қаз. аяққа басты – ұйғ. таванға ташлимоқ; қаз. табаны тозу – тат. чабата туздыру; қаз. жүрегін тырнау – тат. күңелне тырнау «хватать за душу; волновать, беспокоить»; қаз. басын айналдыру – түрік. bas dondurmek «кружить голову».
Сол сияқты өзге түркі тілдерінде нұсқалары мен баламалары кездесе қоймайтын фразеологиялық тіркестер де бар. Мысалы: ұйғ. көзи йорумақбосану; пахта атмақ – алдау, өтірік айту; пахиси қангичә - еркінше, құмары қанғанша; у пилдирлапла қапту – ол өлі мен тірінің арасында жатыр (науқас адам туралы); женим ичимгә патмайду – қуанышым ішіме сыймай тұр және т.б.
Тат. калай әтәч «қалайы әтеш»– сотқар, төбелескіш, әтеш.
Салпы якка салам кыстыру – мадақтау; чырай сыту – сұстану, қабақ шыту, тыржию; кара таракан болу – артық саналу, арпа ішінде бір бидай?; тегермәненә су қою – біреудің диірменіне су құю; әт тибенгесендә йөрүчә - жалқау, жұмыссыз, үйсіз-күйсіз, қараусыз жүру; тұң колак – саңырау, құлағы нашар есту; жилеген корыту – зықысын шығару; жилкәсен кимеру – біреудің арқасында күн көру; Түрік. kokunden koparmak, kokunu kurutmak (kok- түбі, тамыры) – түп-тамырымен құрту.
Фразеологиялық тіркестер өзге тілдік бірліктер тәрізді тарихи өзгерістерге ұшырағандинамиклық категория болып табылады. Негізінен бұл өзгерістер құрылымында орын алды.Қазіргі түркі тілдеріндегі және көнетүркі ескерткіштеріндегі фразеологиялық тіркестерді салыстымалы-салғастырмалы зерделеу нәтижесінде төмендегі құрылымдық өзгерістерді атап көрсетуге болады:

  1. Қазіргі түркі тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің байырғы түркі сөздеріне жататын бөлігі семантикалық-құрылымдық жағынан көнетүркілік фразеологиялық тіркестерге сәйкестігін толық сақтап қалған. Мысалы, teka saqal «мұрты мен сақалы сирек келген адам» (КТС, 550).

  2. Көнетүркі ескерткіштеріндегі фразеологиялық тіркестердің бір бөлігі жай сөзге айнала отырып, құрылымдық жағынан бұзылған. Мысалы, 1) tanil – таңғалу; tanla - таңғалу, есі кету, таңырқау. Қазіргі тілдерде таң қалу 2) tanla – таң ағару. Мысалы, tan tanladi «таң ағарды, таң шапақ атты» (КТС, 533). Қазіргі тілдердегі қолданыста - таң атты.

  3. Қазіргі түркі тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің бір бөлігі ертеректе керісінше, бір сөзбен ғана айтылатын болған. Мұны Г.А.Байрамовтың пікірі бойынша түсіндіруге болады. Фразеологиялық бірліктердің қалыптасуы белгілі бір уақыт аралығын қамтиды. Ал лексикалық бірліктер тіл пайда болғаннан бері қолданылып келе жатыр243. Яғни, фразеологиялық мағыналардың белгілі бір жеке сөздермен берілуі фразеологиялық тіркестермен берілуге қарағанда анағұрлым көне болып табылады.

Мысалы, қолқа салу. Оның қазақ тіліндегі мағынасы (өзге де түркі тілдеріндегі) - өтіну, қояр да қоймай сұрап алу.
Көнетүркі тілінде келтіріліп отырған мағына жеке qol сөзімен берілген. Мысалы, er tanrika soqusmis qut qolmis - (еркек тәңірімен кездесіп, одан бақыт тілейді) (.....).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет