Байланысты: антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)
1.1 Мәдени-тілдік деректерді антропоөзектік бағытта зерттеудің теориялық-танымдық негіздері. Қазіргі тіл білімі даму деңгейінің сан салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күні тілдік зерттеулердің бағыт-бағдарын жаңаша анықтауға, жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі маңызды тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес тілдің қоршаған әлеммен, адам факторымен сабақтастығын зерделеу қазіргі қазақ лингвистикасының халықтық сипаты мен әлемдік ғылым деңгейіне көтерілер биігін бір арнада тоғыстырады. Осыған орай, ұлттық тіл ғылымының тілтанымдық-теориялық қоры мен әдіснамалық негізі жаңа бағыттарға сай құнды зерттеулердің ғылымдар тоғысында дүниеге келуін, сабақтастығын қамтамасыз етер алғышарттар ретінде сипатталады (Қ.Жаманбаева, Э.Оразалиева, Б.Тілеубердиев, М.Күштаева, Н.Аитова, М.Қожаева, Н.Шаймердинова т.б.).
Қазақ тіл білімінде тұтастықта қарастырылатын тілдің табиғатын адамның мәдени, рухани, әлеуметтік, психологиялық болмысымен, оның қимыл-әрекетімен ұштастыра талдаған қазақ ғалымдары соңғы кезде таным мәселесіне ерекше назар аударып, «ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сәйкес антропоөзектік бағытты қалыптастыру. Атап айтқанда, шынайы өмірдің қыр-сырын ұлттық ұжымға тән ой таразысынан өткізіп, сараптап, жинақтаған ақпараттар мен мәліметтердің жадыда сақталған қор ретіндегі жүйесі тіл арқылы қабылданып, сондықтан ұлт болмысын танытатын тіл бірліктерін кешенді зерттеу өзекті мәселе ретінде тіл ғылымының өрісін кеңейтіп отыр. Осымен байланысты қазақ тіл біліміндегі құрылымдық жүйені тілді зерттеудің жаңа үрдісіне сай анықтаған соңғы зерттеулерде «қазақ тіл білімінің танымдық бағытын зерделеу, оның себеп-салдарын айғақтау, ғылыми-теориялық ұстанымдары мен ұғымдық бірліктерін жүйелеу, сол арқылы когнитивтік парадигманың қалыптасу және даму өлшемдерін анықтау қазақ лингвистикасының өзекті мәселелері деп қарастырылады», – деп бағаланған [12, 3].
Қазіргі әлемдік өркениет кеңістігіндегі жаһандану үрдісіне сәйкес тіл біліміндегі зерттеулер бағытының кешенді де интеграциялық сипатына сай тіл мен мәдениет сабақтастығын анықтаудың мәні зор. Оның нақты көрінісі – «ғаламның тілдік бейнесін» ұлт тілі арқылы зерттейтін этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының теориялық-әдістанымдық негіздері В.Гумбольдт, Э.Сепир, Б.Уорф, Н.И.Толстой, Г.В.Колшанский, Ю.Н.Караулов, А.Вежбицкая, В.Маслова т.б., қазақ тіл білімінде Ә.Қайдар, М.Копыленко, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, К.Хұсайын, Н.Уәли, Г.Смағұлова, Р.Авакова, Г.Сағидолда, А.Ислам, Е.Керімбаев, Р.Шойбеков, М.Малбақов, А.Сейілхан, Қ.Қайырбаева т.б. еңбектерінде жасалған себебі, кез келген тілдегі ғалам бейнесі екі жақты сипатқа ие: бір жағынан, кез келген тілдегі ғалам бейнесі адамның әлемге көзқарасымен байланысты болса, екінші жағынан, нақты әр тілдегі әлем моделіне әлеуметтік-мәдени қоғамдағы ұлттық «әлем бейнесі» жалғасады. Осының нәтижесінде жеке тіл өзіндік сипатқа ие болады. Сондықтан ғалам бейнесі мәселесі адамның елестетуі мен санасындағы әлемді көру мен суреттеуіне негізделеді. Осыған байланысты Г.В.Колшанский: «Тіл адам санасынан тыс әлемді бейнелей алмайды, өйткені ол объективті дүниенің бейнесі ретіндегі субъективті әлемді бейнелейді. Тіл әрі объективті, әрі субъективті. Ол әлемге және адамзатқа қатысты екіжақты субстанция» [13, 26], – дейді. Адам өзінің әлемге деген көзқарасын, дүниетанымын, өзіндік «әлем бейнесі» тілдің қызметі арқылы қалыптастырады. Әрбір тілдің ішкі өзгешеліктері бар болғандықтан, әрбір тіл өз ерекшелігімен «әлем бейнесін» өзгеше қалыптастырады. Демек, қазіргі тіл білімінде ұлттың рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде. Оның себебі: әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол жай таңбалық жүйе емес, ол – мәдениет айнасы. Олай болса, ондай жүйені зерттеуде дәстүрлі құрылымдық лингвистиканың мүмкіншілігі шектеулі екендігі байқалады. Себебі бұл арада тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, ол (тіл) – этномәдени ақпаратты жинап, сақтаушы, жеткізуші, келесі ұрпаққа жалғастырушы, сайып келгенде ұлтты бір бүтін етіп тұтастырушы. Сондықтан да қазіргі қазақ тіл білімінде тіл мен мәдениет сабақтастығын, атап айтқанда, тілдің бойындағы ұлттық сипатты, ұлттық рухты тануға негізделген когнитивтік лингвистика, оның лингвомәдениеттану, этнолингвистика т.б. салалары өріс алып келе жатыр.
Осы арада мына жайды атап өткен жөн деп санаймыз. Шын мәнінде, олардың бастау көздері ретіндегі В. фон Гумбольдт, Э.Сепир т.б. идеяларына сәйкес, сабақтас пікірлерге, теориялық қағида сипаттағы ғылыми нышандарының көріністеріне қазақ тіл білімінің, мәдениеттануының негізін салушы ғалымдардың еңбектерін зерделеу барысында тап боламыз. Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов т.б. еңбектерінде тіл мен мәдениет сабақтастығына ерекше назар аударылған. Мысалы, проф. Қ.Жұбанов тіл арқылы халықтың тағылымдық мұраты мәдени әрі тілдік мұра ретінде сақталатынын және этностың әр дәуірдегі ұрпақ өкілдеріне тіл мен мәдениетті табыстыратын жаңа саланың дүниеге келетіні туралы сол кездердің өзінде-ақ болжам айтқан. Ғалымның: «Халықтардың тұрмыс қалпы түрлі-түрлі болған соң, олардың әр затқа қоятын аттары да түрлі-түрлі. Тіл ұзақ заман жасалады, бірден өзгермейді, оның өзгерісі тұрмысқа байланысты» [14, 93] деген пікірі ұлт мәдениетінің ұрпақ жалғастығын сипаттаса, ал, мәдениет жай өмірдің туындысы емес, белгілі бір қоғамда өмір сүрген рухани әрі материалдық қоры бар іргелі елдің өмір тіршілігінің қажетті туындысы деп қарауын: «Мәдениет – қазанның күйесінше жұғатын нәрсе емес, мәдениеттің белгілі сатысын көксегендей жағдай тумаған болса, ... жоғары мәдениеттің өзі келіп ауызға түспейді» [14, 325] деген пікірінен көреміз. Осы тұрғыдан этномәдени лексиканың қалыптасуының тек онтологиялық сипаты ғана емес, уәждік негізі, уақыт пен кеңістік контексіндегі этнотанымдық табиғаты да ашылған. Атап айтқанда, бұл бағыттағы зерттеулер «тіл мен таным» сабақтастығын сипаттайды. Себебі, бұл тілдік деректерді сол тілде сөйлеуші халықтың әр кезеңдегі тарихи-әлеуметтік тәжірибесіне негізделіп, мәдени-танымдық деңгейіне сай қалыптасқан вербалды-ассоциативті категория ретінде қарауға болады. «Тіл мен ұлт біртұтас» деген қағида ежелгі мәдениет көріністері, әртүрлі салт-дәстүрлердің тіл арқылы сақталып жетуі арқылы ұлтты тұтастырушы, жалғастырушы қызметімен дәлелденіп, анықталады.
Тіл мен мәдениеттің байланысы лингвомәдениеттану саласының өзегін құрайтыны белгілі. Лингвомәдениеттану пәнінің басты мақсатын ғалым В.Телия былайша анықтайды: «Тіл мен мәдениеттің өзара қатынасын қазіргі заман мәдени ұлттық сана-сезім тұрғысынан қарастырып, оның тілдегі көрінісін зерттеу және сипаттау» [15, 18]. Демек, лингвомәдениеттану мәдениеттің тілдегі көрінісін синхрондық тұрғыдан сипаттайды. Осымен байланысты лингвистикалық реконструкция мәдени реконструкциямен сабақтасады. Себебі ежелгі дәуір адамдарының әртүрлі әлеуметтік-тарихи кезеңдеріндегі өкілдерінің айналадағы дүние туралы алуан түрлі сырын, мифтік бағам-пайымын, наным-сенімін көрсететін тіл деректері, кейбір көне этномәдени сөз қолданыстары бүгінгі заманға халқымыздың бай ауыз әдебиеті, ескіліктері, көркем әдебиет мәтіндеріндегі ұлттық-мәдени компоненттері т.б. шығармашылық көздері арқылы келіп жетті. Сондықтан көне тілдік деректер халқымыздың ұзақ этномәдени даму жолын, материалдық және рухани құндылықтарын, түп-тамырын неғұрлым тереңірек танудың бір құралы, маңызды таным тетігі ретінде зерттеледі.
Осы арада материалдық мәдениет атаулары да рухани мәдениетпен қатар адамдардың тіршілік мұқтаждылықтарын өтейтінініне ерекше назар айдарылады. Сондықтан материалдық мәдениет пен рухани мәдениетті бір-бірімен өзектес, бүтіннің екі жағы деп қарауға болады. Өйткені адамды қоршаған табиғат пен өмір сүруші субъектінің қатынасы барысында айналасындағы дүниені танып, өз ақыл-ойының елегінен өткізіп, табиғаттың затын өз затына өңдеп айналдыру – зор еңбектің көрінісі. Бұл, түптеп келгенде, заттық мәдениеттің дүниеге келуінің негізгі шарты. Бұл өз кезегінде сол қоғамның этикалық, әлеуметтік, эстетикалық, символдық тәжірибесін көрсететін заттық атаулардың рухани өмірімен байланысын «материалдық мәдениет өнімдері рухани қажеттіліктерден туындайды» деген пікірді нақтылай түседі. Ол туралы акад. Н.И.Толстой: «Халықтың рухани мәдениеті оның ана тілінде, говорларда, салт-дәстүрінде материалдық мәдениет атаулары арқылы да танылады. Оларды біртұтас деп қарау қажет» деп көрсетеді [16, 21].
Рухани мәдениет арнасының заттық мәдени атаулармен тығыз байланысын, тіпті бір-бірінің тууына себепші болғандығын халқымыздың көптеген дәстүрлерінің шығуымен де дәлелдеуге болады. Мысалы, халқымызда сәби дүниеге келгенде кигізетін ең бірінші киімі – иткөйлек, сәукеле т. – ұлттық бас киімдер ішінде ең бағалы, ерекше салтанатқа арнайы тігілетін, қалыңдық елінің байлығын танытатын, материалдық сипаттағы ғана бұйым емес, сонымен бірге бір елдің әлеуметтік тұрмысынан хабардар ететін, халқымыздың мәдени өмірінен елес беретін және жұртымыздың әсемдік әлеміндегі эстетикалық талғамын көрсететін, әйел адамның әлеуметтік өмірдегі орны мен жас ерекшелігін танытатын сәнділігімен, байлығымен ерекшеленетін бас киім» [17, 68].
Демек, заттық (материалдық) мәдениеттің мәні дегеніміз адам әрекетінің нәтижесінде заттандыру. Оның ішкі мәні соны тұтынушы қоғам өкілдерінің санасында, рухани дүниесінде.
Осы тектес этномәдени атауларды талдау негізінде «мәдениет» ұғымының тілге қатысты мәнін былай түсіндіруге болады: кез келген ұлттық мәдениеттің негізі – ортақ тілде сөйлеп, ортақ мүдде мен қағидаларға сай өмір сүріп, әрекет ететін этноұжымда қалыптасқан шындық дүниенің тұтастығы, этностың материалдық және рухани кеңістігі. Олай болса, «тіл – ұлттың тірегі, ұлт мәдениетінің негізі» деген қағидаларға сәйкес тіл мен мәдениет арасындағы байланыстың арқауы сан ғасыр өтсе де бар асылын өз бойында сақтап, еш шашаусыз жиып, болашаққа жеткізетін тілдің құдіреті – кумулятивтік қызметі негізінде шешіледі. Нақты түрдегі оның тілдік көріністері: материалдық мәдениет (тұрақ, киім, тамақ, тұрмыс бұйымдары, еңбек құралдары т.б.) және ұлттық тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа сақталып, жеткізілетін рухани мәдениет (салт-дәстүр, миф, өнер, дін, тәлім-тәрбие, көркем мәтін т.б.) және ұлттық психология, таным тұрғысынан жасалатын рәміздік жүйе, сакрализация тәсілімен сақталған өнер, археология туындылары т.б. атаулары.
Демек, әр этностың өмір сүру сипаты ұлттың рухани ерекшеліктері, ойлау ұғымдары мен бағыт-байламдарын сипаттайтын тілдік жүйесі арқылы ана тілінде сақталады. Ол – әр халықтың материалдық, экономикалық, әлеуметтік жағдайына байланысты дамитын, қоғамдық санасына сәйкес негізделетін, «ұжымның жадында жинақталған жүйе» (Ю.М.Лотман). Олай болса, мәдени атауларының жүйелі тілдік көрінісін мәдениеттің метатілі деп қарауға болады. Бұл ыңғайда мәдени лексика Ю.М.Лотман, Е.М.Верещагин, В.Г.Костомаров, Ә.Т.Қайдар, Е.Н.Жанпейісов, Р.С.Сыздық, Е.Қ.Жұбанов, Н.М.Уәлиұлы, Р.Шойбеков т.б. зерттеулеріне арқау болуда. Ал осы мәдени мұраның немесе мәдениеттің метатілінің танылуы, халық игілігіне асуының негізгі тірегі тілдің коммуникативтік қызметімен тікелей байланысты. Сол арқылы әрбір ұрпақ өкілі ақпараттарды қабылдап, танып, мәдени мұраны игеруде ұрпақтар жалғастығын іске асырады. Міне, осы арада мәдениет игіліктерін өндіруші мен тұтынушы арасындағы мәдениетаралық, танытушылық қызметті проф. Қ.Жұбанов сынды ғалымдарымыздың зерттеулерінен басталған тіл ғылымы атқарады. Осы мақсатта қарастырылатын тілдің танымдық-мұрагерлік қызметі негізінде сан ғасыр құпиясын бойына сақтаған этнотілдік деректерді сан ұрпақ танитын ана тілінің қорында мәңгілік сақталатын, сарқылмайтын қазына, «адамзат тарихының қоймасы» (Қ.Жұбанов) деп түсінуге болады.
Антропоөзектік бағытта жүргізіліп жатқан зерттеулердің барысы тіл мен мәдениеттің байланысы тіл білімінің қазіргі лингвомәдениеттану саласында ерекше мәнге ие екенін көрсетіп отыр. Бұл екі фактордың тоғысуы нәтижесінде пайда болған тілдік деректер ұлт мәдениетін немесе ұлт тарихын, халықтың қоғамдық өмірін бейнелеп қана қоймай, ана тілінің сөздік қоры байлығының көрсеткіші ретінде де танылады. Мысалы, тіл мен мәдениеттің атауына ұйытқы болған этнографизмдер – ана тілі байлығының бір бөлшегі. Бұл атаулар – тілдік қазынаның сүбелі саласының бірі және бүгінде жалпыхалықтық қолданыста жоқ кейбір байырғы сөздер мен сөз тіркестерінің мағына-мәнін танытатын мәдени әрі тарихи ақпараттар көзі.
Бірақ этностың көне дәуіріндегі тарихынан, мәдени өмірінен хабардар ететін этнографизмдер, тілімізде мағынасы ұмыт болған әртүрлі этноатаулар олардың сырын ашуды, танытуды қажет етеді. Осы орайда қазақтың қара сөзін бағзы мәдениеттің жетегінде тіл арқылы анықтап, келер ұрпақтың санасына зор мақтанышпен жеткізу – ұлт болмысын, ұлт мәдениетін танытудың бір жолы. Осыған орай, қазақ лексикасындағы лингвокультуремалар ретіндегі этнографизмдер, ескіліктер т.б. этнодеректер мәдени-рухани байлықтың бір көзін құрайды. Қазірде бұл этноатаулар қоғамдық қарым-қатынас кезінде белсенді қолданылмаса да, бұл сөздердің дені диалектілік лексикада, тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің құрамында, тарихи көркем шығарма тілінде, ауыз әдебиеті, фольклор мен эпос тілінде сақталған.
Осыған сай нәтижеге жеткізуге көмектесетін тілді зерттеудің тиімді саласы – этнолингвистика. Оның ғылыми сала ретіндегі мәнін проф. М.М.Копыленко: «Этностың тұрмыс-тіршілігі, қазіргі болмысы мен тарихы, оның материалдық және рухани мәдениетінің тілдік көріністері айқындалады және жете зерттеледі», – деп анықтайды [18, 17]. Ол – адамзат қауымының этностық деңгейдегі балаң, бастау тұсындағы тек-тамырын, мекен-жайын, өмір тәжірибесін, салт-санасын, кәсібін, жеке этностық топтардың алғашқы анайылық қалпындағы дүниетанымын, мифтік танымын, сакральды атауларын, киімін, ішкен тамағын т.б., яғни мәдениет тілі арқылы зерттейтін тіл білімінің саласы. Себебі жоғарыда атап көрсетілген жайлардың бәрі адамдардың бастапқы ұғым-түсінігіндегі өзіндік «әлем үлгісі» («модель мира») ретінде тек тілде таңбаланып отырған. Мұны акад. Ә.Қайдар, жоғарыда көрсетілгендей, тілдің кумулятивтік немесе «құжаттық» (Э.Сепир) қызметімен байланыстырады: «Этнос және оның тілін біртұтас, өзара тығыз байланысты құбылыс деп қарасақ, тіл қоғамда тек сол этностың қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар оның (этностың) бүкіл рухани, мәдени байлығының куәгері іспетті барлық болмысы мен өмір-тіршілігінің, дүниетанымы мен әдет-ғұрпын бойына сіңіріп, ата мұрасы, асыл қазына ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын қызметі тағы бар» [19, 34].
Тілдің өз бойында этномәдени мұраларды сақтаушылық қызметі туралы пікір жалғастығын ғалым Н.Уәлиевтің мына тұжырымынан табамыз: «Тіл – өмір шындығы. Сол шындықты уақыт қалдырған қатпарлардан аршып ала білсек, шежіредей сыр шертіп тұрады. Өмірде болған нәрсе тілде де із тастамай кетпейді. Сондай іздің сорабын асыл мұрамыздың тілінен де кездестіреміз» [20, 40].
Қазақ тілі лексикасындағы әртүрлі тақырыптық топтар мен қабаттар Ә.Т.Қайдар, Е.Н.Жанпейісов, М.М.Копыленко, Н.М.Уәли, Р.Н.Шойбеков, Г.Смағұлова, Е.Керімбаев, Қ.Рысберген, С.Сәтенова, Р.Иманалиева, А.Мұқатаева, Қ.Ғабитханұлы, Қ.Аронов, Ұ.Ержанова, А.Жылқыбаева, Т.Жаубасова, А.Оқа, Ә.Алмауытова және т.б. еңбектерінде этнолингвистикалық тұрғыда жан-жақты сипатталған және әлі де жалғасуда.
Қазіргі қазақ қоғамындағы маңызды ерекше сипатқа ие болған ұлттық мүдделі мақсаттың бірі – халық рухын, оның өзегі мәдениетті жаңғырту. Себебі, мәдениет адамның ақыл ойы мен еңбегі жемісінің тізбектері, дәлірек айтқанда, «материалдық және рухани құндылықтар жүйесі» (Э.Тэйлор). Көптеген мәдениеттанушы ғалымдардың пікірінше, «мәдениет – дүниенің бөлшектері болып саналатын рухани көріністерді бейнелейтін тіл, миф, өнер, дін және т.б. негізде құрылатын семиотикалық жүйе» (Ю.Лотман). Осымен байланысты мәдениеттің таңбалық негізі тілмен, рәміздік жүйедегі ұлттың психологиялық түрімен, сакрализация тәсілімен сипатталады. Соның ішінде мәдениеттің коммуникативтік, мұрагерлік табиғатына сәйкес оның ашық жүйе ретінде сақталуы, кейінгі ұрпаққа жетуі, жаңғыруы, танымы игерілуі, жетілуі тіл арқылы іске асатыны қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы зерттеулерінде нақты дәйектелуде. Себебі, ашық жүйе ретіндегі белгілі бір этностық (ұлттық) ұжымда мәдени коммуникацияның іске асырылу құралдарының дені (таңбалар жүйесі, рәміздер, әдет-ғұрыптар, материалдық өндіріс туындылары т.б.) тіл арқылы қызмет етеді де, мәдениетті тарихи-әлеуметтік процесс ретінде сипаттайды.
Атап айтқанда, тіл тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге адам болмысының, оның мәдениетінің көрінісі. Өйткені мәдениеттің этнотаңбалық белгісі тілден тыс көріне алмайды. Осыған орай тіл тек денотативті коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге коннотативті (белгілі бір әлеуметтік, мәдени, танымдық мәні бар) құрал.
Демек, тіл бірден бір коммуникативтік құрал ғана емес, тілдік қарым-қатынас негізінде мәдениетті де анықтайтын кешенді ұғым. Сондықтан тіл арқылы мәдениетті танытуда аксиологиялық (құндылықтар теориясы), психолингвистикалық және герменевтикалық (түсіндірмелік) қағидаларға сүйенеміз.
Соның негізінде ұлттық мәдениеттің мәні ұлттық санада ұжымдық (этностық) тұтастық, әлеуметтік интеграция, рухани кеңістік қалыптастырумен сипатталады. Оның айқын көріністері сакрализация тәсілі мен ұлттық психологиялық негіздегі сан қырлы рәміздік жүйе мен тілде көрінеді. Соның нәтижесінде мәдениеттің негізгі арқауы сақталады, жаңа сапада жаңғырады, ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
Шын мәнінде қоғамда ұрпақтар жалғастығы мәдени мұраларды игеру, қабылдау, әрі қарай дамыту арқылы жүзеге асады. Атап айтқанда, мәдени ақпараттар салт-дәстүр, әдет-ғұрып т.б. рәміздік жүйемен қатар тіл арқылы, сөз өнері, сөз мәдениеті арқылы жүзеге асады.
Э.Кассирер, З.Фрейд т.б. зерттеулеріне сүйеніп, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап батыс ойшылдарының зерттеулерінде мәдениетті тілмен теңдестіре қарау әдісі кең өріс ала бастады. Нақты айтқанда, тіл тек коммуникативтік құрал ғана емес, мәдени коммуникацияны да іске асырушы негізгі тетік, мәдениеттің өзінде метатіл деп қарастыратын үрдіс белен алуда.
Осы тектес қағидаға сай қазақ тіл білімінде тіл мен мәдениет сабақтастығындағы зерттеулер мәдениеттің өзін метатіл деп анықтап, оның коммуникативтік, кумулятивтік, әлеуметтік қызметтерін талдауға қазақ тіл білімінде ерекше назар аударылуда. Осы тұрғыдан қарағанда, мәдениет метатілін этномәдени негізде сипаттайтын өзекті арналар – тілдік деректерді этнолингвистикалық, лингвомәдени, әлеуметтанымдық жүйеде зерттеу.
Осы салалардағы мәдени лексиканың (әрі қарай – МЛ) жаңғырып, танылуына кейінгі тарауда арнайы тоқталамыз.