Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Факультеті «Филология»
Мамандық:Қазақ тілі мен әдебиеті
СӨЖ
Тақырыбы: Қосымшалардың табиғатына қатысты қазақ тіл біліміндегі әртүрлі ұстанымдар
Орындаған:Ниярова Жанбөпе
Тексерген:Жұбай Орынай Сағынғалиқызы
Алматы,2023 жыл
Қазақ тілі аглютинативті тілдер тобына жатады. Сонымен байланысты сөзжасам және сөзтүрленім қызметін көбінесе қосымшалар атқарады. Қосымша термині алғашқы грамматикаларда «приставка», «послелог», «частица» делініп түрліше аталды. «Қосымша» терминін алғаш қазақ тіліне енгізген белгілі ғалым А.Байтұрсынұлы жалғанған сөзінің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын өзгертпейтіндерді – жұрнақ деп атаған. Қ.Жұбанов болса, жұрнақ терминінің орнына «үстеу» терминін қолдануды ұсынған.
Ал ғалым Ы.Е.Маманов қосымшаларды, ең алдымен, не сөз жасайтын қосымшалар не форма ғана жасайтын қосымшалар деп жіктеу қажет деген концептуалды пікір ұсынады. Кейін Ы.Мамановтың осы концепциясын дамытқан ғалым С.Исаев қосымшаларды осы негізде бөліп көрсеткен. Ғалым еңбегінде қосымшаларды осы үлгіде жіктеуде өзгешелік кездеседі. Ол сөзжасам қосымшаларының бір тармағы етіп – функциялық қосымшалар деген бөлікті қосады. Бұл қосымшалар -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -ғы, -гі қосымшалары. Ғалым бұл қосымшаларды жаңа сөз де тудырмайтын, форма да тудырмайтын, контексте ғана өмір сүретін сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы деп атайды.
Жалпы алғанда, функция дегеніміз – тілдік тұлғалардың сөйлеу процесінде белгілі бір мақсатта жұмсалуы. Функциялану деген ұғым жалпы алғанда бірнеше процесті қамтиды: айтуға ыңғайланған нәрсені іштей бағдарлау, белгілі бір мақсатты орындау үшін жұмсалатын функцияға айналдыру.
Қазақ тіліндегі алматылық жігіттер, бір қайнатым шай, таяқ тастам жер, бір көйлектік мата т.б. тіркестер құрамындағы көрсетілген сөздер контекст ішінде жұмсалады. Бұлар сөздік құрамдағы даяр тұрған туынды сөз де емес, сөйлеу процесінде басқа сөзімен қарым-қатынаста тұратын сөз формасы да емес, тек белгілі контексте ғана қолданылатын уақытша сөздер. Осындай белгілі контексте ғана қолданыла алатын уақытша сөздерді тудыратын қосымшалар функционалды қосымшалар деп аталады.
Қосымша морфеманың ең бірінші және ең басты лексика-грамматикалық белгісі – мағыналық және тұлғалық дербестігі жоқ болумен қатар дербестігінің жоқтығы. Түбірге жалғанбай ешбір мән-мағына білдіре алмауы, демек, өз бетімен жеке дара қолданылмауы және түбірдің дыбыстық ыңғайына, әуеніне лайық үндестік заңы негізінде құбылып, нұсқаланып барып түбірге жалғануы, түбірге жалғану арқылы жаңа мағына білдіріп, жаңа сөз тудыру немесе түбір білдіретін негізгі мағынаны өзгертпей, оған әр түрлі қосымша мағына үстеу болып табылады. Соның нәтижесінде барып қосымшалар белгілі қызмет атқара алады. Қосымшалардың білдіретін және беретін мағыналары оның ең бірінші қасиеті де, атқаратын қызметі сол мән-мағынасы арқылы жүзеге асатын екінші қасиеті болып саналады. Сондықтан қосымшаларды жіктегенде, олар өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертіп, жаңа лексикалық мағына тудыра ма, сол арқылы тілдің сөздік құрамын байыта ма, жоқ түбір сөздің лексикалық мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей, тек қосымша грамматикалық мағына үстей ме – осыған қарап қосымшаларды сөз тудырушы және форма тудырушы деп екіге бөліп қараған жөн. Осы тұрғыдан келгенде А. Ысқақовтың мына пікірімен ғалым С. Исаев келіспейді: «Дегенмен форма тудыратын жұрнақтар сөз байланыстыратын қосымшалардан гөрі сөз тудыратын жұрнақтар сөз тудыратын қосымшаларға жақынырақ. Өйткені форма тудыратын қосымшалар да өзі жалғанған сөзге сәл де болса жаңа мағына үстейді». Бұдан әрі автор осы ойына күмән келтірерліктей күдіктенеді. «Бірақ ол тән емес, екіншіден, не жаңа мағыналы сөз тудырмайды,не түбір білдіретін лексикалық мағынасын өзгертіп жібермейді, тек сол бір сөз табы шеңберінде өзі жалғанған түбірге қосымша грамматикалық қана мағына үстейді де, белгілі сөз табының парадигмалық жүйесінің бір көрсеткіші болады. Сондықтан да осындай типтік қосымшалардың тұлғалық түрленуі мен мағыналық жиынтығы белгілі грамматикалық категория құрайды. Демек, форма тудырушы қосымшалар категориялық форма тудырады да бұнда өнімді-өнімсіздік, құнарлы-құнарсыздық сипаттың қажеті болмайды. Ең өнімді әрі құнарлы деген сөз тудырушы қосымша, мысалы, мамандық, бір іске бейімділік, икемділік мәнін білдіретін –шы, -ші барлық зат есімге бірден жалғана бермейді: балқышы, қойшы, жылқышы, сиыршы, демек бұл жұрнақ зат есімнің бәріне бірдей, мысалы, шортан, сазан, лақ, құлын, кеспе тәрізді толып жатқан негізгі туынды түбір зат есімдерге жалғанбайды. Сөйтіп форма тудырушы қосымшалар, бір жағынан, белгілі бір сөз табының парадигмалық түрлену жүйесінің тұлғалық көрсеткіші болып саналса, екінші жағынан сол сөз табын және сөз табы ретінде тануға негіз болатын және басқа сөз таптарынан ерекшеленетін сөздерді топтастырудағы морфологиялық критерийдің, сөз табының грамматикалық сипатының басты көрінісі екенін ескеру қажет.
Ы. Маманов «Қазақ тіліндегі сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалардың жігін айыру үшін, олардың сөз мағынасын өзгерту, өзгертпеуі толық критерий бола алмайды. Сондықтан да форма тудырушы қосымшаларды сөз тудырушы қосымшалардан ажыратуда екінші бір басқа белгісі – оның грамматикалық абстракция жасау қабілетіне сүйенген жөн. Былайшы айтқанда, форма тудырушы қосымша бір сөз табына, не бір сөз табының бір тобына, тіпті кейбіреулері бірнеше сөз табына жалғанады да, грамматикалық абстракция жасайды» - дейді.
Сөз жоқ, форма тудырушы қосымшалардың, біріншіден, сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, оған белгілі категориялық шеңберде грамматикалық мағына үстеуі, сөйтіп, белгілі бір сөз табының грамматикалық формасын тудыруы, екінщіден, сол сөз табына енетін оның белгілі бір тобына тән сөздердің бәріне жалғана алуы, сөйтіп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының тұлғалық көрсеткіші болуы олардың бір-бірімен байланысты, бірінен екіншісі туындайтын мәндік, грамматикалық сипаты болып табылады да бұндай сипат сөз тудыратын қосымшаларында болмайды.
Осы тұрғыдан келген кезде, сөз тудыратын қосымшаларды сөз формаларының бір түріне жатқызып, «біріншіден әрбір жұрнақ көптеген сөздерге жалғанғанда, тек лексикалық мағынасы басқа жаңа сөздер туғызып қана қоймай, олардың бәріне бірдей жалпы абстарктілі қасиеттерін анықтайтыны байқалады, екіншіден, белгілі бір грамматикалық категорияға тән сөздерді екінші бір грамматикалық категорияға ауыстыратыны көрінеді. Осы жағынан алып қарағанда, жұрнақтар грамматикалық категорияға жақын ғана емес, онымен тікелей ұштасып та, ұқсасып та жатады» және «сөз тудыратын қосымшалар белгілі бір сөзге жалғанғанда, одан лексикалық мағынасы басқа жаңа сөз туса, екіншіден, сол жаңа сөз белгілі бір лексика-грамматикалық категорияға, демек, белгілі бір сө табына тәуелді болады. Сөз тудыратын қосымшалар түбірге немесе негізге қосылғанда, сөздің лексикалық мағынасын ғана емес, грамматикалық мағынасын да өзгертеді.
Ғалым С. Исаев «Қосымшаларды сөзжасам қосымшалары және форма тудырушы қосымшалар деп екі үлкен топқа бөлудің ғылыми да, практикалық та мәні бар» деп есептейді. Өйткені одан бір жағынан, қосымшалардың басты грамматикалық қасиеттерін, мағыналық ерекшеліктерін айқындау арқылы бұл морфемалардың мәні мен қызметін, тілдік қабаттардан алатын орнын айқындаймыз. Екіншіден, соның негізінде сөз тудыру қатарының үлгісі ретінде лексикалық құбылыстың грамматикалық мәнін, олардың ара қатынасын ашып, сөз тудырушы қосымшалардың грамматикалық мәндегі категориялық сипаты жоқ, парадигмалық түрлердің көрінісі емес және сөз формасы бола алмайтынын, ал форма тудырушы қосымшалар керісінше сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, оған грамматикалық мағына үстеумен бірге сөз тудырудың тәсілі емес, белгілі бір сөз табына қатысты болып, соның бір грамматикалық категориясының немесе семантикалық түрінің тұлғалық көрсеткіші, демек, сөз формасын тудырудың көрінісі болатынын айқындаймыз.
Сондықтан сөз тудыруға байланысты қазақ тілі грамматикаларында беріліп жүргендей жұрнақ терминін алмай, оның орнына сөзжасам қосымшалары деп берген жөн болар еді. Бірақ сөзжасам қосымшаларының ерекшеліктері бұнымен ғана шектелмейді. Ол қосымшалардың қрамдық (жалаң, құранды), мағыналық (моносемиялық, полисемиялық, мағыналас, омоним), т.б. ерекшеліктері мен қолданыстық, тілде өмір сүру (өнімді, өнімсіз, құнарлы, құнарсыз( сипаттарына байланысты ерекшеліктерін былай қойғанда, бір сөз табының аясында ғана (есім сөздерден есім тудыратын қосымшалар) және бір сөз табынан екінші сөз табын тудыратын қасиеттері мен кейбір функциялық сипатын айты кеткен жөн. Мысалы: - Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушы сен болсайшы, абай,-деді (М. Әуезов). Ержан қазіргі соншылап тұр (Ғ. Мұстафин). Баласы аталап соңынан қалмады. Жарыста алматылықтар басым түсті тәрізді сөйлемдерге айтушы, ұқтырушы, болсайшы, соншылап, аталап, алматылықтар дегендерді сырт тұлғасына қарап қосымша арқылы жасалған жаңа сөздер деуге болады: айту-шы, ұқтыру-шы, сон (л)-шылап, ата-ла-п, алматы-лық. Өйткені дәстүрлі грамматика тұрғысынан қарағанда, бұл сөздердің соңғы морфемалары –шы – зат есім тудыратын, -ла – есім сөзден етістік тудыратын қосымшалар. Бірақ бұл қосымшалы сөздер сырт тұрғысы жағынан болмаса сөзжасам тұрғысынан шын мәнінде жаңа сөздер, туынды сөздер, жеке лексикалар емес. Өйткені бұлар сөздік құрамға енген лексикалық бүтін, демек, сөздіктерде жеке берілетін реестрлік сөздер емес, белгілі контексте ғана қолданылатын және сол контексте ғана түсінілетін тұлғалар: олардың жасалу шегін, жұмсалу шеңберін туынды сөз ретінде айқындауға болмайды. Сондай-ақ итті қонақ жараспас, сүт пісірім уақыт, бір қайнатым шай, таяқ тастам жер, бір көйлектік мата не костюмдік мата т.б. тіркестеріндегі итті, пісірім, қайнатым, тастам, көйлектік, костюмдік сияқты сөздер қосымша арқылы жасалған туынды сөздер болып қабылданбайды, тілде олар жеке лексикалық бүтін ретінде қалыптаспаған, тек осы және осыған ұқсас шектеулі контексте, белгілі бір сөздердің тіркесінде ғана қолданылып, сол аяда ғана өмір сүреді. «Олардың көпшілігі тек сөйлеу кезінде уақытша қолданылатын сөздік формаға жатады», сондықтан ондай форманттарды «уақытша сөздер деп қарамай, функциялық форма деп таныған дұрыс болар еді». Бұндай қосымшалардың қатары –дай, -дей, -тай, -тей, -ша, -ше, -сыз, -сіз есімше тұлғасынан кейін жалғанатын –ғы, -гі сияқты қосымшалармен толыға түседі.
Демек, мұндай қосымшалар жалғанып жұмсалған сөздер, бір жағынан, санамызда жеке тұрып қалыптасқан, сөздіктердің реестрлік сөзі болып табылатын лексикалық бүтін, туынды сөз емес, екінші жағынан, сөйлеу процесінде туатын грамматикалық мағына білдіретін сөз формасы да емес. Сөз тудырушы қосымшалардың бұндай ерекше қолданысы, яғни функциялық мәнде қолданылуы бірдей емес. Кейбірі сөйлем құрылысына, ой білдіруге қатысты болып келсе, кейбірі белгілі бір конструктивті тіркес шеңберінде ғана қолданылады. Сондай-ақ, кейбірінің, сөздерге жалғану мүмкіндігі кең болып, жасалу шегін, жұмсалу шеңберін айқындау қиын болса,кейбірі – бірлі-жарым сөзге ғана жалғана алады. Мысалы, итті қонақ, таяқ тастам, сүт пісірім, бір қайнатым тәрізді туындылардың аясы тар да, олар тұрақты тіркестердің құрамында ғана жұмсалады; ал басқа көрсетілген қосымшалардың ауқымы кең: -шы, -ші қосымшасына байланысты тек айтушы және ұқтырушы ғана емес, сөйлеуші, орнынан тұрушы, жинаушы, айғайлаушы, сыбырлаушы т.б. –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік қосымшасына қатысты алматылық тек алматылық емес, кез келген жер, мекен атына байланысты қаскелеңдік, ақсайлық, орбиталық т.б. –лап, -леп, -дап, -деп, -тап, -теп қосымшасына байланысты туыс атауларына, кісі аттарына қатысты апалап, аталап, ағалап, інілеп, абайлап, Әсеттеп т.б. жатыс септік тұлғасының үстіне қосылатын –ғы, -гі тұлғасына байланысты үйдегі, таудағы, даладағы, ағаш басындағы, үй ішіндегі т.б. толып жатқан қолданыстар бола беруі мүмкін.
Демек, қосымшалардың сөзжасам мен сөзбайлам аффикстер тәрізді ара жігі анық ажыратылмай, бір жағынан сөзжасам аффикстер, екінші жағынан тұлғажасам аффикстерге тікелей қатысты аффикстер бар. Ондай аффикстер өзінің негізгі грамматикалық мағынасы жағынан сөзжасам аффикстер тобына жатады да, сөйлемде қолданылу, соған сәйкес сөздің түрлену сипатына байланысты, басқа әуелгі сөзжасам қасиетінен арылып, тұлғажасамдық сипат алып кететін реттері бар. Мұндай аффикстер қатарына: -дай, -дей, -тай, -тей, -сыз, -сіз, -лы, -лі, -қы, -кі, -шы, -ші, -лық, -лік, -ша, -ше аффикстері жатқызамыз.
Бұл аффикстер өздерінің табиғи сипатында сөзжасам аффикстер қатарына жатады. Айталық -дай, -дей, -тай, -тей, -сыз, -сіз, -лы, -лі, -қы, -кі аффикстері сын есімнің сөзжасам аффиксі болса, -шы, -ші, -лық, -лікаффикстері зат есім тудырушы аффикстер қатарына жатады. Ал -ша, -ше болса, туынды үстеу жасайтын жұрнақ.
Бірақ бұл аффикстер сөйлеу барысында қолданылатын сөздердің әр алуан құбылыстарға ұшырауына байланысты, реті келген жерде тікелей түбір морфемаларға қосылмай түбірден соң қолданылатын сөзбайлам немесе тұлғажасам аффикстерден кейін барып айтылатын кездері болады. Дәл осы жағдайда аталмыш аффикстер өзіне тән сөзжасам қабілетін шектеп, тұлғажасам қызметіне ауып кететін жерлері жиі кездеседі. Бұл мәселе жайында айтылған көптеген пікірлер бар. Мақсатқа сай, біз мұндай аффикстердің сөйлемдегі қызметі бойынша, тұлғажасам тұлғалар ретінде қолданылатынын дәлелдеу үшін біраз мысалдар келтіріп өтеміз:
1. -дай, -дей, -тай, -тей жұрнағы
Бұл жұрнақтың тұлғажасам тұлға ретінде қолданылуының бірнеше түрі бар:
а)түбір тұлғадан соң көптік жалғаулары қосылып айтылғанда. Мысалы: құстардай (құс-тар-дай(, аңдардай (аң-дар-дай), т.б.
ә)түбір тұлғаға тәуелдік жалғаулары жалғанғанда,мысалы: інімдей (інім-дей), ұстазындай (ұстаз-ын-дай), т.б.
б)сын есім түбірлерге тікелей жалғанып, тек сөйлемдегі синтаксистік қызметке байланысты қолданылғанда. Мысалы: жеңілдей (көру), ауырлай (санау), т.б.
в)сан есім түбірлерге тікелей жалғанып айтылған кезде. Мысалы: отыздай, екі мыңдай, т.б.
ғ)модаль сөздерге жалғанып айтылғанда. Мысалы: бардай (бар+дай), жоқтай (жоқ+тай), т.б.
д)есімдіктерге жалғанып айтылғанда. Мысалы: біздей (біз+дей), сіздей (сіз+дей), т.б.
е)қимыл атауларына тікелей қосылып айтылғанда. Мысалы: айтудай (айту+дай), сезудей (сезу+дей), көрудей (көру+дей), т.б.
ж)есімшеге тән қосымшалардан кейін қолданылғанда. Мсыалы. Айтқандай (айтқан+дай), көрместей (көрмес+тей), алатындай (алатын+дай)
2. -сыз, -сіз жұрнағы.
Бұл жұрнақ та біраз жағдайда тұлғажасам аффикс ретінде қолданылады.
а)түбір тұлғаға тәуелдік жалғаулар жалғанғанда. Мысалы: баламсыз (бала+м+сыз), інімсіз (інім+сіз), т.б.
ә)жіктеу, сілтеу есімдіктері мен уақыт және өлшем мәнді сөз тіркестерінің соңғы компоненттеріне жалғанғанда. Мысалы: менсіз (мен-сіз), оларсыз (олар-сыз), бес минутсыз, бес жылсыз, т.б.
б)субстантивтенген сын есімдерге жалғанғанда. Мысалы: жақсысыз (жақсы+сыз), жалқаусыз (жалқау+сыз), т.б.
в)сөз тіркесіндегі тарихи көне тұлғаларға қосылып айтылғанда. Мысалы: кісі көргісіз (көргі+сіз), адам айтқысыз (айтқы+сыз), т.б.
3. –ша, -ше жұрнағы.
Тарихи тұрғыдан шақ сөзінен пайда болған бұл жұрнақ – туынды үстеу тудыратын сөзжасам қосымша. Бірақ соған қарамай, сөйлемде қолданылу ретіне байланысты негізгі қызметінен алшақтап, тұлғажасам қосымша ретінде қолданылатын кездері аз емес. Көптік жалғауларынан кейін: баламша (бала+м+ша), туысыншы (туыс+ын+ша), т.б.
4. –лы, -лі жұрнағы. Бұл жұрнақ сырттай сын есім тудырушы қосымшаға ұқсағанымен, қимыл атауларына қосылып айтылғанда, тұлғажасам қосымша дәрежесінде айтылады. Мысалы: ренжулі (рен-жу-лі), шешілмеулі (шешілмеу+лі), т.б.
Абайдың қара сөздерінің өзінде ептілік, қырмызылық, сыпайылық, шықпағандық, түзерлік, сақтарлық, сөзді ұғарлық, жақсы көрерлік, тиянақ қыларлық, үйір боларлық, құтқарарлық, мал шашарлық, кәсіп қыларлық, жау жаулағандық, тіленшілік, рақымдылық, мейірбандылық, байлаулық, қайратсыздандық, қайғысыздық, мақтаншақтық, надан атанбастық, қорғауықтық, бәйіштілік, суретшілік, туралық, дүниелік, сертке тұрғыштық, білмектік, үйден шықпағандық, қуанбақтық, арлылық, намыстылық т.б. толып жатқан сөздер қолданылған.
Қосымшалардың мұндай функционалдық қасиеті, олардың қолданылу аясы мен мағыналық шеңбері, жанрлық-стильдік бояуы жеке зерттеуді қажет етеді.
Ал форма тудыратын қосымшалардағы басты белгі – өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, туынды сөз жасамай өзі жалғанған сөзге тек қосымша грамматикалық мағына үстеп, жаңа сөз емес, сол сөздің басқа бір грамматикалық формасын жсау арқылы тұлғалық көрсеткіші, парадигмалық түрлену жүйесінің немесе семантикалық түрінің көрінісі болып табылады. Сондықтан да бұл қосымшаларда лексикалық сипат болмай,олардың ерекшеліктері таза грамматикалық қасиеттері арқылы айқындалады. Сөйтіп, форма тудыратын қосымшалардың белгілі бір жиынтығ парадигмалық түрлену жүйесінің сыртқы көрінісі мен соған сәйкес ішкі мазмұн жағынан грамматикалық мағына білдіруі арқылы грамматикалық категория құрайды, енді бір тобы белгілі бір сөз табының өз ішінде семантикалық топтарын жасайды. Қосымшалардың бұл негізгі мәні мен грамматикалық сипаты грамматикаларда форма тудырушы жұрнақтар және жалғаулар деп аталып жүрген қосымша түрлеріне түгел тән болып келеді. Соның арқасында олар қосымшаның бір тобына енеді.
Функционалдық жұрнақтар жаңа мағыналы сөз тудырмағанымен, түбірдің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермегенімен, түбірге қосымша грамматикалық мағына үстеумен бірге түбір сөздің лексикалық мағынасына семантикалық реңк қосады да, сөйлеу процесінде қолданылуы жағынан түбірдің граммтикалық сипатын сақтап қалады, сөйтіп бір сөз табының шеңберінде жасалатын туынды түбірге ұқсап кетеді. Қазақ тілінде функционалдық қосымшаларға зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтары, сын есімнің шырай жұрнақтары, реттік сан есімнің жұрнақтары жатады. Бұл қосымшалар белгілі категориялардың көрсеткіші болғанмен, етістік түбірдің грамматикалық сипатын сақтап тұрады.
Функционалдық қосымшалардың кейбірінің түбірге жалғану шеңбері шектеліп те қалған. Олар грамматикалық сипаты жағынан категориялық түрлену жүйесінің көрсеткіші болу қасиетінен айырылып, сөзжасам қосымшаларына ауыса бастағанмен, сөздің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермейді. Сондықтан ондай қосымшаларды қосымшалар қатарында қарамай, тілдің даму барысындағы жұрнақтар мен сөзжасам қосымшалары арасындағы тұлғалар деп қараған жөн.
Қосымшалардың мағыналары бірдей бола бермейді. Бірі, сөзжасам мағыналарын, яғни жаңа лексикалық мағына білдірсе, екіншісі мысалы, сөзтүрленім қосымшалары, грамматикалық немесе лексика-грамматикалық мағыналарды білдіреді, ал үшіншісі функционалды қосымшалар, контекстік лексика-грамматикалық мағыналарды білдіреді. Сонымен бірге сөзжасам қосымшаларының да, сөзтүрленім қосымшаларының да бір обы бір ғана мағына білдіріп, моносемиялық қосымша болып бөлінсе, екінші бір тобы бірнеше мағына білдіріп, полисемиялы қосымша болып бөлінеді. Мысалы, белгілі бір елге, жерге, ру-тайпаға, халыққа т.б. нақтылы қатыстылықты білдіретін –ы, -і және осы қосымша қалыптасқан алғашқы түрі кірме –и қосымшалары моносемиялы болып табылады.қазақ-ы/мал, қалмақ-ы/ер,алтай-ы/қызыл түлкі, т.б. Бұлардың қатарына –лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті; -ыл, -іл, -л, -ым, -ім, -м, т.б; кірме қосымшалар: -кеш, -қой, -қор, -паз, -хана, -стан т.б. толып жатқан сөзжасам қосымшалары жатады. Ал –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік; -дай, -дей, -тай, -тей,; -тай, -дау т.б. толып толып жатқан сөзжасам қосымшалары полисемиялы болып табылады. Сондай-ақ –ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті, -н табыс септік жалғауы тура обьектіні білдіріп, моносемиялы сөзтүрленім қосымшасы болып табылады.
Мағыналық жағынан қосымшалар мағыналас, жақын мағыналарды білдіретін синоним қосымшалар да, мағыналары бір-біріне қарама-қарсы антоним қосымшалар да болады. Синоним қосымшалардың қатарына тәуелдік жалғау мен –нікі, -дікі, -тікі қосымшасы, белгілі жағдайда –шаң, -шең қосымшасы мен –ғыш, -гіш, -қыш, -кіш қосымшасы сондай-ақ –шыл, -шіл және –қор қосымшалары, біріншіден, адамға қатысты, екіншіден, ол адамның бір іске бейімділігін, жақындығын білдіретін атаулар, немесе атаулардың сындық белгісін тудырып, синонимдік қатарқұрайды. Ал оған керісінше –лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті қосымшасы белгілі бір заттың,құбылыстың барлығын, көптігін білдіретін қатысты мәндегі сөз тудырса, -сыз, -сіз қосымшасы заттың, құбылыстың жоқтығын білдіретін қатысты мәндегі сөздер уып антонимдік сипатта қолданылады.
Қосымшалардың көпшілігі тілдің даму барысында жеке лексикалық мағыналы сөздердің семантикалық дербестігінен, бара-бара тұлғалық та дербестігінен айырылу нәтижесінде қалыптасып жасалған. Қандай қосымшаны алсақ та, түп төркіні жеке сөзге саятынын этимологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. Мысалы: -ша, -ше, сондай-ақ –шақ, -шек, -шық, -шік қосымшалары мен шақты, шейін септеуліктері түптеп келгенде шақ/шек/ әрі есім, әрі етістіктерінне жасалып қалыптасқаны, -дай, -дей, -тай, -тей қосымшалары мен дейін септеулігікөне түркі тег, қазіргі тіліміздегі түрі ти етістігінен жасалғандығы толық дәлелденген. Бұндай процесті қазіргі тіл дамуынан да байқауға болады. Мысалы құмар сөзі араққұмар, ән құмар, ойынқұмар, т.б. сияқты туындылар жасауға қатысып, қосымша мәніне ауыса бастағанын көреміз.
Сонымен бірге тілімізде бөтен тілден енген қосымшалар да өмір сүріп келеді. Бұлардың қатарына парсы нисбеті –и қосымшасы мен оның «қазақыланған» түрлері –ы, -і, -паз, --кеш, -хана сияқты қосымшалар да жатады.
Ал құрамы жағынан, ең алдымен, бір дыбыстан тұратын –а, -е, -й, -п, -у, -ы, -і, -с, -ш, -т, -н, -ң т.б. қосымшалар, екіншіден, екі немесе одан да көп дыбыстан тұратын қосымшалар бар екенін айтуға болады.
Сондай-ақ құрамы жағынан қосымшалар жалаң және құранды болып та бөлінеді. Жалаң қосымшалар – тұлғалық жағынан да, семантикалық жағынан да, қанша дыбыстан тұрса да, бөлінбейтін, біртұтас, бір бүтін морфема болып саналатын қосымшалар да, екі немесе одан да көп қосымшалардан құралып, мағына жағынан тұтасып кеткен, бірақ сыртқы түрі жағынан немесе басқа сөздер құрамында қолданылуы немесе көне тілде жұмсалуы арқылы бөлуге болатын қосымшалар құранды қосымшалар деп аталады.
Жалаң қосымшалардың өзі бір дыбыстан немесе бірнеше дыбыстан құрала береді:-ым, -ім, -ім, -ы, -і, -сы, -сі, т.б. ал құранды қосымшалар бірнеше дыбыстан тұрады, өйткеені оның құрамында кем дегенде екі қосымшаның элементі бар. Бір сөзге жалғанған кез-келген екі не одан да көп қосымша құранды қосымша бола бермейді. Әдетте құранды қосымшалар морфемалық жағынан ажыратуға келмейді де, бір бүтін қосымша ретінде қолданылады: -шылық, -шілік, -ымды, -імді, -ынды, -інді, -атын, -етін, -йтын, -йтін, т.б.
Осы шағын талдаудан көрінетіндей, тіліміздегі қосымшалар мағыналық және тұлғалық дербестігі болмай, жеке тұрып өз бетімен ешбір мән бере алмай, түбірсіз жеке қолданыла алмай және түбірдің ыңғайына қарай вариантталып отырса да, мағыналық және құрамдық жағынан жеке сөздерге, лексикаға тән полисемиялық-моносемиялық, антонимдік-синонимдік, омонимдік, төл-кірме, бір құрамды-көп құрамды сияқты қасиеттерде жұмсалатынын көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |