Түсініктеме
«Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешені төмендегі нормативтік құжаттарға сәйкес дайындалған.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 ж. 5 мамырдағы № 182 бұйрығымен бекітілген).
1 жастан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейін балаларды оқыту қазақ тілінде
жүргізілетін Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспары (
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 ж. 12 мамырдағы № 195 бұйрығымен бекітілген);
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 ж. 24 қыркүйектегі № 412 бұйрығымен бекітілген).
Жаңартылған бағдарлама мектепке дейінгі білім берудің контекстегі 5 білімдік саласына жаңа мазмұн ұсынып отыр.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы «Қатынас» білім беру саласы бойынша дайындалған.
Ұйымдастырылған оқу қызметінің негізгі мақсаты мен міндеттері: үйренген сөздерді пайдаланып байланыстырып сөйлеу; сурет мазмұнын түсініп айтуға үйрету; қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтып ажырата білуге; қысқа өлең, тақпақ, жұмбақтарды жаттап айтуға үйрету.
Осыған байланысты «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешенің басты мақсаты – көрсетілген
міндеттерді жүзеге асыру үшін
тиімді әдіс-тәсілдер, құрал-жабдықтар және технологияларды тарату, көрсету.
«Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешенінің құрамы:
Әдістемелік нұсқау
№ 1, 2 жұмыс дәптерлері
Әдістемелік нұсқау төмендегі бөлімдерден тұрады:
Перспективалық жоспар
Ұйымдастырылған (72) оқу қызметінің жоспарлары.
Қосымша материалдар.
Қосымша материалдардың құрамына ертегілер енді.
Әдістемелік нұсқау баланың қазақ тілін үйренуге
деген қызығушылығын оятуға; қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс, анық айтып, сөз ішіндегі дыбысты ажырата алуға жаттықтыруға; ауызша сөйлеулерін жаттықтыруға; сөздік қорларын
жаңа сөздермен толықтыруға; сұрақты түсініп, оған саналы түрде толық жауап беруге дағдыландыруға бағытталған. Сол секілді балалардың ақыл-ойының, қабілеттерінің дамуын ескеріп, олардың зейінін, есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыта отырып оқыту көзделген.
Дыбыстық жаттығулар арқылы дыбыстарды дұрыс айтуды үйренсе, тақпақ,
жұмбақтарды қайталай отырып, тілдері жаттығады.
Жаңа технологияны, дәстүрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын көтеріп, баланың білуге деген қызығушылығын арттыра түсері анық.
- Оқу қызметі ойын түрінде, ал дидактикалық ойындарды өткізуде баланы шаршатпау, денсаулығын сақтау, күн тәртібіне сәйкес жүргізілуі ескерілді. Балалардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында оқу жылы бойында олармен бірге жүретін Арман және Сәуле деген кейіпкерлер берілген. Әрбір сабақтың соңында балалар өздерінің
игерген білімінің дәрежесін, өздерінің үлгерімін смайл арқылы белгілейді.
Егер өзінің белсенділігіне қанағаттанса, берілген тапсырмаларды жақсы орындаса, күліп тұрған смайлды қарындашпен бояйды, ал егер тапсырмаларды орындай алмай қалса, өзінің
іс-әрекеттеріне қанағаттанбаса, ренжіп тұрған смайлды бояйды.
Орыс тілді мектепке дейінгі оқыту-ағарту мекемелерінде қазақ тілін оқыту үшін алға қойылған негізгі мақсаттың бірі – балалардың қазақ тілінде өз ойларын дұрыс жеткізе алу дағдыларын дәстүрлі әдіс-тәсілдермен бірге жаңа технологиялар арқылы үйрету.
Біздің ойымызша, қазақ тілі оқу қызметтерінде қолданылатын мультимедиалық технологиялар – қазақ тілін оқыту үдерісін қарқындататын, баланың белсенділігін жоғарылататын, аз уақыт ішінде мол дыбыстық, бейне, анимациялық
тілдік материалды ұсына отырып, саралап-даралап оқытуға жағдай жасайтын, тілді меңгеру дәрежесін бақылауға мүмкіндік туғызатын инновациялық технология. Түрлі компьютер ойындары, мультимедиалар балалардың қызығушылығын арттырып, ерікті түрде оқу қызметіне араласуға тартады.
Балаға түсінікті, тілдеріне жеңіл, қазақ
тілінде заттардың атын атау, сұраққа толық жауап беруге үйретуге, тілімізді құрметтеуге, достыққа тәрбиелеуге, бағыт-бағдар беретін, салт-дәстүрмен, фольклормен таныстыратын,
өтілген тақырыптарды пысықтау, есте сақтау мақсатында жұмыс дәптері жасалды.
Құрметті әріптестер, бұл жазылған әдістемелік нұсқау сіздердің ерен еңбектеріңізге, шығармашылықтарыңызға бір көмегін тигізеді деп ойлаймыз.
Құрметпен, авторлар