«Үйің құтты болсын», «Сапарың оң болсын», «Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз» деген тілектер қысқа да, нұсқа айтылған баталық сөздер. Бата қарт адамдардың ризалық сезімін, жақсы тілектерін білдіреді: «Еліңнің елеулісі, халқыңның қалаулысы бол», «Шырағың сөнбесін», «Отбасыңнан бақыт кетпесін», «Арманыңның асуына жет», «Берекелі тірлік, мерекелі бірлік берсін», - деп жастарды халқын сүюге, бірлікке, тірлікке шақырып тәрбиелейді.
«Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер», - деп, халық батаны киелі сөз ретінде жоғары бағалайды. Оны жас ұрпақ жаттап, жадында сақтайды.
Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді.
Батаның бірнеше түрлері бар: жас талапкерге бата; дастарқан батасы; алғыс батасы; наурыз батасы; шілдехана батасы; жас жұбайларға бата; жол жүрерде беретін бата; жаңа айдың батасы; теріс бата; серттесу батасы және т.б. Олардың кейбіреуіне тоқталсақ:
Дастарқан бата. «Дастарқаның мол болсын, Абыройың зор болсын» ( Ақ бата).
Алғыс батасы. «Бақ берсін, бас берсін. Өміріңе ұзақ жас берсін» ( Ақ бата).
«Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», - деген сөз адамды ізгілікке, мейрімділікке баулиды.
Жаңа айдың батасы. «Жаңа айда – жарылқа, ескі айда есірке» ( бата). Жаңа туған айды көрген әр адам осылайша бата жасап, бет сипайды.
Наурыз батасы. Бұл батаның орны ерекше, ол жалпы көпшілікке бағытталады:
Ұлыс оң болсын, Төрт түлік ақты болсын!
Ақ мол болсын, Ұлыс береке берсін,
Қайда барсаң, жол болсын! Бәле-жала жерге енсін!
Ұлыс бақты болсын,
Болашақ ұрпағына ұзақ өмір, табыс тілеу адамзаттың асыл мұраты болса керек: Айдай жарқыра, Маңдайың ашық болсын,
Жұлдыздай жалтыра, Дұшпаның қашық болсын.
Қазақ халқының бата сөздеріне оның тарихи салт-дәстүрі, танымдық ерекшеліктері, әсіресе болашақ ұрпағын тәрбиелеуге негізделген ізгі арман-аңсары жарқын көрініс береді.