Қ.И.Сәтбаев және Қазақ ұлттық техникалық университеті
Қ.И.Сәтбаев КСР ҒА-ның президенті болып сайланғаннан бастап (1946), сол кездегі Кен металлургия институтын өз қамқорлығына ала бастаған.
Ұлы ғалым өз халқына инженер кадрларының ауадай қажет екенін алдын-ала біліп, жергілікті ұлт жастарын аспирантураға қалдырып, оларға жағдай жасауға баса көңіл бөлді.
Қазақ кен металлургия институтының Қазақ политехникалық институты болып қайта құрылуына, оның материалдық-техникалық базасының ұлғаюына, жаңа мамандықтардың ашылуына Қ.И.Сәтбаев үлкен көмек көрсетті. Осы жылдары Сәтбаевтың шәкірттері, әрі ізбасарлары академик-ғалымдар Ө.Байқоңыров, Евней Букетов, Ш.Есенов, А.Машанов сияқты тұлғалар қалыптасты.
Қ.И.Сәтбаев қазақ жастарының тек қана теориялық білім алып қоймай, оны өндірістегі іс-тәжірибемен дамытып, жақсы маман болып шығуына да ерекше ден қойды. Өндірістік тәжірибеде болған студенттер техникалық мамандықтардың қыр-сырын терең біліп, меңгерумен қатар, қаржы да тауып қайтатын.
Қ.И.Сәтбаев болашақ инженер-студенттердің жан-жақтылығына, рухани байлығына, парасаттылығына қарап, ұлттың болашағын елестететін.
Міне, бүгінгі таңда Сәтбаев шарапатына бөленген ҚазҰТУ – техникалық білімнің қара шаңырағы, қасиетті білім ордасы атанса, Сәтбаевтың қамқорлығын көрген шәкірттері мемлекет және қоғам қайраткерлері деңгейіне көтерілді.
1999 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетіне инженерлік-техникалық мамандар даярлауға сіңірген аса зор еңбегі үшін көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі берілді.
362-тапсырма. Бірінші мәтін бойынша сұрақ-жауап (сұхбат) құрастырып, оны рөлге бөліп оқыңыздар.
Ү л г і: – ҚазҰТУ бүгінде қандай дәрежеге дейін өсті?
Алғашында тау-кен металлургиясы мен тау-кен барлау факультеттерінің базасында ұйымдастырылған ҚазҰТУ бүгінде осы салада білім беретін еліміздегі жетекші жоғары оқу орны дәрежесіне дейін өсті.