Қаш, қайт етістіктерінің көмекшілік қызметте жұмсала алмауына, мағынасының толық сақталуына байланысты Қ.Кемеңгерұлы оларды көмекші етістіктер қатарында атамаған деп ойлаймыз. Бұдан ғалымның аналитикалық формаларды өзіне ұқсас басқа категориялардан айырып, көмекші етістік табиғатын терең түсінгенін көреміз.
І.Кеңесбаев көмекші етістіктердің мағыналық ерекшеліктеріне тоқталады. Оның ішінде жетімсіз қимылды білдіретін -а жаздаформанты мен жалыну, өтіну мәнінде қолданылатын -а көр форманты ғана Қ.Кемеңгерұлы жіктеуінде кездеспейді.
Қимылдың даму сатысына (фаза) қарай І.Кеңесбаев көмекші етістіктерді қимылдың басталуын (-а баста); жүріп жатуын (-п + отыр‚ тұр, жатыр, жүр); аяқталғанын (-п бер‚ -п кет) білдіруіне байланысты топтастырады. Бұл жағынан келгенде де‚ І.Кеңесбаев еңбектері Қ.Кемеңгерұлының жіктеулеріне ұқсас келеді.
Қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің табиғатын, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігін танытуға тырысқан ғалымдардың бірі — Ы.Маманов. Ғалым «Вспомогательные глаголы в казахском языке» (1949) [95] деген еңбегінде көмекші етістіктерді қызметіне қарай 3 топқа бөледі. Олар: а) етістіктің суреттемелі түрін жасайтын көмекші етістіктер (е-); ә) созылыңқы істі білдіретін көмекші етістіктер (тұр, отыр, жүр, жатыр); б) көрініс, модальдық, бағыт т.с.с түрлі грамматикалық мәнді білдіретін көмекші етістіктер (ал, бер, кет, қал, қой, түс, сал т.б.). Байқап отырғанымыздай, ғалымның көмекші етістіктерді топтастыруы өзіне дейінгі зерттеушілердің жіктеулеріне ұқсас.
Ы.Маманов көмекші етістіктердің мәнін түсіндіруде:
а) көсемшенің -ып/-іп түрінен кейін келуі;
ә) көсемшенің -а/-е/-й түрінен кейін келуі;
б) отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінен кейін келген -ып/-іп көсемшесінен кейін тіркесуі;
в) зат есім, одағайдан кейін келуі;
г) фразеологиялық тіркестердің құрамында келуі;
ғ) есімшенің -ған/-ген‚ -атын/-етін түрлерінен кейін келуі;
д) көмекші етістіктердің шартты рай жұрнақтарын, болымсыздық жұрнақтарын, жіктік жалғауларын т.б. қабылдап түрленуі немесе шылаулармен (жалғаулықтармен) тіркесуі;
е) басқа көмекші етістіктермен тіркесуі;
ж) негізгі етістікке байланысты көмекші етістік мәнінің өзгеруі т.б. тұрғысынан келеді. Сол себепті ғалым көмекші етістіктерді жан-жақты сипаттаған.
Ал Қ.Кемеңгерұлы (басқа ғалымдар да) көмекші етістіктерге:
а) көсемшенің -ып/-іп түрінен кейін келуі;
ә) көсемшенің -а/-е/-й түрінен кейін келуі;
б) есімшеден кейін келуі;
в) шартты рай, болымсыздық жұрнағы т.с.с. жалғану арқылы мәнінің өзгеруі т.б. тұрғысынан қарап, көзге түсетін айрықша белгілерін сөз еткен.
Ғалым е-, бол етістіктерінің зат есім, сын есіммен тіркесіп, «быть, существовать» мәнінде жұмсалатынын ескерте кетеді де, толымды көмекші етістіктердің көмекшілік қызметте қолданылу сипатын түсіндіруді мақсат етеді. Сол себепті кейде олардың өзінің лексикалық мағынасын толық сақтап, дербес мағыналы етістік ретінде жұмсалған тұстарын әдейі қамтымаған деп ойлаймыз. Қ.Кемеңгерұлы көмекші етістіктің өзінен бұрын тұрған есімше, көсемше формаларымен бірігіп, грамматикалық мән үстейтін аналитикалық форманттардың (-п ал‚ -а ал‚ -а бер‚ -ған бол т.б.) мағыналық ерекшеліктерін түсіндіруді көздеген де, аналитикалық формалы етістіктерді күрделі құранды етістіктерден (серуен сал, қабыл ал, ғалым бол); құрама күрделі етістік (алып кел, алып қаш, алып қайт); тұрақты тіркестерден (тілімді ал) бөлек алып қарастырған.
Ы.Маманов көмекші етістіктерді а) көріністі білдіруіне қарай; ә) қимылдың бағытын білдіруі; б) модальдылықты білдіруі; в) райды білдіруі; г) синтаксистік қатынасты білдіруіне қарай топтастырады.
Қ.Кемеңгерұлы оларды қимылдың бағытын білдіруіне (-а бар‚ -п бар‚ -п бер‚ -п таста‚ -п кел) қарай, модальдылықты білдіруіне қарай (-а ал/-а алма‚ -уға болады/-уға болмайды‚ -ғы кел)‚ райды білдіруіне қарай (-а қой‚ -а қалса) сипаттайды да, көрініс категориясына қатысын, синтаксистік қатынасты білдіруін сөз етпейді.
Сонымен қатар Ы.Маманов аталған еңбегінде құрамында көмекші етістігі бар күрделі формалардың қимылдың фазасын (саты) жасауға қатысатынын айта келіп, оның 6 түрін көрсетеді. Олар: а) қимылға дайындық; ә) қимылды жасауға бейімделу; б) қимылдың басталуы; в) істің өтуі; г) бітер алдындағы іс; ғ) істің бітуі.
Қ.Кемеңгерұлында оның 3 түрі ғана аталады: а) қимылдың басталуы (-п кет); ә) қимылдың жүріп жатуы (-п тұр‚ -п жүр‚ -п отыр‚ - п жатыр‚ -а бер‚ -а тұр); б) қимылдың аяқталуы (-п бер‚ -п таста‚ -п жібер‚ -п сал‚ -п шық‚ -а қал‚ -п бол).
Н.Оралбаева «Аналитические формы глагола в современном казахском языке» деген докторлық диссертациясында Ы.Мамановтың жоғарыда келтірілген 6 фазасын 3 фазаға сыйғызуға болатынын айтады. Ғалым «фаза қимылдың басталуы мен аяқталуына дейінгі аралықты қамтуы керек» деген тұжырым жасай отырып, қимылды істеуге дайындалу, қимылды жасауға бейімделу сияқты сипаттамалар фаза шеңберінен тыс қалатынын, себебі мұнда қимылдың әлі бастала қоймағанын ескертеді. Сол сияқты бітер алдындағы іс пен біткен іс деп аталатын фаза түрлерін жинақтап, бір фаза ретінде беруге болатынын көрсетеді. Сөйтіп, қимылдың өту фазасын: а) қимылдың басталуы (-а баста‚ -п қоя бер‚ -п сала бер‚ -п жүре бер); ә) қимылдың орындалып жатуы (-п келе жат‚ -п бара жат‚ -п бар‚ -п кел‚ -п жат‚ -п тұр‚ -п отыр‚ - п жүр); б) қимылдың аяқталуы (-п бол‚ -п біт‚ -п шық‚ -п қой‚ -п кет‚ - п қал‚ -п болып қал) деп жіктейді. Бұдан Н.Оралбаеваның қимылдың фазаларын тануы, оның көрсеткіштерін атауы Қ.Кемеңгерұлының талдауына жақын екенін көреміз.
Ы.Маманов «Қазіргі қазақ тілі. Етістік» атты оқулығында да көмекші етістіктердің ерекшелігін арнайы сөз етеді. Бұл кітабында ғалым көмекші етістіктерді мәнсіз (е-‚ ет‚ жазда‚ де); мәнді (бар, кел, кір, отыр, тұр т.б.) көмекші етістіктер деп екіге бөледі. Мәнді көмекші етістіктердің ішінде сал, қал, қой, ал, бер, көр, таста, жібер көмекші етістіктерінің негізгі етістіктерге грамматикалық мағына үстеп, өз мағынасынан ажырайтыны туралы айта келіп, олардың әрқайсысына сипаттама береді. Оқулықтағы көмекші етістіктерге берілген анықтама мен Қ.Кемеңгерұлының түсіндірулері өзара ұқсас екенін байқауға болады:
Көмекші етістіктер
Қ.Кемеңгерұлы «Оқу құралы»
Ы.Маманов «Қазіргі қазақ тілі (Етістік)»
-а қал
Сверх ожидания, случайность (в услоной форме)
Бір істің, қимылдың күтпеген жерден болатындығын көрсетеді
-п қал
Вид законченности и совершенства (с усилением значения)
Істің, қимылдың аяқталған кейпін білдіреді
-а бер
Направление и исход действия
а) незаконченность
б) законченность (в пользу другого)
Қимылдың созылу процесін, қайталануын білдіреді. Қимылдың аяқталған кейіпте біреу үшін орындалатындығын білдіреді.