5. Көсемшенің құрамында - лап, -леп (-дап, -деп, -тап, -теп) формалары қосылған сөздің бәрі бірдей, әрине үстеу бола бермейді. Өте вербальдық (етістікке тән жіктік форма қосылатын) жақтық мағына білдіретін т.б. формалар үстеу болмайды. Олардың ішінен вербальдық мағына бермейтіндері ғана демек азвербальданған формалары ғана үстеуге жатады, Мысалы, Қырықтан, отыздан, темірлеп т.б.
6. -шылап, -шілеп жұрнағы бастапқы ша және лап деген қосымшалардан құралған. Мысалы, сиыршылап, жылқышылап, бейсеншілеп т.б.
7. -қары, -кері жұрнағы санаулы біраз сөздерге жалғанып үстеу жасайды. Мысалы, ішкері, сыртқары, тысқары, ішқары ұшқары т.б.
8. -ын, -ін, -сын, -сін қосымшалары тек біраз сөздерге ғана қосылып, үстеу тудырады. Мысалы, қысын, жазын, жасырын, астарын, үстерін, ертенгісін, кешкісін т.б.
Көнеленген формалар арқылы туған жалаң туынды үстеулер. Оларға бір алуан сөздің белгілі бір септік жалғау формасында әбден қалыптасып бір-бірімен бөлінбейтіндей болып көнеленген сөздер жатады. Осындай көнеленген «қосымшалар» төркіндері септік жалғауларынан болғандықтан, сыртқы тұлғасы жағынан сол септіктердің жалғауларына ұқсас келеді. Септелу - қашанда болсын есімдерге тән қасиет болғандықтан, мұндай үстеулер кейбір септік жалғауларының көнеленуінің нәтижесінде көбінесе есімдерден туады.
a) Барыс септігінің көнеленгенінен туған үстеулер: зорға, боска, текке, жатқа, бекерге, әреңге, алға, артқа т.б. ә) Жатыс септігінің көнеленуінен туған үстеулер: алда, артта, аста, үсте, кейде, әліде т.б. б) Шығыс септігінің көнеленуінен туған үстеулер: шалқасынан, жүресінен, етбетінен, төтеден т.б. в) Көмектес септігінің көнеленуінен туған үстеулер: кезекпен, шынымен, қалпымен, жайымен т.б.
II Күрделі туынды үстеулер. Күрделі туынды үстеулер деп бірігіп я қосарланып жасауға немесе кемі екі я одан да көп сөздерден тіркесіп, тұрақтанған үстеуді айтамыз. Осыған орай күрделі туынды үстеулер үш түрлі жолмен жасалады.
a) басқа сөз таптарына тән сөздер бірігудің нәтижесінде үстеулерге айналады. Ондай үстеулер мыналар: бүгін, биыл, таңертең, әрқашан, әрдайым, биыл, ендігіәрі, әлдеқайда, бірқатар, неғұрлым, әжептеуір, бірқырау, т.б.
ә) Сөздердің қосарлануы арқылы туған үстеулер мыналар: Әрең-әрең, енді-енді, зорға-зорға, қолма-қол, сөзбе-сөз, көзбе-көз, лек-легімен, үсті- үстіне, алды-артына, қолды-қолына, бостан босқа, т.б.
б) Жазуда бөлек таңбаланып, мағына жағынан бір сөз ретінде қолданылатын грамматикаланған және идиомаланылған тұрақты тіркестер- оларды екі салага бөлуге болады.
Грамматикаланылған және лексикаланған тіркестер: күні кеше, күні бүгін, күні ілгері, ала жаздай, күндерде бір күн ертеден қара кешке дейін, ала сала, оқи келе, т.б.
Идиомаланған тұрақты тіркестер: қас пен көздің арасында, аяқ астына, елден ала бөтен.