Л, р әріптерінен басталып жазылып жүрген сөздердегі сөз басындағы
ілеспе (немесе қосамжар) ы, і дыбыстары да назар аударады. Бұл күнде лақ,
рет, рас, ру, лас, лек деп жазып жүрген сөздеріміз бір кездерде ылақ, ірет,
ырыс, ұру, ылас, ілек түрінде жазылып жүрді. Бұлайша жазудың, шынында
да, қисыны бар еді, өйткені осы сөздердің алдында айтылуда ілеспе ы, і
дыбыстарының бары даусыз.
Мамандардың зерттеулеріне қарағанда, р дыбысы түркі сөздерінің
басында келмейді. Көне түркі ескерткіштері тілінде кездесетін р-дан
басталатын 50 шақты сөздің бәрі араб, парсы, санскрит тілдерінен енген
кірме сөздер екендігі көрінеді
1
. “Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде”
(3-басылым, 1988) және осы “Анықтағышта” ұсынылған орфографиялық
сөздікте р әрпінен басталып жазылып берілген сөздердің барлығы дерлік –
кірме тұлғалар, басым көпшілігі радар, радио, ракета, ревизор, рельс сияқты
орыс тілі арқылы енген сөздер, қалғандары – разы, рақым, рақат, рәсуа, рия
сияқты араб, парсы сөздері, тек ру, рет, рас, рай тәрізді 5-6 тұлға ғана – ұру,
ірет, ырас, ырай деген төл сөздердің жоғарғы топқа қолдан жетелеп әкеп
қосылғандары.
Бұлардың барлығында, тіпті орыс тілі арқылы енген радио, рельс,
роман сияқты сөздердің өзін қазақша сөйлеу актісінде айтуда сөз басындағы
р дыбысының алдында ілеспе ы, і дыбыстары орын алады. Л-дан бастап
жазып жүрген сөздеріміз де осы сияқты: көбі кірме сөздер (лаборант, лазер,
лексика), ал араб, парсы тілдерінен еніп “қазақыланып кеткен” немесе
қазақтың төл сөзі деп табылатын тұлғалардың да жазылуы қолдан
жасалынды, сондықтан айтылуда ылай, ылақ, ылау болып айтылады. Бұл
топтағы лүп, лүпіл, лық (толы), лып-лып сияқты ү, ы, і дыбыстарымен буын
құрайтын сөздердің басындағы ілеспе дауыстылардың айтылу (естілу)
сапасы (күші) алдыңғы топтан төмендеу екенін жай құлақпен де
байқаймыз.
Сөздің жазылуы мен айтылуына келгенде, қайшылығы көрініп, біраз
пікір таласын туғызып келе жатқан тұстың бірі – ж, ш дыбыстарынан
кейінгі а, ә дыбыстарының орфограммасы мен орфоэпиясы. Тек қазақ тілі
емес, жалпы түркі тілдерін зерттеген мамандар сөз басындағы ш, ж (дж)
мен й дыбыстарының ортасында келген а дыбысы жіңішке
айтылатындығын көрсетеді
1
. Қазақ тілінде де солай: шай, жай және жай
буынынан басталатын көп буынды жайғасу, жайдақ, жайдарлы, жайнақы,
жайнаң т.б. сияқты сөздер шәй, жәй, жәйдақ, жәйдарлы...болып айтылады,
ал шай, жай деген бір буынды сөздерге қосымша жуан жалғанады: шәй+ға
кел ( шәй+ге кел емес), жәй+ы+ң+а қара ( жәйіңе қара емес). Жай дегеннен
басталатын көп буынды сөздердің барлығы да – жуан сөздер, яғни екінші,
үшінші... буындары а, ы жуан дауыстыларымен келеді. Осы зандылықты
ескеріп, емле сөздігінде шай, жай деген бір буынды сөздерді жуан а дыбыс
әрпімен жазу ұсынылған. Соған қарамастан, айтылу (естілу) заңдылығына
қарай осы сөздер жеке бір буынды болып тұрғанда, кейде тіпті оларға жуан
1
1
Талипов Т. Т.
К истории употребления фонемы (р) в тюрских языках. - Сб. Вопросы
казахской фонетики и фонологии. - Алма-Ата, 1979. - С. 158.
1
1
Щербак А.М. Сравнительная грамматика тюркских языков. - Л., 1970.
қосымшалар жалғанып тұрған күннің өзінде шәй, жәй, жәйдан-жәй,
жәйғасу деп жазу жиі кездеседі. Сингармонизм заңы бойынша, сөз тұтас не
жуан, не жіңішке айтылуға тиіс болса, қазақ тілінде мұндай үндестік
қатардың көрнекті түрде бұзылатын тұсы осы жерде тәрізді. Мысалы,
жайдақ шам деп жазылғанды жәйдақ шам деп айтамыз, ал үндестік заңы
бойынша бұл сөз не жайдақ, не жәйдек болып дыбысталуы қажет қой.
Қазақ сөздерінде сөз басында немесе ішінде келген ж дыбысының
айтылуында да ескеретін жайт бар. Эксперименттік байқау қазақ әдеби тіл
нормасында ж дыбысының таза аффрикат дж түрінде айтылмағанымен, ж-
ның алдында өте әлсіз ілеспе д жаңғырығының барын айтады. Таза
аффрикат дж қазақ тілінде диалектілік ерекшелік ретінде көрсетіледі. Бұл
жөнінде кеңінен талданған еңбектер бар
2
. Мысалы, қарақалпақтар арасында
тұратын қазақтар сөз басында келген ж дыбысын дж деп айтатындығын
(джоқ, джігіт, джантақ) көрсетеді. Бұл ерекшелік Қазақстанның
оңтүстігіндегі кейбір аудандардағы қазақтар тілінде де ұшырайтындығы
тіркелген. Мысалы, зерттеуші О.Нақысбеков Шу ауданындағы қазақтар
тілінде дж аффрикат джайлау, джауын, джүлде сияқты сөздердің басында
айтылса, олжа, болджау сияқты сөздердің ортасында қолданылатынын
көрсетеді. Бұл құбылыс Сарысу ауданы тұрғындарында (С.Омарбеков),
Жамбыл,
Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Семей
облыстарының кейбір аудандарындағы, Моңғолиядағы қазақтар тілінде де
байқалады (Ж.Досқараев). Ал әдеби тіліміздің орфоэпиялық нормасы
бойынша сөздің басындағы да, ортасындағы да ж дыбысы таза, айқын
дыбысталатын дж аффрикаты болып емес, жалаң ж (тіпті алдында өте әлсіз
д жаңғырығы болған күннің өзінде де) дыбысы болып айтылуға тиіс, яғни
ж-ның алдынан жоғарыда көрсетілген жергілікті жердегідей д қосалқы
дыбысы айқын айтылмайды.
Қазақ тіліндегі ш дыбысынан басталатын сөздердің ч-мен айтылуы
(чал, чатақ, чырақ) да осы іспеттес: ол да – диалектілік ерекшелік. Сөз
басында ч дыбысын айту Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс өңірі мен
Моңғолия, Шыңжан өлкелеріндегі қазақтардың сөйлеу тілінде орын алады.
Ал әдеби тіл нормасы бойынша қазақ сөздері тек ш дыбысымен айтылады:
шал, шатақ, шырақ. Сөз ортасында және соңында келген ш дыбысының
осы түрінде айтылуында тіпті дау жоқ: ақша (ақча емес), қанша (қанча
емес), қалаш (қалач емес), күш (күч емес). Бұл заңдылық тіпті жергілікті
жерлерде сөз басында ч-мен сөйлейтіндердің тіліне де тән.
Сөз сазын, орфоэпиялық норманы әңгіме еткенде, қазақтың өз тілінің
дыбыстық жүйесіне тән емес, тек кірме сөздерде жазылатын в, ф, х, һ, ц
таңбаларын дыбыстау жайына тоқтауға тура келеді. Бұлардың ішінде һ
таңбасы тек араб, парсы тілдерінен енген сөздерде ғана, ал х, ф әріптері
араб, парсы тілдері мен орыс тілі арқылы енген сөздерде жазылып жүрсе, в,
2
2
Жүнісбеков Ә., Нұрмағамбетов Ә. Қазақ сөйленістеріндегі “дж” аффрикатының
қолданылуы. - Сб. Вопросы казахской фонетики и фонологии. - Алма-Ата, 1979. -
С. 232-237.
ч, ц, щ-мен тек орыс тілі арқылы енген халықаралық сөздер мен орыстың
өз сөздерінде жазылады. Бұл сөздерді, әсіресе орыс тілі арқылы енгендерді
қазақ тілінде негізінен сол әріптер белгілеп тұрған дыбыстарды өзгертпей
айтқан жөн: вагон (бәгөн емес), факультет (пәкүлтет емес), химия (қимия
емес), гауһар (гауқар немесе гаухар емес), цирк (сирк емес): щ әрпімен
келген сөз қай тілдің сөзі болса да ш дыбысымен айтылады: училишше
(училище), ашшы (ащы), тұшшы (тұщы).Сөйлеу үстінде һ, х дыбыстарымен
келген араб, парсы сөздері қазақша қ дыбысына жуық айтылу фактісі
жиірек кездеседі, бұл да қате емес, біріншіден, оның себебі бұл
дауыссыздардың қазақ тіліне тән емес екендігінде болса, екіншіден, һ, х
дыбысты көптеген араб, парсы сөздерінің ертеректе енген не қ-мен
айтылып кеткендігіне немесе олардың түсіп қалу дәстүріне байланысты.
Мысалы, хаким сөзі әкім болып, һәр сөзі әр, һәм шылауы әм, рахим сөзі
рақым, Зухра жалқы есім Зура (Зәуре), Зере түрінде қалыптасқаны бұл күнде
тарихи дәстүрмен Ахмет, Мұхит, сахна деп жазып жүрген сөздерді Ақымет,
Мұқыйт, сақына деп айтуға ерік береді.
Демек, сөздің жазылуы мен айтылуы үнемі бірдей түсе бермейді екен,
яғни сөз қалай таңбаланса, сол таңбаларды ғана сақтап айту әрдайым шарт
та емес, мүмкін де емес. Әрине, қазақ тілінде жазылуы бойынша айтылатын
сөздер де аз емес. Мысалы, ара, ала, алау, аламан, алмақ, алғы, алғашқы
деген сияқты сөздердің жеке тұрғандағы айтылуы олардың таңбалауымен
бірдей.
Міне, қазақ тіліндегі сөз сазының басты-басты құбылыстары жайында
жалпы таныстыруды осымен аяқтауға болады. Әрине, бұл жерде біз қазақ
орфоэпиялық заңдылықтарын бастан-аяқ түгел баяндап отырған жоқпыз,
өйткені бұл заңдылықтардың норма ретіндегі көрінісі осы кітапта ережелер
түрінде түгелге жуық ұсынылады. Мұнда көзделген мақсат – тілдің сөздік
қазынасы (лексикасы), грамматикасы, дыбыстық жүйесі (фонетикасы), жазу
жүйесі (орфографиясы) салаларында өздеріне тән заңдылықтары болатыны
сияқты, сөздерді дұрыс айтудың да, дұрыс дыбыстаудың да (орфоэпияның
да) табиғи тәртібі, нормалары болатындығына назар аударту.
Өзге салаларға қарағанда, орфоэпия мәселелері назарға кешеңдеп
ілініп отыр. Оның да себептері бар. Тіл-тілдің қай-қайсысында да
орфоэпиялық нормаларды арнайы сөз ету, яғни оларды көрсету, зерттеу,
реттеу кешеңдеп қолға алынады, өйткені ұлттық әдеби тіл әбден
қалыптасып, барлық адамдарға, тіл қолданысының барлық саласында, сол
ұлт мекендеген барлық өлкеге ортақ, бірдей болған күнде ғана сол тілде
ауызша дұрыс сөйлеудің нормасы, оның ішінде орфоэпия тәртіптері
баршаға түгел міндетті сипат алады. Қазақ тілінің сөз сазының
орфоэпиялық жүйесін арнайы сөз ету кейін, үстіміздегі ғасырдың 60-70-
жылдарынан бастап қолға алынды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты 60-жылдардың соңғы кезінде “Тіл мәдениеті” деген бөлім ашып,
белгілі ғалым М.Балақаев қазақ тілінің сөз мәдениетін, орфографиясы мен
орфоэпиясын зерттеуге басшылық етті, өзі де “Қазақ тілінің мәдениеті”
(1971), “Қазақ әдеби тілі және оның нормалары” (1984) атты еңбектерді
жарыққа шығарды, бөлім қызметкері Қ.Неталиева “Қазақ тілінің
орфоэпиялық сөздігін” құрастырып, ол 1977 жылы жұртшылық қолына
тиді. М.Дүйсебаева “Қазақ әдеби тілі орфоэпиясының кейбір мәселелері”
атты еңбегін 1973 жылы ұсынды, мектепке арналған “Қазақ тілінің қысқаша
орфоэпиялық сөздігі” (1981) шықты. 1983 жылы және 1995 жылы біз “Сөз
сазы” (сөзді дұрыс айту нормалары) атты арнайы кітапша шығарып, оны
мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, сахна
қайраткерлері мен радио, теледидар дикторларына, комментатор мен
журналистерге нақты құрал ретінде ұсындық. Онда тұңғыш рет қазақ
тілінің орфоэпиялық ережелері берілді. Бұл ережелер қолданбалылық
(практикалық) мақсатта түзілді, сондықтан көрсетілген қағидаларды
жаттықтыратын мысалдар мен тапсырмалар беріліп отырды.
СӨЗ САЗЫНЫҢ КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ПЕН
ӨНЕРДЕГІ МАҢЫЗЫ
Сөз сазы дегеніміз сөйлеу актісінде сөз ішіндегі немесе сөз
аралығындағы дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, бірін-бірі өз ыңғайына иіп
айтылуы болса, ол, бір жағынан, сөйлеу мүшелерінің жұмысын
жеңілдетуге, әр алуан кедергіні кемітуге ұмтылуын көздейді, екінші
жағынан, сөз сазы айтылған сөздің тыңдаушы құлағына жұмсақ тиіп, сөзге
әуенді үн береді.
Тілдің мұндай үйлесімді үндестігін және құлаққа жағымды әуенділігін
өлең тілі шебер пайдаланады. Мысалы, өлең жолдарындағы сөздердің
буындарын жеке-жеке санағанда, сол өлеңге тиісті өлшемнен артық шығуы
мүмкін, бірақ айтылуда дыбыстар үндестігіне сай, өлеңнің әр жолының
(тармағының) дәл 7-8 немесе 11 буын болып шығатыны еске алынады, я
болмаса, керісінше, кейбір сөздерге артық буын қосылып айтылатыны
ескеріледі. Айталық, Біржан салдың “Жанбота” деген өлеңі 11 буынды
өлшеммен құрылған. Оның:
Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің –
деген жолдарындағы сөздерді жеке-жеке алып
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
буындап санасақ: Жан-бо-та о-сы ма е-ді өл-ген же-рім болып 12 буын
шығады. Ал айтылуда ортадағы сөздер осымеді болып ма деген буынның
соңғы дауыстысы мен одан кейін келген еді сөзінің басқы дауыстысы
кірігіп, ма-е-ді деген үш буынның орнына ме-ді болып екі буын
айтылғандықтан, осы өлеңнің өлшеміне сай 11 буын шығады. Бір ырғақпен
айтылатын сөздердің аралығындағы екі дауыстының бірі “жұтылып”, өлең
өлшемі дәл шығатын мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Мысалы, Абайдың:
Аласы аз, қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын, –
деген өлең жолдарының алғашқысы жазуда 12 буын болғанмен, алдыңғы
сөздің соңғы ы дыбысы мен келесі сөздің басқы а дыбысы кірігіп, аласаз
болып айтылады да, өлең өлшемі дұрыс шығады, Өлең жолдарындағы бір
ырғақты сөздердің арасындағы екі дауыстының бірі әрдайым “жұтыла”
бермейді: егер буын саны дәл келсе, мұндай екі сөз бірінің соңы,
екіншісінің басындағы дауыстыны кіріктірмей, олар сақталып айтылады.
Мысалы, Абайдың:
Жаздың көркі енеді жыл құсымен
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен, –
деген өлең жолдарындағы көркі енеді деген сөздер қатар тұрғанмен, бірінші
(көркі) сөздің соңғы дауыстысы да, екінші (енеді) сөздің басқы дауыстысы
да жеке-жеке айтылады, өйткені өлеңнің бұл тармағы осы тұрысында 11
буынды, оларды кіріктіріп айтса, 10 буын болып, өлеңнің өлшемі де,
ырғағы да бұзылады.
Кейде өлшемге қажет буын саны жетпей тұрса, “жедел жәрдемге” ы, і
дыбыстары “шақырылады”. Мысалы:
Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес, –
деген өлеңдегі бірінші тармақтың жолдарын жазылуы бойынша санасақ, 10
буын, сондықтан бұл өлең айтылуда: ба-йа-на-уыл ба-сы- нан бұ-лыт кет-
пес болып, бұлт сөзі бұлыт болып дыбысталады. Бұл – алдыңғы екі
дауыстының біреуінің “жұтылып” кетуіне қатысты құбылысқа қарағанда
әлдеқайда сиректеу кездеседі, дегенмен қазақ өлеңінің сазында орын
алатынын айтуға болады.
Қазақ поэзиясы ассонанс пен аллитерация деп аталатын дыбыстар
біркелкілігінен туатын құбылысты да стильдік мақсатпен кеңінен
пайдаланады. Өлең жолдарында немесе қатар келген сөздердің басында,
мақал-мәтелдерде, тұрақты тіркестерде, монологтерде, мақала, кітап т.б.
аттарында, газет-журналдардың айдарларында немесе тақырып аттарында,
қысқасы, текст ішіндегі сөздер біркелкі немесе бір-біріне жуық (мысалы:
т - д , б - п , с - з сияқты дыбыстар) дауыссыздардан басталып келсе, ол
а л л и т е р а ц и я деп аталады. Мысалы, Мұқағали Мақатаевтың “Жастық”
атты өлеңінің мына шумағына назар аударалық:
Жастық менің жаныма жыр байлады,
Жастық мені жалтартпай, шыңға айдады,
Жастық мені шыңдады, шынықтырды,
Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды.
Мұнда ж және ш дыбыстарынан басталатын бірқатар сөз шоғырланған.
Екінші мысал Қуандық Шаңғытбаевтан:
Кімде жоқ кірбің көңіл, күрсін арман,
Кейде мен шығай маңып, үн шығарман.
Кей уақыт көңіл шіркін көкке шалқып,
Күндер көп күмбірлетіп, күй шығарған –
деп алынған өлең жолдары к және ш дауыссыз дыбыстарынан басталатын
сөздерді қатыстыру арқылы жасалған. Мұнда осы шумақтың әр тармағы к
дыбысынан басталатын сөздермен келген. Өлеңнің жеке шумақтарының
немесе кейбір шағын өлеңнің бірінші сөзі тұтасымен бір дыбыстан
басталатын сөздерден құралатынына Абайдың інісі Оспанның өліміне
шығарған “Жайнаған туың жығылмай” деп басталатын шағын өлеңін
келтіруге болады. Бұл өлеңнің 16 тармағы (жолы) түгелімен ж дыбысымен
келген сөздерден басталады:
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жаужүрек жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің,
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!
Мұнда ж дыбысы тек жол басындағы сөздерде ғана емес, тармақ
ішіндегі сөздерде де келіп отырады: жайнаған туың жығылмай, жасқанып
жаудан тығылмай, жасаулы жаудан бұрылмай т.т.
Аллитерацияның құлаққа жағымды саздық қызметін мақал-мәтелдер
де жақсы пайдаланады. Мысалы, “Құлан құдыққа құласа, құлағында
құрбақа ойнар” деген мақал қ дыбысынан басталатын сөздерді шоғырлап,
белгілі әсер беріп тұр. “Көппен көрген ұлы той” деген мәтелді елмен көрген,
жұртпен көрген, халықпен көрген деп ауыстырып айтуға болмайды, өйткені
мұнда көппен көрген деген сөздер аллитерацияны пайдаланғандықтан,
құлаққа жағымды, айтуға жеңіл, еске сақтауға қолайлы мәтел болып тұр.
Қазақтың атақты билерінің сөздері көбінесе аллитерациялы болып
келеді. Мысалы, “Төле би айтыпты” деген сөздерден: “Батыр деген – барақ
ит, екі долы қатынның бірі табады, би деген – бір бұлақ, қатынның ілуде
бірі табады” деген шешендікте батыр, би деген сөздеріне б дыбысынан
басталатын барақ, бұлақ деген теңеулер алынған.
Осы құбылыс дауысты дыбыстарға қатысты болып келсе, ассонанс деп
аталады. Бұл да қазақ тілінде орын алады. Бұған классикалық мысал
ретінде Махамбеттің атақты “Ереуіл атқа ер салмай” деп басталатын өлеңін
келтіруге болады. Мұнда өлеңнің әрбір тармағы е дыбысынан басталатын
сөзбен келеді. Сондай-ақ ақындар өлеңнің бір жолында біркелкі
дауыстыдан басталатын сөздерді алу арқылы да ассонанс тәсілін
қолданады. Мысалы, Фариза Оңғарсынованың:
Айналайын, ауылдың адамдары-ай,
Сендер барда бұзылар заман қалай? –
деген өлең жолдарында а дауысты дыбысымен ассонанс жасалып тұр.
Аллитерация мен ассонанс құбылыстары тек үн сазын келтіру үшін
ғана емес, айтылмақ ойға екпін түсіру, ақынның көңіл күйін білдіру сияқты
стильдік қызмет те атқарады. Мысалы, Жамбылдың Алғадай деген баласы
Ұлы Отан соғысында қаза тапқанын естігенде:
Алатауды айналсам
Алғадайым табам ба?!
Сарыарқаны саедалсам
Саңлағымды табам ба?! –
деп күңірену үстінде Алатауды айналсам, Алғадайым... Сарыарқаны
сандалсам, саңлағымды... деп ассонанс пен аллитерация жасап, Алғадай,
саңлақ сөздеріне екпін түсіріп, әке зарын мейлінше әсерлі етіп беріп тұр.
Біркелкі дыбыстарды не буындарды таңдап, қатар тұрған сөздердің басында
не ортасында келтіру айтылмақ ойға әсерлі өң беріп, образ жасауға да
қатысады. Мысалы, Мұхтар Әуезов “Еңлік-Кебек” пьесасындағы Абызды
сөйлеткенде: “Сыбдыр сөзбен шығарып сап, сынайын деп кепсің ғой,
көлгір сөзбен көлденең болғың кепті ғой” деп, с, к дыбыстарын ойнатады.
Демек, бұл рөлді ойнаушы актер аллитерация жасап тұрған дыбыстарды
ерекше мәнерлеп айтса, құба-құп болар еді. Екінші мысал: “Қарагөз”
пьесасындағы Сырымның сүйген жары жынданып кеткен сәттегі ышқына
күйінген образын беру үшін, оның монологіне с, з дыбыстары бар сөздерді
шоғырлап келтіреді: “Өсер.., өсер.., не өсер?. Тек зұлымдық өсер нөсер
болып сенен. Сор өсер, ар өшер! Өскенде тек зар өсер сенің лағынет
табаның астында!”. Мұнда да дыбыстардың айтылуы ерекше қалыптасып,
жай сөйлеу нормасынан өзгеше болуы керек, яғни с, з дыбыстарын өзге
дыбыстардан бөліңкіреп айтқан абзал, сонда ыза, қайғы, зар буған
кейіпкердің образы айқындала түседі.
Сөйтіп, көркем әдебиет пен сахна өнері сөз сазына, сөздердің
дыбысталу сипатына бейтарап емес екендігі байқалады. Сондықтан бұл
жайтқа көркем әдебиетті оқытып үйрететін мектеп мұғалімдері мен сахна
шеберлерін: актерлер мен әншілерді, көркем сөз айтушыларды
тәрбиелейтін оқу орындарының ұстаздары мен режиссёрлар назар
аударулары шарт.
Достарыңызбен бөлісу: |