Е с к е р т у. Бұл ережеге қарақағаз сөзі бағынбайды. Ұлы Отан соғысы кезінде пайда
болған бұл атауда қара сөзі қағаздың түсін де, мақсатын да көрсетпейді, майданда қаза тапқан
адам туралы ресми хабардың атауы болып табылады.
§ 44. Адам, мал, айуан организмі мүшелерінің атауларын білдіретін екі
зат есімнен құралған күрделі сөздердің әрбір компоненті бөлек жазылады.
Олардың соңғы компоненті көбінесе жалпы атау (сүйек, жілік, қол, тіс, көз,
жақ, омыртқа, бет, ет, тамыр т.б.) болады да, алдыңғы компоненті
соларды анықтап, ажыратып тұрады: асық жілік, тоқпан жілік, ортан
жілік; бел омыртқа, мойын омыртқа; ортан қол, сұқ қол; тоқ ішек, ащы ішек;
күре тамыр, желке тамыр, қан тамыр; күрек тіс, ақыл тіс, азу тіс, сүт тіс,
ит тіс, бас сүйек, төс сүйек, жақ сүйек, төбе сүйек, бет сүйек; көк желке,
қыр желке, ой желке; сан ет, қол ет, қара ет, қызыл ет, сұрпы ет т.т.
§ 45. Үш зат есім қатар келіп, алдынғы екеуі соңғы сөз білдіріп тұрған
заттың түрін саралау үшін айтылса, олар бөлек жазылады: үйрек бас ер, қос
етек көйлек, мысық мұрт жігіт, саба құрсақ байлар.
§ 46. Түбір күйінде компоненттері бір-бірінен бөлек жазылатын
анықтауышты тіркестер мен тұрақты тіркестерге етістік не есім
тудыратын жұрнақтар жалғанғанда да сөздердің бөлек жазылуы
сақталады, бұлар күрделі етістік немесе күрделі сын есім қатарына
жатады. Мысалы: ақ таңдақ (жер) – ақ таңдақтану (жер ақ тандақтанып
жатыр), қара барқын – қара барқындану, іш құса (болу) – іш құсалық, темір
жол – темір жолдық (құрылыстар), ортан қол – ортан қолдай (жігіт), көп
бала – көп балалы (отбасы), жоғары сапа – жоғары сапалы, шала сауат –
шала сауатты, мал дәрігері – мал дәрігерлік, көп ұлт – көп ұлттық, көп жыл
– көп жылдық (еңбек), ұсақ буржуазия – ұсақ буржуазиялық.
Е с к е р т у л е р . Бұл ережені терминдік мәнге ие болған күрделі атаулардың (көбінесе
зат есімдердің) қосылып жазылатын заңдылығымен шатастырмау керек. Мысалы: темір
жолдық құрылыс, ал теміржолшы (соңғы сөз – мамандық иесін атайтын термин), көп жылдық
еңбек, ал көпжылдық шырмауық (соңғыда көпжылдық сөзі күрделі ботаникалық терминнің
компоненті болып тұр), бес жылдық оқу, ал бесжылдық (термин).
2. Бірге жазылуы дәстүрге айналған дүниежүзілік, бүкілодақтық сияқты қосылып
таңбаланатын бес-алты сөздің орфограммасын емле сөздіктеріне қарап біліп алуға болады.
3. Бөлек не дефис арқылы жазылатын екі компонентті жалқы есімдерден қазақ тілі
жұрнақтарымен жасалған туынды сөздер кіші әріппен қосылып жазылады: Коста-Рики –
костарикалықтар, Батыс Сібір – батыссібірлік.
§ 47. К ү р д е л і с а н е с і м д е р д і құрап тұрған сөздердің
әрқайсысы барлық тұлғада да бөлек-бөлек жазылады: он бір, он бірінші
(қабат), он бірге (Балам он бірге шықты), он бірлерде (Ол бала он бірлерде),
он екі, он екінші, он тоғыз, жиырма бір, бір мың, он мың.
Сан есімдермен жанастырыла қолданылатын жарым, есе, рет деген
сөздер бөлек жазылады: бір жарым, үш жарым, екі есе, екі рет, бес есе, бес
жарым, бес рет.
Болжалды сан есім жасауға қатысатын шақты, шамалы, қаралы деген
шылаулар да бөлек жазылады: он шақты, отыз шақты, жүз шамалы, мың
қаралы (қой), жүз қаралы (атты).
§ 48. Түсті білдіретін екі (кейде үш) сын есім қатар айтылып, үшінші
бір түстің атауы болып тұрса, олар бір-бірінен бөлек жазылады: қара күрең,
қара торы, қызыл ала, қызыл күрең, қара көк, сары ала, көк ала, ақ сары, ақ
сұр, шұбар ала.
Жеке тұрып, барлық заттардың түсін білдірмейтін ал, құба, кер, құла,
шабдар сияқты сөздермен қатар келген түс атаулары да бөлек жазылады:
ал күрең, ал қара, ал қара көк, ал қызыл, ал қоңыр, қара кер, ақ құба, құла
жирен, құла кер, ақ шабдар, шабдар ала.
§ 49. Малды (көбінесе жылқыны) сипаттау үшін сын есіммен қатар
айтылатын төбел, қасқа, шолақ сияқты сөздер де бөлек жазылады: торы
төбел (ат), құла қасқа (бие), шолақ торы (жабағы), ақ бақай (ат).
Е с к е р т у л е р . 1. Екі сын есімнен жасалып, немесе басқа сөздермен аралас келіп,
малдың (көбінесе жылқының) меншікті аты – жалқы есім болып тұрған сөздер бірігіп, бас
әріппен жазылады: Ақан серінің Құлагері. Менің Торытөбелім. Құлақасқа Жиренторыдан
озып келді.
2. Екі түсті білдіретін бірыңғай анықтауыштарды немесе қос сөздерді күрделі
анықтауыштармен шатастырмау керек. Бірыңғай анықтауыштар үтір арқылы, қос сөздер дефис
арқылы жазылады. Мысалы: Қызыл-жасыл (киім) киінген жастар тобы көрінді (Қызыл және
жасыл киім киінген немесе кызылды және жасылды болып киінген). Ақ, сары гүлдер алыстан
көз тартады (ақ және сары гүлдер).
§ 50. Жеке тұрып сол тіркестегі беретін мағынасында қолданылмайтын
қақ (тіркестегі мағынасы “екі” және “дәл”), қара (тіркестердегі мағыналары
“үлкен”, “жай, күрделі емес, қарапайым” т.б.), қас (тіркестегі мағынасы
“нағыз”), қыр (“артқы, соң”), сар(ы) (тіркес құрамындағы мағынасы
“үлкен”, “ұзақ”) сияқты сөздермен келген тіркестердің әрбір компоненті
бөлек жазылады: қақ айырылу,қақ алды, қақ басы, қақ бастан (салып
қалды), қақ бөлу, қақ жару, қақ маңдай, қақ шеке, қақ төсі, қақ тілу, қара
жаяу, қара жол, қара жел, қара өлең, қара сөз, қара халық, қара нөпір, қас
батыр, қас маңғаз, қас сұлу (қаса сұлу), қыр желке, қыр соңынан, сар желу,
сар(ы) қарын, сар дала, сары буын, сары жілік, сары уайым, сары балақ,
(бұлардың да жазылуын емле сөздіктері реттеп көрсетеді).
Е с к е р т у. Бұл қатарға қыркүйек, қақбас (“баласыз” және “жексұрын”), қаскүнем,
қаскөй, қасқалдақ, саратан (ай), сарауру, саршұнақ (тышқан), сарсу (ауру), сарыбас (жылан)
тәрізді бірге жазылатын сөздер жатпайды. Бұлар аң-кұс, жан- жануар, жәндік, ауру-індет т.б.
атаулары болғандықтан, бір сөз ретінде танылады.
§ 51. К ү р д е л і е т і с т і к т е р д і ң әрбір сөзі бөлек жазылады.
Күрделі етістіктер екі, үш, кейде төрт, бес сөзден де құралуы мүмкін: келе
жатыр, оқып отыр, алып бер, келе қал, бара алмады, жүріп келе жатыр,
алып беріп жібер, бара алмай қалды, жүріп келе жатыр еді, оқып отыра
бергісі келді, кетіп қала жаздап барып қалды.
§ 52. Екі етістіктен бірігіп, ықшамдалып, қалыптасып кеткен әпер
(алып бер), әкел (алып кел), әкет (алып кет), түрегел (тұра кел), мойынсұн
(мойын ұсын), өсіт (осылай ет), бүйт (бұлай ет), неғып (не қылып), неткен
(не еткен), қайткен (қалай еткен) сияқты сөздер сол қалыптасқан ықшам
тұлғасында да, күрделі түрінде де қолданылады. Соңғы жағдайда екі етістік
бөлек-бөлек жазылады. Мысалы: Кітапханадан көп кітап әкелдім –
Кітапханадан көп кітап алып келдім. Ол түрегелді де, гимнастика жасай
бастады – Ол тұра келді де, гимнастика жасай бастады. – Әкет әрі! – Алып
кет әрі!
Е с к е р т у. Мойынсұну, неткен, сөйтіп, өйтіп, өйткені, неғып сияқты сөздердің толық
(күрделі) түрде тұлғалануынан (жұмсалуынан) гөрі осы ықшамдалған тұлғасында қолданылуы
басымырақ.
§ 53. Есімдер мен етістіктерден араласып құралған, бір мағына беретін
тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады: жұмыс істеу, қызмет ету, жәрдем
беру, қол шапалақтау, ат қою, егін ору, жер қазу, жер өлшеу, іс жүргізу.
Мұндай тіркестердің соңғы компонентіне жұрнақтар жалғанып, туынды
сөз жасалған күнде де әр сөз бөлек-бөлек жазылады: қызмет етуші, жәрдем
бергіш, ат қоюшы, егін орушы, жер қазушы (адам), сөз жасаушы (жұрнақ), іс
жүргізуші (делопроизводитель). Есім мен етістіктерден жасалған тіркестер
-у, -мақ жұрнақтарымен келіп, заттық ұғымды (демек, бір ғана заттың,
құбылыстың, ұғымның атауын) білдірген күнде де олар күрделі сөз ретінде
бөлек-бөлек жазылады. Мысалы: ду қол шапалақтау, астық жинау
басталды (мұндағы астық жинау заттық мағынада жұмсалып жүр).
§ 54. Идиомалық, фразалық тұрақты тіркестердің әрбір сөзі бөлек
жазылады. Әдетте мұндай тіркестер бір ғана ұғымды білдіреді, сондықтан
олардың екі сөзден тұратындары біріккен сөздерге ұқсап, жазуда көп
қиындық келтіреді. Терминдік мәнге ие болып, біріккен сөз дәрежесіне
көтерілген бірқатар тұлғалардың о баста идиома не фраза болғандығы да
(мысалы: келіссөз, көзқарас, ақсақал, атқамінер т.с.) бұл қиындықты күшейте
түседі. Дегенмен идиома мен фразалық тіркес компоненттерінің бөлек
жазылатындығын негізгі қағида деп ұғыну қажет. Бұлар есім мағыналы да,
етістік мағыналы да болып келеді. Мысалы, есімдер: көк езу, сөз бұйда, өгіз
аяң, арам ой, арам ойлы, ақ көңіл, ақ көңілді, қара ниет, қара ниетті, қара
ниеттілік, асқар тау, шалқар көл, бие сауым (уақыт) ет асым (уақыт), қозы
көш (жер), тіс қаққан (бала). Етістік мәнді фразеологизмдер: тіл қату, тіл
алу, тілге келу, тілін тарту, тіл өту, тіл ширату, бас ию, бас көтеру, бас салу,
бас сауғалау, бас тарту, бас қатыру, бас қорғау, бас қосу, бас құрау, бел
байлау, бой бермеу, бой тасалау, бой ұру, жан ұшыру, жан қию, жаны ашу, қол
жету, қол қою, қол байлау, қол үзу, ат қою (“шабуылға шығу” мағынасында),
ат салысу, жек көру т.б.
Етістік мәнді фразалық тіркестерден жұрнақтар жалғанып
жасалған туынды сөз тіркестердің де әр компоненті бөлек жазылады: тіл
алу – тіл алғыш (бала), бас көтеру – бір үйдің бас көтерген үлкені, бас
қатыру – бас қатырушылық, бой ұру – бой ұрғыш, жан қию – жан қиярлық
(іс), жаны ашу – жаны ашығыш, қол жету – қол жеткен (табыстар), қол
байлау, қол үзбеу – қол үзбей (көмектесу), жек көру – жек көрінішті, жек
көрушілік, жүз таныс – жүз таныстық, салқын қанды – салқын қандылық, бір
сөзді – бір сөзділік.
Е с к е р т у. Етістік тұлғалы сөз тіркесінен жасалып, терминге айналған сөздер
біріктіріліп жазылады. Мысалы: басқосулар (саяси-әлеуметтік термин, яғни белгілі бір адамдар
тобының белгілі бір саяси, қоғамдық, тәрбиелік т.б. мақсатпен бас қосқан жиындарының ресми
атауы), жанкүйер (спорт термині), мұзжарғыш (кеме), қаржыртқыш (машина атауы),
қойтоғытпа (ауыл шаруашылық саласының термині, яғни қойға қотыр түсірмеу және қотырдан
емдеу үшін қолданылатын арнаулы шараның атауы), мұзойнақ (спорт термині), өнертапқыш,
өнертапқыштық, пікірталас, атқамінер, алыпсатар, ізашар, еттартқыш, шаңсорғыш (құрал
атаулары). Бұлар жөнінде 58-64 параграфтарды қараңыз.
§ 55. Қыз, ер, сал, сері, батыр, балуан, сұлу, би, қожа тәрізді тұрақты
эпитеттер өздеріне қатысты жалқы есімдерден бөлек жазылады. Олар жалқы
есімдердің алдынан да, соңынан да келе береді. Алдынан келгенде,
эпитеттер бас әріппен; ал соңынан келгенде кіші әріппен жазылады. Қыз
Жібек, Ер Тарғын, Балуан Шолақ, Алдар Көсе, Ер Төлеген, Батыр Мәлік,
Тентек Ояз, Кішкене Молда (соңғы екеуі Мұхтар Әуезовтің “Абай”
романынан), Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Қамбар батыр, Баян сұлу,
Жиренше шешен, Аяз би, Игілік би, Күреңкөз қожа (соңғы екеуі
Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлке” романынан).
§ 56. Ұқсас жер аттарын бір-бірінен ажырату үшін сол атаулардың
алдынан келетін тұрақты анықтауыштар бас әріптен басталып, бөлек
жазылады: Кіші Жамантау, Үлкен Жамантау, Күнгей Алатау, Ақ Қойтас,
Қара Қойтас, Орта Азия, Орталық Азия, Кіші Азия.
§ 57. Ғылымның әр алуан саласына жататын күрделі терминдердің
компоненттері бөлек жазылады. Ол күрделі атаулар бірнеше тәсілмен
жасалады:
1. тәуелдік жалғаулы сөзбен келеді: көмір қышқылы, тіл білімі, оқу орны,
мал шаруашылығы (животноводство);
2. етістікті тіркес болып келеді. Мысалы: дауыс беру, жер аудару,
шағым беру (заң термині), тыйым салу;
3. анықтауышты тіркес болып келеді: өзара әсер (философия термині),
жеке адам (личность), жәрдем ақша (пособие).
БІРГЕ ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗДЕР
§ 58. Біріккен сөздерді жасап тұрған компоненттер, негізінен, түбір
тұлғалары сақталып, бірігіп жазылады: асқазан, алабұға, алақоржын
(өсімдік), баспасөз, балабақша, бірқатар, бірыңғай, бозбала, бозқырау,
демалыс, денсаулық, еңбеккүн, жарқабақ, кәсіподақ, кәсіпорын, қолбасшы,
қолжазба, қолөнер, қолтаңба, оңтүстік, орынбасар, өнеркәсіп, өнертану,
өнертапқыш, сегізкөз, солтүстік, шаштараз, суықторғай, түйетауық,
уқорғасын.
§ 59. Бірсыпыра біріккен сөздер өзгерген қалпында, айтылуынша
жазылады: бүгін, биыл, жаздыгүні, қыстыгүні, бүрсігүні, күздігүні, белбеу,
қолғап, қолғанат, қолғабыс, қарағаш, апару, әкелу, түрегелу, мойынсұну.
Біріккен сөз болатындар:
§ 60. Топонимикалық атаулар, яғни жер-су аттары. Бұлар, негізінен,
түбір тұлғалары сақталып жазылады: Актөбе, Ақжар, Алатау, Жезқазған,
Талдықорған, Қызылорда, Сарыөзек, Сырдария, Баянауыл, Ұлытау, Қаратау,
Жаманшұбар, Еңбекшіқазақ. Кейбір жер аттары үш сөзден жасалады да,
үшеуі де бірігіп жазылады: Екібастұз, Қызылжарқұдық, Ақдаласор,
Актүйесай, Алқакөлқұм, Ақбасатан. Тіпті кейде төрт түбірден құралып
жасалған жер-су аттары да кездеседі: Аймысықкөккөз (тау, шоқы аты,
Қарағанды облысының Шет ауданында), Ақсортопырақсай (сайдың аты,
Ақадыр ауданында).
§ 61. Қазақша кісі аттары мен ру-тайпа және бірен-саран халық аттары.
Бұлардың да көпшілігі, негізінен, түбір тұлғалары сақталып, бірге
жазылады: Ақбөпе, Ақмарал, Гүлжәмила, Ғалиябану, Жақыпбек, Жанбота,
қаракерей, жетіру, қарақалпақ, қарақыпшақ.
Бірқатар кісі аттары дыбысталуы жағынан өзгерген күйінде
жазылады: Амангелді, Жангелді, Нұргелді, Қарагөз, Ботагөз, Айғыз, Әйгерім,
Жанғозы, Телғожа, Дәметкен, Ұлбосын, Айғаным.
Адамның фамилиясын немесе әкесінің атын білдіру үшін
қолданылатын ұлы, қызы деген сөздер жалқы есімге қосылып жазылады:
Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов, Бауыржан
Момышұлы, Сара Сәтбайқызы Есова.
§ 62. Ғылым мен техниканың әр түрлі саласындағы терминдік мәнге ие
болған атаулар бастапқы түбір тұлғаларын сақтап, бірігіп жазылады. Оның
ішінде:
С а я с и - ә л е у м е т т і к
терминдер
мен
т а р и х ,
э к о н о м и к а ғылымдарына жататын сөздер: өнеркәсіп, кәсіподақ,
бесжылдық, көзқарас, баспасөз, арақатынас, еңбеккүн, еңбекақы, жалақы,
қаламақы, шикізат, қолбасы, келіссөз, қонақасы, өнертабыс, алауыздықтар
(мемлекеттер, одақтастар, пікірлестер т.б. аралығындағы келіспеушіліктер),
көзбояушылық, сөзбұйда (волокита деген терминнің баламасы), қосмәнділік
принципі (философия термині).
Б и о л о г и я ғылымына жататын терминдер, яғни аң-құс, жан-жануар,
өсімдік, ағаш, құрт-құмырсқа атаулары және осы салаға қатысты өзге де
терминдік сөздер: алабота, кәріқыз, алақоржын (өсімдік аттары), қырықаяқ,
бұзаубас, қарақұрт (жәндіктер), ақиық, бізтұмсық, бірқазан, өгізшағала (құс
аттары), гүлтабан, бұршаққын, тозаңқап (ботаника терминдері).
Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер (ақ, сары, қызыл, қара
т.б.), немесе мал, аң-құстардың жалпы атаулары (қой, сиыр, түйе, қозы,
бөрі, аю, қоян, қаз т.б.), я болмаса тау, шөл, құм, дала, су, тас, у деген
сияқты сөздер болып, екінші сыңары нақты өсімдік немесе аң-кұстардың
аты болса, бұлармен жасалған сөздер биологиялық терминдер ретінде
қосылып жазылады (қазақ тілінің емле ережелері мен 1988 жылғы
“Орфографиялық сөздікте” алдыңғы сөз анықтауыш ретінде бөлек
жазылады деп көрсетілген ереже түзетілуге тиіс): құмбетеге, субетеге,
қоянжоңышқа, сиыржоңышқа, түйежоңышқа, қойжусан, қызылжусан,
қаражусан, қойқарақат, бөріқарақат, аюқарақат, қызылқарақат,
қарақарақат, түйекекіре, укекіре, атбұршақ, түйебұршақ, бөрібұршақ,
майқаңбақ, балқаңбақ, сорқаңбақ, аққайың, қотырқайың, үлпекқайың,
қызылқайың, итжуа, итбүлдірген, итбадам, итқонақ, итқұмық, итошаған,
итсигек, итбүлдірген, таутеке, субүркіт, сужылан, убалдырған, убидайық
Е с к е р т у. Ақ, қара, қызыл, қоңыр деген сын есімдер аң-құс,
өсімдіктердің түсін айыру үшін қолданылған болса, бөлек жазылады: ақ аю,
қоңыр аю, қара бұрыш, қызыл бұрыш, қара жүзім, қара өрік, қоңыр қаз. Кер
сөзі де түсті білдіріп тұрса, бөлек жазылады: кер ат, кер ала, кер бесті, кер
жағал, кер төбел, кер марал, ал кері және керілген сөздерінің ықшамдалып
барып тіркескен түрімен келген күрделі сөздер бірігіп жазылады: керауыз,
керзаман, кермиық, кертақыс, кертартпа.
Ф и з и к а - м а т е м а т и к а ғылымдары мен өндіріс-техника
саласына жататын терминдердің бірсыпырасы біріккен сөздер болып келеді.
Мысалы: сегізжақ, үшжақ, көпмүше, бірмүше, көпбұрыш, темірбетон,
қазаншұңқыр (котлован), майбалшық (раствор), жанармай, жағармай.
М е д и ц и н а ,
в е т е р и н а р и я
салаларына қатысты
терминдердің бірқатары екі түбірден жасалып, бірігіп жазылады: шорбуын
(артрит), соқырішек, сарысу (илену), сарауру, көкжөтел, құрқұлақ, өкпеқұрт,
қоянжел.
М ә д е н и - а ғ а р т у , ө н е р , ә д е б и е т т а н у , т і л б і л і м і
салаларына жататын терминдердің ішінде екі түбірден бірігіп жасалғандары
едәуір: күйтабақ, қылқалам, қолтаңба, сөзжұмбақ, жолжазба, сегізаяқ,
сөзжасам, сөзтізбе (реестр).
Спорт саласына жататын терминдер екі түбірден жасалса, біріккен сөз
болады: бессайыс, онсайыс, мұзайдын, ойынсерік (партнёр), жанкүйер.
Спорт терминдері сияқты қазақша ұ л т т ы қ о й ы н а т т а р ы да екі
түбірден жасалса, көбінесе, біріккен сөз ретінде қосылып жазылады.
Бұлардың ішінде сын есім, сан есімдер мен зат есімдердің тіркесуімен
жасалғандары көбірек кездеседі: аққала, ақсүйек, түйебас, қосқұлақ,
әуетаяқ, салматаяқ, алакүшік, алтынқабақ, бурақотан, қарабие, қарақұлақ,
алтыбақан, бесқақбай, үштабан, шықетер, төртасық, бесасық, бестас,
соқыртеке, тоғызқұмалақ.
Сондай-ақ кейбір ойын аттары есімдер мен етістіктердің тіркесінен
жасалады, олардың көпшілігі біріккен сөз болады: балтамтап, қолсоқпақ,
ханатпақ, ханталау, тисінқабақ, ал бірқатары күрделі сөз ретінде бөлек
жазылады: қыз қуу, орамал тастау. Бастауыш, баяндауыш, толықтауыш
мүшелері бар, сөйлем іспетті құрылымдардан жасалған ойын аттары
тырнақшаға алынып, кейде тырнақшасыз әр сөзі бөлек жазылады: “ханды
қара басты ”, “хан жақсы ма?”, “кім түртті?”. Бір сөздің қайталауынан
жасалған немесе қарсы мәндес қос сөздерден жасалған ойын аттары
дефиспен жазылады, олар да көбінесе тырнақшаға алынады: “мыршым-
мыршым”, “ұжмақ-тозақ”, “хан-уәзір”.
Әр түрлі ырым, ритуал аттары да екі түбірден тұрса, бір сөз
ретінде танылады: ақсарыбас, жолаяқ, беташар, есікашар, тұсаукесер,
атұстатар, қолұстатар, батаоқыр.
Х и м и я, г е о л о г и я , м е т а л л у р г и я салаларына қатысты
терминдердің бірқатары біріктіріліп жазылады: оттек (оттегі), сутек
(сутегі), қостотық, теміртас (железняк), таскөмір.
А с т р о н о м и я саласына қатысты терминдік сөздер екі түбірден
жасалса, біріктіріліп жазылады: көкжиек (горизонт), кемпірқосақ, оңтүстік,
солтүстік, шоқжұлдыз. Бұл топқа жұлдыздардың, шоқжұлдыздардың
аттары да жатады: Темірқазық, Жетіқарақшы, Ақбозат, Есекқырған,
Үшарқар, Құсжолы.
Біріккен сөз болатын терминдерге келгенде мынадай жайттарға көңіл
аудару қажет болады. Флора (өсімдік) пен фауна (жан-жануарлар)
дүниесінің терминдік атаулары болып келетін біріккен сөздердің жасалу
жолдары көбінесе мыналар:
1) Флора мен фауна атаулары түсті білдіретін ақ, қара, көк, сары, қызыл,
ала, боз деген сөздер мен жеке тұрғандағы лексикалық мағынасынан
айырылған сөздердің бірігуі арқылы жасалады. Мысалы, (алақоржын
(тышқан), ақиық (құс), қарақанат (өсімдік) дегендердегі қоржын, иық,
қанат сөздері осы атауларда өздерінің жеке лексикалық мағынасында
қолданылып тұрған жоқ, алдыңғы сөздермен бірігіп барып, нақты аңның,
құстың, өсімдіктің атауы болып тұр.
Бұл топтағы өсімдік атауларына мысалдар: ақбүйрек, ақбілек,
ақшелек, ақсырғақ, ақтамақ, бозбұғы, бозкілем, қарабас, қарақұлақ, қарашора,
қарашұнақ, қызылбас, қызылқұйрық, сарыбуын, сарысадақ, көкқасқа,
көкнайза, көксұлтан, көкшолақ.
Осы топтың жан-жануарлар атауларына мысалдар: ақиық, қарабай
(құстар), ақкөз, аққайран, ақсерке, алабұға, қаракөз (балықтар), алақоржын
(тышқан), қарақұйрық (аң).
2) Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер, екінші сыңары аң-құс,
өсімдіктердің жалпы атауы болып саналатын құс, ағаш, балық, құрт, шөп,
гүл, торғай, жидек, жеміс сияқты сөздер болып келген атаулар біріккен сөз
болады: қарақұс, қараторғай, қарағаш, қарақұрт, сарағаш, сарыгүл,
сарышөп, қаражидек, қызылжидек. Мұнда да өсімдіктің нақты атауы ағаш,
гүл, жидек деген сөздер емес, сол сияқты құс, торғай дегендер де – нақты
бір құстың аты емес, жалпы атаулар.
3) Бірінші сыңары әр алуан есім сөздер болып, екінші сыңары шөп,
от(ы), гүл, құс, торғай, балық, тауық, құрт сияқты жалпы атау болса, олар
да біріккен термин сөз болады. Мысалы: айгүл, айланшөп, бояушөп,
барқытшөп, қоңыраушөп, сәлемшөп, әтіргүл, безекгүл, тарақбалық,
теңгебалық, қылышбалық, күркетауық, түйетауық, тентекқұс,
жыланқұрт, суықторғай.
Соңғы компоненті жапырақ, тікен, тікенек, тамыр сияқты сөздер
болып келгендер де осы қатарға жатады: бабажапырақ, алтайтамыр,
сужапырақ, сүтжапырақ, теңкежапырақ, әректікен.
4) Екі сыңары да жеке тұрғандағы лексикалық мағынасынан айырылған
есім сөздер болса, ол атаулар да ботаникалық немесе зоологиялық терминдер
бола алады: егеуқұйрық, бізтұмсық, қаптесер, айқабақ, асқабақ, бестамақ,
балмұрын, томардәрі.
5) А. Бірінші сыңары мал атаулары (қой, сиыр, айғыр, түйе, бота, бие,
қозы, ат) аң атаулары (аю, киік, бөрі) немесе балық, бақа, құс деген сөздер
болып, екінші сыңары өзінің лексикалық мағынасынан айырылған сөздерден
жасалған биологиялық терминдер біріккен сөз болады: аюқұлақ, аютабан,
атқұлақ, атшоңқай, бақабас, балықкөз, бөрікөз, бөріқұлақ, бөрігүл,
ботатабан, қозыжаурын, қозықұйрық, қозықұлақ, құсаяқ, құсқонбас,
құстарақ, түйеқарын, түйеқұйрық, түйесүйек, түйежапырақ, биебау,
биеемшек, биеқарын, қоянсүйек, қоянтамақ, қоянтобық.
Ә. Бірінші сыңары кейбір малдар мен аңдардың жалпы атаулары (қой,
қоян, түйе, киік, балық т.б.) екінші сыңары шөп, от(ы), жапырақ, тікен,
жеміс, тамыр, ағаш, қат сияқты сөздер болса, бұлардың бірігуі арқылы да
ботаникалық терминдер жасалады: балықот(ы), қояноты, бақоты,
қойоты, қояншөп, қандағаш, қарағаш, қызылағаш, түйежапырақ, түйетікен,
киікоты, қазоты, бөріжеміс.
Е с к е р т у. Белгілі бір өсімдіктің түрін (сортын) айырып атау үшін жасалған, бірінші
сыңарлары мал мен аң-кұстардың жалпы атаулары (бөрі, аю, қоян, киік, қаз т.б.) екінші
сыңарлары жеке өсімдіктің өз атаулары болып келетін тіркестер де біріккен сөз болады (бұлар
жөнінде § 62-ты қараңыз).
Б. Өсімдік, аң-құс, жан-жануарлардың белгілі бір түрінің (тұқымының,
сортының) атауы алдынан олардың мекеніне, түсіне немесе басқа да бір
қасиет-белгілеріне қарай айтылып қалыптасқан тұрақты анықтауыштары
болады. Олар анықтайтын сөзінен бөлек жазылады. Мысалы: мес бие, қулық
бие, лақса бие, сарқарын бие; жөнек нар, үлкен нар, оқпақ нар. Сонымен қатар
мұндай терминдік анықтауыштар екі (кейде үш) сөзден тұруы да мүмкін. Ол
күнде бұл екі сөз өзара бірігіп жазылады да, анықтайтын сөзінен бөлек
тұрады. Мысалы: ақбас жонышқа, ақбас сиыр, ақбас капуста дегендердегі
ақ сөзі жоңышқаның, сиырдың, капустаның бастарының ақтығын жай ғана
суреттеп тұрған жоқ, ол бас сөзімен бірігіп, сол өсімдіктің сортын немесе
малдың тұқымын айырып атап тұр. Мұндай терминдік мәндегі күрделі
анықтауыштар негізінен ғылыми әдебиетте (оқулықтарда, ғылыми
зерттеулерде, энциклопедия мен сөздіктерде) кездеседі және көбінесе калька
жолымен жасалған аударма болып келеді: ақтұмсық қарға, алақанат
бозторғай, итбас жарғанат, алаяқ мәлін, ақтөс сусар, аққабақ шымшық,
бізқұйрық үйрек, сүйелтұмсық кептер, қызғылтжирен саршұнақ, қызылерін
ақмарқа.
Е с к е р т у. Екі-үш сөзден тұратын күрделі анықтауыштар ғылымдық термин болмай,
яғни түрді, тұқымды, сортты білдірмей, жай суреттеме атау үшін қолданылған болса, олардың
әрбір сөзі бөлек-бөлек жазылады: Мысалы: ақ шандыр бие, ит арқа ат, бас асау жылқы, иір
өркеш түйе, қара қайыс түйе, сары аяқ марқа, ақ ала мойын кептер, ұзын сирақ әтеш.
Биология саласының біріккен сөзден жасалған терминдері тек жан-
жануар, аң-құс, жәндік, өсімдіктердің аттары ғана емес, олардың
құрылысына, организміне, өсіп-өну процесіне т.б. қатысты атаулар болып та
келеді. Мысалы: гүлтабан, гүлшұнақ, тозаңқап, бұршаққын, сүтқоректілер,
оңқанаттылар.
§ 6 3 . Әр алуан қ ұ р а л - ж а б д ы қ , қ а р у - ж а р а қ , м а ш и н а ,
а п п а р а т , б ұ й ы м , ү й м ү л к і атаулары екі түбірден жасалса, біріккен
сөз болады. Бұлардың ішінде бұрын пайда болған ежелгілері де, жаңалары
да бар. Мысалы, көне мылтық атаулары: алтатар, бесатар, күлдірмамай,
жекауыз, бірауыз, қандауыз, жездауыз; әр түрлі үй мүлкі мен бұйым
атаулары: жұқаяқ, қазанқап, жастағаш, қолғап, қуысқұлақ, музыкалық аспап
атаулары: месқобыз, сазсырнай, асатаяқ, найсыбызғы, қоссаз, желғабыз; өзге
де құрал-жабдық аттары: атауыз, жерағаш (соқы), тісағаш, шотаяқ
сияқтылар ертеден келе жатса, мұзжарғыш, еттартқыш, қаржыртқыш,
астықтиегіш, шаңжұтқыш тәрізді жаңа машина, аппарат, құрал-жабдық
атаулары – кейіннен жасалған біріккен сөздер. Соңғы топтағы нақты атау
болып саналатын зат есімдерді осылармен тұлғалас келетін кәдімгі
анықтауыштармен шатастырмау керек, күрделі анықтауыштардың әрбір сөзі
бөлек жазылады: су тартқыш колонка (қандай колонка? – су тартқыш), жүк
көтергіш машина (қандай машина? – жүк көтергіш).
§ 6 4 . Әр алуан м а м а н д ы қ , к ә с і п и е л е р і н і ң аттары және
белгілі бір іске (әрекетке, жұмысқа т.б. ) бейім адамдардың атаулары да екі
сөз арқылы білдірілсе, біріккен сөз болады: алыпсатар, атқамінер,
теміржолшы, жолсерік (проводник), өнертапқыш, қызылізші.
Екі компоненті де етістік тұлғалы болып келетін сипаттама тіркестер
қосылып жазылады: көріпкел (адам), шығарыпсалма (сөз), суырыпсалма
(ақындық), алыпқашпа (сөз); бұл қатарға екінші компоненті ашық райдағы
етістік болып келетін тіркестер де жатады: ерғашты (болу), жүрекжарды
(хабар), қағазбасты (қызметкер), жолсоқты (болу), пышақкесті (тыйылу).
Етістік араласып жасалған әпербақан, ойбауырымдау (жоқтау), өлдемаған,
әлімжеттік (қылу), немкетті (қарау) немкеттілік, немқұрайды (қарау),
немқұрайдылық, қағазбастылық сияқты сөздердін осылайша жазылуы сөздік
бойынша реттеледі (яғни сөздіктен қарап жазу керек).
§ 65. Екінші сыңары аралық, тану, сымақ, құмар, жай, -хана, ақы,
-нама, хат, тас, бас деген сияқты сөздер болып келген тіркестер бір ғана
заттың атын білдіріп (көбінесе термин болып) тұрса, біріктіріліп жазылады:
халықаралық, ауданаралық, ведомоствоаралық; қоғамтану, шығыстану,
абайтану; шешенсымақ; асхана, құсхана, төлхана, перзентхана;
сапарнама, өмірнама, ғарышнама; шайқұмар, әнқұмар; жалақы, қаламақы,
еңбекақы, жамбасақы, көзақы (көргеннен көзақы алған), жолақы, кіреақы
(термин ретінде емес, образды фразеологизм құрамында келген ақы сөзі
бөлек жазылады: табан ақы, маңдай тері); сенімхат, түсінікхат,
келісімхат, мағлұмхат, сәлемхат (хат сөзі жалпы “жазылған дүние”
мағынасында келіп, алдыңғы сөз сол жазылғанның сипатын білдіріп тұрса,
бөлек жазылады: ашық хат, жасырын хат, жабық хат, тапсырыс хат);
қоражай, саяжай, тұрақжай, қонақжай, жағажай (пляж), егінжай;
ұлутас, теміртас, сутас, тақтатас, зертас, сынтас, құлпытас, обатас,
этнографиялық бұйымдардың атаулары; тұмартас, есектас, құрал атауы:
шаңтас (бидай бастыратын), табиғаттағы құмтас, қойтас, жартас,
шағылтас (тас сөзі өзінің тура мағынасында келіп, алдыңғы сөз оның түрлі
сын-сипатын білдірсе, бөлек жазылады: малта тас, дөңбек тас, жақпар
тас, қайрақ тас, қабыршақ тас, шақпақ тас, серек тас, үңгір тас, тектұр
тас, лағыл тас, ақық тас, меруерт тас) қалжыңбас, қылжақбас, маубас,
жүдеубас, жындыбас, қаңғыбас, қақбас (бұларды алдыңғы компоненті
анықтауыштық қызметте келген қауға бас, дода бас, қазан бас, қасқа бас,
қалтақ бас деген жай тіркестермен шатастырмау керек); қолбасы, онбасы,
мыңбасы, жүзбасы, рубасы, түменбасы, көшбасы, әскербасы, дуанбасы;
қолбасшы, жолбасшы, көшбасшы (соңғыларды термин емес, жай мынадай
сөз тіркестерімен шатастырмау керек: сөз басы, түлік басы, төл басы, мал
басы – мал басын көбейту, жан басы – жан басына шаққанда) т.т.
§ 66. Еш, әр, кей, қай, әлде, бір деген сөздер есімдіктермен, үстеулермен
тіркесіп келгенде, бірігіп жазылады: әрбір, әркім, әрқайсы, әрдайым,
әрқашан, әрнеме, әркелкі, әрқайда, ешкім, ешбір, ешқайда, ешқашан, ешқандай,
ештеңе, ешқайсысы, ешқалай, кейбір, кейбіреу, қайбір, бірдеңе, бірнеше, біраз,
бірсыпыра, біркелкі, әлдекім, әлдене, әлдеқашан, әлдеқайда, әлдеқандай,
әлдебір, әлдеқайдан т.т.
Е с кер туле р . 1. Еш, әр, кей, қай, қайсы, әлде, бір деген сөздер зат есімдермен
келгенде, бөлек жазылады: әр адам, әр жылы, әр уақытта, әр жұмыс, әр нәрсе, әр күні,
кей адам, кей жылы, кей уақытта, қай адам, қайсы адам, қайсы жылдары, бір адам, бір
күні, бір жылы, еш адам, еш нәрсе, еш уақытта, еш жұмысым жоқ.
2. Бір деген белгісіздік есімдігі мына сияқты тіркестерде бөлек жазылады: белгілі
бір, бейне бір, екінші бір (екінші бір айтатын әңгіме), неше бір (неше бір түсінбесең де), не
бір (не бір әдемі гүлдер бар).
§ 67. Бірінші компоненті фото, радио, электр(о), авто, аэро, кино,
гидро, агро, теле, стерео, мото, метео, био, микро, макро, квази, транс деген
тұлғалар, екінші компоненті тәуелдік жалғаусыз сөз болса, әрі бұлар
қосылып, бір заттың, бір құбылыстың атын білдіріп тұрса, бірігіп
жазылады. Мұндайда екінші компонент қазақ сөзі де, кірме сөз де бола
береді: автомашина, автобаза, автоқалам, автосуарғыш, автотіркес,
авиапочта,
авиабайланыс, авиамектеп,
фотоаппарат,
фотосурет,
электровоз, электромагнетизм,
электроөткізгіш,
телемеханика,
телеқабылдағыш, теледидар, телестудия, телехабар, агрокомплекс,
агрошаралар, биосүзгі, макромолекула, микробиология, микросинтез,
трансевропалық, транссібірлік, инфрақызыл, ультракүлгін, изосызық,
гипержазықтық.
Е с к е р т у. Электр сөзімен келген тіркестер кейде о дөнекерінсіз келеді де, осы
сөзбен келген тіркес күрделі сөз ретінде танылып, электр сөзі бөлек жазылады: электр
агрегат, электр барабан. Ал тәуелдік жалғаулы сөзбен тіркескенде, э лектр сөзінің
бөлек жазылатыны өзінен-өзі белгілі: электр қуаты, электр станциясы.
Орыс тілінен біріккен сөз болып танылатын кірме сөздер сол қалпында (яғни
орысша жазылуынша) таңбаланады: паровоз, бронепоезд, бортмеханик, бензорез,
метрдотель, амперметр, бормашина, самосвал, газовоз, газогенератор.
ДЕФИС АРҚЫЛЫ ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗДЕР
§ 68. Қос сөздер, негізінен, дефис арқылы жазылады: бара-бара,
жақсылы-жаманды, бірде-бір, жап-жақсы, апыр-топыр, сарт-сұрт.
Дефиспен жазылатын қос сөздердің түрлері мыналар:
а) Бір сөздің қайталанып айтылуынан жасалған қос сөздер: биік-биік,
лек-лек, лып-лып, тырс-тырс, көп-көп, алуан-алуан, жүре-жүре.
Мұндай қос сөздердің арасына -ма, -ме, -па, -пе, -ба, -бе, -ды, -ді, -да,
-де, -шы, -ші дәнекерлері және шығыс септік жалғауы қосылып та
жасалады. Ондайда дәнекерлер қос сөздің бірінші сыңарына қосылады да,
олардан кейін дефис қойылады: көзбе-көз, қолма-қол, бетпе-бет, жылма-
жыл, жанба-жан, бірме-бір, көшші-көш, баршы-бар, қараптан-қарап,
жылдан-жылға, бостан-босқа, тектен-тек, турадан-тура.
Бір сөздің қайталануынан жасалған кейбір қос сөздердің екінші
сыңарына шығыс, көмектес, барыс жалғаулары немесе -ла+п, -ле+п
жұрнақтары да жалғанады: бір-бірден, шет-шетінен, өз-өзінен, бас-басына,
бет-бетімен, топ-тобымен, рет-ретімен, бір-бірлеп, мың-мыңдап, бірте-
біртелеп, ақырын-ақырындап, қыт-қыттап, аз-аздап.
Бір сөздің қайталануынан жасалған кейбір қос сөздердің екі сыңарына
да септік жалғаулары (шығыс және барыс) жалғанады: жылдан-жылға,
қолдан-қолға, күннен-күнге, тектен-текке, сақтан-саққа.
Жалғау бір сөздің қайталануынан жасалған қос сөздердің кейде бірінші
сыңарына, кейде екінші сыңарына жалғанып айтылады. Екі вариантында да
араларына дефис қойылады: бір-бірімен – бірімен-бірі, бір-бірінен – бірінен-
бірі, бір-біріне – біріне-бірі, бір-бірін – бірін-бірі, өз-өзінен – өзінен-өзі, өз-
өзімен – өзімен-өзі, өз-өзін – өзін-өзі.
Алдыңғы сыңарына III жақ тәуелдік жалғауы жалғанып та бір сөздің
қайталануынан қос сөз жасалады: аттысы-атты, жаяуы-жаяу, бары-бар,
жоғы-жоқ, бірі-бір, екісі-екі.
Бір етістіктің болымды және болымсыз тұлғада тұрып қайталануы
арқылы да қос сөз жасалады: барар-бармастан, келер-келмесі, кірер-
кірместен, айтты-айтпады, барды-бармады.
ә) Қарсы мәнді сөздердің қатар келуі арқылы жасалған қос сөздер:
ертелі-кеш, жақсы-жаман, күн-түн, азды-көпті, кешелі-бүгінді.
б) Екі сыңары да мағыналы қос сөздер. Олар көбінесе жинақтау мәнін
білдіреді: ата-ана, мал-жан, құрт-құмырсқа, ыдыс-аяқ, ұрыс- қағыс, ат-
арба, жаздым-жаңылдым, тапқан-таянған, билеп-төстеп, сылап-сипап,
төрт-бес, он-он бес, отыз-қырық.
в) Бір сыңары мағыналы, екінші сыңары мағынасыз (бұл күнде
түсініксіз) қос сөздер. Бұлардың түсініксіз компоненттері басқа түркі,
моңғол тілдерінде жеке қолданылатын немесе көнерген сөздер болады:
бала-шаға, жолдас-жора, киім-кешек, жол-жөнекей, жүн-жұрқа, келін-
кепшек, көрші-қолаң, кәрі-құртаң, телегей-теңіз, хабар-ошар, қиын-қыстау,
құда-анда, көл-көсір, тоқты-торым.
Көбінесе қомсыну, кеміту мәнінде айтылатын жігіт-мігіт, ат-мат,
жүрек-мүрек сияқты сөздердің бір сыңары мағынасыз тұлға болады.
Күшейткіш буын қосылып жасалатын қос сөздердің де бір сыңары
мән-мағынасыз болады: тәп-тәуір, жап-жақсы, тұп-тура, дұп-дұрыс, сүп-
сүйкімді, қып-қызыл, қап-қара, ап-алыс, мып-мықты.
Араларына да, де, та, те шылауын салып, етістіктің бұйрық рай
тұлғаларынан жасалған анықтама (сипаттама) тіркестер дефис арқылы
жазылады, шылау сөз бірінші компонентке қосылады: аста-төк (байлық),
ұрда-жық мінез, уда-шу (айғай), келде-кет (болып отыру).
Е с к е р т у. Ақ, көк деген сын есімдерге күшейткіш буын үстелгенде, олар аппақ,
көкпеңбек түрінде айтылады және осылай жазылады.
г) Екі сыңары да түсініксіз қос сөздер: алай-түлей, кәкір-шүкір, қиян-
кескі, үбірлі-шүбірлі, алда-жалда, апақ-сапақ, алқам-салқам, дел-сал, жапа-
тармағай, жым-жылас, жым-жырт. Қос сөзден жасалған одағайлар мен
еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің де сыңарлары жеке алғанда
мағынасыз сөз болады: жарқ-жұрқ, гу-гу, тарс-тұрс, сарт-сұрт, пай-пай,
аһ-уһ, шөре-шөре, әукім-әукім, быт-шыт, қалт-құлт.
§ 69. Плеоназмдардың (қосақтап қолданылған мағыналары бірдей
немесе жуық сөздердің) көпшілігі дефис арқылы жазылады: ел-жұрт, дау-
жанжал, күш-қайрат, ұшы-қиыры, ар-намыс, аз-кем, ен-таңба, шам-шырақ,
айып-шам, шет-жағасы, хал-ахуал, мүкі-тақы (мүкі – “аздап”, тақы – арабша
“аздап”).
Е с к е р т у. Қатарласа қолданылған мағыналас сөздердің бірқатары дефисссіз бөлек
жазылады: ежелгі ескі (досы), құр босқа, құр текке (мұндағы құр сөзі бекер, босқа, текке деген
сөздермен синонимдес), ақыр аяғында (ақыр – арабша "соң, ақыр” деген мағынада), сәске түс
(сәске – парсыша “түс”), әуел бастан (әуел парсыша “бас”), шынайы таза (бұлардың жазылуын
орфографиялық сөздік реттеп көрсетеді).
|