§ 70. Екі компоненті бір-бірімен мағыналас ала-бөле, желе-жортып,
баса-көктеп, жуып-шайып, өсіп-өну, қырып-жою, кекеп-мінеу, жылап-еңіреу
сияқты етістіктер де плеонастық қатарлар түзіп, дефис арқылы жазылады.
Бұлардың екінші сыңары әр түрлі тұлғада өзгеріп отыруы мүмкін. Ондай
жағдайда да дефиспен жазыла береді: жуып-шайып, жуып-шайды, жуып-
шайғалы отыр, өсіп-өнді, өсіп-өне бермек, өсіп-өндік.
Ал тұлғасы жағынан осыларға ұқсас, бірақ біреуі негізгі, екіншісі
көмекші етістік болып келетін (яғни тең мағыналас емес) айта сала, келе
сала, көре сала, ести сала, көре тұра, біле тұра, ести тұра, сөйте тұра, кіре
бере, түсе бере, ала бере сияқты етістіктер бір-бірінен бөлек жазылады.
Е с к е р т у. Қос сөз немесе плеоназм типтес құрылымдардың әр компоненті бірнеше
сөзден тұрса, олар үтір арқылы немесе ешқандай тыныс белгісі қойылмай жазылады (соңғы
жағдай араларында мен жалғаулығы бар жерде болады): үн жоқ, түн жоқ (ал үнсіз-түнсіз), әй
дер ажа, қой дер қожа жоқ; бір сырлы, сегіз қырлы; апы кіріп, күпі шығып; алты аласы, бес
бересі; үлде мен бүлдеге (оранған); күн демей, түн демей, (ал күні-түні, күн-түн демей), аз
болсын, көп болсын (ал азды-көпті), ерте болсын, кеш болсын (ал ертелі-кеш); о жақ, бұ жағы, о
шеті мен бұ шеті.
§ 71. Тең мағыналы немесе қарама-қарсы мағыналы екі сөзден
жасалған термин мәнді күрделі анықтауыштар дефис арқылы жазылады:
оқу-ағарту жүмысы, әкімшілік-басқару жұмыстары, халық-азаттық
қозғалысы, салыстырмалы-тарихи әдіс, ғылыми-көпшілік әдебиет, үгіт-
насихат жұмысы, орысша-қазақша сөздік, есеп беру-сайлау жиналысы.
§ 72. Екі сөзден тұратын ғылыми дәреже, атақтардың және қызмет
дәрежесін немесе мамандықты көрсететін атаулардың арасына дефис
қойылады: премьер-министр, вице-президент, тілші-фонетист, редактор-
математик, инженер-байытушы, әнші-композитор.
§ 73. Машиналар мен олардың бөліктерінің және өзге де техникалық
жүйелердің күрделі атаулары дефис арқылы жазылады. Олардың басым
көпшілігі орыс тілінен енген сөздер болып келді: дизель-мотор, стоп-кран,
вакуум-аппарат, телефон-автомат.
§ 74. Күрделі өлшем атаулары дефис арқылы жазылады: тонна-
километр, адам-күн, киловатт-сағат, вольт-ампер (бірақ: вольтметр), ватт-
сағат (бірақ: ваттметр).Бұл ережеден еңбеккүн сияқты бірер сөз тыс
тұрады. Орыс тілінен енген немесе орыс тілі үлгісімен жасалған статус-
кво, х-сәуле, альфа-сәуле, м-1, ОСВ-2 сияқты атаулар дефиспен жазылады.
§ 75. Орыс тілі орфографиясы бойынша қолданылатын жер-су және
кейбір халық аттары дефиспен келсе, дефис қазақша жазуда да сақталады:
Орехово-Зуево, Соль-Илецк, Могилев-Подольск, Нью-Йорк, Рио-де-Жанейро,
Лос-Анжелос, коми-зырян, угро-фин. Орыс тілінде дефиспен жазылатын
Қазақстан, Орта Азия жеріндегі топонимдер қазақша түрінде дефиссіз
(кейде бөлек) жазылады: Алматы (орысша бұрынғы жазылуы Алма-Ата),
Ыстықкөл (орысша – Иссык-Куль), Қызылорда (орысша Кзыл-Орда).
§ 76. Екінші сыңары біріншісін айқындайтын қосалқы мүшелі күрделі
атаулар дефис арқылы таңбаланады: зауыт-институт (әрі институт ретінде
қызмет ететін зауыт), зауыт-филиал (филиал болып саналатын зауыт), кафе-
бар (бар типтес қызмет ететін кафе), вагон-ресторан (ресторанға арналған
вагон), гараж-тұрақ, диван-кереует.
§ 77. Орыс тілінде дефиспен жазылатын кісі аттары (көбінесе
фамилиялары) қазақша жазуда да дефис арқылы таңбаланады. Бұлар,
негізінен, орыс халқы және Еуропа, Америка т.б. халықтары өкілдерінің
аты-жөндері болып келеді: Немирович-Данченко, Новиков-Прибой, Книппер-
Чехова, Жолио-Кюри, Дон-Жуан, Дон-Кихот. Соңғы екі есімнен жасалған
донжуандық, донкихоттық деген жалпы есімдер қосылып, кіші әріппен
жазылады.
Араб халықтары есімдерімен келетін әл, аш, ар, аз, әд, бен сияқты
элементтерден соң дефис қойылады, олардың өздері кіші әріппен алдыңғы
сөзден бөлек жазылады: Абд ар-Рахнан әл-Халиси, Ибрагим әл-Муфти,
Авадх бен-Солех бен-Галеб, аз-Закир Рукн ад-Дин Бейбарс, әл-Фараби, әл-
Кинди.
Е с к е р т у. Араб халыктары аты-жөндерімен келетін ибн сөзі кіші әріппен бөлек
жазылады: Әмір ибн Кулсум, ибн Халдун, ибн Сина, Тарафа ибн әл-Абд.
Араб атауларында келетін демеуліктер де алдыңғы сөзден бөлек, ал
өзінен кейінгі сөзден дефис арқылы жазылады: жами’ат-тауарих, әл-
Маджмағу л-илмий (“Ғылым академиясы” деген мәндегі тіркес), Китаб әл-
Хамаса (Батырлар туралы кітап).
Түркі, парсы т.б. халықтар есімдерінің соңында келетін паша, бей, бек,
заде, оглы сияқты тұлғалар да дефис арқылы кіші әріппен жазылады:
Турсун-заде, Нахас-паша, Измаил-бей, Абдулла-бек.
Түркі, моңғол хандары есімдерінің соңында келетін хан сөзі дефиссіз
бөлек жазылады (ал орыс жазуында бұл дефис арқылы таңбаланады):
Шыңғыс хан (орысша – Чингиз-хан), Тәуке хан (орысша – Тауке-хан), Жәңгір
хан (орысша – Джангир-хан).
§ 78. Реттік сан есімдер цифрмен жазылса, өзіне қатысты сөзбен
араларына дефис қойылады: 7-сынып (жетінші сынып), 15-үй (он бесінші
үй), 50-километр (елуінші километр). Кейде реттік сан есім жасайтын,
-ншы, -нші, -ыншы, -інші жұрнақтары көрсетіліп жазылуы мүмкін, ол
күнде де дефис сақталады: 7-нші сынып, 15-інші үй, 50-інші километр. Айды,
жылды көрсететін цифр мен ай атын білдіретін сөз және жылы деген
сөздердің арасына дефис қойылмайды: 8 наурыз, 1 қазан, 1987жыл.
8. ҚЫСҚАРҒАН СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ
§ 79. Жеке сөздердің басқы әріптерінен құралып қысқарған сөздер бас
әріптермен жазылады, ол әріптердің ара-арасына ешқандай тыныс белгісі
қойылмайды: БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), АҚШ (Америка Құрама
Штаттары), ҒА (Ғылым академиясы).
§ 80. Алғашқы сөздің басқы буынынан, соңғы сөздердің бас
әріптерінен қысқарып жасалған сөздің алғашқы қысқарған буынының
бірінші әрпі бас әріппен, қалғандары кіші әріппен жазылып, кейінгі әріптер
бас әріппен жалғастырылып жазылады: КазТАГ (Қазақ телеграф агенттігі),
КазМУ (Қазақ мемлекеттік университеті).
§ 81. Буындардан және буын мен тұтас сөз араласып қысқарған сөздер
кіші әріптермен бірігіп жазылады: ауатком, Түрксіб.
§ 82. Адамның аты-жөні (көбінесе өз есімі мен әкесінің аты)
қысқартылып, бас әріппен белгілегенде, әр әріптен кейін нүкте қойылады:
А.С.Пушкин, М.Горький, М.О.Әуезов, С.Мұқанов.
9. ШЫЛАУЛАРДЫҢ ЖАЗЫЛУЫ
§ 83. Шылаулар, негізінен, бөлек жазылады: Қалам да, қарындаш та
үстел үстінде жатыр. Қалам мен карындаш үстел үстінде жатыр. Мен әрі
қаламмен, әрі қарындашпен жазамын.
Бөлек жазылатын шылаулар мыналар (алфавит тәртібімен): ал,
алайда, әйткенмен, әрі, әлде, басқа, бері, бұрын, бірақ, біресе, бірде, гөрі, ғана
(қана), ғой, дағы (сен дағы), да (де, та, те), дегенмен, дейін, және, жуық
(жүзге жуық), екеш (бала екеш бала да түсінеді), кейін, қабат, қарай,
қаралы (жүз қаралы), қатар, құй, құйт, ма (ме, ба, бе, па, пе), мен (бен, пен),
менен (бенен, пенен), мейлі, не болмаса, немесе, онда да, өйткені, сайын,
себепті, сондықтан, сияқты (секілді, сықылды), сон, сынды, туралы, түгіл,
шақты, шамалы, ше, шейін, үшін, я, я болмаса, яки.
§ 84. Да (де, та, те) шылауы бірақ, әлі, тағы, сондықтан, сонда, әйтсе,
сөйтсе, және, қандай, сірә деген сөздермен жанаса қолданылғанда, олардан
бөлек жазылады: бірақ та; әлі де (болса), тағы да (айтарым), сондықтан
да, сонда да, әйтсе де, және де, қандай да болса, сірә да (Сірә да, бұл сөзіңіз
естен кетпес. М.Әуезов).
§ 85. Сұраулық ше шылауы шы, ші болып айтылғанмен, ше түрінде
жазылады: Мен он төрттемін, ал сен ше? (айтылуы – сен ші). Үлкендер
жиналып болды, ал балалар ше? (айтылуы – балалар шы).
§ 86. Ақ, ай, ау, мыс (міс), ды (ді, ты, ті) шылаулары өзінен бұрынғы
сөзбен дефис арқылы жазылады: жақсы-ақ, жүрісін-ай, қарағым-ау,
айтыпты-мыс, келіпті-міс, болған-ды, келген-ді.
Ойпырай, ойпырмай, япырау, япырмай, япырмау сияқты одағайлардың
құрамындағы ай, ау шылаулары сөзбен бірге жазылады.
§ 87. Әдетте шылаулар жалғаулардан кейін келеді: Сен үйде қаласың
ба, әлде киноға барасың ба? Әңгімені келістіріп айтасың-ақ. Мен осы үйдің
ұлымын да, кызымын да.
Ма (ме, па, пе, ба, бе) сұраулық шылаулары және ақ, да шылаулары
кейде жалғаулардан бұрын келеді. Ондайда бұл шылаулар қосылып
жазылады. Ма, ме, ба, бе, па, пе шылаулары мы, мі, бы, бі, пы, пі болып
өзгереді: Сен үйде қаламысың, әлде киноға барамысың. Әңгімені келістіріп
айтадыақсың. Мен әңгіме айтуға жоқақпын. Мен осы үйдің ұлыдамын,
қызыдамын.
§ 88. Да (де, та, те) шылауын осы тұлғалас септіктің жалғауымен; ма
(ме, ба, бе, па, пе) шылауын осы тұлғалас болымсыздықты білдіретін
жұрнақпен; мен (бен, пен) шылауын осы тұлғалас көмектес септік
жалғауымен; ше шылауын үстеудің осы тұлғалас жұрнағымен шатастырмау
керек: да (де, та, те) тұлғасы жалғанып тұрған сөз кімде? неде? қайда?
қашан? қайткенде? неткенде? деген сұрақтарға жауап берсе, жалғау
болады да, сөзбен бірге жазылады. Басқа жағдайда шылау болады.
Шылауды түсіріп айтқанмен, сөйлемнің жалпы мағынасы бұзылмайды.
Жалғауды түсіріп айтып көргенде, сөйлем түсініксіз болып шығады.
Мысалы: Ол менің жанымда (қасымда) келе жатыр (қайда келе жатыр? –
жанымда). Менің жаным да алма ағаштай гүлдеді (Жамбыл). Не гүлдеді? –
жаным гүлдеді. Ал алдыңғы сөйлемді Ол менің жаным келе жатыр деп, да
тұлғасын түсіріп айтуға болмайды.
Ма (ме, ба, бе, па, пе) тұлғасы бар сөйлем ішінде сұраулық мән болса,
ол тұлға шылау болады. Бұл шылау есімдермен де, етістікпен де, үстеумен
де қолданыла береді: Мынау тау ма, төбе ме ? Бүгін күн жылы ма, суық па?
Сен мына кітапты оқыдың ба? Оның келер күні ертең бе? Ал ма (ме, ба, бе,
па, пе) тұлғасы тек қана етістіктермен тіркесіп, болымсыздық мағына беріп
тұрса, ол жұрнақ болады да, сөзбен бірге жазылады: Жалған сөзді айтпа.
Сен бүгін киноға барма.
Мен (бен, пен) тұлғасын және деген сөзбен алмастырғаннан (сөйлемдегі
сөздердің орнын қозғамай) немесе мүлде алып тастағаннан сөйлем
мағынасы бұзылмаса, ол шылау болады: Қалам мен қағаз үстел үстінде
жатыр – Қалам және қағаз үстел үстінде жатыр – Қағаз, қалам үстел
үстінде жатыр. Бұл тұлғаны алып тастауға немесе оны және шылауымен
алмастыруға болмайтын болса, ол жалғау болады: Ол қаламмен жазды – Ол
қалам жазды немесе Ол қалам және жазды деуге болмайды.
10. ОДАҒАЙЛАРДЫҢ ЖАЗЫЛУЫ
§ 89. Одағайлар, көбінесе, естілуінше жазылады. Сондықтан бір одағай
екі-үш түрлі болып жазылуы мүмкін: ойпырай, ойпырой, ойпыр-о-ой,
ойпырмай, ойпырмау; япырмау, япырау; уа, аһ, уай, уау, уа-а-а, уһ.
§ 90. Бір сөздің екі-үш (кейде төрт рет) қайталанып айтылуы
одағайларда жиі кездеседі, ондайда араларына дефис қойылады: әй-әй, жә-
жә, беу-беу, ха-ха-ха, ай-ай-ай, моһ-моһ, шөре-шөре.
Түбір сөз тұтасымен қайталанбай, жеке дыбыстары қайталанып
айтылуы да (созып айту) – одағайларға тән құбылыс, мұндайда да
қайталанған дыбыстар дефис арқылы жазылады: еһе-һе-һе, қа-а-п, бәрекелді-
і, ура-а-а, ә-ә-й.
11. БАС ӘРІПТІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
§ 91. Сөйлем соңына қойылған нүкте, көп нүкте, сұрау белгісі және леп
белгісінен кейінгі келесі сөйлемнің бірінші сөзі бас әріптен басталып
жазылады:
1) Үш жыл өтті. Жаз күні. Қас қарайған уақыт. Ворошилов атындағы
колхозда ұйықтамаған үй кемде-кем (Ғ. Мұстафин).
2) Япырау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мынау! Ербол-ау, мен қайда
тұрмын осы? Мынау үйде мені шақырып отырған Тоғжан ғой (М.Әуезов).
3) Абай жүрегі өзгеше бір еміреніп келеді. Кеуде де талай ыстық.
толқын сезімдер сыя алмай, сығылысқандай... Өлең әнге оралып, еркеленіп
келеді... Үзіле алмай ырғалады (М.Әуезов).
§ 92. Қаратпа сөздер мен одағайлардан және жоқ, иә деген сөздерден
соң қойылған леп белгісінен кейінгі сөз бас әріппен басталып жазылады:
Қозы! Жаттан жақын, қастан дос, ашудан ақыл тауып әкеле жатырмын!
Жоқ! Бетің түзу!Аһ! Арманда кеттім-ау, Баян! (Ғ.Мүсірепов).
Е с к е р т у л е р . 1. Төл сөздегі сөйлемге қойылған сұрау, леп белгілерінен және көп
нүктеден кейінгі автор сөзі кіші әріптен басталып жазылады.
Мәкіш:
– Абай, осы сен ақынсың-ау! – деді де, күліп жіберді.
Абай әуелі үркіп қалғандай қысылып қалып:
– Е, оны кайдан білдің? – деді (М.Әуезов).
– Көңіл көтерейік, өлең айтайық... Билейік... – деді Быков жинала бастаған жұмыскерлерге
(Ғ.Мүсірепов).
2. Көп нүкте сөйлеушінің қысылып, тұтығып не басқа себептермен бөліп-бөліп айтқан бір
сөйлем ішіндегі сөздерінің арасына қойылған болса, одан кейінгі сөз кіші әріппен жазылады.
Мысалы:
– Дүние... дүние қалай еді? Дүниеде... сірә, сендей маған жар жоқ, саған жар... менен
артық табылса да... – деп қалды (М.Әуезов).
§ 93. Төл сөз және цитаттар бас әріптен басталып жазылады.
Мысалы:
1) Тарасенко менің қағаздарымды аударыстырып отырды да:
– Жолдас аға сержант, командирлер курсына барасың! – деді
(Ғ.Мүсірепов).
Біржан ақырын ғана үн қатып:
– Ән салса, Әйгерім ғана салсын да! – деді (М.Әуезов).
2) Осымен байланысты әр сөздің жалпылаушы қасиеті болатындығын
көрсетіп, В.И.Ленин: “Сезімдер шындықты көрсетеді: ой мен сөз жалпы
болады”, – дейді (К.Аханов. “Қазақ тілі лексикасы мәселелері”).
Кейде цитат автор сөзінің жалғасы немесе ажыратылмас бөлігі ретінде
жымдастырыла келтірілуі мүмкін. Ондайда тырнақшаға алынғанмен, цитат
кіші әріптен басталып жазылады және алдынан не соңынан төл сөзге
(цитатқа) тән тыныс белгілері қойылмайды.
Мысалы:
Ел қамы үшін емес, өз қамы үшін, елді бірлестіру үшін емес,
араздастыру үшін оқитын, ойында “я тілмаш, я адвокат болу” жүрген
қазақ балаларына Абай дұшпан. Бірақ бұлардың “қаны бұзық сұм-сұрқия
болуына ” орыстың оқуы айыпты емес, өскен ортасы, сол ортаның бұзық
мінезін қабылдаған өздері айыпты (С.Мұқанов).
Мұнда тырнақшаға алынған бөліктер – Абайдан келтірілген
цитаттар.
Жақша ішіне алынған ремаркалар, өзге де сілтемелер аяқталған
сөйлемнен кейін келтірілсе, бас әріптен басталып жазылады.
Мысалы, жиналыс стенограммасынан: Сөйтіп, жолдастар, жаңа оқу
жылын мектептің жаңа үйінде бастап отырмыз. Ол үшін құрылысшыларға
мың да бір алғыс айтамыз (Қол шапалақтау).
Пьесадан: Жантас (шыға кеп). Е, жүр олай болса! (Тысқа шығып
айғайлап). Мына жақта, мына келеді! Шегіне, шегіне ат! (Өзі атып-атып
жібереді) (М.Әуезов).
§ 94. Адамның өз аты, әкесінің аты және фамилиясы, сондай-ақ лақап
аты (псевдонимі), ныспысы (туып-өскен жеріне, руына т.б. қарай аталған
көбінесе тарихи есімдер) бас әріптен басталып жазылады: Шоқан
Шыңғысұлы Уәлиханов, Владимир Владимирович Маяковский, Максим
Горький, Қадырғали Жалайыри, әл-Фараби (Әбу-насыр Фараби), Қоңыр,
Жаяусал (М. Әуезовтің алғашқы кездегі лақап аттары).
Кісі аттарының алдынан не соңынан адамның белгілі бір қылығын,
қасиетін, кемістік-жетістігін т.б. көрсететін сын есімдер – тұрақты
эпитеттер қосылып, ел атап кеткен жалқы есімге айналады. Ондай сөздер
жалқы есімнің алдынан келсе, бас әріппен жазылады, соңынан келсе, кіші
әріппен жазылады. Мысалы: Ер Төстік, Қыз Ақжелең, Қыпшақ Сейітқұл
(Ы.Алтынсариннен), Кішкене молда (М.Әуезовтен), Тентек Ояз (бұл да
сонда), Сумұрын Сүкең (С.Мұқановтан), Судыр Ахмет (Ә.Нұрпейісовтен),
Ұлы Петр, Ақсақ Темір, Шықбермес Шығайбай; Баян сұлу, Қамар сұлу,
Қамбар батыр, Жиренше шешен, Ақан сері, Біржан сал, Игілік би
(Ғ.Мүсіреповтен
).
Е с к е р т у. Мұндай тұрақты эпитеттерді жалпылама айқындауыш анықтауыштармен
шатастырмау керек. Айқындауыштар да бөлек, бірақ кіші әріппен жазылады: ақын Абай, ғалым
Шоқан, Ыбырай педагог, әнші Күләш, мұғалім Мұрат, Мұрат мұғалім, агроном Оспан, Оспан
агроном, етікші Жүсіп.
Дефис арқылы жазылатын екі сөзден құралған фамилиялардың екеуі де
бас әріптен басталып жазылады: Жолио-Кюри, Книппер-Чехова, Сергеев-
Ценский, Семёнов-Тяньшанский.
Үш бөлімнен тұратын қытай аттарының бірінші, екінші сөздері бас
әріппен бөлек жазылып, үшіншісі екіншімен қосылып жазылады: Шу
Цинчунь, Го Тайци, Фэн Цзицан, Сунь Иминь, Лу Вэньтин. Ал екі бөлімнен
құралған қытай аты-жөндерінің әр компоненті бас әріппен дефиссіз
жазылады: Ляо Шэ, Чень И, Ван Мэн, Шэнь Жун.
Корей, Индонезия, Бирма, Таиланд, Вьетнам, Шри-ланка
халықтарының аты-жөндерінің әрбір сөзі бас әріппен, дефиссіз жазылады:
Хо Ши Мин, Те Дян Хен, Ким Чон Тхе, Цой Дор Сан.
Орыс халқының кісі аттарьг орысша орфографиясы сақталып
жазылады. Шет жұрттық халықтар өкілдерінің есімдері, негізінен, орыс
тіліндегі жазылуынша таңбаланады: Александр Дюма, Джек Лондон, Джон
Голсуорси, Эмиль Золя, Абэ Кобе, Маргарет Митчелл т.б. Моңғол есімдері де,
негізінен, орысша жазылуынша таңбаланады. Бұлардың ішінде қазақша
қалыптасқан кейбір тарихи есімдер сол қалыптасқан түрінде жазылады:
Шыңғыс хан, Жошы, Бати, Үкетай, Қалдан-Церен, Қонтайшы т.б.
§ 95. Әр алуан мифологиялық “иелердің”, “құдайлардың”,
“әулиелердің” аттары бас әріппен жазылады: Антей, Зевс, Геркулес, Иусус
Христос, Мұхамбет пайғамбар, Будда, Зеңгібаба, Ойсылқара, Қамбарата,
Шопаната, Бифатима, Әзіреті Әли, Бабатүкті Шашты Әзиз, Бабата.
§ 96. Ру аттары кіші әріппен жазылады. Мысалы: Бұнда отырған
ауылдар – борсық, жексен аулы. Ол Жиренше бір Шыңғыс болысы емес,
көршілес көкше, мамайға да, керей, уаққа да білікті жігіт болған
(М.Әуезов). Жұман – алтай-қарпыққа мәлім тапал адам. Е, сексен аулының
жігіттері ме? (Ғ.Мүсірепов).
Ру аттарынан жасалған туынды сөздер де кіші әріппен жазылады:
Өзінің бөкеншілік, ағайындық сөзін қосып, Дәркембайды сәл кінәлағандай
сөйлеген еді (М.Әуезов). Жалқы есімдерден жасалған туынды тұлғалар да
кіші әріппен жазылады: қожанасырлық, қарабайлық, судырахметшілеу.
§ 97. Халық, ұлт, тайпа аттары және адамның тұрған жеріне (қаласына,
өлкесіне) қарай -лық (-лік, -дық, -дік, -тық, -тік) жұрнағы жалғанып
жасалған атауы кіші әріппен жазылады: қазақ, орыс, румын, қытай, итальян;
мәскеулік, киевтік, семейлік, алтайлық.
§ 98. Мал құс, ит т.б. қойылған аттар бас әріппен жазылады: Төрткөз,
Жолбарыс, Бөрібасар (иттер), Қараторғай, Ұябасар (бүркіт аттары), Ақбоз,
Буданкөк, Көкжорға (жылқы аттары).
§ 99. Географиялық атаулар (жалқы есімдер) бас әріппен жазылады:
Алматы, Алатау, Іле, Балқаш, Сібір, Каспий теңізі, Тынық мұхит, Кеңқияқ,
Нарын, Қосшағыл, Өскемен.
Орыс тілі арқылы енген географиялық атаулар (жалқы есімдер) орыс
тіліндегі түрінде жазылады: Орехово-Зуево, Великие Луки, Лос-Анжелос, Рио-
де-Жанейро, Бомбей, Куала-Лумпур.
Аталуы бұрыннан қазақша қалыптасқан кейбір жер-су, мемлекет, қала
т.б. аттары сол қазақша қалыптасқан түрінде жазылады: Қытай (Китай
емес), Қырым (Крым емес), Омбы (Омск емес), Шыңжаң (Синьцзянь емес).
§ 100. Кейбір мемлекет одақтарының, халықаралық ұйымдардың
аттарының әрбір сөзі бас әріппен жазылады: Біріккен Ұлттар Ұйымының
Бас Ассамблеясы, Қауіпсіздік Кеңесі.
§ 101. Жеке мемлекет ретіндегі республика аттарының әрбір сөзі бас
әріппен жазылады: Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан Республикасы,
Қырғызстан Республикасы.
Достарыңызбен бөлісу: |