лексикалық мағына, грамматикалық мағына, сөзжасамдық мағынаның бір-бірінен айырмашылығы мен ұқсастығын аңғару;
сөздің терең мағыналық құрылымын анықтай білу;
семантикалық үшбұрыш теориясын меңгеру;
Сөз мағынасының макрожүйесін құрайтын бөлшектері мен микрожүйесін құрайтын мағыналық бөлшектерді анықтау;
Сөз семантикасының жүйелілігін көрсету;
парадигматикалық және синтагматикалық қатынасты талдай білу;
семантикалық өріс теориясын меңгеру;
сөз мағынасының когнитивтік негізін саралай білу.
“Қазақ тілінің семантикасы“ пәнінің өзге пәндермен байланысы:
Тіл – жүйелі құбылыс. Әлем бейнесінің бүкіл көрінісі мен қоғамдық сана қалыптастырған ұғымдарды бейнелейтін адамзаттық тіл – танымдық феномен. Тілдің негізгі қызметі – қарым-қатынас құралы болу; тарихи жад қалыптастыру. Тіл - ұлттық болмыс пен санадағы дәстүрді сақтаушы негізгі таңбалық жүйе. Коммуникативтік әрекет ұлттық мәдениеттің құрамды бөлігінің бірі болып қана қоймайды, бүкіл мәдениет пен танымның негізгі тұғыры саналады. Мәдениет тілдік таңба арқылы жүйеленіп, таңбаланып, адамдар арасындағы маңызға ие бола алады.
Демек, сөз мағынасын, мәнін зерттейтін семантика пәні философиямен, мәдениеттанумен, когнитивті психологиямен, логикамен тығыз бірлікте қарастырылады.
Студенттердің біліктілігіне қойылатын талаптар. “Қазақ тілінің семантикасы” пәні студенттерге қазақ сөзінің ішкі мағыналық құрылымын зерделеп, оны семалық жіктерге бөлуді, сөздің ішкі мағыналық иірімдерін түсініп, олардың анықталу шегін бағамдауды үйретеді. Жоғары білімді маман ретінде студент сөздің сыртқы тұлғасын, грамматикалық құрылымын талдап қана қоймай, оның семантикалық терең ішкі мағыналық сипатын да тани білуі қажет. Ол үшін лексикалық бірліктің мағыналық құрылымын ішкі семаларға айыра білуі шарт. Сөз мағынасының құрылымдық бөліктеріне талдау – сөздердің сөйлемдегі және контекстегі қолдануымен байланыста қарастырылады. Сөз мағынасына тіл элементі ретінде зерттеу жүргізгенде, сөйлеудің элементі ретінде де талдау жасауға болады. Ал семалар жүйесі арқылы семантикалық өріс ұғымы айқындала алады.