Орман шаруашылығының орналасқан аумағы
Ақмола облысы — Қазақстан Республикасының солтүстігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлігі. 1939 жылы құрылған. 1961–1992 жылдары Целиноград облысы болып аталды.
Жер аумағы 146,2 мың км². Тұрғыны 738 611 адам, орташа тығыздығы 1 км²-ге 5,05 адамнан келеді (2018)[3]. Солтүстігінде Солтүстік Қазақстан, шығысында Павлодар, оңтүстігінде Қарағанды, батысында Қостанай облыстарымен шектеседі. 14 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік ауданға бөлінген. 10 қала, 13 кент, 245 ауылдық әкімшілік округ бар. Әкімшілік орталық – Көкшетау қаласы. Ақмола облысы Сарыарқаның солтүстік-батыс бөлігінде, Есіл өзенінің жоғарғы ағысындағы дала белдемінде орналасқан. Жерінің басым бөлігі абсолюттік биіктігі 400 м-ден аспайтын аласа белесті, ұсақ төбелі жазық. Солтүстігінде Көкшетау қыратының сілемдері (Сандықтау, Домбыралы, т.б. аласа таулар) орналасқан. Облыстың батыс, орталық, шығыс бөліктерін Есіл, Атбасар, Сілеті жазықтары алып жатыр. Оңтүстік-батысында Теңіз-Қорғалжын ойысы бар. Облыстың батыс жағында Есіл өзеніне дейін Торғай үстіртінің шығыс шеті еніп жатыр. Есіл өзенінің оң жағалауы Атбасар, сол жағалауы Теңіз жазықтарымен шектеседі. Оңтүстік-шығысында орманды, көркем Ерейментау өңірі орналасқан. Оның негізгі бөлігі жартасты, қырқалар тізбегінен (100 – 500 м) тұрады. Жерінің геологиялық құрылымы каледон және герцин қатпарлығы кезеңінде қалыптасқан. Палеозой дәуірінің соңында континенттік түзілу кезеңі басталды. Өте ұзақ мерзімге созылған тегістелудің нәтижесінде пайда болған таулы өлке мезозой дәуірінде бірте-бірте қыраттарға айналды. Облыс жері негізінен палеозойдың метаморфтанған тақтатастарынан, кварциттерінен, құмтастарынан, альбитофириттерінен, әктастарынан, конгломераттарынан түзілген. Солармен бірге интрузивті (гранит, диорит, габбро, т.б.) және эффузивті жыныстар кең таралған. Байырғы жыныстарды неоген мен төрттік дәуірлердің сарғылтым шөгінділерінің қалың қабаттары жауып жатыр.
1.2Аудан өңірінің гидрологиялық жағдайы
Ірі өзендері Есіл, оның салалары – Қалқұтан, Жабай, Терісаққан, Нұра, Сілеті, Өлеңті, Құланөтпес, т.б. Облыста көл көп, олардың 94-і тұщы. Ірі тұщы көлдері Қорғалжын, Қожакөл, Шолақшалқар, Балықтыкөл, Ұялышалқар, т.б. Ірі тұзды көлдері Теңіз, Керей, Итемген, Қыпшақ, Мамай, Үлкен Сарыоба және Астана және Сілеті бөгені бар. Олардан басқа жер суғаруға 37 тоған салынған, жалпы су көл. Жалпы ауданы 180,6 млн м3. Қорғалжын көл жүйесін сумен толықтыру және Астананың өнеркәсібін сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Нұра өзені арқылы 70 – 74 млн м3 Ертіс суы беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |