Қазақстан археологиясы


Тұрақтар мен жекелеген заттар



бет11/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Тұрақтар мен жекелеген заттар. Қазақстан аумағында кейінгі палеолиттің толық зерттелген ескерткіштері көп емес. Жоғарғы палеолиттік өзге тұрпаттармен бірге Қазақстандағы тас құралдардың негізгі көпшілігінде тұтас ұзынша малта тастардан жасалған ежелгі шапқы құралдар, жүзі шығыңқы неме­се имек ауыр қырғыштар, дөңгелек өзектастардан алынған үшкіл тас тіліктері бұрынғыша басты орын алады.
Көне замандары тас өңдеудің жергілікті қазақстандық-ортаазиялық әдістері соңғы палеолитте Алтай мен Сібірді мекендеушілердің арасында кеңінен тарады.
Балқаштың солтүстік төңірегінің жоғарғы-палеолиттік ескерткіштерінің соңғы шекарасы осы заманғы антропогеннің басталуымен немесе геологиялық голоценнің басталуымен тұстас келеді. Нақ осы уақытта құрғақ климаттың басталуына бай­ланысты ірі сүт қоректілерді аулайтын аңшылар тайпалары кеуіп қалған шалғын алқаптардан кетуге және мамонттардың, бизондардың соңынан ере отырып, солтүстікке қарай ылғалы мол аймақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар Тораңғы өзенінің аңғарындағы, Түлкілі мен Семізбүғы тауларының бөктеріндегі көптеген тұрақтарда талай тас заттар: сына тәрізді өзектастар, өзектас-қырғыштар, шомбал дөңгелек тас жаңқалары мен пышақ тәрізді тас тіліктерге негізделген қырғыштар, ортаңғы қыры кесетін кескіш­тер, мустьелік бітімді үшкіртастар, «сібірлік» тұрпатты ауыр қырғыштар қалдырды. Орталық Қазақстанның басқа жерлерінен, мысалы, Батпақ-7, Қарабас-3, Ангренсор-2 жұрт-орындарынан да тас құралдар табылды.
Мустьелік Батпақ-8 ескерткішінің қасындағы бірінші тұрақтың (Батпақ-7) қалың мәдени қабаты бар. Онда мамонт фаунасына жататын сүт қоректілердің сүйектері табылған. Заттардың ішінен үш бұрышты және трапеция тәрізді жасалған әрі жан-жағынан жарылып алынған екі ірі тас тілігі ерекше көзге түседі.
Қарабас-3 жұрт-орнынан (Қарағандының оңтүстік-батыс жағында) порфириттен жасалынған 172 дана бұйым жиналды. Олардың ішінде дөрекі тас жаңқалар, екі дөңгелек өзектас, тас жаңқалары шағып алынған із байқалатын алты ұра-тас, үш дөрекі тас тілігі, шапқы құралдар және сүңгі ұшының сынығы бар.
Үшінші тұрақ Орталық Қазақстанның шығыс жақ шетінде (Екібастұз қаласының оңтүстің жағында), Ангренсор көлі солтүстіктен орап жатқан шоқының оңтүстік баурай­ына орналасқан. Бұл жерден яшмадан жасалған 1000-нан аса бұйым жиналды. Олар - көп алаңды дөңгелекше келген сүйір өзектастар, соқпа қыры жақсы аңғарылатын қысқа және жалпақ тас жаңқалар, тас тіліктері, жонғыштар, шапқы тәрізді құралдар, қырғыштар, кескіш-тескіштер, сүңгінің жапырақ тәрізді ұштарының сынықтары.
Шығыс Қазақстан ескерткіштерінің ішінде де жарқын нысандар жеткілікті. Әсіресе олардың арасынан үш ескерткіш материалдары ерекше көзге түседі деуге болады.
Бірінші тұрақ Бұқтарма өзенінің құйылысына жақын жердегі кішігірім әкті үңгірге кіре берісте орналасқан. Батыс жағынан кіретін аузы бар үңгір екі үңгіме қуыстан тұрады; бұлар екеуіне де ортақ кең әрі биік жаппа арқылы біріккен. Мәдени қабатты археологтар үш жыл бойы қазғанып, жер ошақ қалдықтарын, еңбек құралдарын, жабайы аңдардың сүйектерін тапқан. Жоғарғы-палеолиттік адамның аулаған аңдары Бұқтарма үңгірінде плейстоцендік және осы заманғы фаунаның ерекше назар аударарлық қоспасы болып шықты. Одан мамонт пен жүндес зубр, арқар, марал, үңгір қорқауы, қоңыр аю, құлан, қасқыр, Кноблох түйесі, елік, т.б. аңдардың сүйектері аршып алынған.
Топтамада (коллекцияда) тас тіліктерінен жасалған қырғыштар да кездеседі, олардың бірі жалпақ дөңгелек тастан жасалып, айналдырыла түзетілген; шеттері түзетілген және ұшы дөңгелек етіп жасалынған пышақ тәрізді шомбал тас тілігі, пирамида пішінді шағын өзектас, призма секілді өзектастан алынған тас тіліктері, екі шетінде де жұмыс ізі бар порфириттен жасалған тоқпақша бар. Бұлармен бірге малтатастан істелген шапқы құрал, жалпақ тас жаңқасынан жасалған қырғыш және түзетілмеген тас жаңқалары табылды.
Ертістің оң жақ жағалауындағы Новоникольское тұрағынан табылған тас құралдар 0,9-1 м тереңдіктен шыққан. Бұл заттар кешені Қазақстан аумағындағы жоғарғы-палеолиттік кезеңдегі мәдениетке тән. Мұнда үлкен тас жаңқадан дайындалған жұмыс шеті шығыңқы үш бұрышты тұрпатты қырғыш,үшкіртас түрінде түзетілген құрал, призма тәрізді өзектастар және олардан шағып алынған тас тіліктері, ақырында, тұтас малтатастан жасалған ауыр шапқы құрал бар.
Ал үшінші қоныс – Шүлбі. Ол бұрынғы Семей облысы (Шығыс Қазақстан – ред.), Новошульба ауданы Старая Шульба кентінен шығысқа қарай 3 км жерде. Ескерткіш Ертіс өзенінің оң жағасындағы, Ертіс өзенінің оң тармағы болып табылатын Шүлбі өзені сағасына жақын жердегі 35-40 метрлік сөреде орналасқан. Сөре құрылымы өте күрделі. Табандығы шақпақты сланецтерден, шоғырлы бөлігі – құм мен балшықты топырақтан тұрады. Кей жерлерінде оны кішігірім жыралар кесіп өтеді.
Мұнда аңшы-адам ұзақ тұрақтағандығын тас бұйымдары мен шағын ошақтар айқындайды. Тас бұйымдары барлық үш горизонттардан шыққан, бірақ олардың ең көбі 5000-нан астамы үшіншіден жинастырылған. Тас бұйымдар коллекциясында сүйір, сына, призма сипатты өзектастар, жонғыштар мен қырғыштар, үшкіртастар, тескіштер мен шой-балғалар ерекше көзге түседі. Малта тастан жасалған бұйымдар өте ірі көлемді, олардың қайсыбірі, әсіресе өзектастар дөңгелек әрі тығыз. Үшінші горизонттың еденін тазалау кезінде әрқайсысының диаметрі 15 см-ден кем емес 6 дөңгелек келген қара дақ анықталды. Бәлкім, бұл баспананың төбесін тіреп тұрған ағаш бағаналардың ізі болар. Одан басқа, малта тастардан соғылған 2 ошақ орны, диаметрі 25 см от орындары аршылған.
Олжалардың горизонттар бойынша біркелкі көлемде болмауы, жоғарғы горизонтта шағын тұрпатты құралдардың басымдығы, ал ірілерінің – төменгі қабаттарда кездесуі – тұрақты мекен еткен адамдардың палеолит пен неолитте өмір сүргендігін көрсетеді.
Шығыс Қазақстандағы тас құралдар табылған жұрт-орындар Алтай мен Сібірдің Сростки, Бирюса, Афонтова гора-2, Кокорево-2 жоғарғы-палеолиттік ескерткіштеріне ұқсас.
Оңтүстік Қазақстанда кейінгі палеолиттік ескерткіштер онша көп емес. Олардың арасынан Ащысай тұрағы зор қызығушылық туғызады. Оның қалдықтары Тұрлан өзенінің (Терісаққан; Шолаққорған кентінің батысында) биік сол жақ алаңқайында. Алаңқайдың сұр әктен тұратын жарының астыңғы қабатында құмдақ пен құм басып қалған 5-6 метр құлама және малта тас қабат бар; одан жоғары 12-14 м қалың саздақты, ол қалыңдығы 0,3-0,4 м жіктерден құралған. Саздақ қабат сөре тәрізді алаңқайдың бетінен 10 метр терең қазылғанда ашылды.
Қазба барысында жер бетінен 7,5-7,8 м тереңдіктен мәдени қабат аршылған. Одан 15 от орындары анықталған; бұлардың жанында хайуандардың (бизон, тау қойы, жабайы жылқы) уатылған сүйектері және әр түрлі шақпақ тас бұйымдары табылды. Ащысай тұрағының алғашқы аңшыларының қалдырған құралдары арасынан қырғыштар, үшкіртастар, пышақ тәрізді тас тіліктері, тескіштер кездеседі. Сонымен қатар призма және сүйір пішінді өзектастар, өндірістің көптеген қалдықтары аршып алынған.
Соркөл көлі (Байқадам ауылының шығысында) қазаншұңқырының екінші сөре тәрізді биікшесіндегі екі жерден тас бұйымдардың тағы бір топтамасы табылды; ондағы бұйымдарды жасауға шақпақ тас пайдаланылған - арқа тұсы кең бұрыс қырлы тас жаңқалары мен тіліктері, призма және сүйір тәрізді өзектастар, қырғыштар.
Сондай-ақ, бірқатар кейінгі палеолиттік көрнекті құралдары Үсіктас өзенінің үшінші алаңқайының жарқабағынан ашылды. Шағын алаңдағы қиыршық тастар мен малта тастар қабатынан шақпақ тас бұйымдары шықты. Тас жаңқаның бірі талай рет омырылған белгілер мен айнала түзетілген іздерді сақтаған. Басқа ондаған шақпақ тас бұйымдарының арасынан алдын ала талай рет өңделген белгілері бар, ұзын пышақ тәрізді жалпақ тас тіліктері ерекше көзге түседі.
Жетісу аумағы соңғы уақыттарға дейін Қазақстан археологиясы палеолитіндегі «ақтаңдақтардың» бірі болып келді, мұны ең алдымен өлкенің аз зерттелуімен түсіндіруге болады. Артефактілері ашық жатқан (барлығы 187 дана) жұрт-орындардан Шарын аңғарындағы Ақтоғай-1-4 ескерткіштерін айта кетуге болады.
Мұнда тұңғыш рет көп мәдени қабаттан тұратын Майбұлақ тұрағы ашылды. Ол Алматы облысында (Қарасай ауданы), Алматы қаласынан батысқа қарай 44 км жерде, Фабричный (Қарғалы) ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 1,5-2 км жердегі Іле Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан. Айта кететін бір жайт, 1990 жылдар бас кезінен бастап жергілікті өлкетанушылар мен археологтардан Фабричный (Қарғалы) ауылы төңірегінде тас дәуірі ескерткіштері бар екендігі туралы ақпараттар түсе бастады. Аталған тұрақ сары топырақты төбешікте, тау баурайындағы шағын Майбұлақ өзенінің оң жағалауындағы өзімен аттас шатқалда орналасқан. Төбешік бұрын биіктігі 150-200 м тұтас бір жотаны құраған кертпештің бір бөлігі болып табылады. Бүгінгі күні Майбұлақ тұрағы қираған нысандардың бірі, оның басым бөлігі құрылыс жұмыстарының барысында бұзылған. Қазіргі таңда ұзындығы 60-70 м солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған төбешіктің тек шығыс бөлігі ғана сақталған. Жерден санағанда төбешіктің биіктігі 4-4,5 м-ге жетеді.
Қазба жұмыстары төбешіктің орталық бөлігінде жүргізілді, оның аумағы 130 шаршы м-ді құрады. Далалық жұмыстар кезінде қазба тереңдігі (траншеяның батысындағы аумағы 2х2 м шурф) 8 м-ге дейін жетті. Зерттеу барысында үш мәдени қабат (горизонт) анықталды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет