1.Қазақстан тарихының тарихнамасы (XYIII – XIX ғ.басы).XVIII-ХІХ ғасырдағы дәстүрлі институттар тарихын тануда Ш.Ш.Уәлиханов, С.Бабажанов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев еңбектерінің орны ерекше. Ш.Уәлиханов арғын Малайсарының ХVІІІ ғасырда Жоңғар билеушілерінің тарапынан тархандық алғандығын және оның берілуінің себебін тұтқындағы Абылай сұлтанды босату мақсатындағы елшілік келіссөздердің нәтижесімен байланыстырады.
ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары, қазақ қоғамының қоғамдық-саяси құрылымы, әлеуметтік жүйесі, шаруашылық жайы Н.Г.Аполлова, С.Е.Толыбеков, С.З.Зиманов, В.Я.Басин, Т.Ж.Шойынбаев, А.Н.Нүсіпбеков, Г.И.Семенюк, Н.Е.Бекмаханова, А.Сабырханов, Р.Б.Сүлейменов, В.А.Моисеев еңбектерінде көрініс тапты. Н.Г.Аполлова XVIII ғасырдағы қазақ тархандары Шақшақ Жәнібек пен Тама Есеттің қоғамдық ортадағы беделдері ханнан кем болған жоқ деген баға бере отырып, олардың қазақ-орыс қатынастарына байланысты қоғамдық-саяси қызметтерінен мол мәліметтер береді. Мәселен, В.Я.Басин зерттеуінде «протектор», «бодан» тарихи терминдеріне Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты мысалында талдау жасап, Ресейге қосылған жылдардан бастап «бодан» болды деген саяси ұстанымның қате пікір екендігін дәлелдесе, С.З.Зиманов қазақ қоғамындағы әлеуметтік жүйені зерделеп, өз пікірлерін ашық білдірді. Н.Е.Бекмаханова 1773-1775 жылдардағы Е.Пугачев бастаған орыс шаруаларының соғысына қатысқан Дәуітбай тархан бастаған қазақ жасақтарының соғыс қимылдары және атығай Құлсары тархан жөнінде деректік мәліметтер келтіреді. Ал Р.Б.Сүлейменов, В.А.Моисеев зерттеулері арғын Малайсарының жоңғарлар тарапынан тархандық алғанын сұлтан Абылайдың тұтқында болған кезіндегі қалмақ бағытындағы елшілік қатынастар нәтижесінде берілгенін қуаттайды.
Қазақ тархандарының ата-бабаларына қатысты шежірелік деректер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, С.Е.Толыбеков, Х.Маданов, Х.Б.Табылдиев, А.Қалмұратов т.б. шежірелік еңбектерінде бар. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шежірелік нұсқасында Арғын руының аталық шежірелерін тарата келе Жәнібек тарханға қатысты деректерді келтіреді. С.Е.Толыбеков, Х.Маданов шежірелерінде Жәнібек және Есет тархандардың ата тегіне, олардан тараған ұрпақтарына қатысты қызықты тарихи шежірелік деректер кездеседі. Дегенмен, шежірелік деректерді мұқият пайдаланған жөн. Мәселен, Х.Б.Табылдиев, А.Қалмұратов шежіресінде «...1743 жылы 28 мамырда патша әмірімен Есет батырға, оның үрім-бұтағына мұра болып қалатын тархан атағын берді», – деген.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған жылдардан бастап жарық көрген тарихи еңбектер зерттеп отырған мәселеге жаңа қырынан келді. Нақ осы кезеңде өткен тарихымыз ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеле бастады. Қазақстан тарихының XYIII – XIX ғғ. кезеңіне байланысты М.Қ.Қозыбаев, К.Л.Есмағамбетов, Ж.Қ.Қасымбаев, С.М.Мәшімбаев, М.Ж.Абдиров, Ж.О.Артықбаев, И.В.Ерофеевалардың ғылыми еңбектері көпшілікке жетті.
Аталған тарихшы ғалымдар еңбектері тарихи тұлғаларға қатысты маңызды мұрағаттық мол деректермен қатар, XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ қоғамындағы дәстүрлі билік институты тарихына қатысты мәліметтерді жинақтап, қорытынды ой-пікірлер түйіндеумен ерекшеленді. Бұл арада К.Есмағамбетовтың қазақ тарихына қатысты шетелдіктердің көзқарастарын, Ж.Қасымбаевтың батырлар мен қазақ хандары, сұлтандары арасындағы байланыстарды талдауы маңызды.