Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының cараптау комиссиясы мақұлдаған



Pdf көрінісі
бет94/96
Дата25.11.2023
өлшемі1,76 Mb.
#126971
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   96
Байланысты:
Пайғамбарлар тарихы (Қалмақан Сейтұлы)

ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде, алғашқы пайғамбар əрі адамзаттың түп атасы Адам атадан (а.с.) бастап,
адамзаттың ардақтысы, соңғы елші Мұхаммед Мұстафаға 
(саллаллаһу 
алəйһи 
уə 
сəллəм)
дейінгі
пайғамбарлардың баршасын көк жүзінде нұр шашып жарқыраған жұлдыздарға теңеуге болады.
Өйткені олардың қай-қайсысы да нар көтере алмас жүкті жалғыз арқалаған тау тұлғалы ерекше
жандар еді. Асқан шыдамдылық, төзімділік, өз міндетіне кіршіксіз адалдық, қиындыққа
мойымау, табандылық таныту, ыждаһаттылықтан таймау, күллі көркем мінезді бір бойында
жинақтай білу – міне бұлардың барлығы да пайғамбарларда ғана кездескен ерен қасиеттер
екеніне көз жеткізе түсеміз.
Өмірде ең үлкен қиындықтарға пайғамбарлардың ұшырағаны жүректі қозғап, көңілді
тебірентпей қоймайды. Бұл ақиқатты жеткізу ісінің қандай үлкен тəуекелді қажет ететінін
ұқтырғандай. Айталық, Нұхтың (а.с.) 950 жыл сабыр етуі, Ибраһимнің (а.с.) алаулап жанған отқа
лақтырылғаны, Зəкəрияның (а.с.) арамен кескіленгені, Мұсаның (а.с.) зұлымдығы асқан
Перғауынмен айқасуы, талай мəрте қауымынан опасыздық тартуы, Исаның (а.с.) көрген
қиындықтары т.б. пайғамбарлық міндеттің аса ауыр болғандығын, көп жағдайда соңы аяусыз
өлімге апарып соққанын көрсетуге жетіп артылады. Бұндай сынақтарға жай адамдардың шыдай
алмасы белгілі. Демек, пайғамбарлардың таңдаулы кісілер болғаны, ерекше іріктелгені даусыз.
Пайғамбарлардың қай-қайсысы да өз міндетін мүлтіксіз атқарып, өз мақсатын толық
орындап кетті. Пенделерді барша əлемдердің Раббы Аллаһ тағалаға құлшылық етуге шақырып,
жəннатпен сүйіншілеп, тозақтан сақтандырды, көркем мінез-құлықпен үлгі көрсетті. Сол үшін
қоғамдық өмірдің барлық саласына ат салысып, түрлі оқиғалардың басы қасында жүрді.
Дүниеге құмартпай, дін жолында бар күш-жігерін аямады, Раббыларына толықтай
мойынұсынды. Аллаһтан қандай əмір келсе, соны қауымына жеткізді. Қандай игі бастама
көтеріп, қандай да бір жақсылық жасаса да, олар бұл іс үшін ақы күтпеді, тек қана Аллаһтың
разылығын көздеді. Осы тұрғыда нəбилердің барлығы ортақ жүкті арқалағанын аңғарамыз. Дінді
жаю жолында жан төнгісіз ауыртпалықтарға тап болу, елінен үдере көшу, қауымының келек-
мазағына ұшырау бұлардың ешбірі де дін ісін орта жолдан үзуге себеп бола алмады. Өйткені ұлы
күрескерлер үшін халықтың көзін ашу, надандықты жеңу, құдіретті Аллаһты дəріптеу, тəухид
сенімін ұялату бəрінен жоғары тұрды.
Кітапта кеңінен сөз етілген Адам ата, Ыдырыс, Нұх, Һұд, Салих, Ибраһим, Исмайыл, Ысқақ,
Лұт, Əйюб, Жақып, Жүсіп, Шұғайып, Мұса, Харун, Дəуіт, Сүлеймен, Илияс, Əлиасаъ, Зүлкифл,
Жүніс, Зəкəрия, Яхия, Исалардың (а.с.) тар жол, тайғақ кешумен өткен өмір жолы – баршаға


үлгі. Əрбірінің өмір тарихы, қауымдасқан тұрмыс тіршілігі, мұғжизаларға куə болуы, түрлі
сынақтарға ұшырауы оқиғалары соңғы елші Мұхаммед пайғамбарға 
(саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)
əркез тұп-
тұнық уахи арқылы баяндалып отырған. Біз сөйлеткен мəліметтердің де негізінен Құранға
сүйенуі сондықтан.
Пайғамбарлар тарихымен таныс болу адамды көп жайға қанықтырады. Ежелгі уақытта
бұндай қауымдардың болғаны, жаппай қырғынға ұшырап жер бетінен жойылғанын көп жылғы
зерттеулер, қазіргі археологиялық қазба жұмыстары да растай түсуде. Тариха атышулы Бомбей,
Содом мен Гомора қалаларының (Лұт пайғамбар кезі) расында да азғындықта шектен
шыққандығы зерттеу кезінде табылған қабырғаларға қашап салынған бейəдеп суреттерден
анықталған. Мұсаның (а.с.) Аллаһпен тілдескен Тұр тауы, ондағы құдіретке шыдай алмай
балқыған тастар, аса таяғымен ұрғанда, жерден бұрқақтаған он екі бастау – əлі күнге
туристердің барып тамашалайтын орындары. Адам атаның қолымен тұрғызылған Қағба да
миллиондаған мұсылмандар үшін əлі күнге өз қасиеттілігін сақтауда. Құранның «Жүсіп»
сүресінің 111-аятында 
«Ант етейік, олар жайлы қиссаларда сау ақыл иелері үшін ғибраттар
бар»
делініп, мəңгілік азап арқалаған көне қауымдардың жағдайы кейінгілерге ғибрат екендігі
ескертілген.
Пайғамбарлар өмірі адамзат тарихында наным-сенімнің де қаншалықты маңызды
болғандығын аңғартады. Байқасақ, дінсіз жекелеген адамдар кездескенімен өзіне тəн наным-
сенімі жоқ тұтастай бір қауымды ұшырата алмаймыз. Пұтқа табыну, бұзауға табыну,
періштелерді Аллаһтың қыздары деп білу, отқа табыну, суға, күнге табыну секілді негізсіз
нанымдардың барлығы да пайғамбарлар арқылы жөнге салынып, түзетіліп отырған. Бүкіл пұт
атаулыны қиратқан Ибраһимнің (а.с.) оқиғасы пұтқа табынушылармен күрестің қаншалықты
ымырасыздығын пайымдатады. Өзін кінəлаған көпшілікке қасқая қарап тұрып оның «Кім
жасағанын əнебір үлкенінен сұрап көріңдер» деуі қаншалықты қисынды, адамды еріксіз
ойлантатын сөз. Алайда көзге шұқып көрсеткен ақиқаттың өзін халық көрмей, пайғамбардың
өзіне қайта тап береді.
Қарап отырсақ, пайғамбар келмеген қоғам, пайғамбар есімі жетпеген жер, заман жоқ екен.
Демек, барлық адам баласына тарихтың қай кезеңінде болмасын бір пайғамбардың келгені хақ.
Ал оған бағынып-бағынбау əркімнің ішкі иманы мен арына табысталған.
Асылында Аллаһтың мейірімі түсіп, пайғамбарлар барша қауымға төгілген нұр, ізгіліктің
жаршысы болып келмегенде не болар еді? Шынтуайтында, мейірім, шапағатсыз, нұрсыз адам
жаны рахатқа бөлене ала ма? Бөлене алмайды əрі қараңғы қауым қараңғылықтың түнегін өз
бетінше жарып шыға алмас еді. Жұмырбастыларды жаратып, оларды жалғыз қалдырмай, оларға
өзінің сүйікті құлдарын елші етіп жіберіп отыруы бұл да болса Рахманның рахымы деп
топшылаймыз.
Пайғамбарлар жіберілмегенде, мына жаратылыстың, ондағы адамзаттың, жүректегі ізгілікке
деген құштарлықтың құны бес-ақ тиын болар еді. Ал Аллаһ алдындағы шынайы махаббат пен
адамзат алдындағы үлкен жауапкершілікті арқалап келген пайғамбарларға иман ету – ақыл
құптарлық іс. Өйткені бұндай дара тұлғалардың Аллаһ алдындағы абыройын сыйламау əркімнің
жеке басының ғана өкінішіне алып келері белгілі.
Адамзаттың ардақтылары болған пайғамбарлардың өмірінен сыр шертіп, жекелеген
кезеңдері, тұрмыс-тіршіліктері кеңінен сөз етіліп, замана оқиғалары тарқатылып баяндалатын
бұл еңбекте көпшілік біле бермейтін пайғамбарлар жайындағы əңгімелерді мейлінше Құран
аяттары мен хадистерге сүйене отырып баяндауға тырыстық.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Аллаһ тағала барша мұсылман бауырларымызға


пайғамбарлар парасатынан ой түйіп, олардан үлгі-өнеге алып, бақытты ғұмыр кешуді нəсіп
етсін!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   96




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет