Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы «___»___________
№_____бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы «16» мамырдағы
№ 124 бұйрығымен бекітілген
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидалары
Жалпы ережелер
1. Осы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген.
2. Қағидалар меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, педагогикалық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) оқытушыларына оларды көтермелеу және қолдау мақсатында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын (бұдан әрі – атақ) беру тәртібін айқындайды.
3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Конкурстың қатысушысы – Конкурсқа қатысу үшін құжаттарын осы Қағидаларға сәйкес ұсынған ЖОО-ның штаттағы оқытушысы;
2) республикалық конкурстық комиссия – «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі – Комиссия).
4. Атақ бір адамға келесі он жыл ішінде бір реттен артық берілмейді.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру тәртібі
5. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру конкурсына мынадай талаптарға сай келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады:
1) ЖОО-ның штаттық оқытушылары болып табылатындар;
2) Конкурсқа құжаттарын тапсыру сәтінде кемінде бес жыл үзіліссіз ғылыми-педагогикалық өтілі барлар.
6. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ағымдағы жылғы қазан айында ресми интернет-ресурста «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсын өткізу туралы жариялайды.
7. Конкурс жыл сайын екі кезеңде өткізіледі – ЖОО ішінде және республикалық.
8. Конкурстың I кезеңі – ЖОО ішінде, жыл сайын қараша айында өткізіледі.
ЖЖОКБҰ конкурстың 2-ші кезеңіне қатысуға үміткерлердің ұсыну үшін ЖЖОКБҰ қызметкерлерінің, ғылыми және қоғам қайраткерлерінің арасынан комиссия құрады, оның төрағасы болып комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен сайланатын адам тағайындалады.
ЖЖОКБҰ комиссия мүшелерінің саны тақ болады (5 адамнан кем емес). ЖЖОКБҰ комиссия отырысы оның мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса өкілетті болып саналады.
ЖЖОКБҰ комиссия мүшелерінің дауысы тең болған жағдайда, ЖЖОКБҰ Комиссия Төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
9. Конкурстың I кезеңіне қатысу үшін штаттық оқытушылар қатарынан үміткерлер ағымдағы жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – БҒМ АЖ) арқылы немесе қағаз жүзінде келесі конкурстық құжаттамаларын ұсынады:
1) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын беру конкурсына қатысу бойынша үлгідегі өтінім;
2) осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес сапалық және сандық көрсеткіштерге сәйкес мәліметтер;
3) осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес жылдық жұмыс жоспар-кестесі;
4) кадрларды есепке алу жеке іс парағы;
5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
10. Конкурсқа ұсынылған құжаттар ЖЖОКБҰ қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамы қатарынан құрылған сараптамалық топ (бұдан әрі – сараптамалық топ) жүзеге асыратын сараптамадан өтеді.
Сараптама тобының құрамы ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен бекітіледі. Сараптама тобы құрамының мүшелері ЖЖОКБҰ комиссиясының құрамына кірмейді.
Сараптамалық топ әр үміткер бойынша осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес сапалық және сандық көрсеткіштерге, сондай-ақ осы бұйрықтың 3-қосымшасына сәйкес жылдық жұмыс жоспар-кестесі бойынша қорытынды береді. Қорытынды ЖЖОКБҰ комиссиясының қарауына беріледі.
Конкурсқа қатысушы жалған немесе толық емес мәліметтер берген жағдайда, сараптамалық топ ЖЖОКБҰ комиссиясына оны қатысушылар қатарынан шығару туралы жазбаша негіздемемен қоса ұсыныс береді.
11. ЖЖОКБҰ комиссиясы сараптама тобының қорытындысы негізінде шешім шығарады және үміткерлердің конкурстық құжаттамасын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру конкурсының 2-ші Республикалық кезеңіне қатысуға жібереді.
ЖЖОКБҰ комиссиясының шешімі хаттамамен рәсімделеді және ЖЖОКБҰ-ның ресми интернет-ресурсында жарияланады.
12. Үміткерлер ішіндегі конкурс нәтижелерімен келіспеген жағдайда нәтижелер жарияланған күні апелляцияға береді.
ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен бекітілген апелляциялық комиссия бір жұмыс күні ішінде апелляция материалдарын қарайды және аппеляцияны ескере отырып, нәтижелерін жариялайды.
ЖЖОКБҰ ЖОО ішіндегі конкурс және ЖЖОКБҰ конкурстық комиссиясының сараптамалық қорытындылары бойынша нәтижелер жарияланғаннан кейін екі тәулік ішінде уәкілетті органға 50 штаттық оқытушыға 1 үміткерден аспайтын есеппен, Республикалық конкурсқа қатысу үшін ЖЖОКБҰ-ның үздік оқытушыларын айқындайды.
Ұсынылған үміткерлердің деректері БҒМ АЖ арқылы рәсімделеді.
Оқытушылардың штаттық саны 50 адамға жетпейтін ЖОО-ларда 1 үміткер айқындалады. Бұл ретте ғылыми-педагогикалық өтілі 15 жылдан аспайтын оқытушылардың және өтілі 15 жылдан асатын оқытушылардың арақатынасы ұсынылатын үміткерлердің жалпы санының үштен бірінен кем болмауы тиіс.
Министрлік конкурстың ЖОО ішіндегі кезеңінің бұзылуын анықтаған жағдайда конкурстық құжаттаманы пысықтауға немесе қайта қарауға жібереді.
13. ЖЖОКБҰ комиссиясының оң шешімін алған үміткерлер II кезеңге қатысу үшін жіберіледі.
14. Конкурстың II республикалық кезеңі – жыл сайын желтоқсан айында өткізіледі, онда конкурс жеңімпаздары анықталады.
Конкурстың республикалық кезеңін Республикалық комиссия өткізеді, оның төрағасы (бұдан әрі – Республикалық комиссия төрағасы) болып көпшілік дауыспен сайланатын Республикалық комиссия мүшелерінің арасынан адам тағайындалады.
15. Республикалық комиссия Министрліктің, мүдделі мемлекеттік органдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің қоғамдық бірлестігінің өкілдері, сондай-ақ ғалымдар мен мамандар қатарынан құрылады.
Республикалық комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрайды (19 адамнан артық емес). Республикалық комиссия отырысы оның мүшелерінің кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп саналады.
Республикалық комиссия құрамы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің (бұдан әрі – Министр) бұйрығымен бекітіледі.
16. Республикалық конкурсқа қатысу үшін ЖЖОКБҰ ағымдағы жылғы қараша айында БҒМ АЖ немесе қағаз түрінде үміткерлердің конкурстық құжаттамасын жібереді.
1) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес «ЖОО Үздік оқытушысы» атағын беру конкурсына қатысу бойынша үлгідегі өтінім;
2) осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес сапалық және сандық көрсеткіштерге сәйкес мәліметтер;
3) осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес жылдық жұмыс жоспар-кестесі;
4) ЖЖОКБҰ алқалық басқару органының шешімі;
5) кадрларды есепке алу жеке іс парағы;
6) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
7) карточкалық базада қолданыстағы 20-таңбалық ағымдағы шот туралы хабарлама.
17. Конкурстық құжаттама БҒМ АЖ-не тіркеледі немесе қағаз түрінде түпнұсқада ұсынылады. Мақалаларға белсенді сілтемелерді көрсету, халықаралық сертификаттарды тексеру міндетті болып табылады.
Конкурсқа үміткер, сондай-ақ ЖЖОКБҰ-ның бірінші басшысы ұсынылған құжаттардың және оларда қамтылған мәліметтердің дұрыстығына жауапты.
Конкурсқа ұсынылған құжаттар ұсынылған материалдардың толықтығы мен дұрыстығына тексеруден өтеді. Тексеруді ЖЖОКБҰ-ның жетекші ғалымдары, профессорлық-оқытушылық құрамы қатарынан құрылған сараптама тобы (бұдан әрі – Республикалық сараптама тобы) жүзеге асырады.
Конкурсқа қағаз түрінде ұсынылған құжаттар қайтарылмайды.
Республикалық сараптама тобының құрамы Министрдің бұйрығымен бекітіледі. Республикалық сараптама тобы құрамының мүшелері Республикалық комиссия құрамына кірмейді.
Республикалық сараптамалық топ әр үміткер бойынша осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес сапалық және сандық көрсеткіштерге сәйкес, сондай-ақ осы бұйрықтың 3-қосымшасына сәйкес жылдық жұмыс жоспар-кестесі бойынша қорытынды береді. Қорытынды Республикалық комиссияның қарауына беріледі.
Көрсеткіштер балы тең болған жағдайда I-блог «Білім беру сапасы» бойынша балдары, содан соң II-блог «Ғылыми-зерттеу қызметі» балдары есепке алынады.
18. Конкурсқа қатысушы жалған немесе толық емес мәліметтер берген жағдайда, Республикалық сараптамалық топ Республикалық комиссияға оны қатысушылар қатарынан шығару туралы жазбаша ұсыныс береді. Бұл ретте жалған мәліметтер берілген жағдайда үміткерге 3 жыл бойына Конкурсқа қатысуға рұқсат етілмейді.
19. Әр үміткер бойынша Республикалық сараптамалық топтың қорытындысы негізінде Конкурсқа қатысушының сапалық және сандық көрсетікштері мен жылдық жұмыс жоспары-кестесінің балдары есептеледі.
Үміткерлердің рейтингісі Конкурсқа қатысушының сапалық және сандық көрсетікштері мен жылдық жұмыс жоспары-кестесінің балдарын есептеу алгоритміне сәйкес ақпараттық жүйеде балдарды саралаудың кему жүйесі бойынша кесте түрінде рәсімделеді. Нәтижелері Республикалық сараптамалық топтың хаттамасымен бекітіліп, әрбір қатысушы мүшенің қолтаңбасымен расталады.
Республикалық сараптамалық топтың хаттамасы кесте қосымшасымен Республикалық комиссияның қарауына беріледі.
20. «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын беру туралы Республикалық комиссияның шешімі қатысушы мүшелерінің көпшілік қарапайым дауысымен қабылданады. Республикалық комиссия мүшелерінің дауысы тең болған жағдайда, Республикалық комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.
Республикалық комиссия шешімі хаттамамен рәсімделеді.
21. Конкурстың қорытындылары Министрліктің ресми интернет-ресурсында жарияланады.
22. Үміткерлер конкурс нәтижелерімен келіспеген жағдайда нәтижелер жарияланған күні апелляцияға береді. Апелляцияға өтініштерді Республикалық сараптамалық топ қарайды. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша Республикалық сараптамалық топ бес жұмыс күні ішінде БҒМ АЖ-да дәлелді жауап жариялайды.
23. Республикалық комиссияның шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
24. Конкурстың қорытындысы бойынша атақтың иегеріне осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес куәлік беріледі және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен республикалық бюджеттің қаражаты есебінен тиісті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген 2000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрі
міндетін атқарушының
2015 жылғы 16 наурыздағы
№ 124 бұйрығымен бекітілген
«Жоғары оқу орнының үздік
оқытушысы» атағын беру
қағидаларына 1-қосымша