ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы тарихи үдерістің зерделенуі көп көкейіне жол тапты. Толғауларға тән сипат олар халықпен
етене жақын, солардың мұң-мұқтажын жоқтайды, елге танымал
тарихи оқиға, келелі кеңес жайлы әңгімені баяндайды. Жыршы
көпке белгілі әңгіме желісін ала отырып шешен тілмен, тереңнен
толғап, қисынмен сомдап ғасырлар бойы қасиетін жоғалтпайтын
асыл мұраға айналдырады. Нақыл-өсиет сөздерден түзілген бұл
жырлардың төгіліп тұрған шешендігінен, суырып салып жырлаған
жырауларға тән ұшқыр қиял, алғыр ой мен сыншыл ақыл, қара
қылды қақ жарар әділ көңіліне куә боламыз.
Хан қысылып, қара тоқырағанда, осы көкірек көзі ашық дала
данагөйлері жырауларға жүгінген. (Өнер алды – қызыл тіл) деп
білген халық суырылып шығып сөз бастаған ерлердің уәжіне тоқта-
ған. Заман талабына сай аса елеулі оқиғаларға байланысты, хан
қасынан, іс басынан табылып отырған осынау жыраулар бірде хан
мен батырды жарастырушы, бірде хан қаһарын жұмсартып, бірде ел
толқуын басып, ел елдігін сақтаушы данышпандығымен көзге түседі.
(Анығында өсиетшіл қария, толғаушыл-жыраудың негізгі міндеті
өлеңшілік емес, елге басалқы айтып, басшылық жасау болатын. Бұл
екеуі де ең алдымен елдің ақылшы кемеңгері, заманның сыншысы,
қырағысы болады. Сондықтан әрқайсысы өз елі, өз табының не
биі, не батагөйі болады. Екеуі де жалғыз ел ақылшысы емес, елді
меңгерген хан мен бектің ақылшысы, уәзірі есебінде болған… Көп
елге хан жарлығын орнату керек болса, айтқан сөзі ем болатын дуалы
ауыз да осылар… Бұл адамдар ең алдымен ел меңгеру жолындағы
саясат адамдары болғандықтан көпке айтқан сөздерінің барлығы ел
мұңына, ел қамына арналған сөздер болады. Бұлар өз заманындағы
қазақтың жоғары табынан: билер, басшылар ортасынан шыққан,
өздері әкім. Сондықтан ел тізгінін ұсаудың бір шарты, көптің қамын
жеу болғандықтан, артында қалған сөздерінің барлығы әлеуметшілдік
сарынымен айтылады) – деп жазды Мұхтар Әуезов.
Әр ханның тұсында ел мен хан арасын жақындастыратын,
ханның арынын басып, ел тізгінін тежейтін жыраулар болғаны
тарихтан белгілі. Мәселен, әрқашан ханға кеңес берер ақылгөй
жырау, абыз ретінде Қорқыт бабаның Дерсе хан, Асанқайғының
Жәнібек хан, Шалкиіздің Би Темір, Жиембеттің Есім хан, Бұхардың
Абылай хан жанынан табылуы осының дәлелі. Осы хандардың
әрқайсысы ел басына күн туған, ханның біліктілігіне, ел бірлігіне,
ердің батырлығына сын болған шақтарды ел басқарған тарихи
тұлғалар. Ал, осы хандардың әрқайсысының тұстасы, адам-гершілік,
имандылық, отансүйгіштік қағидаларына берік, ақылгөй ұстаз,
қауымды бірлікке шақырушы рухани көсемдердің болуы, ел басына